Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 25 Сәуір, 2022

Дала  сырын  геология  сахнасына  айналдырған  асыл  жандар

Еңбек  адамы

Әр заманда, әр кезеңде халқына қадірлі, айналасына абыройлы адамдар болады. Біреу басындағы бақ- дәулетімен, біреу қолындағы билік-мансабымен, енді біреулер бойына біткен өнер- дарынымен атақ-даңққа бөленеді. Әйтсе де, олардың барлығына бірдей ортақ, барлығына бірдей қажетті тағы бір қасиет бар. Ол – адамгершілік мұраты. Егер ізгілік адамгершілікпен сүйініштелмесе, жоғарыдағы ұғымның бәрі бос сөз. Ал жақсы адамнан қандай заманда да, қай жағдайда да ұлылық парасаты менмұндалап тұрады. Сондай асыл текті ерлі-зайыпты  геологтардың   бірі – Кәрім  Тұрлыбеков пен  Рахима Қайыпқызы.  

Кәрім  Тұрлыбеков – кәсіби  геолог.  Небәрі  23  жасында   Бүкілодақтық геология  саласының  лауреаты атанған  қайсар  тұлға.  Құзылқұм,  Бетпақдала  массивін  зерттеуші.  Ал  Рахима  Қайыпқызы – қазақ қыздарының арасынан алғашқылардың бірі болып, жарының ізіне еріп, дала кезіп, геолог атанып кеткен  өмір тәжірибесі мол  маман.  Олар  ерекше  жаратылған  жандар. Дала  сырын   геология  сахнасына  айналдырған  жандар  бар  бақытын  осы  даладан тапқан.

Қазақ   жерін геологиялық  тұрғыдан  зерттеу  ісін  және оның  кен байлығын  игеруде    оның  стратегиялық  бағытын айқындауда  олардың еңбегі  зор.   Пайдалы  қазбаларға  бай Қызылқұм мен  қарт  Қаратаудың,  Бетбақдаланың  байлығын игеруде  аянбай еңбек етті.  Кәрім  Тұрлыбекұлы  осы  өлкеде  геологиялық  мектептің  қалыптасуына өзіндік еңбек сіңірді.  Әйтсе де, металл, мұнай, көмір және басқа  кен  орындарын   анықтап, оларды игеруге  алғышарт  жасау  мақсаты өткір тұрды.  Бұл тұрғыдан  алғанда  қазақ даласы  кеңестік  геологияға  бұрын  аз зерттелген  шетсіз-шексіз  зерттеу  алаңына  айналды.  Осы салаға сол тұстары  өз мамандығына  құрметі  зор жастар  келуге  құштарлық  танытты.  Солардың  күшімен  қазақ  даласының  геологиялық  картасы  жасалынды.  Осыған  кезеңде  жергілікті  халықтан  геолог  мамандар  даярлау  ісін  қолға  алынды.   Осы мақсатта  Ташкенттің,  Мәскеудің, Томскінің жоғары  оқу  орындары  қазақ  жастарынан  алғашқы  буын  инженер-геологтарын  даярлап  шығарды.  Оқу  орындарын  тамамдаған  маман геологтар  жергілікті   кен  орындарын  тауып, оларды  игеру   ісін жеңілдетуге сенім  туғызды.  Солардың  қатарында  Кәрім  Тұрлыбеков  те  болды.  Қазақстан  геологтарының жүргізген  белсенді  геологиялық  зерттеу  жұмыстарының  нәтижесінде  Қазақстан  көпсалалы   ауыр  өнеркәсіптің  негізгі  шикізат  көзінің  біріне  айналды.

Еліміз –  пайдалы  қазбалардың  көптігі  мен  қоры  бойынша  айрықша  өңір.  Кезінде  еліміз   мыс  қорлары  бойынша  КСРО-да  бірінші,  әлемде   алдыңғы  орындардың  бірінде  тұрды.   Ол – Қазақстанның  брендіне  айналды. Онда  Қазақстан  геологтарының  маңдай  тері  бар.

Геологиялық  зерттеу  жұмыстарында  ерекше із  қалдырған Кәрім  Тұрлыбеков –  «Қазақтар – кен  орнының  білгірі»,  «қазақ  даласының  әр  қыраты – байлыққа  толы», «Қызылқұм –  пайдалы  қазбалар  қоры»  деп  мақтанышпен  айтудан  жалықпады. Ол  Қызылқұмның геологиялық   тектоникасын,  геологиялық   құрылымын,  өңірдің  географиялық  панорамасын   зерттеуде   бар  білімін  жұмсаудан  қайтпады. 

Геологиялық   жаңару  кезеңінде 1960-1980 жылдары    геолог-ғалымдардың  көпшілігі  терең  білімді,  мәдени  дүниетанымы  бай,  өнерден  хабары  бар  жандар  болған.  Инженер-техник  мамандарға   тән кәсіби  мәдениеттің  міндетті  атрибуттары   көркем  әдебиетті  де  жақсы  меңгеру болып есептелді.   Сондықтан  мамандардың  бірегейлігінде   кәсіби  құндылықтар  жетекші  орын  алды.  Бұл  үрдіс  барлық   тау-кен  өндіру  және  тау-кен  металлургия  кәсіпорындары  саласы  мамандарына  тән  қасиеттер  болды.

 Кәрім  Тұрлыбекұлы  –  геологиялық  өмір  тарихында  жалғыз  болмады.  Ол  қайда жүрсе де,    жанында  өмірлік  серігі  жүрді. Бар  өмірін    геология  саласына  арнаған  асыл  ер  бүгінде   өмірде  жоқ. Ол  – өзінің  кәсіби  мамандығына  адалдық  танытып, өмірден  өтті.   Ендігі  әңгіме   Кәрім  ағамыздың  асыл  жары    Рахима  Қайықызы   апамыз  туралы. 

–Біздің  өткен өмір жолдарымыз   романтикаға толы болды.   Ұлы данышпан Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Адамның өмірдегі мүраты бақыттың шыңына шығу, адам бақыттың не екенін біліп, өз мақсатына жетуге талпынуы керек. Сонда ғана ол бақытқа жету жолында не істеу керек екенін біледі», - деген екен. Біз ағаң Кәрім Тұрлыбекұлы екеуіміз өмір ағысындағы талай қиын сынақтан сүрінбей, шыныға түсіп, халық үшін аянбай қатар тұрып тер төктік. Дала табиғатында берік шындалып, өз адамгершілігімізді жоғалтпай, ел үшін таза ғұмыр кештік. Басымыздан өткен қиындықтарды жеңіп, үмітімізді өшірмей, арманымызды жүзеге асырдық. Ең бастысы – біз табиғатпен бетпе-бет келіп, адам жағалаудағы құмның бір түйіршігі ғана, ал ғалам шексіз екеніне көзімізді жеткіздік.

–Мен  1940 жылы 16 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында дүниеге келдім. Мектепте белгілі ғалым,  академик Мекемтас Мырзахметовтен сабақ алдық. Оқып жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстым. 1957 жылы мектеп бітірер жылы мақта теріміне белсене қатысқаным үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталдым.  Қазақстан  тарихында ол  мектеп  оқушысының   еліміздің  ең  жоғары  марапатымен  награтталған  тұңғыш  оқиға  болатын. Оны сол тұстағы Жоғарғы Кеңес төрағасы Жұмабек Тәшеновтің қолынан алу бақытына ие болдым. Ол туралы 1957 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінде суретіммен мақала да басылды. Мерекелік бір дастарханда Жұмабек ағайға өз қолыммен шәй да құйып бергенім бар.

1958 жылы 18 жасымда Өзбекстанда өткен қатын-қыздар съезіне делегат болып сайландым. Оған белгілі қазақ қыздары Әтина Жәкетова, Мариям Бейсебаевалар қатысты. Біз Өзбекстанда бір апта болдық. Сапар барысында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Хамрақұл Тұрсынқұловтың колхозында болып, шаруашылығымен таныстық. Жалпы, өмір жолым   мағыналы болды.

Кәрім Тұрлыбекұлы  –  Жамбыл облысы, Байқадам ауданының азаматы болатын. Ташкент политехникалық институтының Геофизика факультетін үздік бітірген ол өмірінің соңына дейін геолог болып қызмет етті. Мамандығы бойынша пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі қатардағы геолог болып бастап, геологиялық бақылау экспедиясының басшысы болып өмірінің соңына дейін ширек ғасырдан астам қызмет етті. Қазақстанда біз бармаған жер қалмады десе де болады. Бетпақдалада, Қызылқұм шөлейтінде қиын жағдайда жұмыс істегенімізді әлі ұмытар емеспін.

–Рахима  Қайыпқызы,   Кәрім ағамыз қандай адам еді? 

–Кәрекеңнің алғыр қабілеті, сезімталдығы, басқару ісінің тетігін меңгеруі, қай жұмыстың болсын алдын-ала жұмыстың  бағытын танып, оны болжай білуі мемлекеттік масштабта ойлауы, әр түрлі сала мамандары мен басшыларын тыңдап, олардың ойының түйінін тауып, түсіне білуі және үлкен істерге жұмылдыра білуі оны ылғи табыс биігіне жетелей түсті.

Ол азаматтығы мен ар-намысын ту етіп көтеріп, әділет пен адалдық жолынан айнымаған, адамгершілік қасиеттерін жоғары ұстап, бүкіл ғұмырын, еңбекке деген құштарлығын, күш-жігерін елге қызмет етуге бағыттаған аға ұрпақтың белсенді өкілдерінің бірі болды. Адамның қуанышына қуана білетін, қиындығына қолдау көрсете білетін азамат еді. Ол ойы мен бойын ұлтты сүюге, оған қызмет етуге саналы түрде бағыттай білді. Адамның жаны қалаған жұмыстың, яғни қызметі оның жүрегіне ем деп жатады ғой. Ол еңбектен шын мәніңде ләззат алған адам еді. Жемісті еңбегі мен ұйымдастырушылық таланты бағаланып, талай мемлекеттік марапаттарға ие болды. Асыл ер 2011 жылы дүние салды.

Дала кезіп, кен іздеу қыз баланың қолы емес. Бұл істе сізді не қызықтырды, қолдаушыларыңыз болды ма?

– Халықта жақсы ұрпақ «топырақ гүлі» сияқты, жер таңдамайды, тамыры ілінген жердің көркін кіргізіп, көзді қуантады, көңілді жұбатады»- деген ұғым бар. Осы сөз тіркесі белгілі жазушы Б.Пастернак «Талантты адамдар қуғында жүргендей жұмыс істеуі керек, ол өзіне берілген талантқа қарыздар» деген екен. Осыны түсінген жандар қай нәрсенің мазмұнын жете түсініп, ұршығының санағын толтырғанша, мазасыз күй кешетіні анық.

Иә, біз үлгі тұтқан, бізге жанашыр болған қайраткер азамат болды. Ол – сол тұстағы геологияның атасы Шахмардан Есенов болатын. Сол кісінің арқасында біз кәсіби геолог болып қалыптастық. Оның тікелей араласуының нәтижесінде геологтар пайдалы қазбалар орнын анықтап, шикізаттың зертханалық сапасы тексерілетін. Мен де осы іске тартылдым.

Сіздің мамандығыңыз геолог емес қой?…

–Иә, менің мамандығым мұғалімдік. Шымкент педагогикалық институтының тіл мамандығы бойынша бітіріп шыққанмын. Үш жылдай мектепте қызмет еттім. 1961 жылы отбасын құруыма байланысты тұрмысым да, мамандығым да өзгерді. Елсіз жерде қандай бала оқытасың, содан мамандығымды өзгерттім. Мені 2-разрядты геолог етіп жұмысқа   қабылдады. Содан аяқ астынан геолог болып шықтым. 1991 жылы 50 жасымда геологиядан еңбек демалысына шықтым. Кезінде данышпан Мұхтар Әуезов «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар, бірі – тіршілік қамы, екіншісі – адамшылықтың қамы» десе, осы адамшылықтың қамын үстаған күйі ұрпақ көбейіп келе жатқанына қуанамын.

Рахима апай, геологтар арасында сырт адамсыз, ал сырт адам байқағыш келеді. Қазба байлықтар қалпына келмейді, ол жаңармайды. Ал бүгінгі Қазақстан қазба байлықтарынсыз, оны игерусіз күн көруіне бола ма?

–Ой, шырағым-ай, қиын сұрақ қойдың ғой. Иә, қазба байлықтар қалпына келмейді, ол өспейді. Бірақ әр аймақтың өз қазба байлықтары көп, бірақ ол шексіз емес. Соны енді тиімді пайдаланудың жолдарын карастыру керек. Оларды енді шикізаттық емес, өндіріске   пайдаланатындай   етіп   зауыттар салу керек.

Қазақстан геологтары еліміздің экономикасында басты рөл атқаратын өндіруші саланың берік минерал- шикізат базасын жасауда атқарған еңбегі ұшан-теңіз екені белгілі. Олар жетекші жағдайға ие. Пайдалы қазбалардың барланған қоры базасында ондаған мұнай-газ өндіретін кен-руда кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардан 70-тен астам әртүрлі минерал шикізат өндіреді. Елімізде түрлі құрылыс материалдарының тас, цемент, керамзит, гипс, ангидриттің орасаң зор қоры бар. Бүгінгідей құрылыс қарқыны қолға алынып отырғанда осы мәселеге айрықша мән беру керек.

Міне, бізге осы әңгіме керек еді. Айтпақшы, апай, адамшылықтың қамы демекші, еңбек демалысына шығып, шалқып бір жатпапсыз. Алматы қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет етіпсіз?

–Ұзақты күн даланың қызметін атқарған жанның қаланың да тіршілігіне араласкысы келіп тұрады екен. Аз-кем үзілістен соң, Алматы қоғамдық тамақтандыру мекемесіне қызметке тұрдым. Бұл бір қызығы таусылмайтын өмір екен. Мен көбінесе көпшілік, әсіресе, зиялы қауым өкілдері жиі бас сұғатын «Есік» мейрамханасына қызметке алыңдым. Күн сайын мүнда атақты ақын-жазушылар жиі бас сүғып түратын. Күңделікті келген адамдармен жүз таныс болып, туысыңа айналатыны анық. Оның үстіне, кейбір аңсарың ауған заттың қат болып қалатын кездері де болады. Сол қат заттар мені ақын- жазушылармен туыстай етіп жіберді. Қазір есімде, олардың арасында маған ең жақындары Тұтқабай Иманбеков, Шона Смаханұлы, Ғафу Қайырбеков, Олжас Сүлейменов, Геннадий Толмачевтар болатын.

Байқап отырмыз, «Алматы ақшамы» газетін жинап қойыпсыз…

– Ол енді ағаңнан қалған тәртіп.  Қалада тұрып, қалада болып жатқан жаңалықтарды білмеу көрсоқырлық қой. Біз «Алматы ақшамы» газетінің 30 жылдан бергі оқырманымыз. Оны әлдекімге сенім артып емес, өз қаржымызға жазыламыз. Алғаш газет шыққанда ағаларың оны екі-үш күн тойлаған. Ол тек газет оқырманы ғана емес, оны насихаттаушы да еді. Әдебиетке жүйрік еді. Далалық жұмыстан қолы босаса, қолына әдеби шығармаларды алатын. Онымен жүздесе қалсаңыз, тіл тағдыры, ел тағдыры, ұрпақ келешегі жайлы әңгімеге қарық болып қаласыз. Геология ортасында бұрындары қазақша сөйлесең, қасқыр көргендей одырая үркіп қарайтын. Осындай ортада оған қазақы сипат беру де оған оңай болмағаны анық. Ол осы жолда істің ығын біле білді.

Бүгінгі таңда сізді не ойландырады?

–Сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ұлт мұраты туралы санаға салмақ салатын салиқалы пікірім өмірдің өзінен алынған мысалдар. Бұл – бағзы замандағы «Мақта қыздың» ертегісі сияқты бір-бірімен сабақтасып жатқан өзектес дүние. Соңғы жылдары елімізде жаңадан шаңырақ көтерген отбасылардың әрбір үшіншісі ажырасуда екен. Бұл келеңсіз көріністің астарында біз сөз етіп отырған әкелер институтының әлсіреуі мен тәрбиенің әлсіздігінде жатыр. Бүгінгі қоғамға керегі - әке беделі. Рухани байлық екінші орынға ығыстырылып, көп адамның көкірегінде материалдық игілікке деген құштарлық пайда болғалы мал таппайтын әкелердің мәртебесіне кінәрат түсті. Бұл отбасындағы баланың боркемік болып өсуіне, өмірге дайын болмауына әкеліп соқтыруда. Бірнеше күміс тұлымды ұл мен алтын бұрымды ұрпақ тәрбиелеп отырған    мені   осы мәселе қатты ойландырады.

Әңгімеңізге  рахмет!

Әңгімелескен Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

2113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз