Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Мамыр, 2022

Түкке тұрғысыз еңбек

Арамызда өмірінің біраз жылын көңілі қаламаған жұмысқа, қисынсыз іске арнаған адамдар аз емес. Амал нешік, нан табу ­керек. Ақша табамын деп, берекесіз, мағынасыз жұмыспен айналысып жүрген адам қоғамда, еңбек нарығында қалыптасқан, жалпы адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін әлдебір үстем тәртіпке бағынғандай болады. Дүниеде біз қаламайтын, көңіліміз толмайтын нәрселер көп, алайда біз оларға мойынсұнып, қалыпты жағдай деп қараймыз. Осындай «қалыпты» жағдай қалай пайда болады? 
Дэвид Гребер (1961–2020) – америкалық антрополог, қоғам қайраткері, анархист. «Уолл-Стритті басып ал» қозғалысының белді мүшесі. Лондон экономика мектебінің профессоры. «Қарыз: тарихтың алғашқы 5000 жылы) және «Ережелер утопиясы» кітаптарының авторы. Түкке тұрғысыз еңбек. Мәнсіз қызмет түрлері туралы трактат (Bullshit Jobs: A Theory. Simon & Schuster, 2018 ж.) кітабындағы негізгі ойларын қазақшаға тәржімалап, ықшамдап ұсынып отырмыз.

 

МӘНСІЗ ЖҰМЫС ФЕНОМЕНІ

1930 жылы Джон Мейнард Кейнс ХХ ғасырдың соңына таман технологиялардың даму деңгейінің жоғары болатыны сонша – Ұлыбритания мен АҚШ сияқты елдерде кәсіпорындар он бес сағаттық жұмыс аптасына көшеді деген болжам айтқан. Осы болжамның дұрыстығына күмән келтіруге негіз жоқ-тын. Технологиялық тұрғыда осындай өзгеріс жасау әбден мүмкін еді. Дегенмен олай болмады.

Қазір, керісінше, технологиялар адамды бұрынғыдан да көп жұмыс істеуге мәжбүрлеу құралына айналды. Ол үшін адам еш пайдасы жоқ, керексіз қызмет түрлерін ойлап тапты.

1910–2000 жылдар аралығында АҚШ-тың еңбек нарығында мынадай өзгеріс болғаны байқалады (Ұлыбри­тания­да да ұқсас жағдай орын алған): үй қыз­меткерлері, өндіріс және ауыл шаруа­шылығы секторында жұмыс істейтіндер саны күрт азайған, есесіне менеджерлер, кеңсе қызметкерлері, сауда және сервис секторында жұмыс істейтіндер саны артқан.

Ірі-ірі кәсіпорындар мен корпорация­лардағы жұмысты оңтайландыру, өнімділік нормасын арттыру мақсатында жүргізілетін жаппай қысқартулардың құрбаны кім? Қағазбасты менеджерлер ме? Жоқ. Қысқартуға, көбінесе, нағыз іс бітіретін жұмысшылар түсіп жатады. Есесіне, қағазбастылар саны артып келеді. Қызметте қалғандардың басым бөлігі қағаз жүзінде аптасына 40-50 сағат жұмыс істегенімен, іс жүзінде, Кейнс айтқандай, еңбекке 15 сағат қана жұмсайды, қалған уақыт бітпейтін жиналыстарға, семинарларға, әлеуметтік желілердегі аккаунттарды жаңартып отыруға кетеді екен.

Неге бұлай? Бұл сұраққа экономикалық тұрғыдан емес, саясат пен мораль тұрғысынан жауап берген орынды. Шын мәнінде, билеуші тапқа кәсібіне, өміріне әбден көңілі толатын, бос уақыты көп, бақытты халықтың болғаны қажет емес. Билік тізгінін ұстағандар үшін мұндай халық – нағыз қауіп көзі. Биліктегілер жұрттың өзіне көңіл бөлгенін емес, бар уақытын мейлінше еңбекке арнағанын қалайды.

 

ЖҰМЫСТЫҢ МӘНСІЗ,

ЕШ ПАЙДАСЫ ЖОҚ ЕКЕНІН КІМ БІЛЕДІ?

 

Еңбектің мына түрі қажет, ал мына бір түрі маңызды емес, керексіз деп «үкім шығаруға» көмектесетін объективті критерий табу қиын. Дегенмен қай қызмет түрінің нағыз қажет екенін, қайсысының қажеті шамалы екенін аңғару соншалық күрделі емес.

Медбикелер, қоқыс шыға­рушылар, механиктер мен мұғалімдер, тіпті фантаст жазушылар мен музыканттар ертең-ақ түгел із-түссіз жоғалып кетті делік. Олардың жоқ екені бірден білінетіні анық. Қызмет көрсету, яғни сервис саласындағылар (мысалы, дүкенші, даяшы т.б.) өз жұмысын жақтырмайтыны рас, алайда мұндай жұмыстың өзгелерге қажет екенін, қоғамға пайдасы бар екенін олар жоққа шығармайды. Ал енді инвестициялық компаниялардың бас ­директорлары, лоббистер, пиар мамандары, заң кеңесшілері т.с.с. қызмет иелерінің жоқ болып кеткенінен адамзатқа нендей зиян келеді екен?!

Кейде автор ұсынған гипотезаның дұрыстығын оны оқыған адамдардың реакциясынан-ақ аңғаруға болады. Гребердің «Түкке тұрмайтын еңбек туралы» эссесі жарық көрген кезде дәл осындай жағдай болған. Бұл эссе шыққан бойда әлемнің бірнеше тіліне аударылып, шетел газеттерінде қайта басылған. Мәтінді алғаш жариялаған «Strike!» журналының интернет парақшасын миллионнан астам оқырман ашып қараған. Греберге өз жұмысына көңілі толмайтынын, эссені оқығаннан кейін басқа кәсіп меңгеруге бел байлағанын жазып, ағынан жарылған «ақ жағалы» қызметкерлер көп болған.

Солардың бірі австралиялық «Canberra Times» газетінің сайтына мынадай жазба қалдырған екен: «Рас! Ойымдағыны дөп басып айттыңыз! Өз басым – корпоративтік құқық саласының маманымын (дәлірек айтқанда, салық даулары бойынша адвокатпын). Жұмысымнан қоғамға еш пайда жоқ, не істерімді білмеймін. Маған: «Ұнамаса, бұл жұмысты неге тастамайсың?» – деп ақыл айтатындарды жақтырмаймын. Бәріне қолды бір сілтеп, басқа жұмысқа ауысып кету сондай оңай болса, баяғыда-ақ солай істер едім. Әлемдегі ең бай дегендердің «бір пайызына» жағынып-жалпайып, әлі күнге дейін қызмет етіп жүргенімнің жалғыз себебі: тапқан ақшама Сиднейден үй алсам, балалы-шағалы болғанда меншікті баспана иесі атанамын деген ой... Технологиялардың арқасында біз бұрындары бес күн бойы істеген жұмысты қазір екі-ақ күнде бітіретіндей дәрежеге жеттік. Алайда қанағатсыздық, тойымсыздық салдарынан бал жинаған арадай бір сәтке де тоқтамай, бел жазбай еңбек етіп, үнемі бірдеңе өндіруіміз керек, біреудің табысын өз мақсат-мұраттарымыздан жоғары қоюымыз керек. Бізді бас көтермей жұмыс істеткізіп қойған – біреудің ашкөздігі».

2015 жылы YouGov зерттеу агенттігі Гребердің эссесінен алынған сұрақтар негізінде (мысалы: «Істеп жүрген жұмысыңыздан қоғамға пайда бар ма?») британиялықтар арасында сауалнама жүргізген. Бір таңғаларлығы, зерттеуге қатысқандардың үштен бірінен астамы, дәлірек айтсақ 37%, жоғарыдағы сұраққа «жоқ» деп жауап берген! Кейін осындай сауалнаманы Голландияда жүргізіп еді, өз қызметін түкке қажеті жоқ деп санайтын респонденттердің саны 40%-ға жеткен. Демек, Гребердің гипотезасын оны оқыған адамдардың реакциясы ғана емес, сондай-ақ нақты статистикалық деректер де растап отыр. Осы ретте біздің бұрын-соңды жан-жақты зерттелмеген елеулі әлеуметтік құбылыспен бетпе-бет келгеніміз анық болды.

 

ҚЫЗЫҚ МЫСАЛ

Түкке қажеті жоқ қызмет иесінің көрнекті мысалы (автор өмірден алған ­мысал) – Германия әскері жалдаған қосалқы мердігер компанияның Курт есімді жұмысшысы. Шын мәнінде, Курт әлгі қосалқы мердігердің өзі жалдаған қосалқы мердігер компанияның қосалқы мердігері саналатын ұйымда жұмыс істейді! Германия әскерінің ақпараттық технологиялар саласында қызмет көрсететін қосалқы мердігері бар (ІТ компания). Бұл ІТ компанияның логистикасын басқаратын өз қосалқы мердігері бар. Ал логистикалық компанияның персонал басқарумен айналысатын қосалқы мердігері бар – Курт сонда істейді.

Солдат А басқа кабинетке көшу керек делік. Компьютерін алып, жаңа кабинетке барып жайғасудың орнына, солдат А жаңа бөлмеге көшу үшін арнаулы бланк толтырады. Бұл құжат әлгі ІТ саласында қызмет көрсететін мердігерге келіп түседі. ІТ компания оны тексеріп мақұлдаған соң, логистикалық компания солдаттың жұмыс орнын ауыстыруына рұқсат беріп, персоналды басқаратын қосалқы мердігерден жұмысшы бөлуін сұрайды.

Сөйтіп, Курттың ­жұ­мысқа кірісетін уақыты келеді. Курт көлігіне мініп, казармаға барады; келген бойда диспетчерге хабарлап, бланк толтырып, солдаттың компьютерін желіден ағытып, қорапқа салып, оны логистикалық компания жіберген жігітке табыстайды. Ол қорапты көрші бөлмеге апарады. Курт қорапты ашып, тағы бір бланк толтырып, компьютерді қосады да, диспетчерге телефон соғып, осы жұмысқа қанша уақыт жұмсалғанын айтады. Содан соң құжаттарына қол қойдырып, үйіне қайтады. Үйден диспетчерге қолындағы құжаттарды қосып хат жібереді де ақысын алады. Бір-ақ адам (әлгі солдаттың өзі) бітіре алатын шаруаға екі адам жұмылдырылып, бұған шамамен алты-он сағаттай уақыт жұмсалады. Арасында толтыратын құжаттары да көп; осындай іс-шараға салық төлеушілердің есебінен 400 еуро сомасында шығын шығады екен.

 

МӘНСІЗ ЖҰМЫС ТҮРЛЕРІ

Авторға жердің түкпір-түкпірінен (Еуропа, Мексика, Бразилия, Мысыр, Үндістан, Оңтүстік Африка, Жапония) хаттар келіп түскен. Гребер жиналған деректерді талдай келе, мәнсіз қызмет иелерінің мынадай бес түрін бөліп көрсетеді:

1) жандайшаптар / «барып кел, шауып келдер» (ағыл. flunkies)

2) баскесерлер (goons)

3) жамаушылар (duct tapers)

4) көзбояушылар / жұмыс істегенсіп жүргендер (box tickers)

5) қараушылар / қадағалаушылар (taskmasters).

 

ЖАНДАЙШАПТАР

(«барып кел, шауып келдер»)

Жандайшаптар бастығы маңғаз, беделді болып көрінуі үшін қажет. Жұмысшылардың бұл категориясын ­«феодал малайы» деп те атайды. Виктория заманында Англияда бай-жуандардың зерлі киім киген малайлары болған; олардың бар жұмысы – қожайыны мінген күймеге ілесіп жүгіріп, жолда шұңқыр бар-жоғын байқау еді. Осындай феодалдық өмір салтын еске түсіретін ескіліктің қалдықтары әлі де бар: мысалы, есік күзетшілері – швейцар мен консьерж (қазір көп жерде олардың қызметін ­домофондар алмастырған). Корпоративтік әлемде «нағыз» компания деп танылу үшін мекемеде басқарудың үш деңгейі болу керек:

Басшылық  оларға бағынатын ­менеджерлер немесе көмекшілер  осыларға бағынатын әкімші не ресепшнде отыратын хатшы.

Кеңсеге келіп-кететіндерді қарсы алып, шығарып салатын хатшылар (әлгі «ресепшн» деп аталатын жерде отыратындар). 2010 жылы голландиялық бір баспада хатшы болып істеген Герта есімді әйелдің әңгімесінен: «Негізгі міндетім – телефон қоңырауларына жауап беру еді. Баспаға күніне көп болса бір-ақ рет телефон соғатын. Сондықтан маған бос отырмасын деп, кәмпит салынған ыдыста кәмпиттің таусылып қалмауын қадағалауды – оны мезгіл-мезгіл толтырып тұруды, бұған қоса, аптасына бір рет мәжіліс залында тұрған үлкен механикалық сағат тоқтап қалмас үшін оны бұрап тұруды тапсырды».

Осындай жұмысқа бола штатқа жеке қызметкер алудың не қажеті бар еді?

Жауап: Мұндай хатшысы жоқ ­баспа айналадағыларға оғаш көрінеді. Өзгелер кіреберісте отыратын хатшысы жоқ баспагерді – ресепшнге маман жалдауды жағдайы көтермейді немесе нарықта қалыптасқан тәртіпке бағынғысы келмейді, дәстүрді бұзған баспагер деп ойлап қалуы мүмкін.

 

БАСКЕСЕРЛЕР

Автор «баскесерлер» деп қаныпезер қылмыскерлерді айтып тұрған жоқ. Бұл метафора ретінде жұмсалған термин. ­Баскесерлер – жұмысына агрессия тән жалдамалы қызметкерлер. Мысалы: ұлттық қарулы күштер (өзге елдердің әскерлері болғандықтан, бізге де әскер ұстау керек, әйтпесе әскердің нендей қажеті жоқ); лоббистер; PR саласының ­мамандары; телефон арқылы сауда ­жасайтын агенттер т.б. Маркетологтар мен жарнама саласында істейтіндер: бұлар адамның өмірін жақсартатын, оған нағыз қажет заттарды ұсынуға емес, түрлі айла-шарғылар көмегімен әлдебір жаңа өнімнің пайдасын асыра көрсетуге, тұтынушыны «осы ­тауарды алсаң, проблемаң шешіледі» дегенге сендіруге, яғни сұранысты қолдан жа­сауға басымдық береді. Клиентке қажет емес затты ұсынады, сатып ал деп мазасын қашырады.

 

ЖАМАУШЫЛАР

Бұлар ұйым қызметінде ақау пайда болғанда жұмылдырылатын жұмысшылар. Олар жүйедегі ақауды жөндеп, проблеманы енді қайталанбайтындай түбегейлі шешудің орнына, сынықтың бетін жамап-жасқағандай уақытша шаралар қолданумен шектеледі. Мысалы: ұйым жұмысын оңтайландыратын базалық программа жазып, оны қолданысқа енгізудің орнына дайын тұрған бірнеше бағдарламаны алып, оларды бірге жұмыс істей алатындай етіп жамап, «әрең тұрған құрылымды тіреп қоюмен» ғана айналысатын программис­тер. Бұлар – залалды болдырмауға емес, залалдың салдарын жоюға басымдық беретін қызмет иелері.

КӨЗБОЯУШЫЛАР

Жұмыс істегенсіп жүретіндер. Жұмыс берушіге олар «Біз осындай қызмет атқарып жүрміз» деп айтқанға ғана қажет. Мысалы: сауалнама жүргізетіндер, тиісті талаптарға сәйкестікті тексеретіндер, ­сапаны бақылау бөлімдерінің қызметкерлері (тұтынушылармен бетпе-бет жүздесіп жұмыс істеуді әлдеқашан қойып, қағаз есеп жазып, есеп тапсырып отыратындар). Осындай қызмет иелеріне тән ерекшелік: сауалнамалар жүргізу, егжей-тегжейлі есеп әзірлеу, сол есепті басшылыққа ұсынып, презентация жасап, оны бекіткен соң құжатты мұрағатқа тапсырып, басқа ештеңе істемейді. Кей менеджерлердің бар жұмысы – бастыққа РowerPoint презентациялар жасау (сол презентацияларды ешкім дұрыстап оқымайды да, әйтеуір презентация болу керек, өйткені корпоративтік әлемде қалыптасқан дәстүр сондай).

 

ҚАРАУШЫЛАР

Жұмыс уақытының көп бөлігін тек тапсырма беріп, оның орындалуын бақылап қана отыратын менеджерлер. Шын мәнінде, жұмыс бұлардың қадағалауынсыз-ақ бітетін еді. Қараушылардың бірінші түрі – жұмысты өзге қызметкерлерге бөліп беретіндер («қажетсіз басшылар»). Екінші түрі – мәнсіз жұмыс генераторлары; өзге қызметкерлерге қисынсыз тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қадағалайтындар, жалпы қажетсіз жұмыс орындарының санын көбейтетіндер.

Мысал: Альфонсо есімді азамат – локализация жөніндегі менеджердің көмекшісі. Бес аудармашыдан тұратын топ жұмысын қадағалап, үйлестіреді. Негізі, аудармашылардың жұмысына бақылаушы керек емес: жобаны ойдағыдай әрі уақытылы аяқтаудың жолдарын олар өздері-ақ табады. Академиялық ортаға корпоративтік басқару әдістерін енгізумен айналысатындар: мысалы, университеттің стратегиялық миссиясын анықтап, оқытушылар мен ғалымдар жұмысының тиімділігін бағалау индикаторларын ­жасайтын қызметкерлер (стратегиялық даму жөніндегі декандар, проректорлар т.б. – қолында бюджеті, нақты әкімшілік басқару құралдары жоқ лауазым иелері). Алайда осындай лауазым иелерінің жеке көмекшісі, қарамағында кем дегенде бір менеджері болады. Басқаша айтқанда, мәнсіз қызмет түріне қыруар ақша жұмсалып жатады. Осылайша, жоғары оқу орындарында оқытушылардың, ғалымдардың емес, әкімшілік қызметкерлердің көбеюін байқауға болады.

 

МӘНСІЗ ЖҰМЫС ТҰЗАҒЫНА ТҮСУДІҢ МОРАЛЬДЫҚ ӘРІ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САЛДАРЫ

«Түк бітірмегенің үшін ай сайын ақша алып отырсаң, мұның несі жаман?» – дейтіндерге автордың беретін жауабы: Адам мұндай мәнсіз тірліктен шын пайда тауып, жан-жақты дамудан гөрі оның құрбанына айналады. Соның салдары  бақытсыз адам.

Мұндай адам күнде жұмыс істегенсіп отыру керек.

Ол түкке қажеті жоқ, ешкімге пайдасы тимейтін іспен айналысады.

Осындай мәнсіз жұмыс үшін жалақы алады.

Бұған қоса, жұмыстан көңілі қалғанын ешкімге білдірмеуі керек.

Осылай ұзақ жалғасатын үрдістің салдары ауыр: адам өзіндік «мен» сезімінен айырылғандай күй кешеді, қоршаған ортаға саналы түрде ықпал ету мүмкіндігінен айырылған адам – тіршілігін тоқтатқандай болады.

Өмірдің мәні жұмыспен байланысты болғанда, сол жұмыстың өзі мәнсіз екенін аңғарған адам қатты күйзеледі.

Мәнсіз жұмыс түбінде адам жанын жаралайды. Адамның өзін-өзі жек көруіне әкеп соқтыратын мұндай жұмысты – рухани зорлық-зомбылықтың бір түрі деуге болады.

Осындай жағдайға тап болса да құлазымай, бос уақытын жанына жақын іспен айналысуға арнайтын не төзімі тау­сылып, жұмысымен біржола қош айты­сатын адамдар аз емес. Аталған адамдардың екі тобы да, көп жағдайда, шығар­машылыққа, ой еңбегіне бет бұрған. Авторға хат жазғандардың ішінде өзіне қызықты тақырыпта зерттеу жүргізу, тіл үйрену, роман жазу, музыка, театр, сурет салу т.с.с., тіпті жұмыста отырып «Википедия» парақтарын редакциялаумен айналысатындар да болған.

Мәнсіз болса да, өз жұмысын шынымен жақсы көретін жұмыскерлер де бар. Алайда бұлардың өзге пайдасыз жұмыс иелерінен айырмашылығы: олар өздерінің қандай іспен айналысып жүргенін, оның қоғамға қаншалықты қажет екенін жақсы біледі, олар өзгелерге кім болып істейтінін айтуға арланбайды. Мысалы: мұғалімнің орынбасары (АҚШ); салық инспекторы (Франция).

 

ҚОҒАМ МӘНСІЗ ЖҰМЫС ТҮРЛЕРІНІҢ КӨБЕЮІН СЫНАУҒА НЕГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ?

Жұмысбастылар өркениетіне айналдық: ең сорақысы, мұндағы жұмыс дегеніміз – өнімді, нәтижелі, жанға жағымды жұмыс емес, «жұмыс болмаса, өмір жоқ» деген мағынада өмірдің мәніне айналған жұмыс. Бізді осылай қанап, кіріптар қылуға өзіміз-ақ рұқсат берген сияқтымыз.

«Тым еңбекқор, тым көп жұмыс істеп жүр – мұны доғару керек» дегенді емес, керісінше, «жалқаулар, жатыпішерлер көбейіп кетті; аянбай еңбек ету керек» дегенді жиі естиміз. Жалпы еститініміз – «Еңбек ету керек» деген сарындағы ұрандар ғана. Еңбек – қасиетті парызға айналды.

«Жаңа жұмыс орындары ашылады» деген мәлімдемені адам, әдетте, бірден құптай жөнеледі. Сол жұмыс орындары қажет пе, жоқ па деген сұраққа бас қатыратындар шамалы.

Бізде қоғам игілігіне қызмет етіп жүргендер, өзін нағыз қажет іспен айналысып жүрмін деп санайтындар ­(мысалы, медбикелер, полицейлер, өрт сөндірушілер, автобус жүргізушілері т.б.) осындай еңбек түрін өзі саналы түрде таңдаған «альтруистер», сондықтан олар айлығының көп болғанын қажет етпейді деген түсінік қалыптасқан көрінеді.

Еңбекке жалданып, тәні мен ақыл-санасын қорлап жүрмеген адам – дұрыс жолдан тайған адам деген түсінік қалыптасты.

«Көңілім қаламаған жұмыс – нағыз еңбек, ал көңілімнен шығатын, сүйіп істей­тін жұмыс – жұмыс емес, жай ғана ермек, ойын; ойынға материалдық ақы төлеудің не қажеті бар?» – деген ұстаным үстемдік құрып тұр.

Автор өзі сипаттап берген проблеманы шешу жолдарын көрсетіп беру мақсатын көздемеген. Бұл кітап проблеманы шешу туралы емес, бұл кітап көп адам әлі де мойындамай жүрген үлкен проблеманың бар екені жөнінде.

Адам еркіндік, азаттық туралы көп айтады; әдетте еркіндікті әлдебір абстрактілі ұғым деп қарастырады. Шын азат болу, нағыз еркіндікке ұмтылу дегеннің не екені туралы көп ойланбайды. Асылында, адам нағыз еркін қоғам қандай болуы керек деген сұрақ төңірегінде пікір таластырса, көбірек ойланса екен. Бұл кітаптың мақсаты – адамның осындай әрекетке ден қоюына түрткі болу.

Ықшамдап аударған:

Ерлан ЫСҚАҚОВ

918 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз