Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 29 Наурыз, 2022

Айдана Сакалова: Шетелде оқу мүмкіндіктер бастауы

Айдана Сакалова Түркиядағы Мугла Сытки Косман университетінің   2-курс студенті. Ол Түркия білім министрлігінің шет мемлекеттің студенттеріне ұсынған грантын иеленген. Қазіргі уақытта халықаралық сауда-саттық  және  финанс мамандығында  оқиды. Кішкентайынан Түркияға көп саяхаттаған, сол себепті бұл елдің мәдениетін, халқын жақсы таниды.

- Айдана, сұқбат беруге келіскеніңізге рақмет. Сіздің сұқбатыңыз болашақ  студенттерге көмек береді деп үміттемін. Не себепті таңдауыңыз Түркия болды ?

- Суықты жаным сүймейді, қатты ыстық болса тағы ұнамайды. Сол себепті  таңдауым Түркия болды. Оның үстіне Түркия мемлекетінің  табиғаты маған қатты ұнайды. Сабақтан шыққаннан кейін тамаша табиғатқа сүйсінсем деген оймен осы мемлекетті  таңдадым. Ал оқу орнына келер болсақ, Мугла университеті  финанс мамандығы жөнінен терең білім береді. Оқуға бар жағдай жасалған.

- Түрік тілін қалай үйрендіңіз, үйрену барысында қандай қиыншылықтар туындады?

- Маған түрік тілін үйрену қиын болған жоқ. Бала кезден осы тілге бейім болдым. Түрік тілін 6 ай ішінде толық меңгердім десем де болады. Бізде қазақ тілі мен түрік тілі ұқсас деген пікір қалыптасып қалған. Бірақ бұл екі тіл 10%-ға ғана ұқсас келеді деуге болады. Түрік тілінің де өзіндік қиыншылығы  мен ерекшелігі  бар.

- Сіз оқитын университет пен  Қазақстанның білім беру жүйесінде айырмашылық бар ма?

- Айырмашылық өте көп деп айта аламын. Бізге қойылатын талап басқа. Білім сапасы әлдеқайда жоғары деңгейде, әр студентпен жеке жұмыс жасайды. Әр пәнді ашық, кеңінен түсіндіреді. Басқа мемлекеттен келгенің олар үшін маңызды емес. Білім жөнінен өте қатал қарайды. Сабақ оқимын, оқымаймын деген атымен жоқ. Университет қабырғасында жүрген соң  сабақтарға қатысып, білім алу міндетті. 

- Жаңа орта, жаңа қоғам сізге қандай әсерін тигізді?

 - Оқуға түспес бұрын Түркияда отбасымызбен  4 рет болған едім. Жыл сайын ата-анаммен  Түркияға демалуға барамыз. Сондықтан ол жаққа үйреніп қалғанмын, мен үшін жаңа дүние болмады. Оның үстіне ондағы адамдар өте қонақжай және әрдайым көмек көрсетуге дайын тұрады.

- Сол жақта оқитын немесе Түркияға көшіп кеткен қазақтарды кездестірдіңіз бе және олардың қазақтар туралы ойлары қандай?

- Иә, ол жақта  ертеден көшіп кеткен қазақ бауырларымыз өте көп. Менің университетімде  оқитын қазақтар да аз емес. Қателеспесем 5000-нан аса қазақ студенті бар. Олардың өз жері туралы ойлары өте жақсы, бір-бірімізді көрсек бауырымызды көргендей қатты  қуанамыз. Олар әрқашан көмек көрсетуге дайын тұрады.

Өткен жылы университет барлығымызды Сакарияға жинаған болатын, сол кезде де бір-бірімізді  танып, қолдап жүрдік. Түркияға көшіп кеткен қазақ бауырларымыз Қазақстанның салт-дәстүрлерімен бөлісіп түрік елінде өздерінің қазақ екендерін мақтан етіп отырады.

 - Түркияда білім алудың артықшылығы қандай?

 - Мен үшін басты артықшылық – халықаралық  диплом.  Мугла университетінен алған  дипломды Еуропада және Азияда қолдана аламын. Ол мен үшін өте көп мүмкіндік береді. Шетелде оқу көп мүмкіндік бастауы десем де болады. Сонымен қатар өте сапалы білім. Шетелде тұрып білім алу, жаңа ортамен танысып олардың салт-дәстүрімен алмасу адам дамуына әсері бар деп ойлаймын. Мұның өзі мен үшін үлкен жетістік деп білемін. Еліміздегі  әртүрлі  ұлт-өкілдерінің арақатынасы, олардың жақын араласуы біздің немесе сол  елдің  мәдениетіне үлкен үлес қосады.

- Университет бітірген соң  Түркия мемлекетінде қалатын ойыңыз бар ма? Болашақта қандай іспен айналысасыз?

 - Бұйырса университет бітірген соң  еліме  Қазақстаныма ораламын. Бірақ бұнымен тоқтап қалатын ойым жоқ, басқа да елдерді аралап көріп,  саяхаттағым келеді. Саяхаттау арқылы сен басқа елдің мәдениетімен танысасың, жерін көресің. Оның өзі біраз білім деп білемін. Бірақ болашақта осы шетелден алған білімімді, көрген- түйгенімді  Қазақстанға келіп артымнан еріп келе жатқан бауырларыма үйреткім келеді.

Менің басты мақсатым – жағдайы нашар отбасылар мен жетім балаларға көмектесу. Бұйырса, көмек көрсететін қоғамдық қор ашып, жас сәбилердің арманын орындағым келеді.

- Жарайсыз, арамандарыңыз орындала берсін! Өте жақсы бастама, алған бетіңізден қайтпаңыз. Сізге тек сәттілік тілеймін.

 

 Бибақыт Ерсайынова

Тұран университеті

Журналистика 181(4)2

4 курс

1912 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз