Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 20 Сәуір, 2022

Ұзақ өмір сүру үшін не істеу керек?

Жастықты сақтаудың, ұзақ өмір сүрудің "формуласы” жоқ. Бірақ жас қалпыңды ұзартудың, денсаулықты нығайтудың жолдары бар. Ұзақ өмір сүруге не көмектеседі? Қандай дағды қалыптастырып, неден сақтанған жөн? 

Ұзақ өмір сүретін кімдер? 

Ең алдымен ойымызға тегіне қатысты деген ой келеді. Аталары ұзақ жасағандар - ұзақ өмір сүреді. Жаратқанның сыйы дейміз. 

Мамандар болса қартайса да өң бермеудің, сымбатты қалыпты сақтаудың расында генге қатысы болғанымен, бұл еңбектің, тер төгудің жемісі дейді. 

Дәрігерлердің пікірінше, салауатты өмір салтын сақтап, спортпен жүйелі айналысу,  дұрыс тамақтанумен бірге жақсы әдет, дұрыс дағды қалыптастырғандар бақытты әрі ұзақ ғұмыр кешеді. 

Ұзақ өмір сүру құпиясын зерделеу барысында біз ресейлік дәрігер, нутрициолог Ирина Юзуп пен тарих ғылымдарының докторы Александр Оришев ұсынған мына бес кеңесті кездестірдік. 

1. Көп қозғалу

Өмір - қозғалыс. Жұмысына жаяу баратындар ұзақ өмір сүреді. Ілбіп басып, еңсесін көтере алмай жүретіндер емес, күш-қуатын дұрыс жұмсап, сергек адымдап жүретіндердің қозғалысы нәтижелі болады. Зерттеу нәтижелері күніне 12 минут жаяу жүріп, қимылдаған адамның өмірі ұзарып, жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығу жағдайы 29 пайызға төмендейтінін көрсетеді. Бірақ бұл күнделікті жүйелі жаттыққанда ғана қол жететін нәтиже. 

2. Режим сақтау

Қимыл-қозғалыс пен демалысты үйлестіргенде, ұйқыны реттегенде адамның миы жақсы жұмыс істей бастайды. Белгілі бір уақытта  ұйқыға жатып, белгілі уақытта тұруды дағдыға айналдыру керек. Мәселен, түнгі 22:00-де жатып, таңғы 6:00-де тұру ең дұрыс режим. 

3. Хобби табу

Балық аулау, кесте тоқу, тіл үйрену немесе  аспапта ойнап үйрену, би , йогамен айналысу сынды әрекеттер адамды өмірге құлшындыра түседі. Зейнеткерлікке шыққан адам бірден өзіне ұнайтын іспен шұғылданса, күйзеліске түсіп, іштей торығу сезімдерін айналып өтеді. Керісінше өмірге құштарланып, көңілі көтеріледі. Жады жаңарады. Тәні қуаттанады. 

4. Дос-жарандармен араласу

Жақын адамдармен бірге уақыт өткізу тек адамның көңілін көтеріп қана қоймайды, пайдалы әсерін тигізеді. Адам тілеулес адамдарынан қуат алып, ұжымдық ортада белсенділігі оянады. Ғалымдардың пікірінше, ағзада ауру-сырқауға қарсы тұратын күш пайда болады. 

5. Дұрыс тамақтану

Ең пайдалы тағамдардың бірі - балық және жемістер. Сонымен қатар өздеріңіз туып-өскен жерде қандай жеміс-жидек, көкөніс немесе басқа азық көп тұтынасыздар, сол тағамдарға баса назар аудару керек. Мысалы, алма көп өсетін жерде күніге 1 алма жеу ағзаға өте пайдалы. Адам жақсы көретін асын ішкенде көңілінің қошы да жақсы болады. Сондықтан ас мәзіріне баса көңіл аудару керек деп санайды мамандар. Қант пен тұзды барынша шектеген дұрыс. 

Бұл бес дағдыға қоса, қауіпсіздікке көңіл бөлуді ұмытпаған жөн. Өмірде көлік апаты немесе құрылыс, кен орындарында  қауіпсіздік шараларына мән бермеу салдарынан келеңсіз жағдайлар болып жатады. Тіпті қазіргі күні көлік тізгінінде отырып, телефонға үңілу жол апатына ұрындыру оқиғалары да кездеседі. Сондықтан қауіпсіздік шараларын жадыдан шығармаған абзал. 

Сөз басында айтып өткеніміздей, ұзақ өмір сүрудің қатып қалған қағидасы жоқ. Әр адам жеке тұлға. Әр адам қимыл-қозғалыста, ас ішуде болсын өзіне ыңғайлы, ағзасына жағымдысын таңдап, талғап қолданғаны жөн. Осы жерде бір ғана мысал келтіре кетсек, тұзды шектеп қолдану дегенде мүлде тұз қолданбау керек деп ұғыну қате. Ағзаға тұз да қажет. Бастысы, мөлшерден асырмай қолдану. 

Адамның кез келген қалауы, кез келген іс-қимылы мөлшерден аспаса, өмірі де мәнге толы әрі ұзақ болары сөзсіз. 
 

Фото ашық дереккөзден алынды

2725 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз