Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 30 Наурыз, 2022

Әзілхан ӘБЕУОВ: СЫНДЫ ДҰРЫС ҚАБЫЛДАЙМЫН... ҚАТЕЛІГІМ БОЛСА ОНЫ ДА АШЫҚ МОЙЫНДАЙМЫН

Әзілхан ӘБЕУОВ,

Павлодар облысы,

Шарбақты ауданының әкімі:

 

Ол көпшілік әкімдерге тән қасаң қалыптан ада. Жұмыс стилі бөлек. Өзін халықтан саяқ ұстамайды, керісінше жұртшылықпен жиі кездесіп, емін-еркін әңгімелесе береді. Барынша ашық. Аудан тұрғындарымен жүргізетін тікелей эфирлері қашанда жоспардан тыс өрбиді. Кездесулерінің форматы да әдеттегіден басқаша.  Павлодар облысы Шарбақты ауданының тұрғындарынан «Әкімдеріңіз Әзілхан Әбеуов қандай тұлға?» - десеңіз, ауыз толтырып айтып беретін адами-азаматтық қасиеттері, іскерлігі, жаңашылдығы, жұртшылыққа етене жақындығы жайында көп естисіз. Жаңа форматтағы әкіммен жүздесіп, әңгімелесуге біз де ықылас таныттық. Бұл сұхбатымыз да алдын-ала дайындықсыз еркін форматта өтті. Әдетте, төртінші билік өкілін көрсе ат-тонын ала қашатын шенеуніктердей емес, сұхбатқа келгенімде ашық диалогқа дайын екенін аңғартты. Біз де көп тосылмай, көкейде жүрген сұрақтарымызды қойдық.  

- Әзілхан  Кәріғұлұлы, әдетте әкімдермен жүздесіп қалу үшін жүз адамның алдынан өтіп, бітпей кеткен бюрократияны бастан кешіреміз. Сізбен кездесудің бір кереметі - кабинетіңізге тікелей жол таба алғанымыз. Жалпы, жаңа форматтағы әкім қандай болуы керек?

- Жан-жақты болуы шарт. Ештеңені қиындатудың қажеті жоқ. Кез- келген мәселенің шешімі болады, түйіні шығады, нәтижесі көрінеді. Тек сәл бас қатыруың керек. Басқалардан талап ететін қасиеттерің өз бойыңнан табылмаса, қойған талабыңның құны бес тиын. Жүз рет сөйлегенше, бір рет жасап көрсет, сөзің мен ісің сәйкес болсын. Әр нәрсені өзіңнен бастауға тиіссің. Ұсақ-түйекті де. Мәселен, мен әкіммін деп жол ережелерін бұзсам, қоғамдағы тазалықты сақтамасам, қоғамдық тәртіпке бағынбасам, өзгелерден не сұраймын? Сырт көз - сыншы. Халықтан еш кемшілігіңді жасыра алмайсың. Жалпы, жұмыс барысында тапсырма беремін де, оның нәтижесін ғана талап етемін. «Анда бардым, мында жаздым, олар маған мынандай жауап берді» - деген бос әңгіменің халыққа берер пайдасы да, келіп-кетері де жоқ. Халыққа нақтылық пен нәтиже керек. Мен өзімнен де, өзгеден де осыны талап етемін.  

- Халықпен диалог барысында түсініктеме жұмыстарын жүргізесіз бе? Нені меңзеп тұрғанымды нақтылап кетейін. Шындығында, бір жақты ойлайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әкімдерге нақты талаптар қоюды білмейміз, бірақ қол жайып отыруды әдетке айналдырдық. Көп кезде рейтинг қуалап, «осы тыныш болсыншы» деген желеумен көмек көрсете салатындарыңыздың салдарынан туындаған тенденция бұл. Жұмыс жасамай, жұртқа жәутеңдеп отырғанның арты жақсылыққа апармасы анық қой... Осы хақында халықпен сөйлесе алдыңыз ба? Кейбір азаматтардың санасын өзгерту мүмкіндігі бар ма?

- Әрине, бар! Кез-келген адаммен келісіп сөйлессең түсінеді ғой. Барлығы өзімізге байланысты. Өзің жақсы болсаң, халық та жақсы. Қарамағымдағы 27 ауылдың еңбектеген баласынан бастап, еңкейген қариясына дейін тығыз қарым-қатынаста болуға бармын. Елмен етене сөйлескенімде, тәрбие жұмыстарын жүргізіп отырамын. Мәселен, бір ауылға барғанымда көпбалалы әрі жалғызбасты ана адрестік әлеуметтік көмек алмайтынын айтып, мұңын шақты. Еш қиындықсыз ол көмекті тағайындадық. Кейіннен ол кісіні дүкенде кездестіріп қалып, қызанақ пен қияр сатып алып тұрғанын көрдім. Шын айтсам, көңілім түсіп кетті. «Мұныңыз не, ауылда тұрып көкөністі өзіңізге егуге болады ғой» деп батырып сөйледім. Балаларым ол жұмыспен айналысқысы келмейді деп ақталды. Олай болмайды ғой, балаларды еңбекке бейімдеу керек. Жер бар, су бар, тек ниет болса, сол қызанақты, қиярды, картопты сатып алмайсың...Бұл бір ғана мысал.

Одан бөлек, кей ауылдарда балалардың аздығынан мектептердегі сыныптар жабылып жатыр. Өз кезегімде көп отбасыларға патронатты балаларды тәрбиелеу жүйесін енгізуді ұсындым. Мұндай балаларды мемлекет толығымен қамтиды, тек өз қарамағыңа алып, зор жауапкершілікті сезінсең болғаны. Сондай-ақ, кейбір ауыл тұрғындарының Оңтүстіктен қоныс аударған азаматтарды қабылдамайтын кездері болды, бұл тұрғыда да талай түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал Есілбай ауылының жұрты керісінше мүліктері мен жүктері кешігіп келген қоныс аударушыларға ас-суын, төсек-орнын ұсынып жылы қарсы алды, мен осы мысалды үлгі ретінде айтудан жалықпаймын. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні мынау: «шешілмейтін түйін жоқ».

- Бәрекелді! Оптимист адамсыз! Соңғы уақытта аудан әкімдері ауылдарды жиі аралайтын болды. Бұрын аудан тұрмақ, ауыл әкімдерін қашықтан бір көріп қалсақ, ол біз үшін бір құбылыс сияқты көрінетін. Ал бүгінгі күні керісінше халық әкімдердің келуінен шаршаған сияқты. Олай дейтінім, есептік кездесулер мен ашық жүздесулерге жинала қоймайды. Сосын бір аудан әкімінің «қандай проблемаларыңыз бар?»- деген сауалына  бір ағамыз: «Сізді бір апта бұрын ғана көріп едік, жеті күнде ештеңе өзгерген жоқ, проблема пайда болмады» деген сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Жалпы, біз әкімдерді жұртқа жақын қыламыз деп олардың мәртебесін төмендетіп жатқанымыз жоқ ба? Мұның да бір балансы болу керек шығар...

- Мен де ауыл арасында жүргенде «ауыл әкімінен гөрі сізді жиі көретін болдық» деген әңгімелерді естіп жатамын. Ал егер елмен етене араласпасам, жұртқа жақын болмасам, олардың көкейіндегісін қайдан білем, проблемаларын қайтіп шешемін? Одан бөлек, мен өзімді халыққа жақын әкіммін деп есептеймін, кез-келгеніне ашықпын, дастархандарынан дәм татамын, сыйласамын, сырласамын. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ал әкімдердің мәртебесіне келер болсақ, әрине баланстың болғаны да, қашықтықтың сақталғаны да, «әкім келе жатыр» дегенде қобалжудың сезілгені де дұрыс шығар. Бірақ бұл жүйе ауылдағы ағайынға тиімсіз. Олардың алдына ақ көйлек киіп, галстук тағып, жылтырап бара алмайсың, олармен бірге егістік басына шығып, қара шаруаның образына енуің керек. Қолыңда күрегің болуы қажет, жерді бірге қазуың керек. Халыққа жақын болу деген осы...

- Елімізде орын алған «Қаңтар қасіретінен» кейін не түйдіңіз? Әкім ретінде қандай әрекетке бардыңыз? Азамат ретінде не ойладыңыз?

- Егемендіктің отыз жылында ел басына төнген басты қасірет осы шығар деп ойладым. Ол тұтастығымызға қауіп төндірген күндер еді. Ауданымыздың аймағында тәртіпсіздіктер орын алмаса да, жергілікті ішкі істер органдары қызметкерлерімен тығыз байланыста болып, қоғамдық тыныштықты сақтауға барынша күш салдық. Интернет желісі үзілген соң, теледидарға телміріп отырғанымыз тағы бар. Азамат ретінде қатты қорықтым, әкім ретінде әрекет еттім. Әсіресе, жастарды алаңдататын  сауалдар төңірегінде ақылдастық. Жастар арасында қандай сұрақтар туындап жатыр, олар не жайында ойлайды, алаңға шығуларының себебі қандай, не жетіспейді, біз өз тарапымыздан қандай жағдай жасауымыз керек деген сұрақтарды ауыл әкімдері, бөлім басшылары және ауданның белсенді азаматтарымен бірігіп талқыладық. Сондай-ақ,  барлық мектептердің директорларымен келісіп, кешкі уақытта жастардың бос уақытын қамтуды тапсырдым. Ауыл жастары мектептерде волейбол мен баскетбол ойнасын, спортпен шұғылдансын, аралас-құралас болсын, өздерінің керек екенін сезінсін деген ой ғой. 

- Маргиналды жастар тобымен қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

- Бізде аталмыш топқа жататын жастар жоқтың қасы. Бірең-саран болуы мүмкін, бірақ оларды да жөнге келтіруге болады. Тек ниет болса болғаны.

- Сіз басқарып отырған Шарбақты ауданы Павлодар өңіріндегі перспективті аудандардың қатарында. Барлап отырсам, жергілікті халықтың көңілі тоқ, жұмыссыздық жоқ, баспана мәселесі барынша жолға қойылған. Десек те, ұялы байланыс пен жол мәселесі толыққанды шешілді дей алмассыз...Соның бір мысалы – Александровка ауылына апаратын жолыңыз не болды?

- Жасырмаймын, бар проблемаларды еш кезде жасырған да емеспін. Александровканың жолы әлі сол қалпында. Бірақ жол жөндеу бағытында нәтижелеріміз де жоқ емес. 2020 жылы ауданымызда 71 шақырым, ал 2021 жылы 84 шақырым жолды қалпына келтірдік. Жақсы және қанағаттанарлық жол көрсеткіштері бойынша біздің аудан 88 пайызды құрап тұр.

Ұялы байланысқа келер болсақ, орман аймағындағы Садықащы, Шошқалы, Бозалаң ауылдарына бүгінгі күні байланыс жеткен жоқ. Сондай- ақ, шекарада орналасқан Сынтас ауылында да байланыстың деңгейі төмен. Биылғы Малиновка, Сынтас, Садықащы ауылдары мемлекеттік бағдарлама негізінде ұялы байланыспен қамтылады деп күтілуде. Қысқаша жайымыз осы.

 - Сіз туралы «Сынды дұрыс қабылдай алады. Қатесін де көпшілік алдында ашық мойындайды» - деген пікірлерді естідім...

- Жүйелісі болсын, жүйесізі болсын, кез - келген сынды жылы қабылдаймын. Өз қатемді мойындамауға құқым жоқ. Көпшілікке мен қателестім десем, кішірейіп қалмайтын шығармын... Әкім болсам да, алдымен адаммын ғой, қателесемін, жаңылысамын, кіршіксіз емеспін. Қателессем, қателестім деймін.

- Дегенмен, алдыңызға келіп, «сіздікі дұрыс емес!» деуге бәрінің жүрегі дауалай бермейтін шығар...

- Енді дәл солай демесе де, жұмсартып жеткізетіндері жоқ емес. Бәлкім кейбір жандар сын айтсам, соңыма түсіп алып жазалайды дейтін болар. Ондайға бармаймын. Мен бұл тұрғыда депутаттар қауымына қатаң талап қоямын. Өзге елдің депутаттары мінберден халықтың сөзін хақ түрде жеткізгенде, оны орындамауға хақың болмай қалады. Осындай жүйені бізге де қалыптастыруға болады ғой. «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, мен аудандағы депутаттарға неге үнсіз отырмыз, сын қайда, шу қайда деп жүріп, кейде өзім де сынға ұшырайтын жағдайға жеттім. Демек, прогресс бар. Менің көздегенім де сол еді.

- Бөлім басшыларына тапсырма бергенде, шешілу жолдарын да көрсетесіз бе? Әлде жалаң тапсырма бересіз бе?

- Әлбетте шешілу жолдарын нұсқаймын, онсыз болмайды ғой.

- Дегенмен, сіз барлық саланың маманы мен шебері емессіз, оны да ескеру керек...

- Мүмкін солай шығар. Бірақ әкімдік қызметте жан-жақты болмауға, әр жағдайды ішкі түйсігіңмен сезінбеуіңе құқығың жоқ. Одан бөлек, тәжірибе деген дүние бар, өз тәжірибем жетпей жатса, әріптестеріммен (басқа аудан әкімдері) ақылдасамын.

- Эмоцияға берілесіз бе?

- Эмоцияға берілмеймін, кез-келген жағдайды салқынқандылықпен қабылдаймын. Шешілмейтін сұрақ болмайды, сондықтан эмоцияға беріліп, жоқ жерден жағдайды қиындатудың мағынасы жоқ. Жұмыстағы негативті үйге апармаймын, үйдегіні жұмысқа әкелмеймін. Таразы басын тең ұстауға тырысамын.

- Реті келіп тұрған соң, көкейде жүрген тағы бір сауалымды қоймасам болмайын деп тұр...

- Қойыңыз...

 - Әңгіме аудан орталығындағы Ленин ескерткіші жайында. Баспасөз бетінде, әлеуметтік желілерде біраз шу болды. Неге әлі күнге дейін алынбаған?- деген де мәселе көтерілді. Бұған не дейсіз?

- Меніңше, бұл ескерткіштің ешкімге зияны жоқ. Иә, сан мәрте сынға да ұшырадық, түрлі пікірлерді де естідік. Не дейін, тарихта болған тұлға. Оны жүз жерден «басқа жерге көшір» дегендер болса да, «тарих бетінен өшір» дейтіндер табылмас. Жалпы, мен бұл ауданды бұзу үшін емес, құру үшін келдім. Бұл менің өзіме берген азаматтық сертім.

ТҮЙІН. Әзілхан Әбеуов дегенде, көзіңе Шарбақтының нақ өзінен орын тепкен жаңа үйлердің құрылысы мен ескі нысандардың баспана болып қайта құрылуы елестейді. Елес емес бірақ. Нағыз факті осы. Ол келгелі, баспанасыз отырған ешкім жоқ. «Ауданды бұзуға емес, құруға келдім!» деген сөзінен жаңашыл әкімнің алда әлі де талай нақты жұмыстарды жүзеге асыруға тас-түйін бекінгенін байқадық. Лайым, солай болғай! Сәттілік тіледік.

Сұхбаттасқан

Эльмира АБЕТЖАНОВА

Павлодар облысы

 

2742 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз