Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 02 Мамыр, 2022

Құрылыс саласында баға неге қымбат?

Елімізде құрылыс материалдарын өндіру көлемі жылдан жылға артып келеді. Бірақ олардың бағасы бәрібір қымбат. Неге? Осы сұрақты Forbes.kz сайты сала мамандары мен сарапшыларға жолдаған екен. Өз шолуымызда солардың жауаптарына кеңірек тоқталмақпыз.

Ең алдымен, статистикалық мәліметтерге ден қойсақ. Мәсе­лен, биылғы жылдың наурызында елімізде жаңадан салынған тұрғын үй құны ақпан айымен салыстырғанда бірден 5,5 пайызға қымбаттаған. Ал 2021 жылдың нау­рызына қарағанда 20,3 пайызға өскен. Бүгінде тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 408,95 мың теңге төңірегінде.

Екінші деңгейдегі нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасы бір айда 4,6 пайызға, бір жылда 27,7 пайызға өскен. Мұндағы шаршы метрдің орташа құны 451,3 мың теңге шамасында. Сарапшылардың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығын­дағы бағаның өсуіне теңгенің күрт құлдырауы және құрылыс материалдарының қымбаттауы қатты әсер еткен.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің деректеріне қарағанда, Қазақ­стандағы құрылыс материал­дарының 57 пайызын отандық кәсіпорындар өндіреді, 43 пайызы сырттан әкелінеді екен. Ел үкіметі импортталатын құрылыс материалдарының үлесін 60 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскен­баевтың мәліметінше, былтыр елімізде құрылыс материалдарын өндіру 9,8 пайызға артқан. «Қазақстандық өнім өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент сияқты құрылыс материалдарына деген қажеттілігін толық көлемде жаба алады. Барлық жерде ғимараттарды салу және жөндеу кезінде тек қазақстандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары пайдаланылады», – деді таяуда министр БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында.

Ал, өз кезегінде, Қазақ­стан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев бұл дерекпен келіспейтінін айтады. «Қазақстан құрылыс мате­риалдарының шамамен 60 пайызын шетелден алады. Біз цементті, кірпішті, пластик терезені, арматураны өзіміз өндіргенімізбен, ол отандық нарықтың қажетті­лігі үшін бәрібір жеткіліксіз. Сондықтан көбін шетелден алуға тура келеді. Айталық, арматураны, темірбетонды өзіміз өндіреміз. Бірақ ол аздық етіп, көп бөлігін сырттан алдырамыз. Мысалы, бетон түрлі қоспадан тұрады. Ал ол қоспалар Германиядан, Скандинав елдерінен жеткізіледі. Біз кірпіш те шыға­рамыз, бірақ ішкі нарық үшін отандық өндірушілер шығаратын бұл өнім көлемі әлі де жеткіліксіз. Оның орнын толтыру үшін тағы да шетелден алдыртамыз. Яғни елімізде өндірілетін өнімдердің шикізаты шет елдерден әкелінеді, сол себепті олардың құны валюта бағамына орай ауытқи береді», – дейді Құрылысшылар одағының төрағасы.

Ашық көздердегі ресми мә­ліметтерге жүгінсек, елімізде өндірілетін негізгі тауарлардың арасында бағасы бір айда шамамен 4 пайызға дейін, бір жылда 32,9 пайызға дейін өскен құрылыс материалдары бар. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, бір айда ерітінділер және қатырма қоспалары 3,6 пайызға, қабырға блоктары 2,6 пайызға, қара металдан жасалған конструкциялар 2,4 пайызға қымбаттаған. Ал бір жылдың ішінде барынша қымбаттаған тауарлар келесідей: қара металдан жасалған конструкциялар (3,2%), темірбетон шпалдар (31,6%), силикат және қож кірпіштер (27,6%), ерітінділер және қатырма қоспалары (16,6%), қабырға блоктары (15,3%). 

Ал тұрғын үйді жөндеуге қажет материалдардың ішінде құрғақ қоспалардың бөлшек саудадағы құны бір айда 8,8 пайызға, бір жылда 17,8 пайызға қымбаттаған. Цементтің бағасы бір айда – 3,9 пайызға, бір жылда 16,2 пайызға өскен.

Талғат Ерғалиев құрылыс мате­риалдарының қымбаттауы салдарынан «кей қалаларда құрылыс атаулы тоқтап жатыр, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғызылып жатқан нысандар да бар», дегенді айтады. Құрылысты жалғас­тыру үшін «жоба-смета құжаты қайта қаралуы керек» деген ол, «құрылыс материалдары бағасының өсуі жылжымайтын мүліктің қымбаттауына тікелей әсер етіп отыр», деп те ес­кертеді.

«Кез келген құрылыс объектісі құнының 50-60 пайызын құрылыс материалдары құрайды. 20 пайызға жуығын құрылысшылардың жала­қысы, қалған бөлігіне механизм, үстемеақы және басқа да шығындар кіреді. Тұрғын үй нарығындағы баға­ның өзгеруіне құрылыс материал­дарының әсері орасан зор. Құрылыс материалдарының бағасы өссе, соған сай құрылысшылардың жалақысы да өседі. Өйткені, сондай ереже бар. Объектінің сметасы материалдың өзіндік құнымен тікелей байланыс­ты етіп жасалады. Демек, адам өмірі қымбаттайды, азық-түліктің, әртүрлі қызметтердің бағасы өзгереді. Соңында тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы өседі», – дейді Талғат Ерғалиев.

Қазақстан нарығында тұрғын үйдің қымбаттауына «мемлекеттік бағдарламалар мен зейнетақы жинағы әсер етті», деп мәлімдеген болатын кейбір сарапшылар. Бірақ Талғат Ерғалиевтің пікірінше, мұндай болжам – қате. «Жылжымайтын мүлік нарығындағы баға 2020 жылдың көктемі мен жазында едәуір өсті. Ал қазір ол тоқсан сайын, ай сайын қымбаттап барады. Ресми статистика – баға тек 5–6% өсті деп отыр, ресми емес көрсеткіштер айтарлықтай жоғары. Қазір кей сарапшылар тұрғын үй бағасының өсуіне зейнетақы жинағының жұмсалуы әсер етті деп жүр, бұл жаңсақ пікір. Зейнетақы қаражаты шаршы метрдің құнын емес, мәмілелер санын ғана көбейтті. Сарапшылардың біразы зейнетақы жинағын қолдану тұрақталғасын, тұрғын үй нарығындағы баға да төмендеп, қалыпқа келеді деп болжады. Бірақ олай болмай шықты», – дейді ол.

Айта кетейік, Қазақстанға құры­лыс материалдарының көп бөлігі Ресейден, Түркиядан, Қытайдан, Скандинав елдерінен, Германиядан, Польшадан, Ираннан жеткізіледі. «Ресей экономикасына қойылған санкциялардың әсерінен тауар тасымалы бойынша түйткілді мәселелер туындап жатыр, көлік жолдары бұзылуда. Сондықтан кей елмен жаңа келісімшарт жасалуда. Бұл да өнім тасымалдау құнына, шаршы метрдің бағасына әсер етпей қоймайды», – дейді құрылыс саласының сарапшысы.

Қазақстандық кәсіпорындардың құрылыс материалдарын өндіруге толық мүмкіндігі бар деп санайды ол. «Бұл бір айда немесе бір жылда шешіле салатын мәселе емес. Бірақ бірте-бірте іске асыруға болады. Ішкі нарықты 100% қамту үшін үкімет тарапынан отандық тауарларды дамыту бағдарламасы қажет. Қазақстан­ның Даму банкі қаржыландыр­ған бірнеше ірі жобаның көбі қазір жұмыс істемейді. Кішігірім цех, кәсіпорындарды қолдайтын бағдарлама бойынша шетелдік тәжірибені мысалға алуға болады. Скандинав елдерінде кәсіпорын ашсаң, мемлекет қызметкерлердің жалақысын, салығын, жалға алу ақысын, коммуналдық төлемдерді төлеп береді. Сіз, яғни өндіруші, нәтижесінде нарықты сапалы тауармен қамтып, өндірісті, технологияны дамытуыңыз керек. Қытайда мемлекет жер береді, зауыт немесе цех салуға көмектеседі. Ал кәсіпкердің мін­­деті – технологияны құрастыру. Тіпті мем­лекет технологияға да көмектесуі мүмкін. Кәсіпкердің міндеті – жұмысты өнімді етіп ұйымдастырып, нарықты тауармен қамту. Осындай әдістер арқылы көптеген елдер ілгері дамуда, ал біз ескі жүйенің кесірінен өркениеттің соңында қалып қойдық», – дейді Т.Ерғалиев.

Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрінің айтуынша, ішкі нарықты сұранысқа ие құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету үшін – импортты алмастыратын жалпы сомасы 601 млрд теңге болатын 35 жобаны іске асыру көзделген. Жаңа жобалар 2025 жылы құрылыс материалдарының 10 түрі бойынша қажеттілікті өтеуі тиіс. «Темірбетон бұйымдары, бетон, құрғақ қоспалар, лак-бояу бұйымдары, кірпіш, шыны, кабельдер сияқты құрылыс материалдары бойынша ішкі нарықты 100% жабу жоспарланған», – деді Қайырбек Өскенбаев  журналистермен кездесуде.

Дегенмен, құрылыс саласының ардагері, «Бәйтерек» астана құры­лысшылары одағының президенті Жамбыл Мелдебай Қазақстандағы құрылыс саласына түбегейлі реформа керек дегенді алға тартады. Маманның айтуынша, Қазақстанның құрылыс саласын жемқорлық жаулап алған. «Қазір барлық салада құрылыс бар, бірақ оларды ешкім тексермейді, елде құрылыспен айналысатын арнайы орган жоқ. Он бес жылдай болды, осы мәселені көтеріп, барлық деңгейде айтып келемін. Бірақ құлақ асатын ешім жоқ. Менің ұсынысым: құрылыс саласымен жүйелі негізде айналысатын министрлік болуы тиіс. Ең алдымен, біз кез-келген саладағы құрылыспен айналысатын органдарды жемқорлықтан тазартуымыз керек. Осыдан 5-6 жыл бұрын астанадағы көпке танымал бір ғимаратты тексеруге барып, ондағы кемшін тұстарын тізбектей бастағанымызда жоғарыдан тапсырма келіп, қайтарып жіберді», – дейді Ж.Мелдебай.

Құрылысшының айтуынша, елімізде құрылыс материалдарының зауытын не цехын ашу оңай емес, себебі монополист компаниялардың мүддесі бірінші кезекте қорғалады. «Елдегі құрылыс саласын монополиялап алған ірі компаниялар бар, оларды бәріміз жақсы білеміз. Ешкім олардың жұмысын тексермейді, маңайына да жолай алмайды. Себебі, олардың жоғарыда тірегі бар. Осының бәрін өз бақылауында ұстап, сала ішін реттеп отыратын министрлік болса, мұндай заңсыздықтар азаяр ма еді?! Құрылыс материалдары алдағы уақытта да қымбаттай береді, өйткені, валюта  тұрақсыз. Оның үстіне бақылаудың болмауынан жемқорлық дендеп, бәрі бетімен кетті. Арнайы мемлекеттік орган бекітілсе, ең болмағанда бағаны 20-30 пайызға дейін түсіруге мүмкіндік болар еді. Қазіргі құрылыс саласының жағдайына қарап, Қазақ­стан үкіметінің 30 жылда немен айналысқанын білуге болады», – дейді ол.

Сондай-ақ Ж.Мелдебай құрылыс саласында маман жетпейтінін алға тартады. Оған бірден-бір себеп – жалақының аздығы. «Құрылыс істері комитетінде кірпіштің көлемін білмейтін мамандар бар, ал жоғары оқу орындарын бітіргендердің көбі чертежді оқи алмайды. Оқу бітіргендердің көбі басқа салаға кетіп жатыр. Құрылыс саласында жүргеніме 53 жыл болды. Бұрын әр облыста екі-үш техникум болды. Сонда электрик, сылақшы, ағаш ұстасы және т.б. мамандарды оқытты. Бітірген соң олар облысқа, басқа қалаларға жұмысқа жіберілді. Қазіргі жастардың құрылысқа бармауына бірден-бір себеп – жалақының аздығы. Олардың орнын толтыру үшін шетелден жұмысшылар шақыртылады. Әдетте оларға төленетін жалақы біздікімен салыстырғанда жоғары. Жалпы елімізде бір-екі ұлттық университет қана жақсы маман дайындап жүр. Ал өңірлерде оқыған мамандардың деңгейі шикілеу. Бұл саланы түбегейлі бақылауға алмаса, мәселе әрі қарай өрши береді», – дейді құрылыс саласының ардагері.

1610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз