Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 25 Мамыр, 2022

Азамат Мақажанов: Серік Теміржанов менің арманымды орындады

Кейінгі кездері Павлодар боксында жаңа өрлеу бар. Былтыр Серік Теміржанов Кереку өңірінен алғаш болып Токио Олимпиадасына қатысты. Бұрын-соңды бұл аймақтың бірде-бір боксшысы төртжылдықтың басты додасына бармаған. Одан кейін дәл осы Серік Теміржанов әлем чемпионатынан күміс жүлде алды. Бұл да Павлодар облысы үшін әлем біріншілігіндегі алғашқы медаль. Осы ретте бокстан Павлодар облысының аға бапкері Азамат Мақажанов барлығы қалай басталғанын айтып берді.

– Азамат, Павлодар боксында үлкен прогресс байқалады. Нәтижелерді көріп отырмыз. Аз уақыттың ішінде осындай көрсеткішке қалай жеттіңіздер?

– Барлығы 2009 жылдан басталды. Бізге сол кезде сенім артты. Бірінші кезекте боксты, спортты жақсы көретін азаматтардың арқасы. Олар Павлодар боксының дамуы үшін қаржы салды. Сөйтіп, алғашқы қадамдар жасалды. Мұндай қолдаудың арқасында бүгінгі жетістікке жетіп отырмыз. Бірінші кезекте облыстың боксын он жыл басқарған Шухрат Данбайдың еңбегі ерен. 

– Облыста федерация басшылығы ауысты. Қазіргі бокстың дамуы қалай болып жатыр?

–  Серік Теміржановтан басқа да мықты боксшыларымыз жетерлік. Ел чемпионатында және халықаралық турнирлерде оза шауып жүрген Қуан Қуатов, Аятолла Тәкежанов, Бауыржан Байғоншеков бар. Сонымен қатар жастар да өсіп келеді. Ерболат Сабыр былтыр Польшада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында финалға дейін жетті. Жақында оқушылар арасындағы әлем чемпионатынан екі жерлесіміз жүлде әкелді. Осыдан он жыл бұрын жолға қойылған жүйе жемісін беріп жатыр. 

–  Сіздерде кезінде қаржымен қызықтырып, өзге өңірдің боксшыларын Павлодарға шақыруға болар еді ғой. Бірақ басқа жолды таңдадыңыздар.

–  Өте дұрыс айтып отырсыз. Ол кезде бізде басқаларды шақыруға қаржылық мүмкіндігіміз мол еді. Алайда басқа жолды таңдадық. Алдымен білікті бапкерлерді шақырдық. Көп уақытты қажет етсе де, таланттарды өзіміздің өңірден іздедік. Жеңіл жолмен жетістікке жетуге ұмтылмай, өз балаларымызды дайындадық. 

–  Былтыр Павлодар боксы үшін табысты жыл болды. Серік Теміржанов Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, Токио шаршы алаңында жұдырықтасты...

–  Бұл менің арманым болатын. Өзім кезінде боксшы ретінде Олимпиадаға барғым келді. Павлодар облысының боксшысының барғанын қалайтынмын. Енді бізге бұйырмаған бақты Серік Теміржанов орындады. 

–  Олимпиададан кейін қазақ боксына қатысты халықтың наразылығы күшейді. Жиі сын айтыла бастады. Сол кезде пікірлерді оқу қиынға соқты ма?

–  Негатив көбейді. Пікір-лерді білеміз. Есесіне, әлем чемпионатына басқа көңіл-күймен бардық. Өзімізді дәлелдеуге тырыстық. Мақсатымыз орындалды. 

–  Сербияда Серіктің, әсіресе, кубалық боксшыны жеңуі көпшіліктің есінде қалды...

–  Белградтағы әлем чемпионатында Теміржанов алты жекпе-жек өткізді. Ол басқалармен салыстырғанда шаршы алаңға көбірек шықты. Екі апта бойы концентрацияны ұстап тұру оңай емес. Жекпе-жектер де оңайға соқпады. Жартылай финалда кубалық Освель Гарсия Кабальеромен жолымыз түйісті. Барлық раундқа күшімізді есептеп, тактикалық тұрғыда жеңіске жеттік. Оның  алдында спарринг болған. Соның да пайдасы тиді.

–  Өкінішке қарай, финалда Теміржанов қарсыласына жол берді. Не жетіспеді?

–  Негізі тең жағдайдағы бокс. Америкалық Джамал Харви – жас боксшы. Белсенді қимылдап, тізгінді өз қолына алуға тырысты. Соның арқасында чемпион атанды деп ойлаймын. Бәлкім, біз тактикалық жағынан қателескен шығармыз. Келесіде ондайға мүмкіндік бермейміз. 

–  Бүгін Сағадат Нұрмағам-бетовті еске түсіруге арналған турнир Армия спорт клубының залында өтіп жатыр. Бұл кешен сізге жақсы таныс шығар?

–  Әрине, керемет кездер еді. Осы залда жұдырықтастым. Сағадат Нұрмағамбетов турнирінде топ жарған сәттерім де бар. Әскери салада қызмет етіп жүрген тұста алғаш болып әскерилер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеттім. Сондықтан ол уақытты сағынышпен еске аламын.

– Қытайдағы жазғы Азия ойындары келесі жылға шегерілді. Бұл жаңалық қалай әсер етті? Соққы болған жоқ па?

– Олай емес. Маған Токио Олимпиадасының шегерілуі ауыр болған еді. Сондықтан тәжірибе бар. Серік Теміржанов та біледі. Біз жыл басынан бері дайындықты бастап кеткенбіз. Жоспарланған оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Таиландқа бардық. Өйткені Азия ойындарына дайындалу үшін сары құрлық елдерінің боксшыларымен спарринг өткізіп тұрған дұрыс.  

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №20
24 мамыр  2022 жыл

498 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз