Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 23 Наурыз, 2022

Санкцияның қазақ мұнайына әсері қандай болмақ?

Украинадағы жағдайға байланысты Батыстың Ресейге салған санкциялары күн артқан сайын күшейіп жатқаны мәлім. Оның әсері қазірдің өзінде орасан.

Еуропаның кейбір елдері Ресейден тасымалданатын тауардың тоқтауына орай баға нарқының өсуіне тап болып отыр.

Санкцияның салқыны алды­мен Ресейдің өзінен байқалды. Мәскеу бірінші қажеттіліктегі кейбір тауардың түрін елден шығармауға пәрмен берді. Оқи­ғаны ушықтырып отырған Ресейден Еуропаға тартылатын газ құбыры да бүгінгі күннің басты тақырыбына айналды.

Біздің елдің мұнайы Еуропаға тура шыға алмайды. Осыған дейін Батысқа тасымалданатын тауар түрінің дені Ресей арқылы өтіп келді. Ал Ресей­дегі бүгінгі жағдай белгілі. Енді мұның Қазақстан экономикасына қандай әсері болмақ? Қазір жоғары деңгейдегі құзырлы шенеуніктердің түн ұйқысын төрт бөліп отырған сауалдың бастысы да – осы. Оның үстіне теңге құн­сызданып, елдегі ішкі және сырт­қы сауданың барысын тіптен күрделілендіріп жіберді.

Ресми дерек көздеріне қарағанда, қазақ мұнайын шетелге экспорттау антиресейлік санкциялар кезінде де штатты режимде жалғасып жатқан­ға ұқсайды. Ведомствоның берген деректеріне қарағанда, қазақ мұнайы Ресей арқылы құбырмен және теңіз арқылы тасымалданады.

Соңғы кездегі қым-қуыт оқиға­ларға байланысты Ресейде өндірілетін Urals бен Қазақстанда өндірілетін Blend маркалы мұнайдың бағасында айырма бары байқалып отыр.

Наурыздың басында Ресей мұ­найының бір баррелі 27,8 доллар болса, біздің Blend маркалы мұнайдың бағасы 11,5 доллар болды. Бұған тасымал құны мен сақтандыру құнын қоссаңыз, қазақстандық мұнайдың халықаралық нарықтағы болашақтағы бағасы онша қуанта қоймайды.

Қазір министрлік ағымдағы жағ­дайға байланысты тұрақты мони­торинг өткізуде. Жағдай бұдан әрі күр­деліленсе, сәйкес шаралар қабылда­нуға тиіс.

Осының алдында Ресейден тасымалданатын мұнай мен басқа да қуат көздерінің импортына АҚШ-тың тыйым салғаны белгілі. Еуроодақ бұл эмбаргоға қосылмайды. Осының өзінде әлемдік нарықтағы бір баррель мұнай құны 130 долларға дейін шарықтады. Мұндай көрсеткіш бұған дейін осыдан 14 жыл бұрын ғана болған еді.

Шынтуайтына келгенде, АҚШ-тың Ресей мұнайынан бас тартуының Қазақстанға әсер етпей қалуы мүмкін емес. Бірақ таяуда АҚШ қаржы ми­нистрлігі ресейлік мұнайдан және басқа да қуат көздерінен бас тартуын Қазақстанға бәлендей әсері болмайтынын ресми түрде мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл санкциялар мен толассыз тыйымдар тасқынының қазақ мұнайын Ресей арқылы тасымалдайтын Каспий мұнай құбыры консор­циумына қатысы болмайтын тәрізді.

Қазақстан Республикасының энергетика министрлігі берген деректерге қарағанда, Ресейге са­лынған санкциялардың Қазақстан мұнайының тасымалына теріс ық­палы болмайды екен. Бұл туралы таяуда энергетика министрі Болат Ақшолақов журналистермен өткен брифингте мәлімдеді.

– Дәл қазір қазақ мұнайы­на қатысты ешқандай санкция да, тыйым да жоқ. Сондай-ақ Ресей Фе­де­ра­ция­сы арқылы жүзеге асатын тасымал да штатты режимінде, – деп атап көрсетті Ақшолақов мырза.

Министр Ресей арқылы тасымалданатын қазақ мұнайының болашағынан үміт үзбейді. Бас­қаша жағдайда оның елдегі мұнай өндірі­сіне тікелей әсер етуі мүмкін. Деген­­­мен энергетика министрінің айтуына қарағанда, еліміз биыл да бұрынғысынша бір жылда 87,5 миллион тонна мұнай өндіру қарқынын тоқтатпайды.

Сонымен, әзірге қазақ мұнайы­ның Батысқа тасымалдануына кедергі келтіріп тұрған әрекеттер бай­қал­­майды.

Түйінді шешімі әзірге белгісіз болып отырған Украинадағы соғысқа байланысты ықтимал әрекеттердің де шеті шығып қалды. Кездесу барысында министр мұнай экспортының алдағы уақытта Ресейден тысқары аймақтар арқылы тасымалдануы мүмкін екенін де ескертті. Ондай жағдайда шикі мұнай Еуропаға Ақтау, Каспий мен Закавказье арқы­лы тасымалдануы ықтимал.

Алайда әзірге министрлік мұндай нұсқаны қарастырып отырған жоқ. Өйткені әзірге мұнай тасымалы қа­лып­ты жағдайында.

Қазақ мұнайының Еуропа мен әлемнің басқа өңірлері үшін қанша маңызды екені айтпаса да белгілі. КТК мұнай құбыры әлемдік рынокқа тәулігіне 1,2 миллион баррельге жуық мұнай шығарады. Ал ол әлемдік мұнай тасымалының 1,2 пайызы.

Дегенмен соңғы кезде КТК-ның алдынан Ресейге салынған санкцияға қатысты кейбір проблемалардың шығып отырғанын да жасыруға болмайды. Өйткені алармандар біздің мұнайға Ресей мұнайының кейбір сорттарының қосылатынын біледі. Ал ол дегеніңіз – Ресейге салынып отырған санкцияға тікелей әсер ететін фактор. Атап айтқанда, КТК мұнайды Ресейдің Новороссийск портынан экспорттайды және оны ресейлік мұнай сорттарымен аралас­тырады. Батыстағы алармаңдарды алаңдатып отырған да – осы жайт.

Жалпы әлемдік нарыққа көз салсақ, мұнай мен қуат көздеріне байланысты елеулі жаңалықтар байқалады. Таяуда Түркия энергетика және табиғи ресурстар министрі­нің орынбасары Байрактар мырза Еуропалық одақтың Ресейге салған санкцияларының мұнай нарқына айтарлықтай әсер ететінін ресми түрде мәлімдеді. Оның айтуынша, әлемдік экономика пандемиядан енді ғана есін жия бастағанда, экономикалық санкция деген әрекет пайда болды. Бұл – әлемдік экономикаға, бәрінен бұрын жаһан­дық мұнай тасымалына кері әсер ететін фактор, дейді Байрактар мырза.

Ресейді әлемдегі ең ірі мұнай өндірушінің бірі деп атаған түрік шенеунігі «әлемдік нарықта Ресей мұнайының орнын толтырудың қиынға түсетінін» жасырмады.

Мұнай тасымалына байланыс­ты ресми пікірін таяуда Мәскеу де білдірді. Атап айтқанда, Ресей вице-премьері Александр Новак өткен аптада орыс мұнайынан бас тартудың әлемдік нарыққа үлкен апат болатынын, тіпті мұнай бағасының 300 долларға дейін көтерілуі мүмкін еке­­нін атап көрсетті.

Тақырыпқа орай Еуроодақ пен Америка тарапынан Ресейге салынып отырған санкцияларға байланыс­ты соңғы кезеңің тағы бір елеулі оқиғасын айта кетуге тиіспіз. АҚШ президенті Джо Байден Ресейден қуат көздерін тасымалдауға және инвестициялар алмасуға тыйым салатын құжатқа қол қойды.

Дегенмен әзірге екі алып арасын­дағы санкциялар алмасуының Қа­зақ­стан мұнайының экспортына бәлендей әсері байқалмайды. Макроэкономикаға тәуелді біздің ел үшін оның маңызы аса зор.

Қалай десе де, біздің ел үшін де санкцияның, одан да бетер Шығыс Еуропадағы қырғынның тоқтағаны тиімді болмақ. Себебі, ішінде мұнай да бар қазақстандық шикізат өнімдерінің дені Батысқа Ресей арқылы тасымалданады.

Әзірге мәселенің ақырын күтеміз. Әрі жақсылықтан үміт үзбейміз.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз