Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 31 Мамыр, 2022

Мирас Сейілхан: Бастысы – жақсы орта табу

Оқу жылы да аяқталып, оқушылар бір сыныпқа жоғарылады. Мектеп бітіруші түлектер дәстүрге айналған ұмытылмас күн – бітіру кешіне, онымен қоса Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалатын қарбаласқа толы кезең. Иә, ҰБТ демекші, бұл жолғы емтихан бұрынғыдан өзгерек болмақ. Нақтырақ айтқанда, оқушыларға мүмкіндіктің бәрі уыстап беріліп жатыр. Неге бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланбасқа?! Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қазақстандықтардың таңданысын тудырып, дарынымен көзге түскен оқушы жөнінде болмақ.

Жақында әлеуметтік желіні ақтарып отырып мынадай бір жаңалыққа көзім түсті. Шымкенттік оқушы Мирас Сейілханға шетелдің 35 оқу орнынан шақырту келіп түскен екен. Болашағынан үлкен үміт күттіретін Мирастың білім бәйгесіндегі мұндай алпауыт жетістігі әрбір мектеп бітіруші түлектің арманы екені рас қой?! Тіпті ЖОО қабырғасында оқып жүріп, мұндай мүмкіндікке ие болып жатқан студенттер саусақпен санарлық. Осы жаңалықты есіте салысымен Мирастың өзімен байланысқа шығып, айтулы жетістігімен құттықтадық. Мирас бұл мүмкіндікке қалай тап болғанын, жетістікті бағындыруда кімдердің ықпалы болғанын айтып, газетімізге сұқбат берді.

Мирас Сейілхан – Шымкент қаласындағы «Білім-Инновация лицейінің» бітіруші түлегі. Мұншама шақыруды иелену алдында Мирас қандай жолдан өткенін, дайындық барысын баяндап берді:

– Дайындықты 9-сыныптан бастадым. Бұл уақытта мен IELTS және SAT емтихандарына дайындық жұмыстарын жүргізген болатынмын. Дайындығыма күнделікті арнайы уақы-тымды арнайтынмын. Нақтырақ айтқанда, әлемді жаулаған карантин  кезеңінде уақытын тиімді пайдаланған адамдардың бірімін.

Мирас шақырту алған оқу орындарының әрқайсы талапкерлер үшін мол мүмкіндік ұсынып отыр. Кейіпкеріміз оқу орнын таңдау барысында белгілі бір тұстарына мән берген:

–Ең бастысы, оқу орнының әлемде алар орны. Рейтинг. Бұл туралы ақпаратты QS әлемдік рейтингінен қарайтын едім. Сонымен қатар, оқу орнының орналасқан орны мен үшін маңызды болды. Мен таңдаған біршама оқу орны Нью-Йорк қаласында орналасқан. Не үшін деп ойлайсыз? Барлығымыз білетіндей, Нью-Йорк – әлемдік қаржы орталығы. Сондай-ақ, ең алғаш қор нарығы, яғни Уолл-стрит Нью-Йоркте орналасқандықтан осы қаланы таңдадым. Таңдауыма тағы бір себеп – менің мамандығым экономика және қаржы саласы болды.

Мирас – әрдайым көшбасшы болуға, айналасына көмектесуге ұмтылатын оқушылардың бірі. Өзі оқитын мектептің президенті, Z ұрпағына арналған BIL PRESS редакциясының негізін қалаушы, онымен қоса BIL VOLUNTEERS еріктілер клубын ашқан белсенді жас. Бізде мұндай жауапты қызметті оқуға дайындықпен қатар атқарып жүру Мирас үшін қиындық тудырмады ма деген сұрақ туындады. Бұл сұрағымызға Мирас нақты әрі мағыналы етіп қысқа жауап қайырды:

– Мақсатсыз адамға кез келген нәрсе қиынға соғады. Мен өз мақсатымды айқын білгенім үшін және уақытымды дұрыс пайдалана алғаным үшін мұның барлы-ғын алып жүру қиынға соқпады деп ойлаймын.

Әрбір баланың білім шыңын сәтті бағындыру үшін ұстаз атты ұлағатты тұлғаның еңбегі өлшеусіз ғой. Мирас та оқу орындарын таңдау алдында ағалары мен ұстазының кеңесіне жүгініп, жүйелі түрде ізденген. Ең бастысы, Мирас отыз бес университеттің ішінен ішкі қалауымен нақты бір таңдауға тоқталғанын айтады.

– Бастапқыда құжат-тарды қалай жіберу жөнінде ештеңе білмегендіктен, маған көптеген адам  қолұшын созды. Мектепті бұрын бітіріп кеткен түлектер, ағаларым кеңесін айтты. Солардың бірі – Әміржан Скаков. Ол қазір Нью-Йорк қаласындағы оқу орындарының бірінде білім алып жатыр. Расында, маған айтқан кеңестерінің көп көмегі тиді. Сонымен қатар, лицейдегі профориентатор ағай – Дукат Кабылкаев. Бұл кісі мектебіміздегі университеттерге жауапты маман. Оқу орындары арасында таңдауымды жасадым. Отбасыммен ақылдаса келе, Нью-Йорк қаласында орналасқан  Ithaca college оқу орнына түсемін деп шештім.

Жаңа заман, жаңа ғасыр тіл білуді талап ететіні белгілі. Көп тіл білсең, шетелде оқу мүмкіндігің де, халқымен еркін әңгіме құрып, ең бастысы әлем өркениетімен танысып, өзіңе қажетті тұстарын бойыңа сіңіруде де даңғыл жол ашылмақ. Сол секілді Мирасты да шетелдік оқу орындарының шақыруына оның ағылшын тілін еркін меңгеруі, ең басты қаралатын дүние – эссе жұмысының талапқа сай болуы көмектескен. Кейіпкер оқуға құжат тапсырудан алдын Еуропаға шығып, әлемдік оқу орындарын көріп қайтқан.

–Біздің лицейдегі көптеген сабақ ағылшын тілінде оқытылады. Сондықтан да болар, мен үшін академиялық ағылшын тым қиынға соқпады. Ал IELTS  тестіне онлайн форматында мұғалімдеріммен бірге дайындалдым. Осы уақытқа дейін шетелде болып көрдім. Англияға барып Кэмбридж, Оксфорд университеттерінде болдым. Демалыс уақытында отбасымызбен бірге Түркия еліне сапар жасадық. Англия елінде білім сапасы өте жоғары деңгейде дамыған екен. Лондон қаласының өзінде әлем елдерінен жиналған студент өте көп. Бұл нені білдіреді? Олар қарапайым білімді брендке айналдырған. Біз де осылай білім сапасын көтерсек алға жылжуымыз сөзсіз деп ойлаймын. Түркия мемлекеті өзінде бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білуімен ерекшеленеді. Туризм саласында қаншама мемлекеттен оқ бойы озып, дамып кеткенін байқадым.

Мирасты тек оқумен шектеліп қалмай, бос уақытын тиімді пайдалану үшін футбол ойнап, білім мен спортты қатар қойып жүрген жас ретінде тани түстік. Өмірлік құндылықтарға бай мағыналы кітаптар оқып, фильм қарауды да ұмытпаған екен.

– Бос уақытымда доп тебемін, дебат ойнаймын. Дебаттың өмірімде алар орны ерекше және берері де көп деп білемін. Ал футбол менің ең жақсы көретін хоббиімнің бірі десем де болады. Соңғы оқыған кітабым – Филл Найттың «Продавец обуви» деп аталатын туындысы. Бұл кітап Nike компаниясының қалай ашылғаны және жетістікке жеткені туралы жазылған биографиялық кітап. Көбіне биографиялық кітаптар және фильмдер ұнайды. Фильмдерге келсек, «Основатель» фильмі көңілімнен шықты. Ол Макдональдс компаниясы, бизнес қаржы жайында түсірілген фильм. Сонымен қатар, «Продавец обуви» кітабы да бизнес, қаржы туралы жазылған шығарма.

Соңғы жылдары шетелдік оқу орындарының грантын ұтып алып, сонда қалып қойған қазақстандықтардың саны арта түсті. Сарқылып алған білімін өз елімізде емес, өзге елдің қоғамында сынап көру, тәжірибелі мамандардың шекара асып кетуі көңіл қынжылтады. Ал кейіпкеріміз Мирас мұндай  жастардың қатарын толықтырмайтынын алға тартты. Сұқбат соңында «ұландық» оқырмандарға, шетелде оқуды жоспарлап жүрген оқушыларға ақыл-кеңесімен бөлісті.

– Иә, ең бастысы, оқуды аяқтаған соң елге оралып, адал қызмет ету. Негізгі бағытым – экономика саласы болғандықтан, болашақта Қазақстанның экономикасы үшін жұмыс істеп, елдің даму жолында атсалысқым келеді. Оқырмандарға айтарым, бастысы – жақсы орта табу. Орта адам үшін өте маңызды. «Егер үш миллионер досың болса, төртіншісі сенсің», – деп бекер айтпаған. Өзім оқыған мектепте шетелге оқуға  түсетіндер көп болғандықтан маған осы орта әсер етіп, көп пайдасын тигізді.

– Сұқбатыңа рақмет!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №21
31 мамыр  2022 жыл

1861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз