Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 11 Мамыр, 2022

Сәбира Жарасқызы, блогер: Бір минуттық вайнға бір күн уақытым кетеді

Сәбира Жарасқызының негізгі мамандығы – стоматолог. 19 жасында тұрмыс құрған. Үш баланың анасы. Негізгі табысын әлеуметтік желі арқылы табады. Бүгінде Қазақстандағы танымал блогерлердің бірі.

– Инстаграм парақшаңызда 1,4 млн оқырманы бар танымал блогерсіз. Халық арасында Sabirkin деген атпен танымалсыз. Осындай танымалдыққа қалай жеттіңіз?

– Танымалдыққа вайн түсіру арқылы жеттім. Парақшамды айналымға түсіру үшін ешқандай гив ойнатпадым, өз күшіммен жеттім. Негізі видеоларды оқушы кезімнен түсіретінмін. Блогер болуды мақсат еткенім жоқ. Ал ең алғаш «енеден бөлек тұру» туралы вайным халыққа ұнады. Содан бастап, блогер атандым.

– Блогер болуға кім ықпал етті? Парақшаңызды жүргізетін арнайы SMM мамандары бар ма?

– SMM маманынсыз, парақшамды өзім жүргіземін. Жарнамаларға жауап беретін әкімгер ғана бар. Блогер болуыма өзім, жолдасым ықпал етті. Ата-енем де блогер болуыма келісім берді. Мені әрдайым қолдап отырады.

– Идея қайдан келеді? Бір вайнды түсіру үшін қанша уақытыңыз кетеді?

– Көбі «енесін не мамасын салады» деп ойлайды. Олай емес. Идеяларды бала кезімнен есте қалып қойған образдардан аламын. Өзіме пародия жасаған ұнайды. Сондықтан вайндарымның анама да, енеме де қатысы жоқ. Бастапқыда хобби ретінде телефоныма түсіре салатынмын. Санаулы минут уақытым кететін. Ал қазір түсіру үшін ойлануым керек. Күйеуіммен бірге идея іздейміз. Бір минуттық вайнға бір күн уақытым кетеді. Оның бәрін өзім монтаждаймын.

– Экрандағы Сәбира мен өмірдегі Сәбираның айырмашылығы бар ма? Инстаграмда көпшілсіз, ал экраннан тыс адамдармен еркін, ашық сөйлесесіз бе?

– Экранда өзімді еркін ұстаймын. Өмірде басқашалау. Бірден ашыла алмаймын. Адамдармен ашыла сөйлесуім үшін уақыт керек. Мені өмірде көрген адамдар «салмақтысың» дейді.

– Әрдайым өмірлік вайндарды түсіресіз. Парақшаңызға видеоларды салмас бұрын, халыққа ұнайтынына сенімді боласыз ба?

– Иә, сенімді боламын. Өйткені, оқырмандарыма қандай видео өтімдірек екенін жақсы білемін.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Фатима МЫРЗАБЕК

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

1886 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз