Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 03 Маусым, 2022

Үздіксіз баға өсімі қашан тізгінделмек?

Азық-түлік себеті – ғылыми негізделген тұтыну нормалары бойынша адамның физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажетті тамақ өнімдерінің ең аз жиынтығы. Бұл нормалар санитарлық-эпидемиологиялық және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен келісіліп, бекітіледі.

Қазіргі таңда  біздің еліміздің азық-түлік себетінде 43 шақты азық түрі бар, оның ішінде нан, ет, балық, жарма, көкөніс, жеміс-жидек, жұмыртқа, сүт өнімдері, шай, ас тұзы, ашытқы және т.б. Үкімет жоспарына сай, болашақта бұл себеттегі азық-түлік тізімі 51 атауға дейін көбеюі ықтимал.

Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың бірінші тоқсанында азық-түлік себетінің құны Маңғыстау облысында 24 135 теңгені құраған. Республика бойынша алғанда, бұл – ең жоғары көрсеткіш. Салыстырмалы түрде: Қазақстан бойынша азық-түлік себеті құнының ең төменгі бағасы Ақтөбе облысында байқалған – 19 596 теңге. Аталған кезеңде рес­публика бойынша азық-түлік себеті құнының орташа көрсеткіші 20 893 теңгені құрайды (1-инфографика).

Азық-түлік себеті мен ең төменгі тұтыну себетінің құны – еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын (бір адамға қажетті ең төменгі ақшалай кірісті) есептеудегі маңызды көрсеткіш. Биылғы жылдың 1 сәуі­рінен бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы Қазақстанда 37 389 теңгеге дейін көтерілді. Бұған дейін, яғни 2022 жылдың 1 қаңтарынан 1 сәуіріне дейін­гі кезеңде – 36 018 теңге, ал 2021 жыл бойы 34 302 теңге болатын. Ескеретін жайт – аталған шама әр өңірдің даму көр­сет­кіштеріне қарай әртүрлі қалыптасады.

Әдетте, ең төменгі күнкөріс деңгейін ең төменгі айлық көрсет­кіші­мен шатастырады. Рас, бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, бөлек ұғымдар. Төменгі жалақы мөлшері – жұмыс істеп жүрген жандарға есептеледі. Ал төменгі күнкөріс деңгейі – мемлекетте өмір сүріп жатқан барлық жан басына шаққандағы есеп.

Ел экономикасына мониторинг жасап отырған Ranking.kz жобасының 2021 жылғы зерттеулерін назарға алсақ, былтыр ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы республика бойынша Маңғыстау облысында жоғары болған – 38,9 мың теңге, бұл былтыр қолданыста болған республикалық орташа деңгейден 14,7% жоғары көрсеткіш. Сол сияқты 2021 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі Ақтөбе облысында байқалған – 30,6 мың теңге,  республикалық шамадан 9,7% төмен (2-инфографика).

Байқасақ, бүгінде қазақстандық қарапайым тұтынушылар азық-түлік­тің қымбаттауына еріксіз көнуге мәжбүр, өйткені импортқа және экс­портқа тәуелді өнімдердің бағасын әр аймақтағы сатушы мен өндіруші өз қалауымен белгілейді. Бірақ азық-түлік құнын анықтағанда сатушылар нақты бір өңірдегі халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысының көрсеткішін есепке алуы тиіс. Себебі әр облыстағы жағдай әлеуметтік тұр­мыстың әртүрлі дең­гейін көрсетеді (3-инфографика).

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жылдың наурыз айында елімізде азық-түлік бағасы өткен жылмен салыстырғанда 15,4 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде, жұмыртқа – 5,2%-ға, көкөніс – 23,4%-ға, картоп – 14,6%-ға, жемістер – 9,3%-ға, сары май – 6,7%-ға, күріш – 4,3%-ға, қант – 33,2%-ға, ет және құс еті – 3%-ға, шұжық, конди­терлік өнім­дер – 2,7%-ға қымбат­таған (4-инфографика).

Қаржыгер Расул Рысмамбетов рес­публика бойынша азық-түлік өнім­дерінің қымбаттауы салдарынан қазақстандықтар бір айдың ішінде қолындағы табысының 50 пайызын, ал кей өңірлерде, тіпті 60 пайызға жуығын азық-түлікке жұмсайтынын айтады. Бұл жағдай Қазақстан халқының табысы әлі де өте төмен дегенді білдірсе керек. «Біріншіден, бұл халық арасында қалыптасқан кедейшілік факторларының бірі. Мұндай жағдайда адамдар қобалжып, мемлекеттен көмек күте бастайды. Мемлекет көмектесуге тырысады, сол себепті де атаулы әлеуметтік көмек пен басқа да әлеуметтік қолдау түрлеріне жұмсалатын қаржыны көбейтеді. Менің ойымша, жұмыссыздарға атау­лы көмек төлегеннен гөрі, жергілікті деңгейлерде, ауылдарда жұмыс орындарын ашып, сондағы шаруа­шылықтар мен өндірістерді жетіл­діріп, қолдау әлдеқайда тиімді. Дамыған елдерде халықтың азық-түлікке жұмсалатын жалпы шығы­нының үлесі 10% төңіре­гінде», – дейді Расул Рысмамбетов.

Сондай-ақ өнімге деген жоғары баға мен сұраныс ұлттық валютаға да кері әсерін тигізуде деп отыр сарапшы: «Қазақстанда азық-түлік өнімдерін өндіру көрсеткіші төмен, есесіне шетелден долларға сатып алынатын өнімдердің импорты артып келеді, бұл да теңгеге қысым жасауда».

Азық-түлік  бағасының шарықтап өсуі салдарында жалақыдан жалақыға дейін өмір сүретін қарапайым халық ең қажетті деген өнімдердің баға­­сын бөліп төлеуге негізделген қаржы құ­ралдарын қолдануға мәжбүр. Рес­ми ведомстволар бұл жағдайды жаһандық пандемиямен және геосая­си жағдайлармен байланыс­тырады. Азық-түлік бағасының өзгеруіне импортқа деген тәуелділік те әсер етуде. Үстіміздегі аптада өткен үкімет отырысында үкімет басшысы Әлихан Смайылов, елімізде әлеу­меттік маңызы бар 19 өнімнің төртеуі бүгінде әлі де импортқа тәуелді дегенді ескертті, олар: құс еті, шұжық өнімдері, сүт және сүт өнімдері.

Биылғы жылдың 27 сәуірінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов азық-түліктің әлемдік бағасы 2022-2023 жылдары да жоғары деңгейде сақталуы мүмкін дегенді ескертті. «Сыртқы секторда инфляцияның жаһандық дең­гейде өсуі үздіксіз жалғасып келеді. Оның артуына азық-түліктің қымбаттауы да айтарлықтай әсер етеді. Биыл наурызда азық-түлік бағасының индексі 1990 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткені айтылды. Былтыр азық-түлік бағасы 33,6 пайызға өсті. Азық-түліктің әлемдік бағасы биыл да, алдағы 2023 жылы да жоғары деңгейде қалады деген болжам бар. Азық-түлік пен шикізат нарығында сұраныс пен ұсыныс арасында дисбаланс байқалады. Бұған геосаяси жағдай, тыңайтқыштардың жоғары бағасы, сондай-ақ тауар жеткізуге қатысты проблемалар себеп болып отыр», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Бөлшек саудамен айналысатын жеке саудагер Эсмира Байтикова кон­дитерлік азық-түлік өнімдерін Алматы түбінде орналасқан «Алтын Орда» әмбебап базарында сатылымға шығарады. Бұл кәсібін 2016 жылы бастаған ол, тұрғындардың бағаға қатысты наразылығы мен шағымын жиі естимін деп отыр. «Менің негізгі тауарым – отандық кондитер­лік өнімдер, ұннан жасалған түрлі тәттілер. Оларды мен өндірушіден арнайы көтерме бағамен сатып аламын. Шындығында, тауардың үстіне азғантай ғана ақша қосып, нәпақа айырып отырамын. Қазір сауда тоқырап қалды десек те болады, «Магнум» секілді ірі сауда дүкендерінің ашылуынан халық қазір базарларға аз келеді. Оған қоса, әр ауданда демалыс сайын өткізілетін азық-түлік жәрмеңкелері бар. Ондағы баға нарықтағыдан төмен, өйткені ол жерде сауда орны үшін сатушы ақша төлемейді. Ал мен, базардағы сауда орны үшін айына 60 мың теңге төлеймін. Қазір базардағы саудагердің де жағдайы оңып тұрған жоқ», – дейді ол.

Айтпақшы, еліміздің аума­ғындағы әлеуметтік маңызы бар тауарларға шектік бағаны Сауда және интеграция министрлігінің Ішкі сауда департаменті жанындағы комиссия бекітеді. Ресми бекітілген бағадан жоғары бағаны ұстанғандарға көлемді мөлшерде айыппұл салынады. Бүгінгі таңда, азық-түлік бағасына осындай шектеулер Алматы қаласы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында енгізілген.

Меруерт АҚЫҚ,

Замира БЕЙШЕН,

Сүлеймен Демирел атындағы

университеттің студенттері

1699 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз