Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 23 Мамыр, 2022

Әлемде “маймыл шешек” деп аталатын ауру тарап жатыр

Әлемде жаңа инфекция таралып жатыр.  Маймыл шешек деп аталатын індет бүгінде 12 елде анықталып, қауіпті вирусты 80 адам жұқтырған. Ауру АҚШ, Австралия, Перу, Ұлыбритания мен Еуропа елдерінде көбейіп,ел дүрлікті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыған алаңдайды. Бұл қандай жұқпалы дерт, оның адамзат үшін қаупі қандай? Аты айтып тұрғандай, негізінен маймылдардан, кей жағдайда ұсақ сүтқоректі жануарлардан, кейін адамнан да жұғысу немесе тамшылар арқылы дем шығарғанда жұғады. Дене қызуы көтеріліп, әуелі бас пен бұлшықет ауырады. Үшінші-төртінші күні бет, қол, сосын бүкіл дене бөртіп кетеді.

Негізі маймыл шешек ауруы Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында жиі кездеседі. Дей тұрғанмен бұл дерт өркениетті елдерге де таралуда.

Маймыл шешек дерті бұрыннан бар. Бұрын ол адам өміріне аса қауіп тудырмайтын, алайда медицина ғалымдары «қазіргі вирустың қалпы өзгеше», деп алаңдап отыр. Оксфорд университетінің Пандемия ғылымдары институтының директоры, профессор Питер Хорби: «Біз мүлдем жаңа жағдайда тұрмыз, бұл вирус бізді таңғалдырып отыр. Тез арада қажетті шара қолданбасақ, өте қауіпті», дейді. Маймыл шешекпен ауыратын науқастарды емдеген доктор Хью Адлер де «Бұл біз бұрын көрген маймыл шешек емес», деп әріптесінің сөзін растады.

Ұлы­бри­танияда алғашқы жағдай осы жыл­дың 7 мамырында тіркелген еді. Ұлы­британияның денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид қазірде 20 жа­ғ­дай анықталғанын хабарлады. Ұлы­британия билігі елді шешек ауруына қарсы вакцинамен қамтып жатыр. Екпе маймылшешек инфекциясының «жо­ғары деңгейі» бар адамдарға егіле бастаған. Сонымен қатар жергілікті El País газеті Испанияның денсаулық сақтау органдары індетпен күресу үшін мыңдаған екпе сатып алғанын жазды. Ал Виктория денсаулық сақтау депар­таменті Аустралиядағы алғашқы жағдай Ұлыбританияға барғаннан кейін ауырып қалған ер адамда болғанын мәлімдеді.

Медицина ғалымдары вирустың атына сай тек маймылдардан ғана емес, жабайы жануарлар, кеміргіштерден жұғатынын айтады. Дертке шалдыққан науқастардың терісінде бөртпе пайда болып, сулы көпіршіктерге айналады, кейін қыртыстана бастайды деп сипаттады дәрігерлер. Аурудың басты белгілері дене қызуы, бас ауруы, ісіну, бұлшықет ауыруы және шаршау. Дертпен күресу 14 күннен 21 күнге дейін созылады.

«Маймыл шешегіне қарсы ар­на­йы вакцина жоқ, бірақ жалпы шешек ауруы­на қарсы егілетін екпе дерт­тен 85% қорғайды, өйткені екі вирус өте ұқсас. Қалай болғанда да бұл ауруды жұқ­тырудың жаңа жағдайлары тіркеле бере­ді. Өйткені ол жұқпалы», деп мәлім­деді Лондон медицина мектебінің профессоры Джимми Уитворт.

Деген­мен ғалым өзге медицина ғалымдары­ның күдігін сейілтіп отыр.

«Бұл дертті COVID-19 індеті­мен салыстыруға болмай­ды. Май­мыл шешек ауруы жаңа вирус емес, бұрын­нан белгілі. Біз оның емдеу әдістерін біле­міз, шешекке қарсы вакцина бар. Бұл негізінен жеңіл ауру, бірақ ол бала­лар, жүкті әйелдер мен иммундық жү­йесі әлсіз адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін», деді Джимми Уитворт.

Деген­мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының Еуропадағы аймақтық директоры Ханс Клюге: «Жазғы маусым қашанда қауіпті. Әсіресе жаппай жиналыс, фес­тиваль, түрлі кештер кезінде вирусты жұқтыру деңгейі жоғары. Әл бермей кетуі мүмкін», деп ескертеді.

Айта кетсек, маймыл шешек атап өткеніміздей, Еуропа елдерінде анықталып жатыр, әзірге Азия, Орта Азия елдеріне жете қойған жоқ. Дегенмен сарапшылар қазіргі дүние жүзі елдеріне саяхаттайтын адамдардың көп екенін айтып, сақ болуды ескертеді. Өйткені дертке шалдыққан еуропалықтар індеттің нағыз таралған ошағынан емес, жұқтыру қаупі нөлдік көрсеткішке тең жерлерде жұқтырған.

Фото ашық дереккөзден

1059 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз