Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Мамыр, 2022

Тоқтамыс. Тарих беттерінен бір үзік

«Ер Едіге» жырында Тоқтамыс ханның елімен қоштасар тұсы былай жырланады:
«Ей, байтағым, байтағым,
Бастап сені алдырттым.
Ал аман бол менен соң.
Байтағымның ішінде,
Он сан елім ноғайлы,
Сені тағы алдырттым.
Он сан ноғай ішінде
Үш жүз алпыс отау 
қазағым,
Сені тағы алдырттым.
Ал аман бол менен соң».

Осы бірауыз жырда Тоқтамыстың бүкіл күйініш-сүйініші жатқандай. Тарих туралы кеңінен толғау, баға беру қиын-ақ. Дегенмен жас оқырмандарымызға бағзы замандарда гүлденген, жаһанға аты жайылған, байырғы ордамыз Алтын Орданың соңғы билеушісі Тоқтамыс хан туралы тарихшымен әңгімемізді ұсынғымыз келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Меңдігүл Сағатқызының айтары көп.

Ресей бір кездері Алтын Орданың дипломатиялық дәстүріне сүйенді

– Тоқтамыс хан туралы тарихи деректерді қайдан алдық? Олар не дейді?

– Тоқтамыс туралы деректерді аз деуге болмайды. Ол Алтын Орданың ең мықты билеушісі болған. Әртүрлі тілдің деректерінде ол туралы ақпарат кездеседі. Оның ең негізгісі – Әмір Темір туралы деректер. Әмір Темір туралы Юдиннің ұсынған топтамасы бар. Ортағасырлық тарихты зерттеумен айналысып жүрген Сұлтановтың, Берекет Кәрібаевтың, Жұлдыз Төлебаеваның еңбектерінде көп кездеседі. Осы зерттеушілердің классификациясында «Темірлік деректер» деп айтылады. Осының Әмір Темір туралы баяндалатын кезеңнің бәрінде Тоқтамыстың есімі бар. Соның ішінде ең атақтысы – ортағасырлық Ибн Арабшахтың еңбегі. Бұл еңбектің құнды болатын себебі – автор Әмір Темірмен бірге жүрген. 1401 жылы Темір Дамаскты басып алғанда оны өзімен бірге алып кетеді. Содан Темірдің өмірінің соңына дейін бірге жүрді. 1436 жылдар шамасында Әмір Темірге арналған осы еңбегін жазған. Кейін XVII ғасырдың алғашқы жартысында ағылшын тіліне, кейінірек француз тілінде жарық көріп, XIX ғасырда Үндістанда басылып шықты. 1884 жылы тегі неміс В.Г. Тизенгаузен деген орыс ғалымы «Сборник материалов историй Золотой Орды» деген үлкен жинақ шығарды. Соның ішінде Ибн Арабшахтың еңбегінің үзіндісін орыс тіліне аударды. Сондықтан интеллектуалды әлемге Әмір Темірмен бірге Тоқтамыстың да есімі ерте танылды. Ол еңбекті «Темір тарихы» деп қысқаша атап жүрміз. 

Деректердің келесі тобы – түркілік деректер. Қадырғали Жалайыридың «Шежірелер жинағында» да Тоқтамыс туралы жақсы мәліметтер кездеседі. Бірақ бұл кітапқа қатысты ғылымда мынадай жаңсақ пікір болды: парсы тарихшысы Рашид Ад-Диннің «Жылнамалар жинағы» деген еңбегі бар. Осыны орыс ғалымдары жарыққа шығарғанда оны «Қадырғали Жалайыридің еңбегінің көшірмесі» деп келді. Содан кейін көп уақыт оған назар аударылмады. Ал шын мәнінде Қадырғали бастапқы оқиғаларда Рашид Ад-Динге сүйенген де, кейінгі оқиғаларда өзі куә болғанын жазған. Қадырғали Жалайыри көшпелі орданың ерекшелігін, ішкі өмірді, тұрмыс-тіршілікті, әлеуметтік құрылымды жақсы білді. Ол кітабында Тоқтамыстың Әмірге қарсы соғысқан әскерінің құрамы туралы, олардың қандай ру-тайпадан тұрғанын жазады. «Алаш мыңы деген болды, соның ішінде ең үлкені Жалайыр болды. Оң қанат, сол қанат деген болды» деп жазып, ондағы ру-тайпаларды тізіп жазған.

Тағы бір құнды дерек – Тоқтамыстың литвалық князь Ягайлға өз қолымен жазған жарлығы сақталған. Алтын Орда дәуіріндегі жазба мәдениет, дипломатия тарихы туралы жиі айтамыз. Мысалы, Ресей мемлекеттілігінің үлгілерін қайдан алды дегенде, Алтын Орданың шекпенінен шыққанын көріп отырмыз. «Иван Васильевич мамандығын өзгертеді» деген фильмді көрген болсаңыз, сонда Иван Грозныйдың қолындағы патшалық белгілер, тақия, асатаяқ – соның бәрі түркілік-моңғолдық-алтынордалық дәстүр. Ресейдің XVI-XIX ғасырлардағы дипломатиялық қызметі толықтай алтынордалық дипломатиялық дәстүрге сүйенгенін тарихшылар дәлелдеді. 

XXI ғасырда зерттеуші ағайынды Григорьевтер өз еңбектерінде Алтын Ордамен тығыз қарым-қатынаста болған Генуя және Венециямен жазысқан хаттарын жариялады. Сонда Тоқтамыстың хаттары, жарлықтары толық жарияланды. ХІХ ғасырда Орыс ғылым академиясы Алтын Орданы зерттеу туралы байқау жариялаған. Сонда ешбір ғалым Алтын Ордаға қатысты нақты дерек бере алмады. Оның басты себебі – ең негізгі деректерді білген жоқ. Ал ол деректер араб, парсы, армян, еуропа тілдерінде, қытай, моңғол, түркі тілдерінде жазылған еді. Оны бірінші рет Тизенгаузен орыс тіліне аударуды қолға алды. Оның еңбегі – атақты еңбек. СМИЗО деп қысқартып айтып жүрміз, толығырақ – «Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды» деп аталады. Сонда араб тілінде жазылған жиырма шақты еңбектен үзінді берді. Сонда да Тоқтамысқа қатысты еңбектер кездеседі.

Тоқтамыс пен Әмір Темір

– Ғылым-білімге жетік Әмір Темірге бала кезінде қашып барған Тоқтамыс одан ілім үйренді деуге бола ма?

– Ол сұраққа жауап беру үшін қолда нақты дерек болу керек. Тоқтамыс Әмір Темірге білім үйренуге кеткен жоқ, бас сауғалап барды. Ал Әмір Темір оған әскер беріп, Орыс ханға қарсы қойды. Тоқтамыс ол соғыста жеңіліп, өлім аузында жатқан жерінен Темір сарайға алдырады. Кейін қайтадан әскер беріп, тағы соғысқа жібереді. Тоқтамыс тағы жеңіледі. Кейін Орыс хан өліп, екінші баласы билікке келген кезде ғана оған Тоқтамыстың күші жетеді. Әмір Темірдің Тоқтамысқа қайта-қайта әскер беріп, қамқорлығына алған себебі не? Тоқтамысты жақсы көргендігінен емес, ол – үлкен саяси қадам. 1269 жылы Талас құрылтайынан кейін Шыңғыс ханның Моңғол империясы төртке бөлініп кетті: Жошы мемлекеті (Алтын орда), Шағатай мемлекеті, Юань мемлекеті, Хулагиттер мемлекеті. Шағатай мемлекеті кейін өз ішінен екіге бөлінді. Әмір Темір Шағатай ұлысын қайта жинау идеясына ден қойды. Мысалы, қазіргі Украина мен Ресей арасындағы жағдайға негізгі себеп деп түрлі сылтау айтып жатыр. «Путиннің түпкі ойы – КСРО-ны қайта құру» дейді сарапшылар. Сол секілді Әмір Темірдің де түпкі ойы Шағатайды қайта құру болды. Бірақ Темірдің ол идеясы заңды болатын. Ал одан ары түпкі ойы – Алтын Орданы да жаулап алу еді. Ал Алтын Орда кезінде Жошының иелігіне берілген жоқ, оны алуға  Темірдің құқы жоқ. «Мен Алтын Орданы өзі билеуі үшін Тоқтамысқа көмектесіп жатырмын» деген Темірдің сылтауы болды. Ал Тоқтамыс Темір арқылы билікке келсе, қуыршақ ханға айналар еді. Бірақ тарих көрсетіп отырғандай, алғашында Әмір Темірдің көмегімен саяси карьерасында жетістікке жеткенімен, Тоқтамыс уақыт өте келе, Алтын Орда мен Ақ Орданы біріктіріп, біртұтас Алтын Орданың ханы дәрежесіне жеткенде Әмір Темірмен қарым-қатынасын үзе бастады. Міне, осыдан бастап қырғи-қабақ соғыстар басталды.

Әмір Темірдің шапқыншы-лықтарынан кейінгі, 

Тоқтамыстың биліктен кеткеннен кейінгі Алтын Орданың кейпін тарихшылар сал боп қалған адамдай деп бейнелейді. Тіршілігі бар, бірақ бұрынғы күш-қуаты жоқ, өлі-тірі екені белгісіз еді. Тоқтамыстан кейін де 100 жылдай ыдырау процесінде өмір сүрді. Ғылым-білім туралы былай жауап беруге болады: Орта Азияның Хиуа, Бұқара, Самарқанд, Үргеніш сияқты қалаларында интеллектуалды орта болды. Онда дәстүрлі түрде білім алатын мектептер мен медреселер болды. Өкінішке қарай, бізде күнделікті өмір тарихы, интеллектуалды өмір тарихы зерттелмей қалды. Біз барлық мәселені саяси тұрғыдан ғана зерттеп кеттік. Мысалы, Мұхаммед Шайбани ханды «Қазақ хандығы» телехикаясында мінезі арсың-гүрсің, есі ауысқан жандай қылып көрсетіп, өзге ұлттың киіміне ұқсас киім кигізіп, өзбектендіріп қойыпты. Ал Мұхаммед Шайбани хан – Дешті Қыпшақтың ұланы, біздің тарихымызда өзіндік орны бар тұлға. Керей мен Жәнібектен жеңілген соң туған жеріне орала алмай өтті. Айтайын дегенім, сол Мұхаммед Шайбанидың Ноғай ордасының атақты биі Мұсаның қызына ғашық болғаны туралы және оған жазған ғашықтық жырлары сақталған. Бұл оның сауатты, оқыған адам екенін білдіреді. 

Сол замандардағы интеллектуалдық деңгей туралы зерттеу мәселелері көтеріліп жатыр. Көп ұзамай қазақ хандарының білімі, білімге қатысты бағдарламары туралы білеміз. Өзбек ханның тұсында Алтын Орда интеллектуалды орталыққа айналды. Әшірбек Муминов мұны толықтай зерттеді. Ислам ғылымының білгірлерінің көбі Алтын Ордада болған. Қазір біз білім іздеп «Болашақ» бағдарламасымен шетелге ағыламыз ғой. Сол сияқты сол заманда білім-ғылым іздеген адамдар Алтын Ордаға, Сарайшыққа ағылған. Кейін Темір шапқыншылығы тұсында Алтын Орда тұрақсыз аймаққа айналған соң, ғылым-білім де Таяу Шығыс қалаларына жылжып кетті. 

– Тоқтамыс Темірдің соққысына әзер шыдап жүргенде оған Едігенің келіп соқтығуы әкесінің кегі ме, әлде басқа себебі бар ма?

– Тоқтамыс билікке келген кезең – Алтын Орданың тұрақсыз, дүрбелеңге толы кезі. Едігенің бұл әрекетін саяси биліктегі дағдарыспен ғана байланыстырып түсіндіруге болмайды. Бірнеше себебі бар. Едігенің саяси билікке ұмтылуының бір себебі мынада: Алтын Орда бейбіт түрде дамыды, ішкі соғыстар болмады. Кейін тікелей билікке келу дәстүрі жойылды. Осы кезде билікке жанама түрде келе алатын топтар бір-бірімен күресті. Шыңғыс ұрпағы емес, бірақ билікке келгісі келетін адамдар жергілікті ру-тайпа көсемдеріне, ішкі күштерге сүйенді. Сол кезде ру-тайпа көсемдерінің билігі арта бастады, олардың саяси биліктегі карьерасы басталды. Осындайда қияттан шыққан Мамай сияқтылардың даңқы артты. Солардың бірі – Едіге. Ол да жоғарғы билікке ұмтылды. Едігенің Тоқтамысты өлтіруін саяси күрес үшін деп түсіндірер едім. 

– Тоқтамыстың моласына қатысты деректердің қайсысы шындыққа жақын?

– Тоқтамысты біресе Қызылорда аймағында, біресе Батыс Қазақстанда, біресе Ұлытауда жатыр дейді. Оның нақты зерттеуі жоқ. Оған толыққанды зерттеу жүргізбей, нақты жауабын айту қиын. Бірақ Тоқтамыс та, Едіге де – біздің төл тарихымызбен, дүниетанымымызбен біте қайнасып кеткен тұлғалар. Мысалы, татарлар Едігені біздікі деп иемденеді. Сол сияқты Тоқтамысты Алтын Орданың ғана ханы деп түсіну дұрыс емес. Ол біздің руханиятымызға сіңіп кетті. Бүкіл аңыз-әңгіме, жырларымыздағы Тоқтамыс біздің тікелей ата-бабамыз ретінде айтылып тұр. 

Әңгімелескен
Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2022

1771 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз