Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Наурыз, 2022

Алтынсарин әңгімелерінен комикс құрастырушылар

Құрметті «Ұлан» газетінің редакциясы! Біз, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушылары, сүйікті газетімізге хат жазу арқылы ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің әңгімелеріне жасаған
комикстерімізді ұсынғымыз келеді.

– Қыздар, сәлем! Көңіл-күйлерің қалай?

– Сәлеметсіз бе! Тамаша!

– Керемет! Ендеше, бірден талқылаудан бастасақ, жобаларыңды көрдік, оқыдық. Енді сұрағым, бұл комикстерді жасауда басты мақсат қандай болды?

Дильназ: Жуырда ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы аталып өтті. Қазақ елінің алғашқы ұста-зына құрмет, сыйлық ретінде шығармаларын комикс түріне интерпретациялауды дұрыс деп шештік. Ыбырай Алтынсариннің шығармаларынан түйер ой өте көп. Сондықтан ақпаратты суреттер сериясы мен филактер арқылы қабылдаған тезірек және қызығырақ деген ойда болдық. Айтқанымның барлығы басты мақсаттарымыз қатарында.

– Түсінікті, бірақ неге таңдауларың нақты комикске түсті? Неге мультфильмдер, қойылымдар, түрлі-түсті пейзаж, суреттер емес?

– Бастапқыда тақырып таңдап отырып, жетекшімізбен осы тақырып аясында сұрақтарға жауап іздеген болатынбыз. Қуанышымызға орай, жауап мектебімізден шықпай-ақ табылды. Зерттеу барысында оқушылар, яки жалпылама айтатын болсақ, жасөспірімдер манга, маньхуа, комикстерді көптеп оқитынын білдік. Танымал Marvel фильмдері комикс түріне де келтірілген болатын. Олардың жанкүйерлері сағаттап фильмін көруден гөрі, комикстерін оқуды тиімдірек деп санайды. Осы зерттеулерді қорытындылай келе, шығармаларды комикс түріне көрсетеміз деген шешімге келдік.

– Жақсы, ал жоба жасау барысында қандай қызықтар, қиындықтар болды?

– Комикстер жастар мен жасөспірімдер арасында танымал болғандықтан, комикс терминімен жеке танысып, жік-жіктеп талқылау аса қиындық тудырған жоқ. Сонымен қатар өзіміз оқитын оқиғалар желісін өзіміз жасау  ерекше бір жұмыс болды. Әрине, онымен қоса есте қаларлықтай түрлі сезімдер қалдырып, үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерінің қысқа болуы біздің жұмысымызды жеңілдетті  деп айта аламыз. Комикс жасау барысында өзіміз білмеген шығармаларды оқып, өзара талқыға салдық. Бұл біздің анализ жасау, талқылау, басты ақпаратты мәтіннен табу деген секілді дағдыларымызды дамытуға үлкен септігін тигізді.

Назерке: Иә, Дильназдың айтқанына келісемін. Алайда, осы суреттер сериясын жасау барысында қиындықтармен де бетпе-бет кездестік. Оларға жеке тоқталатын болсақ, комикстер қосымша арқылы жасалады, оқиғаларға сәйкес ұлттық нақышта киінген кейіпкерлерді табу қиын болды. Сондықтан да стандарт кейіпкерлерді қолданудан басқа амал болмады. Екіншіден, сюжет бойынша жасалған суреттерде қате болған жағдайда, суретті түгел қайта жасау қажеттігі туындайды. 

Бұл жұмысымызды бірнеше есе қиындатып, ұзартты. Көптеген жағдайда ақылы нұсқалар кездеседі.  Осындай қиындық-тарға бірнеше рет тоқталдық. Комикстер жасалатын қосымшалар іздеу кезінде, сайттардың ақылы болуы уақытымыздың көп бөлігін алды. Дегенмен, осындай қиындықтар арқылы тәжірибе жинап, жұмыстың тиімді жағын іздестіретін болдық.

– Жарайсыңдар! Енді бізге қызығы, кері байланыс бар ма?

Дильназ: Иә, өнім дайын болғаннан кейін Назерке екеуіміз бірден сыныптастарымыздан feedback, яғни кері байланыс алдық. Барлық сыныптасымыз комиксті аса қызығушылықпен оқыды және бұрын-соңды қазақ тілінде осындай типтегі дүниелерді кездестірмегенін айтты. 

Назерке: Комиксті аяқтап, кітапша ретінде алғашқы туындымызды шығару Дильназ екеуімізге шексіз қуаныш сыйлады. Сол қуанышымызды ең алдымен сыныптастарымызға жеткіздік. Қатарластарымыздың  реакциясын көргеннен кейін бізде бір мотивация пайда болды. Ары қарай бұл жұмысымызды дамыта аламыз деген ой екеуімізді жігерлендіреді.

– Сендермен әңгімелес-кеннен кейін біз де жігерленіп қалдық. Алтын уақыт-тарыңды бөліп, ойларыңды ортаға салып, тәжірибелерің туралы баяндағандарыңа рақмет! Жұмыстарыңа сәттілік тілейміз! Болашақта сендерден басқа да керемет дүниелер күтеміз!

1410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз