Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 10 Сәуір, 2022

Махаббат БИГЕЛДИЕВ: ЖОШЫҒА БАРҒАНДА АЙБАРЫМДЫ ҰҒАМ, ЖИДЕБАЙҒА БАРҒАНДА АҚЫЛЫМДЫ ТАБАМ

Махаббат БИГЕЛДИЕВ,
«Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры:

– Құрылғанына жарты ғасыр толған «Қаз­қайта­жаңарту» мекемесінің негізгі міндеті не?

 Бұл мекеменің ресми атауы – Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Қазқайтажаңарту» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны. Оның құрылуына ұлтымыздың біртуар перзенті Өзбекәлі Жәнібековтің көп еңбегі сіңген.

Өткен ғасырда қазақ даласындағы мәдени ескерткіштер қараусыз, сұраусыз қалған. Қорқыт Ата, Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Бекет ата, Айша Бибі, Қарахан, Шамансұр, Жошы хан... Бәрін жаңбыр жеп, жел мүжіп, тозығы жеткені көрінеді. Біздің төбемізге көтеріп жүрген мұраларымыз бұзылып бара жатыпты. Осыларды тым болмаса сол жағдайында сақтап қалу үшін «Қазқайтажаңарту» мекемесі құрылған. Яғни ұлттың ұлы мұраларын сақтап, болашаққа аман жеткізуді мұрат тұтқан, олардың бүгіні мен ертеңіне толықтай жауапты мекеме.

Алғаш құрылған уақытта республикамыздың әр облысында филиалы, үлкен ғылыми-зерттеу институты болған. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономикалық қиындықтарға ұшырып, қысқарған. Анау бір жылдары бұл мекемені қысқартып, кішкентай бөлім сияқты ұстаған. Сол уақытта мұраларымыз тағы қараусыз қалып, қирай бастаған. Содан қайта құруға тура келген. Елордамыз ауысқанда бұл мекеменің астанаға ауысқан уақыты да болған. Ол жақта жеке ғимараты жоқ, жалдап отыру да қымбат, не м­аман тапшы боп, Алматыға қайта келген.

Қазіргі отырған ғимаратымыз да – тарихи орын. Бұл орын бұрын Мәдениет министрлігі отырған мекеме. Бұрын Штабная аталған Гоголь көшесінің бойында 1890 жылы бой көтерген бұл ғимарат бастауыш қалалық училищесі болған. Атақты сәулетші А.П.Зенковтың қолынан шыққан. Бұл жерде алғашқы еңбек мектебі ұйымдастырылған, Кеңес үкіметі құрылғанда Мәдениет министрлігіне берілген. Тәуелсіздік алғаннан кейін астанамыз Арқаға көшкенде мәдениеттің ошағы болған ғимарат кейін біздің мекемеге бұйырыпты. Түгел ағаштан жасалып, қасбеті Алатаудың еменінен ойылып жасалған шаңырақ 1982 жылдан бері қарай мемлекеттік маңызы бар ескерткіштердің тізімінде. Істейтін ісі де, отырған орны да тарихпен бітеқайнасқан ұжымбыз.

Қазір біздің мекеменің Түркістан, Т­араз, Қызылорда, Орал қалаларында төрт мамандандырылған қалпына келтіру облыстық филиалы, сондай-ақ  Алматы қаласында ғылыми-зерттеу және жобалау филиалы бар. Бас кеңсенің өңдірістік күш-қуаты сақталған. Ғылыми-зерттеу және жобалау филиалымыз бұрынғы сол институт орнында. Есік-терезе, брусчатка, паребрика, қыш кірпішті өзіміз шығарамыз. Өзімізге керекті материалдарды өзіміз өндіреміз. Біз кім көрінгеннің кірпішін алмаймыз. Ашық табиғатта – жел мен жаңбырға, ыстық пен суыққа шыдас беретін кірпіштер керек. Бір уақыттарда Өзбекстанда шығаратын қыш кірпішпен салыс­тырып, зертханалық талдау жүргіздік. Сонда біздің қыш кірпіштің анағұрлым мықты екеніне көз жеткіздік. Біздің кірпіштер қолдан жасалады. Қалыпқа салып, қатырылады. Аптасына 300 ғана кірпіш шығарамыз. Біреулер аптасына мыңдаған кірпіш шығарады. Санға емес, сапаға жұмыс істейміз. Қазір пешіміз жеткіліксіз болып, жаңа пештің құрылысын бастадық. Осы жылы аяқтап қаламыз.

Жұмысымыздың негізгі бағыты: республикалық дәрежедегі және шетелде қазақ тарихына, мәдениетіне, өркениетіне қатысы бар тарих, мәдениет және сәулет ескерткіштерін жаңғырту, ғылыми-реставрациялау, консервациялау, регенерациялау, ғылыми-зерттеу жобаларын жасау және ескерткіштер жинағын дайындау.

Жуырда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев биыл атқарылатын жұмысымызға бағыт беріп кетті. Былтыр Мәдениет комитеті қайта құрылды. Бұрын бір ашылып, бір жабылған комитет қой. Қазір сол өз комитетімізбен жұмыс істейміз. Роза Самидоллақызы Кәрібжанова басқарады.

Дәурен Әскербекұлынан тікелей тапсырма алдық. Реставрация бағытында басқа мемлекеттер не істеп жатыр? Тарихи мұраларды сақтауда олар қандай әрекеттерге барды? Соны білу үшін іссапарға шығамыз. Олардың озық үлгісін біз де қолдануымыз керек.

– Әр аймақтағы кесенелердің, мәдени ескерткіштердің ерекшеліктері қандай?

 Әр ескерткіш – әр ғасырдың жемісі. Әр кезеңнің өз ұстасы болған. Әрқайсысында өз заманының бояуы, қолтаңбасы бар. Біздің мәдени мұраларымыздың дені Жібек жолының бойында орналасқан. Пекин мен Қарақорымды жалғап, Жетісуды бойлап, Баласағұн мен ­Таразды, Сығанақ пен Отырарды қосатын жол Аралдың терістігін айналып, Үргеніш, Хиуа, Бұқара, Самарқанд, Шашты Пекинге қосатын жолмен Үстіртте қосылады. Ол жолдың бір шеті Жайықтан өтіп, Еділ арқылы Қазан мен Мәскеуге асса, түстігі Қарабұғаз арқылы Балқан асып, Ирак, Иран, Араб түбегіне, одан әрі Үндістанға дейін жалғасқанға ұқсайды. Осынша мәдениетті тоғыстырған Ұлы Жібек жолы бойында Сығанақ пен Отырардай қаламыз қалды. Маңғыстау түбегіндегі сәулеті бір-бірімен жарысқан баба кесенелері бүгін бізге сәулет өнерінің ескерткіші боп жетіп отыр. Еліміздегі қорымдардың ішінде сәулетімен ерекшеленетін осы Маңғыстаудағы зираттар. Екі басы шығыңқы қостас, үштас, бестастар бар. Оларда ХVІІ–ХVІІІ ғасырға дейін қылыш, айбалта, найзаның суреттері салынса, кейін жазулар жазыла бастаған. Егер оның тарихын тереңірек білгіңіз келсе, Әбіш Кекілбайұлының «Ұйқыдағы арудың оянуы» еңбегін оқыңыз.

Күллі Алаш жұрты әулие көретін Бекет Ата жер мешіті тастан ойылып салынған. Бірнеше бөлмесі бар. Жазда ыстық болатын өлке үшін тас іші салқын.

Жезқазған қаласының солтүстік-шығысында Қаракеңгір өзенінің бойында орналасқан Жошы хан кесенесінің салынуына байланысты әртүрлі пікір бар. Онда ханның сүйегі жатыр ма, жоқ па дегеннің өзі ғылымда талас тудырып келе жатқан мәселе. Кесене сәулеті порталды-күмбезді құрылыстар санатына жатады. Порталдың жан-жағын өрнекті кірпіштермен безендірген. Кірпіштерде бұрын жазу да болыпты. Оны Атбасар уезіндегі бір ұлық сыдыртып алып, музейге жіберген екен. Жалпы Әлкей Марғұлан қазғанға дейін ханның зиратында қазына бар деп, Атбасар қазақтары қазған екен. Онда екі адамның мүрдесі табылған. Біреуі Жошы хан, екіншісі бәйбішесі Бектумыштікі делінеді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Атбасар қазақтары қазғанда мәйіттердің бас сүйегі ауысып кетіпті. Бірақ сүйектің жасы мен Жошының қайтыс болған жасы сәйкес келмеген. Дау тудыратыны – сол. Бұл бөлек, әрі ұзақ тарих. Бізге керегі кесене еді ғой. Оның бір ерекшелігі – күмбезі. Ішкі және сыртқы күмбездер орнатып, оны он алты барабанға отырғызған, барабанның астынан шығарылған терезелерден жарық түсіп, кесене ішіне сәуле шашып, әрі ауа айналымын реттеп тұрады.

Осындай ерекшеліктер мен айырмашылықтар қандай да бір кесенеге де қатысты ұзақ айта ­беруге болады. Мен осы мысалдармен тоқтайын.

Мәдениет нысындарын байланыстыратын жолдар қазір де сайрап жатыр. Мемлекетіміз оған жіті көңіл бөліп, жөндеу жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді.

– Мұндай мысалдардың қатарында Әзірет Сұлтанды айтпай кетуге болмайтын шығар.

– Әрине, 1396–1399 жылдары Ақсақ Темірдің бұйрығымен салынған, исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің қолынан шыққан ортағасырлық сәулет ескерткіші – Әзірет Әлі кесенесі елімізде ЮНЕСКО қарауына алынған жалғыз мәдени нысан. Бұл кесенеге жылда мөлшерлі жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұруымыз керек. Жылда қарап тұрмаса болмайды. Былтыр төбесін жаптық, күмбезінің алдыңғы жылдан қалған жұмысын аяқтадық. Қабірханасы ақталып, сырланды. Аспаздық бөлмесі жасалды. Биыл тағы бір дүниесін жасау керек. Қазандық бөлмесінде сталактит бар. Ол төбе мен қабырғаның қосылған жерін әсемдеп тұр. Соның біраз жерінде ылғалдануы көрініп тұр. Ол үлкен салмағы бар дүние. Адамның басына түссе оңдыртпайды. Биыл қаражаттың бір бөлігін соны зерттеуге жұмсамақпыз. Оны жөндеу үшін алдымен зерттеу керек. Қандай материалдан жасалды? Біз төбесін жапқанда, мүмкін, ауа айналып тұрған бір тесігін бітеп жібердік пе екен?!. Әлде халық көп кіріп кетті ме? Әлде қыс ылғалды болды? Бұл сталактитке 600 жылдан асты. Мүмкін, тозығы әбден жектен шығар. Соны білуіміз керек. Оны мен айта алмаймын, оны арнайы ғалымдар зерттейді. Бұл кесенемен бір ғасырда салынған басқа да кесенелердің сталактитін көреміз. Табылса, әрине.

Бұл өзі құрылысы аяқталмай қалған кесене ғой. Ақсақ Темір қайтыс болғаннан кейін, қаржы тоқтап, алдыңғы порталы қойылмай қалған. 4 мың құрылысшы тарап кеткен. Осы күні бізге жетуіне түріктер көп еңбек сіңірді. Жерге шөгіп бара жатқанында астына бетон құйып, тоқатты. Енді біз оны өл-тіріл сақтап қалуымыз керек. Биыл тағы қаржы сұраймыз.

Осы сияқты Бекет Атаның басы да ерекше қарауды талап етеді. Онда ­жерасты мешіттері бар. Оның да жылда бір нәрсесі құлап қалады. Оны сол мезетте жасау керек. Он жылдан кейін қирап қалғаннан кейін жасаудың керегі жоқ. Біріншіден үлкен шығын, екіншіден, мұрамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Осындай үлкен нысандарды жылдық жоспарларда әрқашан қарастыруымыз керек.

– Сіздердің қараула­рыңызға кіретін мәдени, тарихи нысандар нешеу?

– Біздің тізімге 250 ғана нысан кіреді.Ол азайып, көбейіп тұрады.

– Неге байланысты?

– Мысалы, ­Президент резиденциясы біздің 250 нысанның ішінде болған. 1981–1985 жылдары жобасы жасалып, салынған ерекше нысан. Кешегі өртену салдарынан өзінің мәдени-тарихи құндылығын ­жойды. Сол себепті біздің тізімнен шықты. Бұл тізімге кірмеген де нысандар бар. Оларды министрлік жанындағы арнайы комиссия қарап, республикалық деңгейдегі мұра деп шешсе, онда тізімге қосылады.

– Нысандардың жағдайын арнайы зерт­тейсіздер ме? 

– Бізде мониторинг тобы бар. Олар сәулетшілер мен құрылысшылардың алдында бір жыл бұрын жүріп, тексеріп отырады. Нысандардың жағдайын бізге қағаз жүзінде жеткізеді. Оған қоса жергілікті органдар да қарайласып тұрады.

Бізге көп облыстардан хабарласады. Осындай ескерткіш қирап жатыр дейді. Біз оны тізімде болмаса қарай алмаймыз. Олар жергілікті әкімшіліктерге қарайды.

– Сіздердің міндет ескіні бүлдіріп алмай, қайта сол бұрынғы ажарын әрлей түсіп, сақтау ғой. Мамандардың тапшылығы сезілмей ме?

– Біздің жұмыс көзге көрінбейді. Үлкен ғимараттардың сәулетін жасаған архитек­тор­лардың жұмысын қала бей­несінен көре аласыз. Ал жоқтан бар жасайтын жаңарту жұмыстарын ел көре бермейді. Сәулетші-реставратор деген мамандық бізде жоқтың қасы. Түркі­стандағы университеттің жанынан сәулетші-реставраторларды дайындайтын колледж ашылғалы жатыр. Егер соны бітіріп, өз мамандарымыз шығып жатса, жақсы болар еді. Амал жоқ, біз сәулетші, құрылысшыларды жұмысқа аламыз. Жобалау филиалымызда бір ғана Ресейден оқып келген сәулетші-реставратор маман бар. Сондықтан өз ішімізден маман шықса, бізге жұмыс істеу тағы жеңілдей түсетін еді. Оның үстіне өзге елге қашанғы жалтақтап отырамыз.

– Биыл қандай нысандарда жаңарту жұмыстарын жүргізесіздер?

– Биыл отыздан аса нысанға ғылыми-реставрациялау жұмысын жүргіземіз. Соның ішінде көлемділері – Отырар қаласы, Таңбалы тас қорығында, Жаркент мешітінде және ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының музейі. Оған қоса Бішкекке Абайдың ескерткішін қоямыз. Былтыр жобасын жасаған едік. Енді құрылысы басталады.

– Ескі қалалар бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Отырар биыл бітеді. Бар жұмыс археологтарға тіреліп тұр. Жердің бетіне ғимарат салу үшін жерастынан сілемі табылуы керек. Біз үстіне, археологтар жер астына жауап береді.Серік Ақылбеков деген археолог бар. Отырардың маманы. Отырарға ХХІ ғасырдың мешітін салып қоймайсыз ғой. Сол үшін археолог пен тарихшы зерттейді. Сол ғасырдың келбетін сол ғасырдың материалымен саламыз. Талас тудыратын мәселені министрлік жанындағы кеңесте талқылап, соның шешімімен саламыз. Өз бетімізбен нысан сала алмаймыз.

Өткен ғасырлардағы ғимараттардың үлгісін әр аймақты зерттеген ғалымдардың жазбаларынан, күнделіктерінен аламыз. Біздің артықшылығымыз – бай архивіміз. Ғылыми жобалау филиалында тарихшылар бар. С­олар зерттеп, ұсыныс айтады. Кеңес мақұлдап, құрылыстың жобасын сызамыз. Оны да өзіміздің институттағы мамандар жасайды.

Сарайшық қаласының орны нашар сақталған. Қорған, үйлердің орны бар. Оның айналасына қорым түсіп, үй салынып кеткен. Сарайшық Қасым ханның ордасы болған. Отырарда тарихи сілем бар. Сарайшықта ондай орын қалмаған. Дуалдың жартысы ғана бар. Жайық қаланың жартысын шайып кеткен. Бір нәрсеге мән беруіміз керек. Сарайшық – қазақ мемлекеттілігінің бір дәлелі. «Сарайшықта бар дейді, тоғыз ханның молласы» дейді Шынияз ақын. Соңғы уақытта археологтарымыз Қасым ханның сүйегін іздеп жатыр. Сарайшық айналасын су қоршап тұрған, адамдар қайықпен жүрген, өз заманының сәулетті қаласы болған. Қазір оның шекарасын қоршап қоюымыз керек. Өйткені айналасына мал жайылып, аяқ таптап жүр. Археологтармен ақылдасып, алдағы жұмыстарды талқылаймыз. Тарихшылар мен археологтар бір нәтижеге жетіп, шешім шығарғаннан кейін қаланы қалпыны жаңарту жұмысын жүргіземіз.Біз туралы тарихи сыр шер­тетін қала біреудің аяқтың астында жатпау керек.

Ол, біріншіден, біздің тарихи санамызды нығайтады. Екіншіден, туристерді тартады. Қазынаға ақша түсереді.

– Ондай орындарға барғанда қандай күйде боласыз?

– Қазақ топырағының көрмеген, қазақ баласының шекпеген тауқыметі жоқ. Шығыс пен батыстағы, солтүстік пен оңтүстіктегі қазақтың тағдыры бір болғанын түсінем. Отырардағы өркениетті көріп, кім болғанымды сезем. Жошыға барғанда айбарымды ұғам, Жидебайға барғанда ақылымды табам. Бірақ Алматыдағы кеңсеме кіргенде, сол сезім бойымда ұдайы сақталмайтынына көзім жетеді. Неге? Түркістандағы рухым қайда? Маңғыстаудағы айбыным қайда? Ол жоқ емес. Бар. Өйткені әр жерде осындай бір күйге түсемін. Іштей сезем. Сірә, тарихи жады, тарихи сана дегеніңіз сол болса керек. Сарайшық бізге осы үшін керек!

– Сізді сәулеті мен құрылысы таңғалдыратын нысан қайсы?

– Мен екі-үш дүниені ғана айтайын. Бірін­шісі, «Таңбалы» қорық-мұра­жайындағы жартас суреттері. Ол тек қана наным-сенім суреттері емес. Қола дәуірінен бері қарайғы мәдениет пен өмір салтын, өнерін, тіршілігін танытатын бейнелер. Люк Хермани: «Бұл жолы мен еуразиялық тасқа қашау өнеріндегі ортақ түйіндерге тоқта­лып, бұл өнер түрінің адамдардың көшіп-қонуымен тығыз байланысын көрсеткім келеді. Олар еуразиялық құрлықта қола дәуірі кезінде экономикалық алыс-беріс арқылы идеялардың таралуына ықпал еткен» дей келе, Таңбалыдағы суреттер мен Жерорта теңізінің Валькамоника тауларынан, Франциядағы Бего тауларынан, Норвегиядағы Альт жағалауынан табылған ескерткіштерді салыстырып, табиғи полярлық ерекшелігіне қарамастан еуразиялық құрлықта біркелкі мифология қалыптасқанын айтады. Бұл адам баласының бір идеяға бағына алатынын көрсетеді.

Екіншісі, құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Орта ғасырдың сәулет өнеріндегі ең озық үлгілер қолданылған. 35 бөлмеден тұратын алып кесененің орталығы қабірстанға бағынған. Оның есіктері ағаштан жасалып, темірмен қапталып, тұтқалары алтынмен жалатылған. Бұл Ясауи кесенесінің бағасын арттырады. Әрі мұнда қазақтың хандары мен билері жерленген. Бұл Түркістанның айбарын одан әрі асырып тұр. Түркі жұртының рухани шырағданы.

Үшіншісі, Жаркенттегі Уәли ахун Юлдашев салдырған ағаш мешіт. Құрылысын Пекиннен арнайы алдырған құрылысшы-инженер Хон Пик жүргізген. Алатау қарағайларынан қиылып салынған сол мешітке бір шеге қағылмаған. 68 баған ағашы бар. Ағаштардың бояуы да ерекше сақталған. Егер сол мешіттің бір ағашын қозғасаңыз, мешіт құлап қалуы мүмкін. Осы мешітте жөндеу, жаңарту жұмыстарын жүргіздік. Бір кездері жарғанаттар ұя салып, ағашын шіріте бастаған екен. Қазір мешітті түгел тормен қоршап, жарғанаттардан қорғап отырмыз. Бұл да біздің ерекше мәдени нысанымыз.

«Қазқайтажаңарту» – осындай тарихи мұралардың шырақшысы. Тарих дегеніміз өткен күн ғана емес қой. Ол – болашақ. Біздің міндет – оларды сақтап, келешек ұрпаққа аманаттау. Осы іске жан-тәнімен беріліп, ақылы мен қайратын, ойы мен еңбегін сарп етіп жүрген барша ұжым қызметкерлерін елу жылдық мерейтоймен құттықтаймын. Ұлт игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тілеймін!

– Істеріңіз ілгері баса берсін. Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 

Әсел САРҚЫТ
"Ана тілі" газеті

2261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз