Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 26 Мамыр, 2022

Теңге бұдан әрі қаншалық нығаяды?

Өткен аптада ұлттық валютамыз одан әрі нығая түсті. Шындап келгенде, төл теңгеміздің қымбаттауы ресейлік рубльдің құбылмалы жағдайының әсерінен болып отыр. Жалпы биылғы жылдың аяғына дейін теңге қаншалық қымбаттауы мүмкін? Осы ретте сарапшы-мамандардың ой-пікірлерін ортаға салмақпыз.

Қазақстан қор биржа­сын­да (KASE) 13 мамырда 1 АҚШ доллары 428,23 теңгеден сатылды, ал жылдың басында (5 қаңтарда) 1 АҚШ доллары 431,82 теңгеге бағаланған болатын. Осы аралықта, яғни биылғы жылдың басынан бері теңгеміз 1%-ға жуық нығайды, ал мамыр айы басталғаннан бері – 3%-ға (3 мамырда – 1 АҚШ долларына 441,65 теңге) нығая түскен.

AERC Beta LLP компаниясы­ның бас директоры (Tengeno­mika телеграм-арнасының жүр­гізушісі) Ғалымжан Айтқазин теңгенің айырбастау бағамының нығаюы рубльдің ауытқыма­лы жағдайы әсерінен орын алып отыр деп есептейді. Ресей валютасы өз экономикасы капиталдың халықаралық нарығынан оқшауландырылуы жағдайында және санкциялар салдарынан импортының рекордтық төмендеуі себебінен (13 мамырда – 1 АҚШ долларына 64,5 рубль) қымбаттады. «Ресейде импорттың құлдырауымен бірге капиталдың қозғалысына бақылау енгізу, негізінде елге көптеген шетелдік валюта ағылуын және оның «молаюын» аңғартады. Ал экс­порт­таушылардың валюталық түсімін міндетті түрде айырбастау және таяу кезеңнен бері рубльде жүзеге асырылып жатқан шикізат үшін төлемдерге айырбастау есебінен де рубльге сұраныс арта түскен. Сондықтан бұл фактордың өзгеріссіз сақталуы теңгеге де әсерін тигізеді, демек, оның ны­ғаюына қолдау көрсетпесек», – деп түсіндіреді ол.

Айтқазин сыртқы эконо­микалық факторлардың (қым­баттай түскен доллар, мұнай баға­ларының құбылуы) ұлттық валютамызға соншалықты жайлы соқпайтынын, қайта одан әрі өсуіне әсер еткенін айтады. «Рекордтық инфляцияға жауап ретінде дамыған нарықтардағы қаржылық жағдайлардың қазіргі кездегі қатаңдай түсуін де жадымыздан шығара алмаймыз. Алайда, айта кету керек, теңгенің нығаю жағына қарай ойысуының шын мәніндегі іргелі факторларының бірі – Қазақстанның биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары бойынша 2,2 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі төлем теңгерімінің профицитті есебі болып табылды», – деп атап көрсетеді білікті сарапшы.

Айтқазин ұлттық валютаны әлсіретуге әсерін тигізетін ықтимал тәуекелдерді де атап айтты. «Бұл мынадай кезде орын алуы мүмкін, біріншіден, егер рубльді реттеу жағдайы түбегейлі өзгеретін болса. Мәселен, егер Ресей валюталық нарығына шектеулерін босаңсытса, онда біз олардың валютасының құны төмендегенін көреміз, ал бұл біздің теңгемізге де әсер етеді. Екіншіден, егер Қазақстан Ресеймен арадағы саудаға тәуелділіктен, әсіресе импортқа қатысты, арылар болса. Мұндай жағдайда тұрақты валютаға қатысты теңге бағамына рубль бағдар болудан қалар еді. Тиісінше, айырбастау бағамы­на әсер ететін өзге де факторлар валюталық жұптар қозғалысына әсерін тигізеді», – деп атап көрсетті ол.

Сондай-ақ сарапшы әлемдегі геосаяси жағдайдың ағымдағы күйі салдарынан теңгенің долларға қатысты айырбастау бағамының тіпті қысқа мерзімді ахуалын болжау мүмкін еместігін де еске салды.

Өз кезегінде «Финам» инвести­циялық холдингінің талдаушысы Андрей Маслов теңгенің нығаюы уақытша жағдай деп есептейді. «1 долларға 420 теңге шегінде (Украинадағы арнайы операцияның басталуына дейінгі деңгей) тұрақтап қалуды болжау қиын. Әйтсе де, ұлттық валютаның қымбаттай түсу үрдісі әлі де бір-екі аптаға созылуы мүмкін», – деп өз ойын білдірді ол.

Осыған орай, Маслов егер теңге бағамы мемлекеттік бюджет үшін тиімді деңгейден төмен құлдыраса (рубль бастан кешкен күй тәрізді), онда Ұлттық банк, мәселен, база­лық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін. Бірақ, жалпы алғанда, басты қаржы институтының мақсаты валюта бағамын түзету емес, ол инфляцияны шектеумен айналысады.

Сондай-ақ талдаушы Қазақ­станның жанама жағдайда Ресейге қатысты санкциялардан зардап шегіп қалуынан қауіптенеді. Өйткені теңге мен рубль бір экономикалық кеңіс­тікте жайғасқан және бір-бірінің ауытқуларын қайталай отырып, бірімен бірі жалпылай байланыста екенін ескеру керек. «Егер республика нейтралитет күйін сақтай алып, Батыспен сауда-экономикалық қатынастарын одан әрі байыпты жалғастырар болса, ең жоғары бағам 1 АҚШ долларына 460 теңге шегінен асып түсуі неғайбыл», – деп түйіндейді ол.

Қазақстан қор биржасында  осы сейсенбі, 17 мамырдағы сағат 17:00-де орташа сараланған доллар бағамы 432,79 теңгені құрады. Ал 16 мамыр, сағат 17:00-дегі мәліметтермен салыстырғанда (1 АҚШ долларына 429,87 теңге) ұлттық валютамыз 2,92 теңгеге әлсіреген.

KASE хабарламасы бойынша биржа саудасындағы ең төменгі бағам деңгейі бір долларға 430 теңге құраса, ең жоғары деңгей – 435,15 теңгеге жеткен, ал биржаның жабылар алдында бағам бір долларға 434,40 теңге құрапты. Америкалық валюта бойынша сауда-саттық көлемі 76 миллион 600 мың доллар құраған.

Айта кету керек, KASE-дегі орташа сараланған валюта бағамы 17 мамырдағы сағат 11:00-де 430,91 теңге құраған. Ал, kurs.kz мәліметтері бойынша астанамыздағы айырбастау пункттерінде америкалық валютаның ең жоғары сату бағамы сағат 11:00-де 436 теңге болса, Алматыда – 440 теңге құрапты.

Осы ретте теңге бағамының банктер мен айырбастау пункттері арасындағы азғантай болса да айырмашылықтары қарапайым халықтың талғажау етер тиын-тебені дәрежесіне тигізіп отырған пайдасы қаншалық екеніне осы жолдардың авторы өз басынан өткерген жайт дәлел. Әңгіме қозғап отырған күні Халық банктегі депозиттен аса мұқтаждық үшін шешіп алған америкалық валютаны (айырбастап отырған менеджердің «бізде теңгемен аласыз ба?» деп бірнеше рет сұрағанына қарамастан), айырбастау пунктінде өз теңгемізге ауыстыруға мәжбүр болдым. Бағам айырмасынан тапқан пайдам – 2000 теңгенің айналасы ғана. Басқаша айтқанда, бұл – 20 бөлке нанның құны. Айырмашылығын сезесіз ғой.

Қалай болғанда да, теңгенің рубльге еріп, сан құбылуы халыққа оңай тиіп отырған жоқ. Дүкендердегі жаппай қымбатшылық, базар­дағы бағалар тұрақсыздығы да жұрт­шылыққа ауыр соғуда. Сондықтан теңгенің нығаюына үкімет пен жергілікті билік органдары қатаң бақылау жасауы қажет және осы бағыттағы шаралар тыңғылықты және бұлжымай орындалуына күш жұмылдырылуы тиіс.

ИСА ҚАМБАР

1803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз