Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 25 Мамыр, 2022

Ақтауда шахматтан ҚР чемпионатының жартылай финалы аяқталды

Ақтауда шахматтан ерлер мен әйелдер арасында ҚР чемпионатының жартылай финалы аяқталды. Жеті күнге созылған жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 67 ер, 26 әйел шахматшы қатысты.

ҚР Шахмат федерациясы және «Дебют» шахмат мектебінің бастауымен өткен жарыс Ақтауда үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.

- Чемпионаттың қатысушылары 9 тур ойнады. Әр турда ойыншыларға ойлану үшін 90 минут берілді және әр жүрістен кейін тағы 30 секунд қосылып отырды. Орта есеппен әр ойын 4 сағатқа созылды, - деді «Дебют» шахмат мектебінің директоры Анвар Шайхымов.

ҚР чемпионатының жартылай финал қорытындысы бойынша ерлер арасында Шымкент қаласының шахматшысы, ФИДЕ шебері Әбілқайыр Әбілмансұр 1-орын алса, 2-орынды Павлодар қаласының спортшысы, шахматтан халықаралық спорт шебері Константин Казаков, ал қола жүлдені Ақтөбе қаласының спортшысы, шахматтан халықаралық спорт шебері Арыстанбек Ұразаев еншіледі.

Ал, Маңғыстау облысынан қатысқан 12 жасар Эдгар Мамедов 7 және 11 орын аралығындағы ерекше нәтиже көрсетті.

Әйелдер арасында 1-орынды Шымкент қаласының шахматшысы Сұлтанбек Зейнеп, 2-орынды Алматы облысынан келген Қалиахмет Елназ алса, 3-орын Қарағанды қаласының спортшысы Папандопуло Кристинаға бұйырды.

«Дебют» шахмат мектебінің директоры Анвар Шайхымовтың айтуынша жүлделі орындарға ие болған алты шахматшы қазан айында Ақтау қаласында өтетін суперфиналға жолдама ұтып алды.

- Маңғыстау облысы шахматтан ел біріншілігінің жартылай финалын үшінші рет қабылдап жатыр. ҚР чемпионатының финалын өткізу құқығы да бізге бұйырып отыр. Финалда бәсекелестік жоғары деңгейде болады. Себебі еліміздің ең мықты деген шахмат шеберлері келеді, - деді Анвар Шайхымов.

555 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз