Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 25 Мамыр, 2022

Бас прокуратура саяси қуғындауға байланысты 2 млн құжатты құпиясыздандырып жатыр

2020 жылдың қараша айында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық комиссия құрылып, іске кіріскен болатын. ҚР Білім және ғылым министрлігі ҚазАқпарат агенттігінің редакциялық сауалына жолдаған жауабында сол уақыттан бері тындырылған шаруаның ең сүйекті дегендеріне тоқталыпты.

Бұған дейін аталған комиссияның кейбір мүшелері БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын да, жалпы өткен ХХ ғасырды түгел қамтитынын айтқан болатын. Шын мәнінде комиссияның жұмысы қамтитын кезең қатаң регламенттелген болып шықты.

«Мемкомиссияның негізгі міндеті – 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық, заңды және саяси ақтау», - деп жазылған министрлік жауабында.

Яғни, бұл комиссияның 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия екенін түсіну маңызды.

Жалпы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бұл мәселеге екінші рет мемлекеттік деңгейде бет бұрып отыр. 1993 жылғы 14 сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы» Заң қабылданып, бірталай адам ақталған болатын. Бірақ ол кезде шаруалар көтерілісі, бай-кулактарды жою, олардың мүліктерін тәркілеу және күштеп отырықтандыру, жаппай коллективизациялау, 1920-33 жылдар аралығындағы саясатқа қарсы көтерілген халыққа және дін өкілдеріне қатысты жаппай жазалау салдарынан құрбан болғандар аталған заңнан тыс қалған еді. Сол олқылықтың орнын толтыру бұл жолғы мемлекеттік комиссия жұмысының негізгі бағыты болып белгіленген.

Комиссияның жұмысы қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Сауалымыздың бұл тұсына нақты жауап берілмегендіктен, болжап немесе нақты кесіп айту қиын. Алайда, комиссия жұмысының қорытындысы бойынша «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Заң жобасы әзірленіп, ҚР Президентіне мемкомиссияның жұмысы туралы баяндама дайындалуы керек.

Бүгінде мемлекеттік комиссия ақтауға жататын азаматтардың 11 санаты бойынша топ-топқа бөлінген. Сондай-ақ, екі кіші комиссия бар. Оның бірі саяси-қуғын сүргін құрбандарын заң тұрғысында ақтау мен есімдерін ұлықтау бойынша әдістеме дайындауға жұмылдырылған. Ал екіншісі саяси қуғын-сүргін жөніндегі жабық архив қорларын жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру бойынша құрылды. Бұл жұмыс тобының құрамына ҚР Ұлттық ғылыми академиясының академиктерінен, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдарынан құралған 69 адам тартылды.

Ал 17 өңірде мәслихат депутаттарының, ғалымдардың, өлкетанушылардың қатысуымен консультативтік-кеңесші органдар форматында өңірлік комиссия құрылып, олардың құрамына 265 ғалым алынды. Тіпті Қостанай облысындағы комиссия құрамында ерікті негізде ақысыз жұмыс істеуге ниет білдіргендер бар көрінеді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, 2021-2022 жылдар аралығында азаматтардан туыстары мен ата-бабасын ақтау бойынша 156 өтініш түскен. Оның 42-сі қанағаттандырылса, 114 өтініш бойынша әлі іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

Былтыр мемлекеттік комиссияның өкілдері ел аумағында архив материалдарын жинау үшін 30 ғылыми-іздестіру іссапарына шыққан. Нәтижесінде архив құжаттарының 268 715 кадры жиналды. Олар кейін құжаттар жинағы ретінде көпшілікке қолжетімді болмақ.

«Сонымен қатар, ғалымдар 2020-2021 жылдары Мәскеу мен Киев архивтерінде үлкен жұмыс атқарды. Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінде КСРО-ның еңбекпен түзеу лагерлерінің тарихы бойынша, соның ішінде ҚазКСР аумағында орналасқан лагерлер бойынша архив құжаттары анықталып, зерделенді.

Қазіргі уақытта, еліміздің және шет мемлекеттердің (Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және т.б.) әртүрлі мұрағат қоймаларынан келіп түсіп жатқан архив материалдарының мәтіндерін терудің белсенді процесі жүріп жатыр. Өкінішке қарай, жаһандық қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты ғалымдардың шетел архивтеріне іссапарлары толықтай жүзеге асырылмады», - деп жазады вице-министр Қуаныш Ерғалиев.

Министрдің жауабында елдің бүкіл өңірлерінде бұған дейін ақталмай қалған жаңа есімдерді анықтау үшін экспедициялар ұйымдастырылғаны айтылғанымен, нақты нәтижесі туралы мәлімет ұсынылмаған. Яғни, бұрын ақталмай, көлеңкеде қалған адамдардың тізімін 1,5 жылдан астам уақыттың ішінде нақтылау мүмкін болмаса керек.

Тек қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды топтастырып жерлеген 82 орын анықталғаны ғана айтылған. Жамбыл облысында осындай орындардың 3 картасы жасалған көрінеді.

Қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірыңғай республикалық деректер базасы сақталатын арнайы сайт әзірленіп жатыр.

«Осы сайт негізінде ХХ ғасырдың 20-50 жылдар арасында қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың барлық санаттарын (бай-кулактар, орташалар, депортацияланған халықтар, арнайы қоныс аударушылар, дін қызметкерлері) қамтитын жүйелендірілген электрондық деректер базасы ұсынылады. Бұл жұмыс ағымдағы жылдың мамыр айында аяқталады және интернет ресурстарда жалпыға қолжетімді болады», - деп жазылған ведомство жауабында.

Саяси сүргінге ұшырағандардың құжаттары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің арнайы архивтерінде құпия режимде сақталып келген еді. Мемлекеттік комиссия жұмысының аясында сол құжаттарды құпиясыздандыру процесі басталды.

«Бүгінде құпия құжаттардың сақталу мерзімінің аяқталуына байланысты құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде ҚР Бас прокуратурасы 2 миллионнан астам құжат, ІІМ арнайы архивтерінде 2 190, ҰҚК арнайы архивтерінде 333 архив ісі және 1937-1938 жылдардағы КСРО Ішкі істер халық комиссиариатының 7 нормативтік құқықтық актісі құпиясыздандырылды. Қазіргі уақытта өңірлік комиссиялардың мүшелері ҚР Бас прокуратурасы, ҰҚК, ІІМ, Қорғаныс министрліктерінің жабық архив қорларымен әлі де жұмыс істеп жатыр», - делінген ресми мәліметте.

Мемлекеттік комиссияның жұмысы нәтижесінде Президентке ұсынылатын баяндама мен Заң жобасынан басқа қандай ресми құжаттар қабылдануы мүмкін? Вице-министр Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, әр жұмыс тобының жетекшілері зерттеу қорытындысын дайындайды. Ол қорытындыға міндетті түрде құқықтық сараптама жасалуы керек. Ал құқықтық сараптамада ақталуға жататын, «қуғын-сүргін құрбаны» деп тануға болатын санаттар көрсетілмек.

Негізгі деректер

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысы 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамтиды. 2021-2022 жылдары азаматтардан туыстары мен ата-бабасын ақтау бойынша 156 өтініш түскен. Оның 42-сі қанағаттандырылса, 114 өтініш бойынша әлі іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

2021-2022 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарын топтастырып жерлеген 82 орын анықталды. Жамбыл облысында осындай орындардың 3 картасы жасалған.

1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық, заңды және саяси ақтау жұыстарының аясы н да ҚР Бас прокуратурасы 2 миллионнан астам құжатты, ІІМ 2 190 құжатты, ҰҚК 333 архив ісін құпясыздандырған. Сондай-ақ, 1937-1938 жылдардағы КСРО Ішкі істер халық комиссиариатының 7 нормативтік құқықтық актісінен «құпия» грифі алынды.

 

675 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз