Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 04 Сәуір, 2022

Хьюстон қазақ мектебіндегі жексенбіні асыға күтеміз

Нью-Джерсиде Америка қазақтары Ұлыстың Ұлы күнін дүркіретіп атап өтті. АҚШ-тың әр штатындағы отандастар бас қосып, Наурызкөже ішіп, ән салып, би де биледі. ҚР Күйшілер одағының төрағасы Асқар Кенжеғалиев шәкірттерімен бірге Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін, Дина мен Дәулеткерейдің күйлерін шертті. Көрермен ықыласына бөленген қос домбырашы Ерлік пен Әлимен әлеуметтік желі арқылы сөйлескен едік.

– «Ұландық» достарыңа өздерің туралы айтып беріңдерші?

Ерлік: Есімімді атам қойған. Ерлік дегенді еліңе, халқыңа пайдаңның тиюі деп түсінемін. Әнұранда «Ерліктің дастаны» деп бекер жазылмаған. Америкаға 2011 жылы әкемнің жұмысы бойынша келгенбіз. Ол кезде екі жаста болдым. Қазақстан-ның Атырау қаласынан бола-мыз. Ерхан інім – 10 жаста, Ернест деген інім 8 жаста.

Әли: Мен АҚШ-та дүниеге келдім. Екі бауырым бар. Он жастағы қарындасым 4-сыныпта, алты жастағы інім 1-сыныпта оқиды. Үйде ағылшын және қазақ тілінде сөйлесеміз. Әкем жеке кәсіп-кер, анам IT саласын оқып жатыр. 

– Ағылшын тілін үйренген кездерің естеріңде ме?

Ерлік: Балабақшаға барған кезде үйрендім. Анам үш жасыңнан ағылшынша сөйледің дейді.

– Қай сыныпта оқисыңдар?

Әли: Everest Academy мектебінде 6-сыныпта оқимын. Мектебім өзіме ұнайды. Бала бұзық болса, алдымен өзімен сөйлеседі. Екінші рет қайталаса, ата-анасын шақыртып, ескерту жасайды. Оқушының туған күнін көңілді өткізуге тырысады. Тәтті бәліш жейміз, қонаққа үйіне барамыз. Америкада мектеп үшке бөлінеді. Тілашардан 5-сыныпқа дейін бір бөлек, 6, 7, 8-сынып-тар орта мектепке жатады, ал 9, 10, 11-сыныптар-ды жоғары мектеп деп есептейді. 

Ерлік: Garland McMeans junior high school-да оқимын. Жексенбіде Хьюстон қазақ мектебіне барамын. Бұл – Америкада ең бірінші ашылған жексенбілік мектеп. Мен ашылғалы барамын. Ол жерге қазақ балалары көп келеді. Қазақ тілі, би, домбыра сабақтары өтеді. Маған ұнайтын жері – сабақ біткен соң балалармен баскетбол, футбол ойнаймыз. Домбыра сабағы ұнайды. Бәріміз Әнұран айтамыз.Үйде әкем мен анам «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп көп айтады.

– Хьюстон қазақ мектебі кімдерге арналған?

Ерлік: 2012 жылы қыркүйек айында ашылған. Анамның айтуынша, Америкадағы балаларға жаны, жүрегі қазақ екенін ұмыттырмау мақсатында ашылыпты. Басында отыз шақты бала келген. Кейін көбі отбасылық жағдайына байланысты көшіп кетті. Алдымен амандасуды үйрендік. Жылына үш рет Ұлыстың Ұлы күнінде, 8 Наурыз – Аналар мерекесі мен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында концерт ұйымдастырамыз. Наурызда түрік бауырлар, әзербайжан, өзбек халықтары жиналады. Бесікке салу, тұсау кесу және тағы басқа әдет-ғұрыппен танысамыз. 

Қай жердің мектебі жақсы болса, сол жердің үйі қымбат болады. Мектептерді 1–10 балл деп ұпаймен бағалайды. Мектеп мәртебесін түсірмес үшін кемшілікке жол бермейді. Менің мектебім өте үлкен. Бұзық болған баланы көпшіліктің алдында жазаламайды. Бақылау жұмысының қорытындысын сыныпта айтпайды. Жеке өзімізге айтады. Ата-аналар жиналысына да бәрі бірге бармайды. Басқа баланың тәртібі, оқуы менің анама қажет емес. Жиналысты әр ата-анаға жеке өткізеді. Кімнің қандай сабаққа жақсы екенін өзіміз білеміз. Үйге екі-үш апта сайын табель келеді. Жақсы оқыған балаға арнайы сертификат береді. Сертификат менде де бар.      

– Домбыра үйренгісі келетін шетелдік достарың бар ма?

– Әли: Достарым өте көп, бәрі қызығады. Дина, Құрманғазы сияқты күйші ата-бабаларымыздың күйлерін тартамын. «Тойбастар», «Кеңес», «Айжан қыз», «Ата толғауы», «Жастар биі» және «Еркемайды» шертемін. Жыл басы Наурыз мерекесін асыға күттім. Наурызкөже – сүйікті асымның бірі. Өнерімді өз ойымдағыдай орындадым. Көрермен көп болды. Риза болып, құрмет көрсетті. Жақсы көретін әншілерім Мейрамбек пен Ғазизхан ағаларды көрдім. Олар концерт беруге келген екен. Нью-Джерсидегі туыс ағамды, оның балаларын көрдім. 

Ерлік: Негізі домбыраның алғаш әліппесін үйреткен – анам. Кейін қазақ мектебінде Әсел, Майрагүл апайлар үйретті. 2020 жылдан бастап онлайн Асқар Кенжеғалиев ағайдан үйрене бастадым. Домбыраға қатысқаныма бір жарым жыл болды. Дина апамыздың «Науысқы» күйін, Құрманғазы атамыздың «Адайын», «Балбырауынды» және басқа да күй үйреніп жүрмін. «Көрөғлы», «Ерке-сылқым» күйлерін жақсы көремін. Сахнаға шығуға таңдау неге маған түскенін білмеймін. Асқар ағай Хьюстонда қазақ оркестрін құрды. Ол жерде оншақты оқушы бармыз. Барлығы өте керемет, шебер ойнайды. Мүмкін жасымызға қарай таңдаған шығар. Анасы қазақ, әкесі шетелдік достарым бар. Олар домбыраны керемет тартады.

– Өскенде кім боласыңдар?

Әли: Адамдарға көмек беретін мықты азамат боламын. 

Ерлік: Математика пәнін жақсы көремін. Болашақ мамандығым сол пәнмен байланысты болады деп ойлаймын.

– Кімді жиі сағынасыңдар?

Ерлік: Соңғы рет сүйікті Отаныма нағашы атамның 70 жылдық мерейтойына бардым. Ата-әжем, апатайым Алтынгүл, көп туысқандарым мен нағашыларым бар. Бәрін қатты сағынамын. 

Әли: Ауылға өткен жазда бардым. Атам мен әжем, туысқандарым бар. Жиі сөйлесу үшін ата-әжеме iPhone сыйлағым келіп жүр. –

Ағылшын тілін үйрену оңай ма?

Ерлік: Біздің елде де ағылшынды жақсы оқытады. Оқушының өзіне байланысты. Ағылшын тілін мектепте дұрыстап үйреніп алу керек. Өзім қазақ тілінде көбірек сөйлеуге тырысып жүрмін. Үйде әкем, анам тек қазақ тілінде сөйлейді. Бірақ Америка мектебінде, достарым, бауырларыммен ағылшын тілінде сөйлесеміз.

Әли: Иә, Ерлік дұрыс айтады. Тіл білсең мүмкіндік көп. Оқимын десең, барлық нәрсе оңай. 

– Бос уақыт қалай өтеді?

Әли: Кітап оқимын. Таэквондомен айналысамын. Баскетбол, волейбол, футбол ойнаймын. Шахмат пен таэквондодан жарысқа қатысып, жеңімпаз болдым. Әкем: «Қазақтың баласы озат оқуға тиіс. Өйткені, елге сен секілді білімді, жан-жақты жігіттер керек», – деп дастарқан басында айтып отырады. Сол үшін бастаған ісімді аяғына дейін жеткізбей тыныш отырмаймын. 

Ерлік: Таңертең 6.30-8.00 аралығында футболға барамын. Жарысқа дайындалып жатырмын. Одан кейін сабаққа кете-мін. Сағат 16.30-да сабақ аяқталып, автобус үйге әкеле-ді. Кейде басқа мектептің оқушылармен жарысқа барамын. Бэйз деген аспапта ойнаймын. Концерт қоямыз. Жазда баскетбол ойнадым. Ата-анамның үмітін ақтап, қазақ деген атқа лайық болсам деймін.

– Аман болыңдар! 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №13
5 сәуір 2022 жыл

3604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз