Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 25 Мамыр, 2022

«Серпін-2050»: артықшылығы мен кемшілігі

Сүлейман Демирел университетінде Data журналистика пәні оқытылады. Бұл сабақта студенттер деректермен жұмыс істеп, оларға анализ жасауды меңгереді. Асхат Еркімбайдың жетекшілігімен СДУ магистранттары бірқатар тақырыпты зерттепті. Соның ішінде Айшабибі Гиниятова мен Жанар Ғаниқызы «Серпін-2050» бағдарламасының артықшылығы мен кемшілігін таразыға тартқан екен.  Болашақ зерттеушілердің алғашқы жұмысын газет бетінде жариялауды жөн көрдік.

Солтүстік өңірде маман тапшылығын азайту бағытында «Серпін» бағдарламасы іске қосылғанымен, ондағы педагогтар тапшылығы азаймай тұр.

2014 жылдан бастап сол кездегі мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен жастарға арналған мемлекеттік «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы ашылды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – еліміздің еңбек ресурстары мол өңірлеріндегі жастарды кадр тапшылығы бар өңірлерде оқыту әрі жұмыспен қамтама-сыз ету. Бағдарлама Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының жастарын қарастырады. Жоба 14 облысты қамтығанымен, олардың 9-ы қабылдаушы, ал 5-еуі жіберуші өңір. 

«Серпін» бағдарламасы бойынша жыл сайын 6200 грант бөлінгенімен, еліміздің солтүстігінде мұғалімдер жетіспеушілігі толастамай тұр. 2020 жылы 4000 түлек ауыл квотасымен грант жеңіп алған. Бірақ, солтүстіктегі өңірлерге жіберілмеген. Солтүстік Қазақстан өңіріндегі мектепке дейінгі педагогтердің тапшылығы бұл бағдарламаның жоспарға сәйкес келмеуін көрсетеді. Бағдарлама бойынша оқу бітірген жастардың тек бестен бір бөлігі ғана солтүстік өңірде жұмыс істеп жатыр.

Бағдарламаның тиімсіз болуының себебі бірнешеу. Біріншіден, жас мамандарға тиісті дәрежеде жағдай жасалмаған. Мысалы, Мағжан Қамытбек 2020 жылы Семей қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзі Түркістан облысы Қасқасу ауылының тумасы. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 78 ұпай жинаған. Ата-анасы қарапайым шаруа болғандықтан, Шымкентте ақылы оқытуға шамасы жетпеген. Сол себеп-ті, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасына сүйеніпті. Төрт жыл тегін білім алып, тіпті академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Польшада жарты жыл оқыған. Талап бойынша, Солтүстік өлкеде қалып, үш жыл еңбек етуі керек. Алайда, оқуын бітірген соң жұмыс таппай қиналғанын айтады. Жат жерде тұрғын үй мәселесі де жығылғанға жұдырық болды дейді. Үш-төрт ай ізденістен соң колледждердің біріне оқытушы болып орналасқан. Айтуынша, жалақысы өте төмен. Жас маман ретінде 70 мың теңге тағайындалған. Күнкөріс қиындаған соң, бір жылдан кейін туған өлкесіне оралыпты. Қазір Шымкенттегі мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейді. Енді оқуының ақшасын,  яғни бір миллион теңгеден астам қаржыны мемлекетке қайтаруы керек. Мұндай күй кешіп отырған тек Мағжан емес. Оның бірге оқыған он досының тек үшеуі қазір Солтүстікте қалған, қалғаны Түркістан облысына оралыпты. Басты себеп  – диплом алған соң жұмысқа тұрудың қиындық тудыруы. Олар мемлекет ешқандай жолдама бермейді деп отыр.

– Оқуды аяқтаған соң Семейде қалып жұмыс істеймін деген жоспар болды. Айыппұл арқалағым келген жоқ, әрине. Бірақ жұмыс таппай, табыссыз жат жерде өмір сүру қиын боп кетті. Мемлекет тарапынан не жұмысқа жолдама, не қаржылай көмек болған жоқ, – дейді ол.

«Серпін» бағдарламасының жетекшісі Рүстем Бейшов жұмысқа орналастырылған жас мамандарға бастапқыда 30 АЕК көлемінде ақшалай көмек көрсетілетінін алға тартты. Бұл – мемлекеттің жас мамандардың тұрғын үйі мен коммуналдық қызметіне беретін ақшалай көмегі. Бірақ неге бұл қаражат кей жастарға берілмегені түсініксіз.

Оқуды жаңа тәмамдаған мамандарды жұмысқа орналастыру кезінде қойылатын талаптар бар. Егер жас маман қалалық деңгейдегі елді мекенде жұмысқа орналасса, ең аз дегенде 180 мың теңге жалақы алуы қажет. Ал ауылдық жерге орналасса, жалақысы 230 мың теңгеден жоғары болуы керек.

«Жұмыспен барлық түлек қамтамасыз етіледі. Жұмыс жоқ дегенге келіспеймін. Барлық жағдай жасалып жатыр. Қазіргі жастар еркіндікті ұнатады. Ауылдық жерде жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан туған жеріне тезірек оралуға асығады. Мысалы, Қостанай облысында шамамен 400 мыңдай адам болса, оңтүстіктегі Мақтаарал ауданында 300 мыңға жуық адам тұрады. Керісінше, солтүстік өңірлерде жұмыс бар, бірақ мамандар тапшы», – дейді Рүстем мырза.

Туындаған сұрақтар мен қос тараптың көрсетілетін көмекке қатысты сұрағына, бұған қоса бағдарламаның тиімділігіне қатысты сауалдарға жауап беруге тиіс мамандар бас тартты. New.serpin.kz сайтында көрсетілген нөмірге хабарласқанымызда басшылық түгілі, қарапайым мамандардың өзі  бірде-бір сауалға жауап бере алмады.

Осы ретте Түркістан облысында мектепке дейінгі педагогтер саны ең көп, ал солтүстіктегі мектепке дейінгі педагогтер саны ең аз болып тіркелгенін айта кету керек. Сандарды сөйлетсек, 2021 жылғы ақпаратта, солтүстіктегі педагогтер саны оңтүстікпен салыстырғанда 6 есе аз. Екінші себеп өңірлердегі демографиямен де байланысты болуы мүмкін. Өйткені мектепке дейінгі ұйымдарда бала саны аз болса, сәйкесінше, ондағы педагогтер саны да аз. Халықтың табиғи өсімі түсінігі негізінде статистиканы қарастырып көрейік. Мысалы, 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы халық-тың табиғи өсімі 633 болса, Түркістан облысында 48 378 болған.

Үшіншіден, қазір «Серпін-2050» жобасы бойынша оқу орнын бітірген түлектердің тек бестен тен бірі (19%) ғана тиісті кезеңді өтеуде. Деректерге сүйенсек, шарттық міндеттемелердің бұзылуына байланысты 2020 жылы республикалық бюджетке 1,7 млрд теңге аударылған. Әр 5 түлектің екеуі (41%) өтеу кезеңінен босатылған болса, қалған екеуі (41%) өтемейді екен. Бұл – бес түлектің біреуі ғана «Серпін-2050» жобасы бойынша алған грантын өтеп жатыр деген сөз. Жоғарыда аталған себептерге байланысты, солтүстік өңірдегі педагогтер санының аздығы айтылған үш проблемаға әкеліп соғады.

Майра Алмасқызы Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында мектеп мұғалімі болып жұмыс істейді. Айтуынша, «Серпін» бағдарламасының түлектерімен қызметтес болған. Ұжымға келген ұстаздар көбінесе амалдың жоғынан солтүстікте қалған сияқты көрінді дейді. Солтүстік өңір мен Оңтүстіктің айырмашылығына үйренісе алмауының себебін олармен тиісті деңгейде тәрбие жұмысы жүргізілмеуінен көреді. Сол себепті, бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін тек жұмыс орны мәселесін емес, көлеңкелеп қалған тәрбие жұмысына ден қою керек деп есептейді. Осы тұста  Рүстем Бейшовтың аталған бағдарламаны жақсарту үшін не істеу керек екенін сұрап көрген едік.

– «Серпін» бағдарламасын дамыту үшін мемлекеттен әлі де қолдау қажет. Біз биыл Сенат депутаттарына ұсыныс жасадық. Қызылорда, Шымкент, Түркістан өңірлерінен солтүстік өңірлерге келетін тікелей жол ашылса, өте жақсы болатын еді. Қазір  тікелей жол қатынасы қиындау. Екіншіден, жаңадан бітірген түлектерге берілетін ақшалай көмектің бағасы көтерілсе екен. Түлектерді пәтермен қамтамасыз ету керек. Себебі, «Серпін» бағдарламасы оқуға барлық жағдай жасағанымен, кейін бітірген соң, тұратын жері мен күнкөрісі қарастырылмаған. Меніңше, оларға көмектесетін тағы бір бағдарлама ашылуы керек. Немесе осы бағдарламамен оқыған студенттерге аз пайызбен үй алуға болатын көмек қажет. Осы кемшіліктері қарастырылса әрі соңына дейін жүзеге асырылса, «Серпін» өте керемет бағдарлама болайын деп тұр, – дейді Бейшов.

Айта кету керек, 2021 жылдың басында грантты өтеу туралы талаптар жеңілдетілді.  2021 жылғы деректерге сүйенсек, министрлік «Серпін» бағдарламасы түлектерінің еңбекпен өтеу мерзімін үш жылдан екі жылға дейін азайту үшін  Білім туралы заңға өзгерістер енгізуді жоспарлаған болатын. Енді жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін түлектер мамандық бойынша тиісті кезеңді тек мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да өтей алады.  

Осы оқу жылында Қазақстан бойынша бөлінген мемлекеттік гранттардың 35%-ы «Серпін» бағдарламасына тиесілі. Оның 500 гранты А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне бөлінді. Көбі педагогикалық мамандықтар. Педагогикалық мамандықтарға 75 балмен, ал техникалық мамандықтарға 50 балмен грантқа түсуге болады. Рүстем Бейшов те биыл көптеген кәсіпорын, мекемелермен келісімшартқа отырғандарын айтты.

«Ұлан» газеті, №20
24 мамыр  2022 жыл

2871 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз