Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 28 Сәуір, 2022

Ғайнижамал ӘБІЛДИНА: КАМАЛТАНУҒА ТҮРЕН ТҮСТІ

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-публицист, қазақтың біртуар ­азаматы Камал Смайыловтың туғанына 90 жыл. Жыл бойы мерейтой аясында түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған. 
Осы ретте Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы  «Экран өнері режиссурасы» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ғайнижамал Әбілдинамен тілдесіп, мерейтой аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрадық.

– Биыл қазақ киносын әлемге танымал еткен ­Камал Смайыловтың 90 жылдығы. Өнер академиясында осы мерейтойға байланысты қандай іс-шаралар іске асырылып жатыр?

– Иә, биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Камал Сейтжанұлы Смайылов­­тың туғанына – 90 жыл. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында бірнеше іс-шара қолға алынды. Ең алдымен, ол кісінің өзі жазып қалдырған екі оқу басылымы – «Қазақ киносының тарихы» және «Фильм осылай туады» кітаптары қайтадан екінші басылыммен шықты. 21 сәуір күні «Заманауи сатыдағы кинематограф пен телевидение. Ұлттық және жаһандану контексіндегі өзгерістер: бағыттандыру мәселелері, перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан  Омаров арнайы қатысып, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ конференция жұмысына Қазақстанның Еңбек Ерлері, академик Төрегелді Шарманов пен ақын Олжас Сүлейменов, белгілі журналист, публицист Бигелді Ғабдуллин сынды көптеген журналистика мен кино қайраткерлері қатысты. Конференция қонақтары ішінде Ресейден, Қырғызстаннан, Түркиядан белгілі ғалымдар мен киносыншылар болды. Камал Смайылов атындағы Кинозал ашу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, режиссерлар Болат Шәріп пен Сергей Әзімовке бұйырды.

– Сол кісінің бастамасымен 1997 жылы осы оқу орнында Телевизия кафедрасы ашылған еді. Қазір кафедра ұжымы  Камал Смайылов салып берген сара жолды қалай жалғастырып келеді?

– Камал аға оқытушылық қызметін 1997 жылы бастады. Ең алғаш «Автор-комментатор» курсын алды. Ал «Телевизия» кафедрасы 2000 жылы ашылды. Сол кафедраның ашылуына байланысты факультет «Кино және ТВ» деп аталды. Камал ағаның өмірі мен шығармашылық жолы жөнінде бірнеше диплом жұмысы түсірілді. Магистрлік жұмыс жазылды. Өзім жақында осы 90 жылдығы аясында «Камал Смайыловтың тұлғалық сипаты және оның шығармашылығындағы сана ашықтығы» атты монография шығардым. Бірнеше шәкірті Қазақстанның ақпарат кеңістігінде жемісті еңбек етіп жатыр.

– Камал Сейітжанұлының кино мен телевизия ­саласы жайлы очерктері, мақалалары мен кітаптары бір төбе. Қазіргі оқу жүйесінде осы еңбектер қаншалықты қолданылып келеді? Ол кісінің ізін басушы шәкірттер бар ма?

– Иә, кино және телевизия туралы жазылған дүниелері сөзсіз, қолданыста. Жоғарыда айтқан оқу құралдары да студенттердің, магистранттардың әрі докторанттардың ғылыми ізденістеріне көмекші құрал екені сөзсіз. Ұстаздық қызметте жүргені де бар. Гүлжан Әбітаева магистратураны бітіріп, бізбен бірге педагог болып жүр.

– Камал Смайыловтың мерейтойына арналған шаралар жыл бойы жалғаспақ. Кинематографтар мен режиссерлардың арасында  «Жастық жігер» байқауы жарияланды. Сондай-ақ күзде үлкен форум өтеді екен. Бұл форумнан не күтесіз?

– Иә, мерейтой жыл бойына жалғасады. «Qazaqstan» телерадио корпорациясы ұйымдас­тыруымен «Жалын» жас журналистердің респуб­ликалық конкурсы мамыр айында өтеді. Сондай-ақ күзде өтетін «Жастық жігер» жас киногерлердің кинофестивалін Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» орталығымен бірлесе ұйымдастырып отырмыз. Жыл сайынғы өтетін «Бастау» халықаралық кино-фестивалі аясында бір күнді Камал Смайылов құрметіне арнамақпыз. Барлық іс-шараларды ұйымдастырудағы мақсатымыз – бүгінгі жас ұрпаққа Камал ағаның рухани бай дүниесін таныстыру.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

1377 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз