Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Мамыр, 2022

«Не істедің?» демеңіз, «күнің қалай өтті?» деп сұраңыз

Апайға дауыс көтеріп, қызға қол жұмсаған жігіттер туралы жиі оқитын болдық. Ол жігіттің анасы, әпке-қарындасы бар емес пе? Психолог Шұғыла Дуанаевамен әңгімеміз «Ұл балаға қалай дұрыс тәрбие береміз?» – деген сұрақтан басталды.

– Бес-алты жасқа дейін ұл, қыз деп бөлмейміз. Ана мен бала арасындағы тығыз байланыс жеті жасқа дейін жалғасады. Ереже бойынша ананың балаға беруі керек тәрбиесі бар. «Сүйіктімін бе? Мені жақсы көресің бе? Мен сен үшін қаншалықты маңыздымын?». Осы сұраққа жауапты анасынан алуы керек. Толық жауап алса, одан ары өмір сүру деңгейі осыған байланысты.

Ұлдың өміріндегі ең бірінші әйел бейнесі –  анасы. Азамат ретінде бейнесін анасының көзінен көре алуы керек. «Болашақта мен қандай азамат боламын?» дегенді ұл бала анасынан көреді. Нәзік, қыз сияқты қарайтын болса, ол өзін солай сезінеді. Әйел адаммен қандай қарым-қатынас жасау керек екенін де анасынан ала-ды. Егер «қолыңнан іс келетін, мықты жігітсің» деген қолдау болса, ертең кез келген әйелді бақытты етеді.

Ал анасы «қолыңнан түк келмейтін жүрген бір баласың» деген сын мен кері сөзді көп естісе, әйелдерден де сол нәрсені көреді. Оған солай қабылдау дұрыс көрінеді. Ересек өмірде өзіне сенімді, мықты әйел кездессе, жігіт басылып қалады. Өйткені кішкентай кезінде «қолыңнан түк келмейді» деген сөз айтылды. Әйелінің алдында төменшіктей беруі мүмкін. «Өзімді сенің алдыңда мықты сезіну үшін мен не істей аламын?». Әрине, күш көрсетемін! Мен мықтымын! Ер бала мен анасы арасындағы махаббат өте нәзік.

«Мамасының баласы» дегеннен қорқып, ұлды қатал тәрбиелеу керек дейді. Жоқ, ер бала да кішкентай. Анасынан қажет махаббатты алуы керек. «Сен қандай күштісің! Мынаны қалай жасады?» – деп таңғалудың да орны бар. Өйткені, ертең әйелдерден мұндай таңғалуды, мойындауды күтпейді. Өзінің мықтылығына сенеді. Оны дәлелдеуге энергиясын құртпайды.

НОТАЦИЯ ОҚЫМАҢЫЗ!

Баланы шартсыз жақсы көру керек. Ақылды боп, үлкенді тыңдағаны үшін емес, өмірде бар болғаны үшін жақсы көріңіз.  Жақсы көруді тек эмоциямен шектемеңіз. Нақты әрекетпен, сөзбен көрсетіңіз. Баланың өзіне қызығушылық танытыңыз. Мақтау әрекетіне емес, өзіне айтылуы керек. «Не істедің? Қалай істедің? Сабағың қалай? Қандай баға алдың?» – деген сұрақтың орнына, «Қандай сезімде болдың? Жағдайың қалай? Саған ұнады ма?» – деп сұраңыз. 

Арада реніш болса, «меніңізді» тақтан түсіре тұрыңыз. Ашуыңызды басып, «дәл қазір мына кішкентай бала қандай сезімде екен, жүрегі тарсылдап қорқып тұр ма?» деп баланың ішкі күйін түсінуге тырысыңыз. Иә, ашу үстінде мұның бәрін ойлау мүмкін емес... Бала туралы жақсы ойда болыңыз. Бұзық болса, оның өмірлік тәжірибесі өте аз, оған көмек керек. Мен – АНА, ол – БАЛА! Бала жау емес, ол қамқорлығыңызға мұқтаж адам.

Эмоцияны басқару қиын болса, уақытша үзіліс жасаңыз. Барлық ашу-ызаны лақ етіп құя салмау үшін: «Қатты ашуланып тұрмын, сосын сөйлесеміз», – деп алыс кетіңіз. Кешірдіңіз бе, әрі қарай нотация оқымаңыз! Баланың бұрынғы қателіктерін есіне салып, намысына тимеңіз. Кешіре алған жүрек, балаға сене де алсын! Баланың жақсы қырларын үнемі айтып отырыңыз және есіңізде ұстаңыз! Жақсы қасиеті жоқ адам болмайды, балаңыздың бойынан сол жақсыны іздеңіз, ол бар!

Сенімді сезбейді

Ошақтағы от өшіп қалмау үшін жиі ағаш салу керек. Ана мен бала арасындағы сезім де солай. Көңіл аудармай, «сен бұзықсың, ауылға апарып тастаймын» деу дұрыс емес. «Иә, сенің бұл жасағаның дұрыс емес. Маған ұнамай тұр. Бірақ мен сені жақсы көремін. Саған деген ашуымнан өзімнің махаббатымды көрсете алмай тұрмын», – деп айтыңыз.

Анасы ашуланғанда «анамнан ажырап қалдым, мені жақсы көрмей қалды» деген сезім болмауы керек. Бала әрдайым өзін жақсы көретінін білуі керек. Бізге анамыз қанша рет ұрысса да, «анам мені жақсы көреді» деген сенім болатын. Өкініштісі, кей адамдар бұл сенімді сезбейді. Ұрыссақ та, «мына әрекетің ұнамай тұр» деп айту керек. 

«Балаға жүрегім жылымайды». «Оған махаббатымды көрсете алмаймын». «Әдейі ашуымды келтіру үшін жасай-ды». Осылай айтатын аналар бар. Бала ешқашан «анама кері әсері тисін» деп жасамайды. Ол туралы жақсы ойда болыңыз. Бала білмеген соң солай жасады деп түсіну керек. Балалық шақтағы травмамыздан баланы жүрекке жақындата алмаймыз. Өзімізге жасалған қарым-қатынасты баламызға көрсетеміз. Бізді қатты еркелетпесе, бауырына баспаса, оны балаға бере алмаймыз. Бұл бітті деген сөз емес. Өзіне деген сенімі арту үшін қамқор ана болуымыз керек.

Қамқор ана бала үшін жауапты. Баланы сыртынан қорғап тұрған қалқан сияқты. Биіктен құласаң, жұмсақ жерге түсетініңді білесің. Дәл сол сияқты бала да қамқорлықты алса, сырттан келетін соққыға анасы берген қамқорлықтан жүрегі мықты болады. Проблеманы шеше алады. Өйткені, қанша құласам да, маған қам-қор болатын қорған бар деп сенеді.

Сенің ойың қалай?

Бізге біреу сын айтса, ойланып қаламыз. «Не нәрсені дұрыс істемей жүрмін?» – деп ойлаймыз. Анда-санда айтылған сөз осылай әсер етеді. Ал балаға күнде сын айтса қалай болады? «Неге олай жасадың? Сен-ақ бүлдіресің де жүресің». Баланың бойында «менде бірнәрсе дұрыс емес, жақсы адам емеспін» деген сезім пайда болады. Бұл ой анамызбен қарым-қатынастан туады. Егер анамыз қамқор болса, бауыр басу сезімін берсе, «менде бәрі жақсы» деген ой болады. Сабақ айтса да, апайына жалтақтап: «Сіздің ойыңыз қалай?» – дейді. «Айтқан жауабым дұрыс болмауы мүмкін» деген ой тұрады. Әрине, адамның қоршаған ортасына сын пікірдің болғаны өте жақсы. Десе де, «менің жауабым дұрыс болмауы мүмкін» деген ой ана мен бала қарым-қатынасында қалыптасқан.

Өзіне сенімсіздік қалай басталады? Көп сын айтып, тыйым салып, ұялтып, намысына тиген кезде... Өйткені, әрбір айтылған сөзді, эмоцияны сүзгіден өткізбей, бейсанасына қабылдайды. «Менің ішкі ойым қате болуы мүмкін» деген ойдан шығады. Баланың сенімін сақтау керек. Бала қателік жасайды, құлайды, жылайды. Өзін кінәлі сезіну сезімін оятпау керек. «Ұялмайсың ба? Не істеп қойдың?» – деп намысына тиюдің қажеті жоқ. Әрине, оңай емес. Десе де, балама қандай қарым-қатынас жасасам зиян немесе пайдалы? Үнемі осы сұрақ тұрсын. Су төгіп алды делік. «Бүлдіргі, жүрген жерің осындай, көзіңе қарамайсың ба?» – деп зекімеңіз. Кешірім-мен қараңыз. Кейде әдейі де жасауы мүмкін. «Қалай ойлайсың, сенің мына әрекетің дұрыс па?» – деп сұраңыз. Баланың іштей ойлануына мүмкіндік жаса-ңыз. Осы сұрақты қою арқылы баланың ересек ретінде ойлана алу қабілетін  оятасыз. 

Бала өз әрекетін сынап, өз ісіне ойлана алатындай сұрақ қоясыз. Ішкі ересектік күйі дами бастайды. Өзінің ішкі менін тыңдап үйренеді. Сұрақ қойғанда оның ересек күйін қосатындай болсын. «Қалай болғаны дұрыс?» – деген бір қарағанда жай ғана сұрақ сияқты болғанымен,  адамның ішкі ойына мән береді. «Екінші рет қайталамайсың деп ойлаймын» деу маңызды. Иә, бірден күшті болып кетпейді. Бірақ түпкі нәтижесі өте жақсы болады. Балаға жасаған қарым-қатынас далаға ұшып кетеді деп ойламаңыз.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №20
24 мамыр  2022 жыл

242 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *