Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 02 Наурыз, 2022

Садху тақтасының қандай пайдасы бар?

Соңғы жылдары садху тақтасына тұру сән ғана емес, денсаулыққа да пайдалы екені туралы жиі еститін болдық. Бұл не десеңіз, нүктелері жоғары қаратылған тік күйде шегелері бар тақта түріндегі құрылғы садху деп аталады. Йога тәжірибесі ретінде шегелері бар тақталар көптеген ғасыр бұрын Үндістанда пайда болған. Тақтайшаның психологиялық тұрғыда пайдасы жайлы психолог Толғанай Қадыржанқызын әңгімеге тарттым.

«Меніңше, садху тақтасына ересек адамдардың барлығы тұруы қажет. Себебі, ол бойыңыздағы қорқыныш, блоктардан арылуға, өзіңізді тереңнен тануға, энергия мен күшіңізді арттыруға, өмірдегі  мақсатыңызды табуға, қиын жағдайдан шығу жолын іздеп жүрсеңіз, нормаңызды көтеруге көмектеседі. Энергетикалық канал-дарды тазарту рухани дамуға алып келеді. Адамға физикалық, энергетикалық, рухани тұрғыдан дамуға үлкен көмегін тигізеді», – деді маман.

– Садху тақтасына кімдерге тұруға болмайды?

– Әрине, егер сіздің денсаулығыңызда кінәрат болса, тақтаға тұрмағаныңыз абзал. Қатерлі ісік ауруымен ауыратын науқастарға қажеті жоқ. Қызуыңыз қатты көтеріліп тұрса да, аяқ тартыңыз. Эпилепсия, жүйке жүйесінде ауытқу болса, аяқ астында жара болса, инсульт алған болсаңыз, жүрек талмасы болса, қан қысымыңыз тұрақсыз болса, тұруға  болмайды.

– Тақтаға тұратын жандардың ең басты сұрағы: ауыра ма?

– Әрине, ауыртады. Бірақ, осы ауыру сезімі арқылы өзіңізді тереңнен түсінуге жол ашылады. Іштегі қорқыныш, блоктарды шығара бастағанда бойда жеңілдік пайда болады. Түстер мен дыбыстар анық бола бастайды, барлық сезім мүшесі оянады. Аяқтан бастап жоғары қарай қан айналым тез жүреді, соған байланысты организмде жақсару процесі жүреді. Дұрыс тыныс алып, бес минуттан аса тұрғанда жеңілдік пен еркіндік келеді. Бұл – сізді мазалап жүрген белгілі бір сұрақпен жұмыс, миды толығымен басқару практикасы. 

– Садху тақтасы арқылы блоктардан арылуға болады дедіңіз. Осы жөнінде және тақтаның психологиялық тұрғыдағы пайдасы туралы айтып кете аласыз ба?

– Адам баласы әрқашан ауаны, демалуды қажет етіп тұрады. Олар болмаса, өмір сүре алмаймыз. Тақтаның ең үлкен пайдасы – өміріңіздегі жаман сәттерді, өкпе-реніштерді дем шығарғанда қоса шығаруыңызда. Жүргізген тәжірибем бойынша, тақтада тұрған адамдардың көбі жылау арқылы бойындағы ауырлықты шығарады, яғни табаныңыздан басыңызға дейін энергетикалық тазару болады: бойыңыздағы қорқыныштардан, өкпе-реніштерден, айтылмай қалған сөздерден, бастағы қатып қалған ойлардан арылып, жаңа өмірге қадам басасыз. Сонымен қатар, сана трансформацияға жол ашасыз. 

– Тақтаға тұрар алдында нені ескеру керек?

– Ең бастысы, бір мақсатпен, оймен тұрыңыз. Садху терапиясы – өткен шақтағы уайым мен болашақтағы қорқыныштарды емес, дәл қазіргі сәттегі сезімдерді сезінуге көмектеседі. Психологиялық жағынан да дайын болған абзал.

Тәжірибе жүзінде көру үшін, осы тақтада тұрған Әли есімді жасөспірімнің пікірін сұраған едік:

«Басында қатты ауырмады. Бір-екі минуттан соң аяғыңның қиналып жатқанын сезе бастайсың. Мен тақтада 17 минуттай тұрдым. Осы уақыт аралығында назарымды басқа ойларға, істерге аудардым. Сол кезде ғана табаныңның астында шегелердің бар екенін ұмытады екенсің. Маған ең қиын болғаны – аяғыңды шегеден алған соң, жүріп кету. Әрине, аяғыңды тақтадан алып, орындыққа отыра салу оңай болды. Бірақ, содан кейінгі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Жәй ғана аяғыңды жерге қоюдың өзі ерік-жігерді талап етеді екен».

Дильназ ШАЙМҰРАТОВА,
«Ұлан» газетінің 
жас тілшісі.

3916 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз