Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 09 Мамыр, 2022

Мұрат Есжан, режиссер: Қазақтың жоғын түгенде...

Қолында қаржысы барға кино бүгінгі күннің «жорға жанры» болып тұр. Көрерменге қолжетімді, өтімді өнер саласы ретінде оған сұраныс өте жоғары. Тіпті «өн бойында өнер элементтері аз» дейтін сериал күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналды. Оның үстіне сериал арзанқол саладан гөрі, бір дәуірдің немесе тарихи кезеңнің жаны мен табиғатын түсіндіре алатын бірден-бір өнер деңгейіне көтерілген. Десек те кино мен сериал қазақ киногерлері үшін «жорға жанр» болмай тұр. Өйткені жекелеген студиялар аз, болған күннің өзінде олар тек коммерциялық картиналар түсірумен айналысады. Ал тарихымыз бен тарихи тұлғалар туралы кино, сериалдарымыз әлі күнге мемлекет қаржысына тәуелді. Оның өзі алдын ала жоспарланбай, мерейтойы келіп қалған тұлғаға тележоба ретінде бөліне салады. Тележобаға бөлінер қаржы аз, уақыт тығыз, күнібұрын дайындалған сценарий жоқ... Бірақ осынша кедергілерге мойымай, сапалы туындылар ұсынып жүрген режиссерлер жоқ емес. Солардың бірі – Мұрат Есжан. 

АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы өнер академиясының магистратурасын бітіріп, киносценарист болып елге келген жас режиссердің қоржынында екі бірдей телехикая бар. «Абай жолы» және «Ахмет. Ұлт ұстазы». Алғашқысында – тек қоюшы режиссер, екіншісінде режиссерлығына қосымша сценаристігі бар. Кинодағы мансабын авторлық картинадан бастап, бүгінде әртүрлі жанрда өзін сынап жүрген режиссер «Ақ желкенге» сүбелі сұқбат берді.

– Кино – театрға, музыкаға, сурет өнеріне, әдебиетке тәуелді өнер саласы. Осы негізде кинематографияны атап өткен өнер салаларына тәуелсіз етуге бола ма? А. Тарковский осы ұстанымда жұмыс істеп, көп ізденгенін көреміз. Нәтижесі бар ма? Бүгінгі әлем авторлық киносы Тарковскийдің принципін жүзеге асыра алды ма?

– Шынымды айтсам, Тарковскийдің ондай принципінен хабарсыз екенмін. Сіз айтып отырған ойлар Робер Брессонда көп кездеседі. Мысалы, Брессон кинода, театр актерлерінің, жалпы актер атаулының ойнауына қарсы болған. Музыка кадрдан тыс емес, кадрдың өзінде болу керек деп есептеген. Бұл принциптің мақсаты – киноның өзіндік тілін (диалогта сөйленетін тіл емес, кәдімгі визуал көріністермен пайда болатын мағына) басты орынға шығару.
Өз басыма бұл идея аса қатты ұнай қоймайды. Әрине, оны ұстануда тұрған ештеңе жоқ, бірақ сол бағытқа радикалды түрде байланып, өзімен келіспегендерді сынның астына алу дегенді қабылдай алмаймын. Мысалы, актерлік ойынды былай қойғанда, мизансцена деген ұғым бар. Киноның ажырамас бөлігі. Ол бірақ театрдан келген. Барлық түсірілім алаңында суретші жұмыс істейді. Қала берді, кадрдағы композиция, түс, жарық – бәрі киноны көркемсуретпен шендестіретін нүктелер. Әдеби шығарманың желісімен түсірілген қаншама шедевр кинофильмдер тұрғанда кино өнерін әдебиеттен қалай ажыратып әкетесіз? Сондықтан мен бір нәрсені дұрыс түсінбей жүрген болмасам, киноны басқа өнер түрлерінен бөліп алам деген сөз – етті суға да салмай, майға да салмай ауада пісірем деген сөз секілді көріне береді.

– Шығармашылық жолыңыз авторлық фильм түсіруден басталыпты. Көбіміз бұл сөздің мәні мен мағынасын түсіне бермейміз. Кейде қарапайым адамға түсіндіргенде, «іш пыстыратын» фильмдер дей саласың. «Е-е» деп бірден түсінеді олар. Шынында авторлық фильмнің міндетіне іш пыстыру кіре ме? Әзілім ғой... Осы авторлық фильмді қарапайым тілмен түсіндіріп беріңізші. Оның басқа фильмдерден айырмасы не?

– Кино өндірісі жолға қойылып, ол индустрияға айнала бастаған кездерде мынадай тенденция қалыптасқан: киноның авторы да, иесі де – продюсер. Олар түсіріліп жатқан картинаға қалаған режиссерін тағайындап, ол ұнамай қалса, босатып жіберіп, басқасын қоя салатын. Өткен ғасырдың 50-жылдары бір топ француз киносыншысы, нақтысын айтқанда, Франсуа Трюффо бастап, «киноның авторы – режиссер» деген ұран көтерді. Олар өздері де шағынбюджетті фильмдер түсіруді қолға алды. Осы кезден бастап «авторлық фильм» деген ұғым пайда болды. Яғни продюсердің дайын жобасына келе салмай, идеясынан бастап өзің пісіріп, өзің түсіріп, өзің соңғы монтажына дейін қатыссаң, ол – сенің авторлық фильмің. Яғни авторлық фильмнің бәрі іш пыстырарлық деу – қате ұғым. Мысалы, Квентин Тарантиноның фильмдері де – авторлық фильмдер.  

Авторлық фильмнің иесі режиссер болған соң, ол сүрленген соқпақты бұзып, өзінше бір жол ашқысы келеді. Эксперименттер жасайды. Сәтті эксперименттер кейіннен жанрлық фильмдерде қолданылып, тұтас киноның дамуына себепкер болады. Сәтсіз эксперименттер, жоғарыда айтқандай, іш пыстыруға апарып соғуы мүмкін. 

«Іш пысу» «процесі» көп ретте көрерменнің ішкі дайындығына да байланысты. Боевик көріп жүрген баланы бірден Тарковскийге тастап жіберсеңіз, іш пысу бер жағы, ішқұса болады. Ал енді ол адам нағыз авторлармен жақсылап ауызданса, бір-бірінен аумайтын, басын көргенде соңы білініп тұратын конвейерлік комедиялар мен боевиктерге қарағысы да келмей қалар еді. Айтайын дегенім, «авторлық (фестивальдық, артхаус) фильм – алтын, коммерциялық (жанрлық, продюсерлік, мейнстрим) фильм – көмір» деген қағида жоқ. Асыл мен жасықты қай-қайсының да арасынан таба аласыз.

– Жоғарыдағы Тарковский принципіне сүйене отырып сұрағым келеді: сіздің кинодағы принципіңіз қандай? Автор ретінде не айтқыңыз келеді?

– Тармақ-тармаққа бөліп, жүйелеп қойған принциптерім жоқ. Бірақ маған не ұнамайды, не ұнайды деген сұрақтарыңа жауап таба бастаған сайын, ұнайтынға ұмтыласың, ұнамайтыннан қашасың, содан жүре келе қандай да бір ұстаным қалыптасатын шығар. Маған, мысалы, кино өнерін ұлттық танымнан бөліп алған ұнамайды. Мысалы, Фархадиды көрсең –ирандықтың, Куросаваны көрсең жапонның иісін сезесің. Біздің қазақтың киноларында қазақтың мінезі бар ма? Жақында, атын айтпай-ақ қояйын, халықаралық жарыстарда жүлде алған бір фильмді көрдім. Жаназа болып жатыр. Қайтыс болған адамның бетін ашып ортаға қойып қойып, айналасында әйелдер мәйітке бедірейіп қарап аза тұтып отыр. Режиссер айтуы мүмкін, актерлер қазақ болғанмен, мен шартты түрде жалпы адамзаттық проблеманы көтердім, өнерде шекара жоқ деп. Мысалы, мен мұндайға принципті түрде қарсымын. Адамзатты қоя тұрып, әзірге қазақтың жоғын түгендеп алу керек секілді сезіледі. Абай айтпақшы, «қазақ та адам баласы ғой», алдымен сол қазақтың призмасымен қарап, қазақтың шекарасымен өлшесек, артылып жатса ары қарай адамзаттың да жоғы түгенделе берер. Әйтпесе, «өзі жарымағанның сарқытын ішпе» деп өз халқымыз көрмейтін фильммен әлемді жарылқамай-ақ қоялық.

– Болашақта бүгінгі принциптеріңізге қарсы шығуға жігеріңіз жете ме? Әлде принцип өзгермеуі тиіс пе?

– Біз мінсіз жаратылыс емеспіз ғой. Қателесеміз, түзелеміз, қайта қателесеміз. Аналогия келтіруге бола ма, болмай ма, білмеймін, бір мысал айтайын. Оқушы кезімде би дегенді қатты жек көрдім. Би кешінде билеп жатқан қатарластарыма күле қарап, не деген мағынасыз қозғалыс деп ойлайтынмын. Кейін студент болдық. Кештерде, басқосуларда делебеміз қозып, билейтінді шығардық. Бір-екі адам ептілігімді мақтаңқыраған соң, тіпті ортаны бермейтін болдық. Сонда өзімнің оқушы кездегі «ақымақтығымды» жазғыратынмын. Кейін одан да гөрі ес кіріп, ақыл тоқтатқанда, бала кезде ақылдырақ болыппын ғой деп, билеп жүрген кезім үшін ептеп ұялыңқырайтын болдым. Адам, бастысы, сыртқы факторларға бола құбылып, тонын ауыстырғаннан сақ болу керек, ал өз ішіңде болып жататын өзгерістерді өсу деп қабылдау керек шығар.

– «Абай жолы» сериалы мен «Ұлт ұстазын» қарап отырып, өзіңіздің қолтаңбаңыз қалыптасқанын түйсінемін, танимын. Осы фильмдердегі бірнеше линияны алып жүру сізге не үшін қажет? Әлде сіздің негізгі айтқыңыз келетін нәрселер сол қосалқы линияларда жатқан жоқ па?

– Мүмкін. Жалпы автордың өз дүниесін өзі түсіндіріп отыруы құптарлық нәрсе емес (күледі). Дегенмен мына нәрсені дұрыс байқапсыз. Теорияда subplot деген нәрсе бар, яғни қосалқы желі. Ол расында да көп жағдайда фильмнің идеялық жүгін көтереді. Екінші бір мәселе, ұзақ уақыттық кезеңді, кейіпкердің тұтас өмірін солай бөлшектеп барып көрсету – қажеттілік немесе, тіпті, мәжбүрлік деуге болатын шығар. «Шектеулер тың шешімдер тудырады» («Limitations breed creativity») деген сөз бар. Шектеулер деп мұнда қаржылық, уақыттық мүмкіндіктерді айтып отырмын. 

– Режиссер һәм жалпы автор әртүрлі жанрда бақ сынап көруі тиіс пе? Әлде жолынан ауытқымауы керек пе?

– Жанр, бағыт дегендер – мақсат емес. Олар – құрал. Кино тілімен айтқың келген әңгімеңе қай құрал ыңғайлы, сол құралды пайдаланасың. Бір емес, бірнеше құралды қатар қолдан, өз еркің. Мен мына бағытта ғана жұмыс істеймін деу – өзіңді шектеу деген сөз. Мысалы, Жаң Имоуды біздің қатар «Қаһарман» (Герой), «Ұшатын қанжарлар үйі» (Дом летающих кинжалов), «Ұлы қорған» (Великая стена) фильмдері арқылы жақсы таниды. Ал оның тоқсаныншы жылдардағы авторлық фильмдері қандай керемет! «Қызыл гаолян» (Красный гаолян), «Цю Цзюй сотқа барады» (Цю Цзюй обращается в суд),  «Үйге қайтар жол» (Дорога домой) деген секілді туындыларын көрсеңіз, жаңағы айтқандай блокбастерлер түсіреді деп мүлде ойламас едіңіз. Меніңше, Воң Карвай да – түрлі бағытты барлап көрген автор. Гай Ричи айды аспаннан шығарып «Аладдинді» түсірді. Дэвид Линчтің «Қарапайым оқиғасы» (Простая история) қандай әдемі «ауытқу»?! Қысқасы, өзің көргің келген киноны түсіруің керек қой.    

– Абай, Ахмет, Мұхтар. Үш тұлға сізге не берді? Тарихи фильм мен сериал түсірудің басты машақаты қайсы?

– Абайды ойшыл деп бекер айтпаймыз. Абай – терең ойдың символы. Абай – уайымның жемісі. Өзі де айтады ғой, «ер қорғаны – уайым» деп. Ел үшін уайымдап, ойға батып, диагноздарды анықтап кетті. Ахметтер сол ойдың келесі сатысы – әрекетті жасады. Тоқтамай жасады. Ол үшін қайтарым күтпеді. Мұхтарлар – екі дәуір арасындағы алтын көпір. Абай атам секілді «көптің қамын» уайымдай алам ба дейсің? Ахмет атам секілді құрбандыққа барар ма ем? Мұхтар атам бір шығармасын ширек ғасыр жазды. «Тағы төрт том жазуға болатын материал жидым» деген екен бір сөзінде. Табандылық пен тұрақтылықты басқа кімнен үйренесің?  Ал енді тарихи сериал түсірудің басты машақатын айтсақ, сценарий жазу кезіндегі шектеулер дер едім. Бюджет резеңке емес, сондықтан қиялыңды көкке шарықтатпақ түгіл, кең адымдап жүргізу мұң болады. Мысалы, «мына көрініске көп адам керек, оны көрсетпей-ақ, кабинеттегі екеудің аузына сала салайық»; «мұнша көп солдатқа киім табылмайды, басқа жолын табайық»; «ол заманға сай пойыз жоқ, бірден үйдің ішіне кіріп келе берсін» деп өзіңізді тұсайсыз да отырасыз. Екінші бір қиындық – тарихи шындықты сақтай отырып, көрерменді жалықтырмайтын желі құрап шығу. 

– Кино өнерінде тарихи тұлғалардың портретін жасауда қосалқы кейіпкерлер қосылып жатады. Егер қазақ киносы олардың тарихи бейнесін қалыптастырып болғаннан кейін осындай эксперименттерге барса, құптар едім. Бірақ тұлға туралы алғашқы фильмнің өзінде осындай бұрмалаушылықтар болып жатады. Соңғы жылдары түсірілген тарихи фильмдерді көрген жастар тұлғалар арасында тек қызға қатысты текетірес болған деп ойлайды. Өйткені біздің режиссерлер киноның драмасын тек нәзік жанның образында беруге әуес. Бұл өнер үшін тарихқа жасалған қастандық емес пе?

– Сұрақ ұзақ екен, тиісінше, қысқа жауап берейін. Егер ойдан қосқан қандай да бір кейіпкеріңіз тарихи оқиғаға немесе тарихи тұлғаға әділетсіз көлеңкесін түсірсе, ол – қиянат. Ал тұлғаның образын немесе оқиғаның мәнін ашуға көмектесіп тұрса, онда ол – қажеттілік. 

– Біз Абайды кітап пен сахнадан таныдық. Сол образдан актерлер де, режиссерлер де арыла алмай жүргендей. Сіздің картинадағы Абай бойында өзгешелік бары ұнады. Сұрағым келгені, сахнада қалыптасқан пафостық образды киноға икемдеу үшін нендей амал керек?

–  Жас оқырмандар білетін шығар, көрермендер, сыншылар Маруел мен DC-дің киноларын жиі салыстырады, иә? Сонда көпшілігіне Маруел ұнайтын болып шығады. Неге дейсіз бе? Өйткені Маруел суперқаһармандарында адамға тән кемшіліктер кездеседі. Сонысымен олар көрерменге жақындайды. Екінші бір мысал. Неге атақты фильмдердің сикуелдері біріншісінен әлсіз болады? Себебі, бірінші бөлімде кейіпкердің кемшілігі, қажеті немесе ішкі бір жарасы болады. Фильм соңында кейіпкер өзгереді, кемшілігін түсінеді, қажетін өтейді немесе жарасын емдейді. Сөйтіп, екінші бөлімде мінсіз кейіпкер ретінде келесі бір оқиғаға кіреді. Бұл жолы көрермен оған алғашқы бөлімдегідей эмоционалды деңгейде байланбайды. Тура осы мысалдардағы сияқты, біз тұлғаларды кемшіліксіз суперқаһарман жасап жібереміз. Кемшілік деген сөзімді қате түсініп қалмасын, оларды да кәдімгі өзіміз сияқты адам ретінде көрсете алуымыз керек деген ойым ғой. Сонда олар (тарихи тұлғалар) бізге немесе біз оларға жақындай түсер едік.   
– Тағы қай тұлға жөнінде фильм немесе сериал түсіргіңіз келеді?

– Маған Міржақып қызық. Ғалымдар арасын білмеймін, қарапайым халық арасында өзінің лайықты бағасын алмай келе жатқан тұлға. 22 жасында «Серке» газетіндегі өлеңі үшін патша өкіметінің нысанасына ілігіп, 24 жасында «Оян, қазақ» кітабымен күллі қазаққа аты кетіп, 25 жасында тұңғыш қазақ романы «Бақытсыз Жамалды» жазып, «Қазақ» газетінің, «Алаш» қозғалысының негізгі қозғаушы күштерінің бірі болған, күллі өмірі күреспен өткен нағыз қайраткер, нағыз үлгінің бірі осы Міржақып екеніне дау жоқ. 

– Авторлық фильмге қайта оралсақ. Бүгінде классикалық әдебиетті оқу қиындады. Классикалық музыканы поэзия оқу кезінде фон үшін пайдаланатын болдық. Сурет өнерінің классикасы тіпті қызық болмай барады. Осы негізде өнер классикасын тану және түсіну әдістері мен әдіснамасы қалыптасып келеді. Сіз өз тарапыңыздан авторлық және классикалық фильмдерді көруге үйретудің қандай әдісін ұсынар едіңіз.

– Бүгінгі ұрпақ – клиптік ойлау жүйесінің құрбаны. «Стористен» 15 секундтық видеоны соңына жетпей ауыстырып жіберетін адамдарға екі сағаттық көркем фильмді көрсету, әрине, оңай емес. Оның үстіне классикалық фильмдердің өзі тұрмақ, бір кадры 15 секундтан ұзақ болмаса, қысқа емес қой. Сондықтан менде оған төтеп беретін әдіс жоқ. Тек мына нәрсені кеңес ете алам: киноны атымен, түскен актерімен емес, түсірген режиссеріне қарап талғап көру. Интернет бар, мықты режиссерлер туралы ақпарат қараңыз, ізденіңіз. Бұрынғысы бар, бүгінгісі бар. Енді олардың үздік жұмыстары туралы іздеңіз. Трейлерін көріңіз. Өзіңізге тартымды тақырыптағы киноларды тауып алыңыз. Солай-солай кинотаным, киноталғам қалыптасады. Екінші бір кеңесім, телефоннан өзіңізді алыс ұстап дағдыланыңыз. Күніне бір сағатқа, екі сағатқа өшіріп, тастап қойыңыз. Қолдан келсе, аптасына бір күн «phone free day» – «телефонсыз күн» челленджін жасаңыз. Ондай амалдар сөзсіз зейінімізді қалыпқа келтіреді. Өз-өзімізге, айналаға үңілуге септігін тигізеді.  

– Біздің оқырмандарымызға көруге кеңес беретін 5 фильм атасаңыз. 

–  «Өмір сүру» (реж. Акира Куросава), «Арман реквиемі» (Даррен Аронофски), «Паразиттер» (Пон Джун Хо), «Қаһарман» (Азгар Фархади), «Көкек ұясының үстінен ұшып бара жатқанда» (Милош Форман), бонус ретінде тағы бір фильм айтайын – «Құлай берілу» (Дэмиен Шазелл).

– Сұқбатыңызға рақмет!

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2022

500 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *