Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 06 Мамыр, 2022

Үй бағасының өсуі әзірге тоқтамай тұр

Бір жылдың ішінде еліміздің ірі қалаларында үйдің  бағасы әжептәуір өсті. Екінші нарықтың бағасы 28%-ға, ал жаңа үйдің бағасы 20%-ға артыпты. Бағаның айлық өсімі жаңа үйге 5,5% және екінші нарықтағы үйге 4,6% болып тұр.  

Осы цифрлардың астарына үңілсек, кейбір құрылыс компанияларының жағдайы жаман емес екенін байқауға болады. Әсіресе осы саланың ірі ойыншылары мол табыс тауып отыр. Үйдің бір шаршы метрінің құны сату бағасынан шамамен екі есе төмен екені белгілі. Құрылыс компаниялары жоғары баға белгілеп, мол пайда таба алады. Сонымен бірге құрылыс лоббиі мемлекеттің демеу жасап отыруы керек екенін жаппай айтып келеді. Құрылыс индустриясы осы саладағы ірі ше­неуніктер үшін ұзақ уақыт жіліктің майлы басы болып келгені тағы  рас (қазір де ештеңе өзгере қойған жоқ).

Дегенмен орта деңгейдегі компа­ния­ның көбі бұрын бастаған нысанын түрлі себеппен аяқтай алмай жатыр. Басым көпшілігі қаржы таба алмай тұр. Бұл мәселенің артында банктердің консерватизмі тұрған секілді.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қ.К.Тоқаев былтыр, 2021 жылдың қаңтарында тұрғын үй бағасын ұстап тұру керек деп тапсырма берген болатын. Үкімет бұл тапсырманы, өкінішке қарай, ақыры орындай алмады...

Қазақстан тұрғын үй компаниясы (КЖК) жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосады, деген ақпарат пайда болды баспасөзде. ҚЖК төр­ағасының орынбасары мәлім­дегендей, қазір несиелеу меха­низмі және оның шарттары пысықталып жатыр, содан кейін жоба бекітуге жіберіледі. Қарыз 11-12%-дан берілмек. Жылжымайтын мүлік нарығындағы бағдарламалар мен өзге де шешімдердің салдарынан баға шарықтап тұр. Осыған қарамай ипотека саласында неге жаңа бағдарлама әзірленіп жататыны түсініксіз.

Құрылыс компанияларынан кіріс алатын олигархтарға көмектесуді тоқтатып, халықтың жағдайымен айналысатын кез келді. Президенттің тұрғын үй бағасын ұстап тұру туралы бұйрығы болса да, үкіметтің қазіргі іс-әрекеті бәріне түсініксіз болып тұр.

Өткен аптада елдегі тұрғын үй секторын талдаған анализ жарияланды. Оған қарасақ, берілетін үй шаршы метрі өте көп. Бұған дейін жедел штаб отырысында 2022-2025 жылдардағы кезеңде 62 миллион шаршы метр пай­далануға беріледі, құрылыс жобаларына 100 миллиард теңге сомаға қолдау көрсетіледі, ал құрылыс компанияларына берілетін несие құны 50%-ға арзандады, делінген болатын.

Аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған «7-20-25» сияқты бағдарлама арқылы да мемлекет елдің қамын жейді. Бірақ осы бағдарламаның өзі толық жүзеге аспай жатыр. 

Соңғы мәліметке қарасақ, құрылысқа бөлінген 1 трил­лион теңгенің 534 миллиард теңгесі игерілген, ал резервте 466 миллиард теңге тұр. Ең көп қарыз Нұр-Сұлтан қаласына беріліпті (212 миллиард теңге).  Жарты жыл бұрын көрсеткіш 1,5 есе аз еді: ол кезде 376,1 миллиард теңге игерілген.

Осы жарты жыл ішінде жаңа тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы Нұр-Сұлтан қаласында 18%-ға өсіпті. Ұлттық статистика бюросының дере­гіне үңілсек, 2021 жылдың қыр­күйегінде бір шаршы метрдің орташа бағасы 346 152 болса, биылғы наурызда 408 950 теңгеге шыққан.

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қа­ласында бір шаршы метрдің бағасы 439 384 теңгеден 530 278 теңгеге дейін өскен. Естеріңізге сала кетейік, «7-20-25» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан үшін бастапқы тұрғын үйдің ең жоғары бағасы – 25 миллион теңге. 
7-20-25 бағдарламасын ұзарту жайында және Отбасы банктегі депозит­терді зейнетақы қоры көмегі­мен толықтыру туралы шешімнің жоқтығын ескерсек, үйдің бағасы жуық арада түсе қоймайды.
Пәтер бағасының өсуін қалай тежеу керек деген мәселе төңіре­гінде ұсыныстар да айтылып жатыр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков құрылыс материалдарының бағасын реттеуді ұсынады. 
– Еліміздің нарығында құрылыс материалдарының жаппай қымбат­тауы байқалады. Құрылыс материалдары құнының өсуі үйдің жаппай қымбаттауына әкеліп соқты, мемлекеттік бюджет есебінен салынатын мектеп, аурухана, басқа да нысан құрылысына шығын көбейіп жатыр. Мысалы, бір тонна арматураның құны қысқа уақыт ішінде 40%-55%-ға көтерілді, 2020 жылдың қыркүйегінде 190 000 мың теңге болса, қазір бір тонна арматураның құны 290 000 - 325 000 мың теңге шегінде.  Арматура бағасының өсуі металл бұйымдары мен мырышталған болат бағасының 40%-50%-ға көтерілуіне әкеліп соқты, бұл өз кезегінде осы шикізаттан өндірілетін материалдың, атап айтқанда, ауа өткізгіштер, мырышталған профильдер және т.б. заттардың бағасының өсуіне әкелді, – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында жасаған депутаттық сауалында. 
Ж.Ахметбековтің айтуынша, 2021 жылдың қаңтар айында М-400 маркалы цементтің бағасы тоннасына 18 500 теңге болса, қазір  тоннасы – 21 000 теңге, яғни цемент бағасы ай сайын шамамен 13,5%-ға өсіп отыр. Жуандығы 6,5 миллиметрлі А-1д арматурасының құны бір жыл, төрт айдың ішінде 62%-ға, ал сваяның құны 45%-ға өскен. 
Цемент бағасының өсуіне байланысты гипсокартонның құны 10%-ға өскен, сонымен бірге құрғақ қоспа өндірушілер де (мәселен, гипс сылағына 10%-дан 20%-ға дейін) бағаны көтеріп жатыр. 
– Құрылыс маусымының басталуы қарсаңында кей салада кадр тапшылығы бар. Тас қалаушы, сырлаушы, және т.б. жетіспейді. Өйткені мұндай жұмыстардың көбі сыртта, биіктікте істеледі, ал жалақы төмен, әлеуметтік кепілдік жоқ,  еңбек құқы сақтала бермейді. Құрылысшылар одағының ақпараты бойынша, қазір құрылыс саласы 242 000 маманға зәру,– дейді Ж.Ахметбеков.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

1494 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз