Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 24 Ақпан, 2022

Ләйла Баймолдина, А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана меңгерушісі: Өмір жақсы, ең сүйікті жандай жақсы...

«Сәбит Баймолдиннің жырларын, негізінен, бір нүктеге ұштасқан бір үштаған биікке көтеріп тұрады: туған ел – адам – ақын. Ол туған елді жыр етсе, тек өзінің жеке басының ықыласын білдірумен шектелмейді, сол туған елдің жоғын жоқтайтын адам боп жүру мәселесін сөз етеді. Ал ақындық туралы сөз қозғаса, өмірін өлеңнің көгеніне ғана бай­лап қоймайды, қаламгердің туған елге пай­дасы қандай болуы керектігін үнемі түрт­пектеп айтып отырады... Міне, осындай қалам иесінің кенеттен тамылжыған табиғат туралы сүйкімді өлеңдер жазуы мүмкін еместей де көрініп кететіні бар. Тіпті де олай емес. Бірақ бұл ретте де Сәбиттің өз мінезі көрініп тұрады. Ол әйтеуір көрікті көктемді гүл бүр жарар нұрлы шақтың хабаршысы не аязды қысты қаһарлы кезеңнің қатал билікшісі есебінде ғана бейнелеуді мақсат тұтпайды. Ол сол маусымдардан көзге ерекше ілігер детальдар іздейді» дейді С.Баймолдин туралы ақын Ертай Ашықбаев. Биыл ақын, журналист, қаламгер Сәбит Баймолдиннің туғанына 80 жыл. Осы мерейлі дата аясында ақынның перзенті Ләйла Баймолдинамен сұхбаттасқан едік...

– Әкеңіз елге белгілі қаламгер, ұстаз Сәбит Баймолдин. «Отбасы – шағын мемлекет» десек, Сәбит Баймолдиннің шағын мемлекеті қандай құндылықтарға сүйенді, қандай ұстанымға бекіді?

– Әкем Сәбит Баймолдин үш ­анасын (әжесі – Ақбөпе, өз анасы – Қылаң Тәжіғұлқызы, нағашы әжесі – ­Талшын Селбайқызы) ардақтаған отбасының тірегі болды, асыл жарын аялай білді, жеті баланың әкесі атанды, кейін немерелер қосылған үлкен әулеттің бары мен жоғын түгендеді. Әкемнің өз аналарын қалай күтіп, қалай қамқор болғанына күллі ел куә.

Екеуі айтқан естеліктері бойынша, әкем анама бір көргеннен ғашық ­болыпты. Жас кезінде, студент шағында шаңырақ көтеріпті. Әкемнің анама өлеңмен жазған хатының біреуі бізде әлі күнге сақтаулы.

Әкем құрған шаңырақ берекелі, өнегелі, тәлімді еді. Біздің үйде рухани құн­дылық алғашқы орында болды. Әкем жина­ған бай кітапханасын оқып есейдік. Сабағымызды жақсы оқуымыз үшін де әкем барын салды. Жан тәрбиесімен қоса, тән тәрбиесіне де көңіл бөліп, спортқа баулыды.

«Отбасы – шағын мемлекет» дедіңіз ғой. Біздің «шағын мемлекетіміз» бейбітшілік, татулық, білім, дәстүр және жаңашылдық деген құндылықтарды қадір тұтты. Әкем бала тәрбиесінде қаталдау болғанымен, өте мейірімді, қамқор, қолы ашық, барын отбасынан аямайтын жан еді. Үлкенді сыйлауды, кішіге мейірімді болуды өсиет етті.

– Жасырып қайтеміз, Кеңес Одағы тұсында көп қаламгер баласын өзге тілде оқытты. Сіз және бауырларыңыз ана тілін жүрекке қалай сіңірдіңіздер, ұлттық тәрбиені, заманға лайық білімді сіңіруде қандай мектептерден өттіңіздер?

– Біздің үйдің балалары түгел қазақ мектебінде оқыдық. Үлкендеріміз Ақтө­бе­дегі №21 қазақ орта мектебін тәмамдады, кішілеріміз Ақтөбедегі сол мектептен соң Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектепті, М.Дулатов атындағы №136 қазақ мектепті бітірді. Бәріміз жақсы оқыдық, мектепте, ЖОО-да оқудан тыс қоғамдық жұмысқа араласып жүрдік.

Мен мектеп кештерін өткізетінмін. Волейбол, баскетбол ойнайтынмын. Топ капитаны болатынмын. Институтта да сол ұйымдастырушылық жұмысына құлшына кірістім. Мұның барлығы әкемнен жұққан мінез деп есептеймін.

Әр бауырым туралы жеке айтпай-ақ қояйын, бәріміз өте белсенді едік. Өзім Ақтөбе Педагогика институтының ­физика-математика факультетін бітірдім. Алматыға көшіп келгеннен кейін, кітап­ханаға жұмысқа орналасып, Қыздар педа­гогика университетінің кітапхана факультетін тәмамдадым. Ата-ана мектебі, студенттік кез, кәсіби қызметің – әрқайсы жеке мектеп. Сол мектептердің әрқайсының өз үлгі-өнегесі болатынын ата-ана тәлімі үйретті. Ал ата-ана, әжелер өнегесі дәстүрлі қазақы отбасында ең ­керемет тәрбие мектебі деп есептеймін.

– Әкеңіз сол кездегі әдеби ортамен, ­замандастарымен жақсы сыйластықта ­болды. Шаңырақтарызға қонақ болып, әдеби әңгімеге араласқан жандар есіңізде болар? Олар кімдер еді?

– Біз Ақтөбеде тұрғанда сол өңірге сапарлап келген жазушы, журналистер міндетті түрде шаңырағымыздан дәм ­тататын. 5-сыныпта оқып жүрген кезімде Әбу Сәрсенбаев біздің үйге келгені есімде. Әкеме «Алматыға кел, әдеби ортамен аралас» деп шақырғандардың бірі Әбу аға еді. Ол кезде біз дастарқан басында отырмаймыз. Үлкендер әңгімесін олар кеткен соң үйдегілер айтқан өнегелі сөзден тыңдап есейдік. Шаңырағымызда қонақ болған Бәкір Тәжібаев Роза Рымбаева айтып жүрген «Әлия» әнінің сөзін жаттатқаны да әлі күнге жадымда жаңғырып тұр. Ол кезде «Әлия» өлеңіне әлі ән де жазылмаған еді. Есенбай Дүйсенбаев ол кезде Ақтөбеде тұратын. Жақсы араластық. Кіші бауырларым Есенбай ағаның балаларымен бір мектепте, бір сыныпта оқыды. Қажығали Мұхамедқалимен біздің отбасы жақын дос-жар болды. Себебі менің әжем ол кісінің кіндік шешесі екен. Әкем қайтыс болғанда Қажығали ағаның тоқтау айтып, жанымыздан табылғанын еш ұмытқан емеспіз. Молдахмет Қаназ да отбасылық дос болып араласты.

Әдебиеттің осындай ірі өкілдері шаңырағымызға келіп, рухани, мәдени талқылар жасайтын. Асүйде анамызға көмектесіп, соларға дәм дайындау ісіне жарап қалғанымызға риза болатынбыз.

– Әке өлеңін жатқа айтасыз ба? Қай өлеңі жаныңызға жақын?

– Өлең жазбасам да, поэзияға бала кезімнен жақынмын. Көңіл күйім болмаса, жаным жабырқаса өлең оқимын. Әкемнің маған арнаған өлеңдері де бар. Жеке өзім әкемнің мына өлеңін көп оқимын:

Өмір жақсы, ең сүйікті жандай жақсы,

Жандай жақсы, жаңа атқан таңдай жақсы.

Алдыңда аға, соңыңда інің болып,

Ортасында біз жүрсек қандай жақсы!

 

Өмір жақсы, әлі де бояу керек,

Өмір жақсы, әлі адамға аяу керек.

Өмір жақсы, от арба көбейгенмен,

Әлі де біз сияқты жаяу керек.

 

Өмір жақсы, өлең болса, толғау болса,

Өмір жақсы, қолдау болса, қорғау болса.

Өмір жақсы, қазақ қызы сұлу болса,

Қаракөз қазақ жігіт молдау болса.

 

Өмір жақсы, болашақты шолса ғана,

Өмір жақсы, жаңа ай толса ғана.

Өмір жақсы, таба нан болғанменен,

Айтатын ғажайып ән болса ғана.

 

Өмір жақсы, көшеге толса бала,

Өмір жақсы, көгіме қонса дана.

Өмір жақсы, бәрі де болғанменен,

Қалтиған әке-шеше болса ғана.

 

Өмір жақсы, ең сүйікті жандай жақсы,

Жандай жақсы, жаңа атқан таңдай жақсы.

Алдыңда аға, соңында інің болып,

Ортасында біз жүрсек қандай жақсы!

 

– Үлкен кітапханалардың бірін басқарып отырсыз ғой. Сәбит Баймолдиннің қандай кітабын оқырман көбірек оқиды? Әкеңіздің қай кітабы ел көзінен тасада қалып қойды-ау деп ойлайсыз?

– Жанымды жабырқататын сұрақ қойдыңыз. Алматы кітапханаларының біразында әкемнің кітабы жоқ. Бар болса Ұлттық кітапхана мен Кітап палатасында ғана бар шығар. Ақтөбе кітапханаларында да әкемнің тасқа басылған дүниелері жоққа жақын. Себебі, әкем 2000 жылы қайтыс болғаннан кейін кітабы шықпады. Ақтөбе ақын-жазушылары антологиясы, Ақтөбе облысы ақын-жазушыларының 50 томдық жинақтарының 17 томы әкемнің шығармашылығына арналған. Болды, басқа жинақтары жарық көрген емес. Әке кітабы, әке мұрасы оқырманына жетпей қалғанын ойласам, жаным жүдейді. Өзім кітапханашымын ғой, қолыма әртүрлі сериямен шығып жатқан кітаптарды ұстап армандап кетемін. «Бұл қоғам өлгендерді неге іздемейді екен?» деп мұңаямын.

– Сәбит Баймолдиннің жолын қуып, қолына қалам ұстаған ұрпағы бар ма?

– Әпкем Ләззат Ақтөбеде тұрады. Мамандығы дәрігер. Өлең жазатыны бар. Нұрғиса деген бауырым өлең жазатын. Ол да дәрігер. Нұрғиса бес жыл бұрын жүзін бақиға бұрды. Сол Нұрғисаның ұлы Санжар өлең және музыка жазып жүр. Бір кітабы шыққан. Сурет салып, ән шығаратын немерелер де бар. Бірақ бәрі басқа мамандық иелері. Жалпы сөз өнері, әдебиет – ізгілік пен көркемдіктің көрінісі ғой. Қай саланың маманы болсаңыз да, әдебиеттің адамға пайдасы өте мол деп есептеймін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз  СІМӘДІЛ

1798 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз