Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 27 Мамыр, 2022

Алматыда «Әл-Фараби - Иқбал» халықаралық форумы басталды

Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық Түркі академиясы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінінің (COMSTECH) бірлесіп ұйымдастыруымен «Әл-Фараби - Иқбал» халықаралық форумы басталды,-деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

Форумның мақсаты Шығыс өркениеті аясында түркі және ислам әлемі халықтарының тарихи жады мен өркениеттік бірлігі жөніндегі сананың жаңғыруына ықпал ету, Түркі академиясы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің азаматтарын өзара танысуға, бір-бірінің тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін насихаттауға, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдерінің ғылым мен техника саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастығы арттыруға бағытталған.

Офлайн және онлайн форматта өтетін алқалы жиынға Түркі елдері мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің гуманитарлық сала ғалымдары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық және депутаттық корпусының өкілдері, сарапшылары қатысуда.

 

Дархан Қыдырәлі,

Халықаралық Түркі академиясының президенті:

 

- Бұл Форум Фараби мен Икбалдың жаһандық ғылымға қосқан үлесі мен қос ғұламаның рухани сабақтастығын жаңа деңгейге көтеретін алғашқы ауқымды шара деуге болады.

Шығыс пен Батысты, жүрек пен ақылды үйлестіре білген Фараби түркі-ислам әлемінің ғана емес, күллі әлемде ғылымның дамуына ірі бетбұрыс жасаған пассионар тұлға болса, Мұхаммед Икбал 20 ғасырдағы Ислам әлемінің жаңғыру дәуірінің бастауында тұрған ұлы ойшыл. Сондықтан оны өз дәуірінің Румиі деп атау бекер емес. 

Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» туралы трактаты мен Икбалдың «кемел адам» тұжырымы ізгілік феноменін қалыптастыруға бағытталған. Бұл орайда Икбалды өркениет ілімін дәріптеп, адамзатты мейірбандыққа үндеуші әрі Фараби жолын жалғаушы бірегей тұлға деуге болады.

Сондықтан Фараби мен Икбал арасын сан ғасырлар бөліп тұрса да, оларды адамзатқа ортақ рухани ой-құндылықтар біріктіреді.

 

Жансейіт Tүймебаев,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры:

- Әл-Фараби феномені – шын мәнінде теңдесі жоқ құбылыс.

Әбу Насыр Әл-Фараби – ұлы ойшыл ғана емес, ол – адамзаттың рухани өрлеуіне ықпал еткен деңгейдегі ғұлама ғалым.

Фараби исламның гүлденген шағында өмір сүрсе, Иқбал ислам әлемінің империализммен бетпе-бет келген тұсында ой еңбегімен айналысты.

Бүгінгі форумның тарихи миссиясы – Фараби және Мұхаммед Иқбал еңбектері арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту.

«Әл-Фараби-Иқбал» форумы  заманымыздың әйгілі ойшыл-философы, Пәкістанның «Рухани көсемі» Мұхаммед Иқбал шығармашылығын жаңа қырынан зерттеуге жол ашады.

 

Қуаныш Ерғалиев,

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары:

- Әл-Фараби мен Мұхаммед Икбалдың мұрасына арналып отырған бүгінгі форум географиялық және уақыттық қашықтықтарға қарамастан дамып келе жатқан біздің терең тамырлы байланыстарымызды бейнелейді. М.Икбалдың философиясының қоғамды жаңғыртуды, яғни модернизациялауды мың жылдық рухани дәстүрге органикалық түрде негіздеуге болатынының жарқын мысалы екенін бөлек атап өткен жөн.

Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде Қазақстанның ұйытқы болуымен аталып өтілді. Ұлы ойшылға арналған жиын COMSTECH-тің ұйымдастыруымен Исламабадта да өтті. Бұл шара біздің елдеріміздің ғылыми тұрғыда жақындата түсті.

Шарада ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі тұрақты комитетінің (COMSCTECH) Бас үйлестірушісі Иқбал Чаудхари, БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты Өкілі Якуп Бериш, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры Махмуд Эрол Клыч, Пәкістан Сенатының адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Уалид Иқбал, Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафин, Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саджад Ахмед Сихар, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас хатшысының ғылым және технологиялар жөніндегі көмекшісі Aсқар Mусинов сынды тұлғалар қатысуда.

Конференция аясында Иқбал философиясы: өткені, бүгіні, болашағы; Иқбал философиясы мен поэзиясының жаһандық әсері; ХХІ ғасыр сын-қатерлері және технология тақырыбы бойынша сессиялар өтуде.

 

Досжан Балабекұлы

369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз