Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 23 Наурыз, 2022

Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА: АНАҢДЫ ҚАЛАЙ АЯЛАСАҢ, ҚАЗАҚ ТІЛІН ДЕ СОЛАЙ ҚАДІРЛЕ

Бүгін аса маңызды тақырып бойынша әңгімеге тартып отырған сұхбаттасым тек киелі Қостанай өңірі ғана емес, қазақ еліне танымал ұлтымыздың іскер қыздарының бірі. Рухани жан сарайы бай қарындасымыз аймақтағы «Ана тілі» газетінің де жанашыры. Ол – Қостанайдағы «Тіл және қоғам» үкіметтік емес ұйымының төрайымы  Қырмызы Жаңбыршина. Жуырда онымен арнайы кездесіп, мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін көтеру, өскен ортасы, өзіндік берік ұстанымы және басқа да оқырманға ой салар пікірлерін жазып алған едік. 

– Өзіңізді өңірдегі түрлі маңызды басқо­су­ларда жиі көремін. Ана тіліңізде таза сөй­лейсіз. Салт-дәстүрді, қыз баласына тән асыл қасиеттерді бойыңызға сіңіргеніңіз бірден байқалады. Соған қарағанда, қазақы ауылда өсіп, отбасында тағылымды тәрбие алған секілдісіз. 

– Туған жердің түтіні де ыстық әрі жүрекке әрқашанда жылы емес пе? Өзім Қостанай облысындағы Амангелді ауданына қарасты кіл өзіміздің ұлттың өкілдері тұратын Иманов кеңшарында зиялы отбасында дүниеге келдім. Қазір бұл қанша адамға құтты қоныс болған елді мекен Үрпек ауылы деп аталады. Ондағы ағайындардың бәрі де ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз, яғни әдет-ғұрпымызды, ана тіліміз бен мәдениетімізді жоғары ұстайды.

Әкем Сапар өмір бойы ауыл шаруашы­лы­ғында басшылық қызмет атқарды. Аяулы анам Халима пошта саласының беделді қызметкері атанды. Ерлі-зайыптыларды халық қадірледі. Қазір екеуі де құрметті ­демалыста. Кіші ұлы Жасұланмен Қостанай қаласында тұрады.

Біз бір шаңырақта алты бала өстік. Үйдің тұңғышымын. Ата-анамыз бізді жастайымыздан ана тілімізді ардақтауға, адамгершілікке, үлкеннің жолын кесіп өтпеуге, кішілерге қамқор болуға баулыды. Орта мектепті жерлестерімізге белгілі Құмкешу ауылында 1983 жылы үздік бітірдім. Содан кейін Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтына түсіп, осы жоғары оқу орнынан экономист мамандығын алып шықтым. Бұл күндері өткен мерзімдерге көз жіберіп отырсам, содан бері банк, қаржы мекемелерінде жауапты қызмет атқарып келе жатқандығыма отыз жылға жақындап қалыпты.

– Банк демекші, сіз қоғамдық қызме­тіңізбен қатар, республикамыздағы «Еуразия банк» акционерлік қоғамының өңірдегі филиал басшысы, облыстық мәслихат ­депутатысыз. «Аманат» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің жетекшісісіз. Әйел затына одан басқа үй шаруасы, бала тәрбиесі, отағасының күтімі, қазақтың қонақжайлығы бар дегендей. Осының бәріне қалай үлгересіз?

– Бәріне де уақыт табуға тырысамын. Оның үстіне құдай қосқан қосағым Бауыржан Қабжәлелұлы менің кәсібім мен жұмысымның ерекшелігін жақсы түсінеді.Үнемі қолдап, қуаттап отырады. Өзі де ауыл шаруашылық саласында қызмет атқарады. Қазір қос баламыз ержетіп қалды. Тұңғышымыз Сәнжан Қазақстан-Британ университетінде оқыды. Содан кейін ­Англияда магистратурада білімін тереңдетті. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан шаһарында тұрады. Одан кейінгі сүйікті ұлымыз Нарұлан Елордадағы IT технология университетінде студент.Қазіргі заман талабына сай мамандықты игеріп, елімізге пайдасын тигізер білікті маман болсам деп армандайды. Күйеуім Бауыржан екеуміз балаларымыздың ана тілін жан-жақты игеріп, сол тілде жетік сөйлеуіне мән бердік. Олар да бізді ұятқа қалдырған жоқ. Ал өзім басшылық ететін «Мирас» қоғамдық кеңесінде әрбір жиындарымызда еліміз үшін аса маңызды жайларды қозғаймыз. Әсіресе ұлттық құндылықтарымызға,  тіліміз бен ділімізді өркендетуге, тарихи ескерткіштерді бағалау мен қадағалауға жете назар аударамыз.

– Біз қашан да алдыңғыларға қарап үлгі аламыз. Биліктегілер де жаппай мемлекеттік тілді меңгеруге, осы тілде сөйлеуге бетбұрыс жасаса, кейінгі жастар да соларға еліктеп, ана тілін қастерлеуге ден қоятын секілді.

– Оныңыз рас. Өткенде жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің мәжілісін таза мемлекеттік тілде жүргізді. Оны көріп, тыңдаған ел жұртшылығы дән риза болып, іштей марқайып қалғандығы баршаға аян. Жалпы осы тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесін көтеру лауазымды тұлғалардың күнделікті қызмет бабындағы көрсетер ғибратымен қатар, замандастарымыздың да ар-намысына, тілге деген шынайы жана­шырлықтарына, табандылықтарына да тікелей байланысты екенін айрықша атар едім. Бұл тұрғыда ұлылардан қалған ұлағатты сөздер де жеткілікті. Мәселен, халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының: «Өз тілін сезбеген бала – ана сүтін татпаған жетіммен бірдей» деген. Оның астарына көңіл бөлген кісіге қаншама мән-мағына жатыр. Сол себептен ел боламыз десек, жарық дүние есігін ашқан ұл мен қыздарымызға бесік жырын құлақтарына құюмен қатар, үй ішінде тек қана ана тілінде сөйлеп, мемлекет тілде білім алуларына, ұлттық тәлім-тәрбие беруге барымызды салуымыз керек.

– Биыл ұлт ағартушысы Ахмет Байтұр­сынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Осы айтулы мерейтойға өңірде дайындықтар жасалып жатқан болар. 

– Бұл бәріміз үшін де үлкен мерей әрі асыға күтер мереке. Бұл күндері қасиетті Қостанай жерінде де айтулы мерейтойға дайындықтар жасалып жатыр. Ол бабамыздың туған жері Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылынан бастау алатындығы белгілі. Алла сәтін салса, алыс-жақын елдерден де мәртебелі қонақтар келеді деген ойдамыз.

– Өзіңіздің көп тілді меңгеру жайлы пікіріңізбен бөліссеңіз?

– Менің түсінігімде, бірнеше тілді меңгеріп, сол тілдерде еркін сөйлегеннің, білгеннің, көркем әдебиеттерді түпнұсқадан оқығанның артықтығы жоқ. Алайда өзіңнің ана тіліңді игеру – басты парызың. Анаңды қалай аялап, олардың алдында күнделікті тағзым ететін болсаң, қазақ тілін де ардақ тұтып, қастерлеу тікелей міндетің дер едім.

Өзіміз сапалы жеңіл көліктеріне, еңбексүйгіштігіне әрі кішіпейілдігіне қызыға қарайтын Жапонияда балаларын 12 жасқа дейін тек қана өз тілінде оқытады екен. Өзге тілдерге содан кейін ғана көңіл бөледі. Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде сол елдің тілін білмесең, жұмысқа тұра алмайсың, қызмет бабымен өсе алмайсың. Ал біздің елде басқа жақтан келушілерге тым кеңшілік жасалатын сияқты. Ең алдымен өз-өзімізді сыйлайық, сонда басқалар да бізге құрметпен қарайтын болады. Жасыратын ештеңесі жоқ, кейбір қандастарымыз кешегі Кеңес Одағынан қалған дерт – жасқаншақтық, құлдық психологиядан арыла алмай жатыр. Ешкім бізге қазақ тілін үйренбе, сөйлеме деп жатқан жоқ. Кейбір жастар ар-ұятқа тырысып, тезірек ана тілін оқып үйренудің орнына немқұрайдылық танытады. Қазақтар өзгелерге осынау тіл мәселесінде әрдайым үлгі-өнеге көрсету керек. Мемлекетіміздің жарқын келешегі, іргесінің мықтылығы осы халықтар арасындағы достық пен ынтымақты, сыйластықты нығайтатын өзекті мәселеге де байланысты екендігін ұмытуға болмайды.

Осы арада отбасында ата-әжелерімізді «Атака», «Ажека» деп сөйлеуге де тыйым ­салатын кез келді. Егер үлкен кісілерді «Ата», «Әже», ата-анамызды «Әке», «Апа» деп сөй­леуге бейімделсек, кім бізге тосқауыл қояды? Бұл да ойланарлық, көптің көкейінде жүрген маңызды жайт.

– Қырмызы Сапарқызы,  Ресейдің Қорған, Челябі секілді облыстарында қазақ бауырларымыз тұрады. Олар ұл мен қыздарының ана тілін меңгеріп, ұлттық салт-дәстүрлерін ұмытпауын қалайды емес пе? Сол сыртта жүрген ағайындармен барыс-келіс жасап, өз қамқорлықтарыңызға алатын шығарсыздар? 

– Сонау нәубет жылдары көптеген ағайындар амалсыздан шетелдерге тарыдай шашырап кеткендігі аян. Өзге мемлекеттердегі сол бауырларымыздың бірқатары тәуелсіздік алған кезеңде көштің басын атамекенге бұрып, біздің облыстың да аудандары мен қалаларына, елді мекендерге орналасты. Сол қандастардың арасынан егемендігімізді нығайтуға, мәдениетіміз бен руханиятымызды өркендетуге лайықты үлестерін қосып жатқан замандастарымыз баршылық.  Ал ынтымағымыз жарасқан Ресейдің көршілес облыстарында да көптеген қазақ отбасылары ғұмыр кешіп жатыр. Олармен арадағы туыстық қарым-қатынасымызды болашақта да барынша жақсарта түсеміз. Бұрынғыша қазақ тілі мұғалімдері арасында курстар ұйымдастырып, мәдениет орталықтарының жұмыстарын жандандыруға атсалысамыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 

Оразалы ЖАҚСАНОВ

1881 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз