Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 19 Мамыр, 2022

«Қолына кәдесый ұстаған қыз» Көктөбеге қалай келді?

Алматының кей көшесімен жүрсеңіз де, ескі өнер туындыларын көресіз. Көз  жауын алатын нағыз өнер туындыларына жақындай қалсаңыз, құдды бір өткен ғасырлардан сыр шертетіндей. Заман өзгерді демесеңіз, олар сол бір саф қалпын сақтап тұр. Әрине, мұны шын өнерді бағалайтын жандар жақсырақ біледі. Біздің әңгімеміз Қазақ КСР Халық суретшісі, қазақ сурет өнерінің сардары Молдахмет Кенбаевтың шоқтығы биік бір туындысы хақында. Бүгінде Көктөбенің төрінен орын тепкен «Қолына кәдесый ұстаған қыз» («Сұлушаш») мозаикасы келген мейманның көзіне бірден оттай басылады. Ол бұл жаққа қалай келді? Кім әкелді? Ол өз алдына бір тарих.

«Қолына кәдесый ұстаған қыз» («Сұлушаш») 1970 жылы Ленин (қазіргі Достық) даңғылындағы үйлердің бірінің қасбетіне салынған. Ал осы үйдің бірінші қабатында кәдесыйлар сататын «Қазақстан» деген дүкен болыпты. Ол кезде суретшінің ұлы Алпамыс Кенбаев небәрі 12 жаста болған екен. Суретшінің ұлы 2005 жылы Достық көшесінің бойымен келе жатқанда, жұмысшылардың әкесінің мозаикасын балғамен сындырып жатқанын кездейсоқ көріп қалады. Әкесінің көз майын тауысып жасаған еңбегін керек қылмай, бұзып жатқанына жаны күйіп, жанұшыра құрылысшыларды тоқтатады. Мозаика кезінде әйгілі «Қазақстан» қонақүйінің алдында  тұрған екен. Кейін оны кәсіпкер Еркін Қалиев сатып алған. Туынды «Ақ ерке» балалар шипажайында 10 жыл тұрған. Кәсіпкер кейінірек оны Көктөбеге тарту еткен екен.

– Бұл – 2005 жылы болған оқиға. Ойымда ештеңе жоқ, Достықтың бойымен жайбарақат келе жатқанымда, құрылысшылардың әкемнің туындысын балғамен ұрып сындырып жатқанын көріп жаным ауырып кетті. Жүгіріп барып, жанжал шығарып, әзер тоқтаттым. Сөйтіп, панноны шешіп, үйге алып кеттім. Олар мозаиканың екі плитасын құртып үлгеріпті. Өзім суретші болғандықтан, әр тасын жинап, қайта қалпына келтірдім, – дейді Алпамыс Кенбаев.

Мозаиканы қос шебер суретші Молдахмет Кенбаев пен суретші Николай Цивчинский жасаған. Бір замандары қала көркіне сән берген таңғажайып туындылардың бірқатары, өкінішке қарай, жойылып кеткен.

Алпысыншы жылдары Кенбаев Цивчинскиймен бірге Мәскеудегі «Қазақстан» кинотеатрының және Донецкідегі Металлургтер сарайының панносын жасаған. 1966 жылы «Алматы» қонақүйінің қасбетіне «Еңлік-Кебек» панносы (үйдің қабырғасына, төбесіне өрнектеліп, әшекейленіп салынған сурет) салынған. Бұл Алматыдағы алғашқы монументалды жұмыстардың бірі болды. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл панноның өңі еш бұзылмаған.

– Мозаика жасау – өте ұзақ жұмыс. Оны кез келген адамға үйретуге болады, алайда іш пыстыратын процесс болғандықтан, көп адам шыдай бермейді, – дейді Алпамыс Кенбаев. – Мозаика негізінен смальтадан (түрлі-түсті шыны тас) жасалады. Смальта өте қымбат тұрады. Оны арнайы Санкт-Петербургтен және Италиядан алдырамыз. Алғашқысының сапасы нашарлау, ал Италиянікі қымбатырақ, – дейді ол.

– Мозаика технологиясы өте күрделі. Алдымен эскиз жасалады, содан кейін ол табиғи өлшемге (картонға) ауыстырылады. Содан кейін сызбаны белгілі бір шаршыларға бөлесіз. Сосын шаршыларға смальта төсейсіз. Ол үшін ең әуелі смальтаны балғамен және қашаумен кішкене текшелерге бөлу керек. Содан кейін бұл текшелерді түсі бойынша кесіп алып, кейін барып оларды сызба бойынша бетонмен құйып шығасыз. Плиталарды бекіту үшін жақтау жасайсыз. Мозаика құрғаған кезде, оны темір щеткалармен тазалайсыз. Қысқасы, жұмыс барысы кәдімгідей төзімді қажет етеді. Мозаика кафель емес, ол ұзақ уақытқа шыдайтын зат. Ядролық соққы болмаса, бұл бірнеше ғасырға жетеді, – деп түсіндірді Алпамыс Кенбаев.

Оның айтуынша, Көктөбеде әкесінің бұдан басқа да мозаикалық туындылары бар. Молдахмет Кенбаев бір кездері киіз үй түріндегі үш мейрамхананың жобасын жасаған. Кезінде үш киіз үйдің төбесі де смальтамен безендірілген. Кейін олар заманауи, бірақ төзімділігі төмен материалға ауыстырылған екен.

Бір кездері Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының жанындағы саябақта орналасқан «Қарлығаш» кафесі Молдахмет Кенбаевтың мозаикасымен безендіріліпті. Алайда ғимарат тоқсаныншы жылдары толығымен өзгертіліп, мозаика жойылған. 1971 жылы М.Кенбаев пен Н.Цивчинский қазіргі Абай даңғылының бойында орналасқан «Неке сарайының» дизайнымен де айналысқан. Шеберлер сарайдың ішкі интерьеріне де күш салған. Өкінішке қарай, олар ғимараттың жаңартылуына байланысты сақталмай қалған.

– Неке сарайының жобасы бір суретшінің ұсынысымен жойылды. Бұл жағдай әкемнің көзі тірісінде болды. Әкемнің істегені өнер емес деген мақала жариялап, сосын қабырғаларды сырлап тастады. Шынын айтқанда, бұл марқұм әкемнің өмірінің 15 жылын алып кетті-ау. Ол кезде қатты уайымға салынған еді, – дейді суретшінің ұлы.

Молдахметов пен Цивчинский ұзақ уақыт бірге жемісті еңбек еткен. Алматыда тұрсаңыз немесе қонақ боп келсеңіз, қос шебердің қолтаңбасынан шыққан туындыларды «Royal Tulip» қонақүйіне қарама-қарсы аялдамадан, сондай-ақ ҚызПУ аумағынан көруге болады. Қаланың шырайын ашып тұрған өнер туындылары кім-кімнің де қызығушылығын тудырары сөзсіз.

– Өзгеріс кезінде, заман жаңарған сайын өнер адамдары зардап шегеді. Әсіресе, ақын-жазушылар, суретшілер. Адамдар нанға ақша таппай, күнкөріс қамын күйттеп жүргенде, олардың еңбегі сұранысқа ие болмай қалады. Күнкөріс бірінші орында болған жерде өнер өркендемейді, – деп күрсінді Алпамыс Кенбаев.

P.S. Қазақта «Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр» деген аталы сөз бар. Дәл осы сөзді өнерге қатысты қолдансақ, артық болмайды деп ойлаймыз. Қай кезде де, әрқашан ескінің орнын жаңа басатыны ақиқат. Алайда бұл өткенді мүлде сызып тастау дегенді білдірмесе керек. Ұрпақтар арасындағы мәдени сабақтастық өнерде көрініс табады десек, мұндай әрекеттер өнер адамына, ұлы өнерге жасалған қиянат емес пе?! Ал өліге иман, тіріге береке тілеген қазақ әрдайым өткенге құрмет көрсеткенін бір сәт естен шығармаған абзал.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

681 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз