Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 18 Мамыр, 2022

Егізовтің еленбейтін ерлігі

Ұлттық фотоөнерміздің қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосқан азаматтардың бірі, һәм бірегейі Дендербай Егізов екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол – қазақ спорт фотожурналистикасының негізін қалаушылардың бірі, ел спортының фотожылнамасын жасаған жан. Саналы ғұмырын «Спорт» газетіне арнап, спорт фототілшісі болып өмірден өтті. Қазақстандағы бар спорт түрін фотообьективіне сыйғызған фототілшінің елеулі еңбегін кейінгі ұрпақ та естуі, һәм есте сақтауы тиіс. Дендербай Егізовтің өнер жолы мен шығармашылығы туралы шәкірті, танымал қаламгер Қыдырбек Рысбек мырза айтып берді. 

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, жазушы, спорт журналисі:

ЕГІЗОВТІҢ ЕҢБЕГІ – ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ БАҒА ЖЕТПЕС ЕҢБЕК

– Дендербай Егізов спорт журналистика-сындағы нөмірі бірінші фототілші деуге толық негіз бар. Әрине, бұған дейін спорт журналистикасында спортты түсіретін суретшілер болды. Бірақ Егізовтің еңбегі – Қазақстан тарихындағы баға жетпес еңбек. Ол кісіні 1975 жылы «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасқаннан бастап білемін. Спорт журналисі болғаннан кейін, спортқа, әсіресе футбол өнеріне ғашық болғаннан кейін, «Қайраттың» бірде-бір кездесуін жібермей, ойындарына жиі бардық. Сол кезде аппаратурасын, бір есекке жүк болатын асай-мүсейлерін арқалап жүретін Дендербай ағамызды ылғи көретінбіз.  Ойынға бір сағаттай ерте келіп, алаңдағы жанкүйерлерді, бойларын қыздыруға шыққан футболшыларды түсіріп алатын. Ойын барысында Орталық стадионның жасыл алаңын жүз рет айналып, әр түрлі ракустан түсіріп жүретін. Күннің батысы бар, шығысы бар, көлеңкесі мен шақырайып тұрғанын есептеп, алаңды үздіксіз айналып жүгіріп жүретініне таңғалатынбыз. 1991 жылдан бастап «Спорт» газетінде бірге қызмет істеп, әріптес болдық. Егізовтің спортқа, спорт фотожурналистикасына деген махаббатындай махаббат әлемде ешкімде жоқ шығар деп ойлаймын. Сол кездегі бүкіл спорт журналистикасындағы суреттердің барлығы – Дендербай ағамыздың фотоаппаратынан шыққан суреттер. Ол кісінің суреттері ешкімде жоқ, ерекше суреттер. Егізовтей спорт журналистикасына беріліп, соның сүрлеуін салған ешкімнен көрмедім.  

Бүгінгі таңдағы журналистерді, әсіресе спорт журналистикасының фототілшілерін басшылары жұмсап отырады. Ал Дендербай ағамыздың бір құдіреті, Қазақстанның, оның ішінде Алматының қай жерінде жарыстар өтіп жатқанын түгелдей білетін. Қай жарысқа барсаң да, бірінші Дендербай ағамызды көресің. Республикамыздың өзге өңіріндегі жарыстарға журналистерді арқасынан қағып, баруға үгіттесек, Дендербай ағамыз қанатын қағып ұшып тұратын. Қаншама қиын-қыстау кезеңді басынан өткізсе, таңдап алған мамандығын ешқашан қиындыққа мойып, айырбастаған емес.

Қыдырбек РЫСБЕК, спорт тарихшысы:

ФОТОТІЛШІДЕН ҰЛТЫНЫҢ ФОТОШЕЖІРЕШІСІ ДЕҢГЕЙІНЕ ЖЕТКЕН АРДА АЗАМАТ

 – Біз спорт материалдарын он жасымыздан құмартып оқи бастадық. Яғни он жасымыздан бастап Дендербай Егізовті сырттай білдік. Ол кезде партияның міндеттеуімен ауыл балалары да бір жапырақ «Спорт» газетін жаздырып оқитынбыз. Осы «Спорт» газеті мен «Лениншіл жастың» спорт тақырыбындағы фотоларының астында «Суретті түсірген Д. Егізов» деген жазу тұратын. «Спорт» газеті қазақ, орыс тілдерінде аптасына екі рет шығады. Тиражы сұмдық – екі газетті қосқанда 280 мыңға жуық. Иә, 1970-2000 жылдары  осы қос газеттің Дендербай ағаның суретінсіз шыққан нөмірі болмаған шығар.

Алланың жазуымен біз де спорт журналистикасының соқпағына түстік. Күндердің күнінде Дендербай Егізовпен таныстық. Бәкене бойлы, маңдайы жарқыраған көзілдірікті кісі екен. Адам жатырқамайтын, әзілге жүйрік, қарапайым қазақ. Бірте-бірте етіміз үйренісіп, әзілдесетін жағдайға жеттік. Бірден көзім жеткені – уәдеге берік. Межелі жерге бес минут ерте барсаң да, Дендербай аға «неге кешіктің?» дегендей, оң қолымен сағатын сыртынан жайымен қағып тұрады. Ал кешіксең, бәлеге қаласың. Сосын қолы ашық. Жарыс, жиын-тойлардағы суреттерді бума-бумасымен алдыңа тастай салады. Ақша сұрамайды.

Егізовте жарысқа бармау деген ұғым мүлде болмаған сияқты. Қаңтардың шыңылтыр аязында пәлен жыл фотоаппарат асынған оң иығы сәл еңкіш тартып, Медеудің мұзында сағаттап тұрғанын талай рет көрдік. Сенбі, жексенбіде «Динамо» стадионына допты  хоккейге барсақ, күміс көзілдірігі анадайдан жалтылдап Дәкең жүреді. Қар аралас жаңбырлы кеште «Қайраттың» қарсы жақ бетіндегі қақпаның ту сыртында фотоаппаратын кезеніп Егізовтің отырғанын көресің. Араға уақыт салып бокс дуына дедектеп жетсек, алдымыздан жайраңдап Дәкең шыға келеді. Күрес майданына жолың түсе қалса, Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айхановтармен күлімдесе, әңгіме шертіп тұрады. Қысқасы, Дендербай Егізовті таңертең нөмірге «досыл» (шұғыл мақала, шұғыл сурет) беретін кезде газет-журналдар шоғырланған «Дәуір» баспасынан, қалған уақытта жарыстан табушы едік. Ол кісі «Жигулиімен» жарыс қуып жүргенде, біз, спорт журналистері, газетке беретін фотодан еш қысылып көрмеппіз. Тек бәсеке қарсаңында Дендер ағаға тапсырып үлгерсең болды. Ағамыз сөзге  тиянақты, ертеңіне «Дәуірдің» фотолабораториясына атыңды жазып қалдырып кетеді немесе ол кісінің екі адам әрең айналатын қуықтай бөлмесінен аласың. Дендербай аға жарысқа бармай, радио мен теледидардан мағлұмат жинайтын немесе таң бозында басқа газеттердегі жаңалықтарға «жиендік» жасайтын тілшілерді жақтырмайтын. Ондай журналистерге ретін тауып шүйлігіп, сөзбен түйреп, шәт-шәлекейі шығып жүруші еді жарықтықтың.  Мұндай адам кімге жағушы еді? Жарысқа сирек баратын әріптестері Дәкеңнің сөзін кек тұтып, кейде сонау Медеуде түн қатып түсірген фотоларын нөмірге салмай, әбден күйдіретін. Сондағы қимайтындары, бір жағы – үш-төрт сом қаламақы шығар.

Дәкең керек кезінде мінезді, қиқар адам еді. Бірақ газеттің мүддесіне келгенде қоңыртөбел бесті ат тәрізді моп-момақан. Басылымның келесі нөмірі жоспарланар сәтте кешегі әңгімені тарс ұмытқан сыңайда алдағы жарыстардың қамына кіріседі.  Содан оң иығына зілдей фотоаппаратын асып алып, алшаң басып не «Динамоға», не Орталық стадионға, не қала сыртындағы аэродромға... кетіп бара жатады. Сыртынан қараған адамға генералдың бұйрығымен  маңызды тапсырма орындауға аттанған қартаң солдат тәрізді. Ал Дәкеңнің «генералы» – сүйегіне біткен ар-ұяты, мыңнан бір адамға бұйыра бермейтін сұрапыл жауапкершілігі еді. Ол кісі көзі тірісінде туған халқы үшін тарихи ерлік жасағанын сезіне де қоймаған шығар. Иә, Дәкең жарысқа барғанды жұмысым, журналистік міндетім деп білді. Бірақ сол міндетін қырық жыл өте тиянақты, адал атқарғандығы себепті тұтас бір дәуірдің фототарихын түзіп шықты. Қазір жасы 60-70-ті алқымдаған спорт мамандарынан Дендербай Егізов туралы сұрай қалсаңыз, сол кісілердің бәрі дерлік Дәкең жайлы бірауыз жылы сөз айтатыны айдан анық. 1962-2002 жылдар аралығындағы ел спортының сүт бетіне шығар барлық спорт саңлақтарын суретке тартқан Дендербай ағаның қазақтың спорттық тарихын жасауда қаншалықты еңбегі ерен екенін көреміз.

Иә,  Совет Одағының қысқы, жазғы спартакиадаларына, одақ, Азия және әлем чемпионаттарына, Мәскеу олимпиадасынан бастап бірнеше олимпиада сайыстарына жолы түскен Дендербай Егізов – қарапайым фототілшіден ұлтының фотошежірешісі деңгейіне жеткен арда азамат. Егізовтен кейін спорт фотокоры қызметін дәл сол кісідей жанын сала, құлашты кең сермеп, махаббатпен атқарған адамды қазақтан әлі кездестіре қойған жоқпыз. Осыдан жиырма, отыз жыл бұрын алаштың кез келген чемпионының суреті қажет болса, Дендербай Егізовтен табушы едік. Ал қазір ағамыз ортамызда жоқ, сондықтан әуелі интернеттен іздейтін болдық...

Санжар ӨМІРЗАҚ, немересі:

АТАМ ТУРАЛЫ КІТАП ЖАЗЫП ЖАТЫРМЫН

– Нағашы атам туралы «Фотомерген» атты кітап жазып жатырмын. Ол кісі 1980 жылғы Мәскеу олимпиададан бастап, 2000 жылғы Сидней олимпиадасына дейін барғанын бәрі біледі. Кітапты жазудағы басты ойым – жастарға ата-бабаларымыздың қандай мықты болғанын көрсету. Атам басынан өткен қиыншылықтарға қарамастан, қайсарлық танытып, ешқашан мойыған жоқ. Атамның әкесі Қажығали соғысқа кетіп, қайта оралмаған. Ол қолында қалған соқыр шешесі мен мүгедек інісін жалғыз асыраған. Алматыға оқуға түсіп, Әуезов театрына декоратордың көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Содан кейін «Достық үйінде» суретші болды. 1962 жылы «Спорт» газетінде фототілші болған Яков Либерчуктың орнын басып, 2004 жылға дейін сол газетті қызмет етті. 1975 жылы Медеу мұзайдынында үш күн бойы конькишілерді суретке түсірем деп, өкпесіне суық тигізіп алған. Дәрігерлер қателесіп, өкпесінің жартысын алып тастаған. 1995 жылы жамбасын сындырып, аяғын ақсаңдап басты. Одан бөлек, фотоаппаратының ауырлығынан бір иығы төмен түсіп кеткен. Соған қарамастан, спорт журналистикасында сара жолын салып, артынан үлкен мұрағат қалдырды. Қазір сол мұрағаттарды жариялау үшін арнайы ақпараттық-портал жасап жатырмыз.  

Расында, Дендербай Егізовтің жолын жалғастырып, іздеуші болатын спорт фототілшілері жоқтың қасы. Біз сын-өмірдің таусылмас бәсекелерін, оның қас қағым қайталанбас сәттерін тасқа басып қалдырған фототілшінің өткен өміріне үңіліп көруді жөн көрдік.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз