Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Референдум-2022
  • 12 Мамыр, 2022

Референдум нәтижесінде Президент өкілеттігіне бірқатар шектеу енгізіледі

ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова 5 маусымда өтетін референдум нәтижесі бойынша оң шешім қабылданған жағдайда ҚР Президентінің өкілеттігіне бірқатар шектеу қойылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Референдумға шығарылып жатқан конституциялық өзгерістердің ішінде қоғамда кеңінен талқылауға түсіп жатқан мәселенің бірі – Президенттің лауазымына байланысты шектеулер. Ол дегеніміз, алдымен, Президенттің жақын туыстары үшін саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу қойылмақ. Екіншіден, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия мүшесі болуына тыйым салынады», - деді Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр орынбасарының айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер 12 блоктан тұрады. «Сонымен қатар Мемлекет басшысының аудан, облыс, шағын қалалар мен ауылдық округтердің әкімдерін сайлау және босату құқығы алынып тасталады. Көріп отырғаныңыздай, бұл Президент өкілеттілігінің қысқаруы деген сөз. Яғни «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен бас тартуды білдіреді», - дейді ол.

Еске салайық, биыл 5 маусымда ҚР Конституциясына бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша республикалық референдум өтеді. Референдум нәтижесімен 17 өңірдің 11-і жақтап дауыс берсе Конституцияға өзгеріс енгізілетін болады. Қазір электораттың тізімі жасақталып жатыр. Алма Мұқанованың айтуынша, референдум арқылы Конституцияға барлығы 56 өзгеріс енгізіледі.

 

962 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз