Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 18 Мамыр, 2022

«Қызыл асығың» тоңбай ма?

Күннің суығына қарамай, қысқа балақ шалбар киетін ұл-қыздардан «Қызыл асығың тоңбай ма?» деп сұрағымыз келеді. «Қызыл асық» дегеніміз – тобық. Қыстың көзі қырауда, көктем мен күздің қара суығында балағы түрілген шалбар мен қонышы қысқа аяқ киім киген жастардың тобығы тоңбай ма расымен? Жалтырап, ашық тұрғанын көрмеу мүмкін емес. Автобуста, көшеде оларға аяушылықпен қарайтындар көп. Қалай дегенде де, суық өтетін шығар, тым құрығанда дәл сол жер қара тас болып мұздайтын шығар. Қазақстанның климаты бірқалыпты жылы емес. Адам жаурататын үш мезгіл кезек-кезегімен алмасып жатады. Сондықтан қысқа балақты шалбардың денсаулыққа кері әсері болмауы мүмкін емес.

Бұлай киіну қазір сән болғанымен, бұрындары қажеттілік болған. Өйткені 50-60 жылдары балшыққа балағы былғап алмас үшін түріп қоятын болған. Стилист Бибінұр Бәкеева да былай дейді: «Сәнді біреу ойлап таппайды, ол қоғамда болып жатқан әлеуметтік жағдайлардан туындайды. Мода ешқашан өз-өзінен пайда болмайды. Сондықтан оны бізге біреу алып келіп, таңып берді деп айта алмаймыз. Трендтер қайталанып отырады немесе басқа стильмен араласып келеді. Мысалы, 60-жылдары әкелеріміз балағы қысқа, тар шалбарларды ашық түсті шұлықтармен үйлестіріп киген. Сөйтіп, бірнеше стиль араласып кетеді. Оны сәннің тілінде эклектика дейді. Сосын трендке шыққан түрлі-түсті шұлықтарды көрсету үшін шалбардың балағы қысқа тігілген фасоны сәнде болды. Алайда бұл тренд қазір кетіп бара жатыр. Қазір балағы кең шалбарлар сәнге енді. «Спорт стайлдан» да қазір жұрт жалыға бастады. Өйткені біраз жыл пандемияның кесірінен үйде отырды, қазір шектеулер алынып тасталған соң, көбі әдемі көйлек киіп, ашық түсті киімдер киіп шыққанды жөн көре бастады».

Дәрігерлерге хабарласып, аяқтың ашық қалған жерінен өткен суық денсаулыққа қаншалықты зиян екенін сұрастырдық. «Тобықтан суық өтпейді, егер бүйрек ашық жүрсе, онда суық міндетті түрде өтеді» деген дәрігердің пікірін естіп, таңғалдық. «Бізді бұл мәселе туралы дерек жоқ, сондықтан ашық айта алмаймыз» деді екінші дәрігер. Ал медбике Айдана Көбентаева: «Әрине, суық өтеді, – дейді. – Қыста ауа температурасы төмендегенде, адамдар қалың киініп, бас киім, қолғап киіп жатады. Мұндайда аяқты жылы ұстамау мүмкін емес. Көшеде балағын түріп тастап кетіп бара жатқан жастарды мен де көремін. Бұл бірінші кезекте иммунитетке әсер етеді. Адамның денесін суықтан қорғау үшін иммунитет жұмыс істейді. Ал суық иммунитетті әлсіретеді. Суық күндері қимыл-қозғалыс көп болғаны жақсы. Бірақ балағы түрілген шалбармен аялдамада ұзақ тұру денсаулыққа зиян».

Медбикенің айтуынша, суық күндері бүйрек, көкбауыр, қуық, бауыр және ұйқы безінің жұмысы күшейеді, өйткені иммунитет бөлу керек. Ал иммунитетті тек аяқты жылытуға бағыттап отыратын болса, онда жаңағы ағзалардың жұмысы да әлсірейді екен. «Коронавирустық инфекция, тұмаудың кезінде суық тигізу денсаулықты құртады. Балағы түрілген шалбарларды жастардың көбі табаны резеңке кроссовкалармен киеді. Ауа райы суық кезде аяқ киімнің табаны 3-5 см қалың болғаны дұрыс. Қазір сәнге қарап емес, ауа райына қарап киінетін заман. Егер шынайы қарайтын болсақ, аяқтан өткен суық түрлі гинекологиялық, урологиялық ауруларға шалдықтырады. Аязды күндері ашық қалған тері үсіп, біраз әуреге салады», – дейді Айдана Көбентаева. 

Қабыну процесі басталған соң, денсаулыққа зардабы тиетіні анық. Алайда дәрігерлердің пікірін ескеріп, гардеробтағы қысқа балақ шалбарларды лақтырып тастауға әсте болмас. «Сәнге сәйкес киінгенімен, денсаулықты да ойлау керек. Бұрын біз күні бойы далада жүретінбіз. Қазір жастар көп жаяу жүрмейді, такси шақырады да, кете береді. Оның үстіне табаны қалың кроссовкалар да сәнде. Сондықтан осы проблеманы шешу үшін принтері бар жылы шұлықпен, ішінде жүні бар кроссовкамен кисе, ерекшелігі арта түседі. «Болмайды, кимеңдер, зиян» деп тыйып ұстағаннан гөрі, оны жылы киімдермен үйлестіріп киген дұрыс», – деп кеңес берді стилист Б.Бәкеева.

Адамның әдемі көрінуі трендке байланысты емес, кигені өзіне қолайлы, жайлы болғанында. Далада екі градус қана жылы болса, бірақ тобығың жалтырап жаурап бара жатсаң, ешқандай комфорт сезіне алмасың анық. Егер трендтен қалмайын десең, киген киіміңнің құрамын біле жүрген дұрыс. Өйткені ашық балақ қана емес, киім де денсаулық үшін аса маңызды.

Тақырыпқа тұздық

Сән – сәнімен, алайда киім ыстықтан, суықтан, желден, ылғалдан қорғау керек. Киімнің ұзын-қысқа, қалың-жұқасына ғана емес, қандай матадан тігілгеніне де мән берген жөн. Көпшілігіміз табиғи талшықтардан тігілген киімнен денсаулыққа еш қауіп жоқ деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, олай емес. Қазір киіп жүрген киімдерде токсин көп болуы мүмкін. Халықаралық Greenpeace тәуелсіз ұйымы бренд киімдердің экологиялық талаптарға қаншалықты сай екеніне талдау жасап көрген. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Өйткені қымбат маркалы және жай киімдер де адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін анықтаған. Ең өкініштісі, балалардың киімдері де таза экологиялық деп айта алмаймыз. Баланың терісі ересек адамның терісінен жұқа, сондықтан оның сезімталдығы жоғары екенін ескергеніміз жөн!

Денсаулыққа қауіпті маталар

Вискоз – целлюлозадан жасалған мата, өндіріс процесінде химиялық өңдеуге ұшырайды. Нәтижесінде бактерияға қарсы және ауа өткізгіштік қасиеттерге ие болады. Бірақ матаның ұзақ жарамды болуы үшін қолданылған химиялық заттар аллергиялық реакциялар беруі мүмкін. Бамбук табиғи шикізаттан өндіріледі. Бұл – ең арзан, қолайлы және тозуға төзімді маталардың бірі. Бамбуктен тігілген киімдер жеңіл және жұмсақ болып келеді. Бірақ оны мұндай сапаға қарқынды химиялық өңдеу арқылы жеткізеді. Greenpeace қоғамдық ұйымының мүшелері бамбуктен жасалған матаның құрамынан натрий гидроксиді, күкірт қышқылы және күкірт көміртегі қалдықтарын тапты. Бұл химиялық қоспалар денсаулыққа қаншалықты зиян екенін болжау оңай.

Акрил. Акрил жіптерін тоқымашылар жақсы көреді. Олар жүн матасына ұқсағанымен, табиғи жіптер емес. Табиғи жүннен ерекшелігі – ауа өткізбейді. Бұл дегеніміз, акрилден тоқылған жемпір кисеңіз, жылы жүресіз, бірақ көп терлейсіз. Егер теріңіз сезімтал болса, киім астында жиналған ылғалдан тітіркеніп, бөртпе пайда болуы мүмкін. Полиэстер. Бұл матадан денеге ауа өтпейді. Полиэстер матаның сапасын жақсарту үшін қолданады. Бірақ химиялық заттармен әрекеттескенде улы заттар бөлінуі мүмкін.

Полиамид. Көбіне шұлық тігілетін кезде қолданады. Созылмайды, формасын жоғалтпайды. Негізгі кемшілігі, іс жүзінде жылуды ұстамайды және ылғалды сіңірмейді. Бактериялар мен микробтардың көбеюі үшін ыңғайлы, тіпті инфекцияның пайда болуына әкеледі. Егер киім электрлі болса яғни ток соққандай жалтырайтын болса, жағымсыз иістерді тез сіңіреді. Қазір киімнің сапасынан гөрі, қалтадағы ақшаға қарай киінуге тура келетін заман. Сондықтан киім кию мәдениетін қайта қарастырған дұрыс. Бұдан бөлек, адам денсаулығына тағынған әшекейлер мен күннен қорғайтын көз әйнектерге де жеке тоқталған дұрыс. Өйткені көзәйнекті автобустарда да, мекеме ішінде де киіп жүретіндер бар. Ал бұдан көзге қаншалықты зақым келетінін біле бермейміз. Бұл туралы келесі нөмірлерде айтамыз.

Дайындаған 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

989 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз