Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 26 Мамыр, 2022

Сенаттың жалпы отырысында маңызды құжаттар талқыланды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында екі құжат талқыланды. Осы орайда палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңын қабылдады.

 

Бұл ретте Қазақстаннан Арменияға жеткізілетін белгіленген тауарлар Арменияның аумағынан үшінші елдерге және ЕАЭО елдеріне әкетілуге жатпайды. Көрсетілген міндеттемені бұзу фактілері анықталған кезде Қазақстан тарапы белгіленген тауарлардың бажсыз жеткізілімдеріне тыйым салу және оларды тоқтата тұру немесе қысқарту құқығын өзіне қалдырады. Анықталған талаптарды бұзу фактілері бойынша Армения Қазақстан тарапына әкетілген және қайта экспортталған тауарларға қатысты кедендік әкету баждарының көлеміне баламалы, АҚШ долларымен есептелетін өтемақы сомасын төлеуге тиіс. Төленбеген жағдайда аталған сома Арменияның Қазақстан Республикасы алдындағы мемлекеттік борышы болып танылады.

 

Заң жобасын қабылдау Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы мұнай өнімдері саласындағы сауда-экономикалық және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

 

Сонымен қатар бүгін Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

 

Келісімге Қырғыз тарапының әскери-техникалық көмек көрсету туралы сұрау салуы негізінде 2021 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды және атауы мен көлемі дипломатиялық арналар арқылы келісілген әскери мүлікті біржолғы беруді көздейді.

 

Орталық Азия өңірінің іргелес аудандарындағы қауіпсіздік саласындағы жағдай шиеленісіп жатса, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптің өсуіне байланысты әскери-техникалық жәрдем көрсету Қырғызстанның Қарулы күштерінің осы қатерлерді болғызбау және бүкіл Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін нығайту жөніндегі мүмкіндіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.

 

Келісімде айтылған шарттарға сәйкес, Қазақстан тарапы әскери мүлікті Қырғыз Республикасының Қой-Таш елді мекеніне дейін автомобиль көлігімен жеткізу жөніндегі шығыстарды қамтамасыз етеді және өзіне алады. Өз кезегінде Қырғыз тарапы алған әскери мүлікті қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ғана пайдаланады, үшінші тарапқа бермейді және ТМД-ға қатысушы мемлекеттерге қарсы пайдаланбайды.

 

Шағын және орта бизнес белдеуі құрылады

 

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыру жөніндегі жұмыстарды баяндады.

Бағдарламаның маңызды бөлігі жаңа экономикалық өсімге арналған. Азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау, сондай-ақ жаңа дағдылар мен кәсіпке жұмылдыратын жанама іс-қимылдар қамтылған. 1,1 млн-нан астам жұмысшының еңбекақысын көтеру ескерілген, оның ішінде бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерінің лауазымдық айлық ақысы артады. Дәрігерлердің жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 173 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өседі», - деді Е.Тоғжанов.

 

Сонымен қатар ол биыл сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының 258 мың өндірістік персоналының жалақысы 5-тен 48 пайызға дейін көтерілгенін айтты. Бұл ретте жалақысы төмен қызметтерге басымдық берілді. Қордың ішкі резервінен қызметкерлердің кірістерін арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады. Жыл соңына дейін тағы 4 компанияда өндірістік персонал жалақысы 5-тен 18 пайызға дейін өседі.

 

«Мемлекеттен қолдау шараларын алатын ірі бизнеске қатысты міндеттемелерді белгілеу есебінен, онда істейтін 2,8 млн қызметкердің орташа жалақысы өседі. Мұндай талапты бірінші рет қойып отырмыз. Екі апта бұрын Қарағанды облысында ірі бизнестің қатысуымен бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың алдын ала қорытындыларын тыңдадық. Нәтижесінде, қазірдің өзінде Қазақстан бойынша ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жалақы мөлшерін 15-тен 30 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік туды. Оның қатарында «Қазминералс» (15%), «ҚазАзот» (20%), «ERG» (25%), «Қазақмыс» (30%) бар», - деді Е. Тоғжанов.

 

Оның айтуынша, экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

 

«Оның ішінде өнеркәсіп пен кәсіпкерлікте – 950 мың, инфрақұрылымдық жобалар аясында – 583 мың, агроөнеркәсіптік кешенде – 458 мың, туристік салада 59 мың жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында (тау-кен металлургия кешені, машина жасау, химия өнеркәсібі, кірпіш және цемент өндірісі) барлығы 713 жоба жоспарланған. Соның арасында биылдың өзінде 165 жоба іске қосылып 16 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

 

Мұнымен қоса, ірі жобалардың экономикаға қосатын үлесімен қатар, оларды халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттау міндеті тұр.

 

Осы себепті, жаңа өндіріс орындарын құру жобалары тек ірі қалаларды ғана емес, ауылдық елді мекендер мен моноқалаларды да қамтиды. Моноқалаларды дамыту мәселесіне ерекше екпін қойылып отыр. Сондықтан Қарағанды облысының Саран қаласы үлгісінде моноқалаларды қалпына келтіру міндеті тұр. Қалада іске қосылатын 3 негізгі жоба шина өндірісі («KAMATYRESKZ»), тұрмыстық техника («ARTEL»), жүк автомобильдерін («QAZTEHNA») өндіруге бағытталған. Онда барлығы 2500 жұмыс орны құрылып отыр.

 

Е. Тоғжановтың сөзіне қарағанда, азаматтардың кәсіпкерліктен түсетін табысын арттыру мақсатында елімізде 50-ден аса ірі кәсіпорын айналасында Шағын және орта бизнес белдеуін құру көзделген.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары бақша, сүт, бал өнімдерін өндіретін 9 мыңнан аса отбасылық қосалқы шаруашылықты біріктіретін 280 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отырғанын айтты.

 

2025 жылға дейін 450 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспарланған агроөнеркәсіп саласын дамыту «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылады. Бұл ретте отбасылық шаруашылықты дамыту бойынша Жамбыл облысында тиімді іске асырылған пилотты жобаны еліміздің басқа аймақтарына тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қанатқақты жоба 2019 жылдан бері 11 ауылдық округте іске асырылды. Нәтижесінде, жобаға қатысқан 2,5 мың отбасының табысы 4 есеге артқан. Бұл ауылдардағы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65%-ға азайған. Кәсіпкерлер саны 966-дан 3248-ге дейін өскен, яғни әрбір үшінші отбасы кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Қазір 11 ауылдан түсетін жыл сайынғы салық түсімдерінің көлемі 125 млн теңгеге жетті», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

 

Айтпақшы, креативті индустрияны дамытуға бағытталған заң жобалары әзірленіп, Парламент қарауына енгізіледі.

 

«Қазіргі кезде табысты арттырудың жаңа әрі әлеуетті бағытының бірі - креативті индустрия саласы. Әлемдегі креативті индустрияның қаржы айналымы 2,3 трлн АҚШ долларын құрайды. Осы салада 12 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдаған Оңтүстік Корея 2020 жылы әлемдік медиа-ойын сауық нарығында жетінші орынға шықты. Бүгінде бұл елдің креативті экспорт көлемі 12 млрд АҚШ долларынан асты. Сондықтан, креативті индустрияны дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Біріншіден, елімізде 3 мыңға жуық мәдениет ұйымы бар. Ең алдымен осы ұйымдардың креативті идеялар үшін ашықтығын қамтамасыз етеміз»,- деді Е.Тоғжанов.

 

Екіншіден, мәдениет ұйымдарындағы құрал-жабдықтарды қолдана отырып, жаңа креативті өнім шығаруға ниетті азаматтарға тиісті жағдай жасау ескерілген.

 

«Үшіншіден, қазір мәдениет ұйымдарының мүлкін пайда табу мақсатында тиімді пайдалану механизмдерін реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Түскен табыс сол ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға және қызметкерлердің жалақысын арттыруға бағытталады. Бұл өз кезегінде мәдениет ұйымдарын экономикалық айналымға енгізудің мүмкіндігі. Сонымен қатар, авторлық құқықты қорғау механизмдеріне қатысты бірқатар мәселелер де бар. Жалпы, креативті индустрияны дамытуға бағытталған заң жобалары әзірленіп, Парламент қарауына енгізіледі», - деді ол.

199 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *