Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 10 Маусым, 2022

ҚАНАТ АЙТБАЕВ:МӘДЕНИЕТ – ЕЛ ИДЕОЛОГИЯСЫНЫҢ ЕҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

Қазір жаһандану жағдайындағы мәдени құндылықтар мен оның қоғамға әсері өте өзекті мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Эфир мәдениеті, сахна өнері, мәдениет дамуының бағдары және түйткілдердің шешімі бүгінгі ұрпақтың бойынан көріне бермейтіндей. Дегенмен бұл ­салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан ҚР Мәдениет қайраткері, «Димаш Али» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев кемшіліксіз іс болмайтынын, әрбір істі дұрыс арнасына бұру үшін қоғам болып атсалысуымыз керегін айтады. Бес жүздей мәдениет саласының өкілдерінің басын қосқан Мәдениет форумында Қанат Айтбаевтың айтқан пікірі көпшілікке үлкен ой салғаны белгілі. Осы орайда продюсерді арнайы әңгімеге тартып, мәдениет саласындағы бүгінгі кемшілік пен артықшылығы хақында тілдестік. 

– Қанат Құдайбергенұлы, бүгінгі мәдениет саласы іс-шараларына көңіліңіз тола ма? Елдің идеологиясына, жастардың болашағына ол іс-шаралардың әсері қандай?

– Мәдениет саласы ­мем­лекеттік идеологияның ­маңыз­ды тетігі.

Сондықтан да осы бағытта өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың бағыт-бағдарын айқындайтындай дұрыс жол табуымыз керек.Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай аз нәрсе жасалды дей алмаймыз, елімізде театрлар, филармониялар, түрлі өнер ордалары, ұлттық оркестрлер, ансамбльдер бар. Әншілеріміз бен бишілеріміз, актерлеріміз халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүр. Мемлекеттік мекемелердегі өнер ұжымдары бекітілген бағдарламасына, көркемдік кеңестерінің шешіміне сәйкес жақсы өнімдерді халыққа ұсынып жүр. Бірақ әттеген-ай дейтін тұстарымыз да жетерлік.

Еліміздегі ірілі-ұсақты ғимараттарда түрлі концерттер өткізіліп жатады. Оның ішінде алыс-жақын шетелдерден де келіп, көрсетілімдерін халыққа емін-еркін ұсынып жүргендері аз емес. Қойылым барысында аузына келгенді айтып, анайы тірлігімен жастардың санасын улап жүргендердің де бар екенін, олардың әдепсіз іс-әрекетін көзіқарақты ағайын әлеуметтік желілерге жүктелген түрлі видеолардан көріп жүрген болар. Осыларды көріп өскен ұрпақтан не күтуге болады? Кейбір басылымдар мен блогерлердің «ұят» деген ұғым-сөзді құнсыздандырып, теріс іс-әрекетті сынап, ұялт­пақ болған адамдарды «ұятмен» атандырып, мазаққа айнал­дырған күнге жеттік. Ұялу қасиетінен айырылған адам адами қасиетінен де ­айырылады. Құс ілген қудың ұятта ісі болмайтынына көзіміз жетіп жүр. Қоғамдағы кейбіреулердің сананы ұлтсыздандыруға ­тырысып, ұрпақты болмысынан, дәстүрлі тәрбие негізінен ажыратуға ұмтылуы – қауіпті үрдіс. Ұлттық рухы төмен елдің болашағы бұлыңғыр.

Өскелең ұрпақтың не көріп, кімді үлгі тұтып жүргенін бақы­лаусыз қалдыруға әсте болмайды!

Мысалы, мемлекеттің ­көп­теген саласында қауіпсіз­дікті қамтамасыз етіп, бақылауға алатын техникалық қауіпсіздік, санэпидемстанса, т.т. секілді түрлі құрылымдар бар ғой.

Ал қоғамдық сананың қауіпсіздігін кім бақылайды? Өз бетімен сахнаға шығып, концерт қойып жүргендердің іс-әрекеті үшін кім жауап береді?

Көптеген мемлекетте концерт ұйымдастырудың процедуралық жолдары оңай емес. Сан тексерістен өтуге тура келеді. Орындалатын шығар­маның мән-мазмұны сол елдің мем­лекеттік идеологиясына кереғар емес пе, сахнаға шығатын адамның репутациясында көлеңкелі тұстар бар ма, жоқ па – бәрі бақыланады.

Бізде демократия, шығарма­шылық еркіндік деген желеумен жалғанды жалпағынан басып, ойына келгенін істеп, аузына келгенін айтып, жастардың санасын улап жүргендерге барлық есік айқара ашық болып тұр.

Елімізде жеке тұлғалар тарапынан өткізілетін концерттік шараларды бақылауға алатын кез келді. Қойылатын концерттердің маршруттық бағытын белгілеп, рұқсат беру функциясын енгізу қажет. Бұл міндеттер жергілікті атқарушы биліктің, Мәдениет басқармаларының құзырында болуы керек.

Жүздеген адам жиылатын жерлер­дегі шаралардың дұрыс өткізілу жауапкершілігін ұйымдастырушылар да, рұқсат беруші мекеме де сезінетіндей болса кейбір концерттердегі бейәдеп тірлікке жол берілмес еді.

– Өнер адамдарының жаппай кино түсіруі сәнге айналды. Бұл біздің қазақ мәдениетін дамытуға үлес қосу ма әлде «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, әркім өзінің жұмысын істеуі керек пе?

– Дұрыс айттыңыз, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді. Әркім өз саласын жақсылап меңгеріп істегені дұрыс қой. Өзіңіз айтқандай, қазір фильм өндіретін «кәсіпкерлер», кітап шығаратын «жазушылар» да көбейіп кетті. Мұхтар Әуезов, Дулат Исабеков, Бауыржан Момышұлы, Тынымбай Нұрмағамбетовтың кітаптарын оқығанда сөздің ­майын тамызып бейнелеген жазушы әлеміне еніп кететінбіз, оларды әлі күнге сүйсіне оқимыз. Қазір шыққан кейбір кітаптарды ашып қарасақ, сыртқы мұқабасы әдемі, қаражат салып шығарған, бірақ ішіндегі дүниені жазушылық еңбек деп айтуға келмейді. Сол секілді кәсіби деңгейі сын көтермейтін, аралас тілде түсірілген, дүбәра фильмдер де көбейді.

«Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа» секілді фильм­дердің әрбір кадрлары керемет қойылған, актерлердің эмоционалдық ойыны, образы көрерменге керемет әсер ететіндей, айтылған әрбір сөздері адамның санасында жатталып қалатындай дүниелер болды. Бұл қаншама маманның – кәсіби режиссер, кәсіби сценарист, кәсіби оператор, кәсіби редактордың ұжымдасқан еңбегінің нәтижесі. Қаншама талантты жазушы ағаларымыз бен апаларымыз сөз маржанын теріп отырып, әрбір сөйлемді саралап, тұшымды дүние жасап, актердің аузына салды. Қанша жыл өтіп кетсе де, сол дүниелер өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мұны қандай сахнаға шығарсақ та, қандай әлемдік деңгейге шығарсақ та, біздің киномыз сол кездің өзінде жауһар болған еді деп ұялмай айта аламыз.

Елімізде осы күні де көптеген к­инофильм түсіріліп, халыққа ұсынылып жүр. Көрермен көңілінен шығып, жақсы бағаға ие болғандары да, көркемдік деңгейі аса төмен, көрген адамға берерінен аздырар әсері көбі де жетіп-артылады.

Өз бетінше немесе қаржылық топтардың қолдауымен түсірілген кейбір фильмдерді қарауға жүзің ­шыдамайды.

Youtube немесе басқа да әлеуметтік арналарға жүктелген, кейбір қазақ тіліндегі фильмдерге зер салсаңыз, сюжеттік құрылымдарының рухани жұтаң, азғындық пен көргенсіздікті ғана насихаттайтын, тілдерінің былапыт боқтыққа тұнып тұрғанын көресіз. Бірақ қаралымы бірнеше ондаған миллион! Мұндай фильмдерді өндірушілердің көздегені де осы! Ұятты тірлік арқылы арсыз рейтинг жинау. Оң-солын танып үлгермеген қазақ баласы мұндай көрсетілімдерден қандай тәрбие алмақ?

Осындай фильмдерді түсірген режиссерлердің сөзін тыңдасақ, «шынайы өмірді бейнеледім, айналамыз тура осындай» дейді.

Шынайы өнер қоғамға серпіліс, өмірге құлшыныс беретін, ақ пен қараны айырып, рухани бағдарды айқындап көрсететін, тілі әдеби, жұп-жұмыр дүние болуы керек.

Кино мен театр көшеге еліктемеуі керек, кино экран мен сахнадан көрсетілетін әсемдікке, батырлыққа, адалдыққа ұмтылдырар, жамандықтан жирендірер көркем туындыларға қарап өскелең ұрпақ бой түзеп өсуге тиіс.

Кино – қоғамдық, мемлекеттік идео­логияның басты құралдарының бірі.

Сондықтан әрбір фильм меншік иесіне қарамастан – мемлекеттік мекеме немесе жеке компания түсірсе де қоғамдық негізде құрылған көркемдік кеңестің сүзгісінен өтуге тиіс.

 «Әлеуметтік желіге жүктелген туындыларға бақылау жасай алмаймыз, ол біздің құзырымызға жатпайды» дейтін пікірлер айтылып қалады.

Сол дүбәра туындыларды жасап, халыққа ұсынып жүрген өзге емес, өз еліміздің азаматтарына «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа іздейтін кез келді. Басқа елде шаруамыз жоқ, осы жердің суын ішіп, нанын жеп жүрген өз еліміздің азаматтарының туындылары көргенсіздікке, тәрбиесіздікке негізделсе, заң алдында жауап бере­тіндей, жасаған дүниесі әлеуметтік желілерден өшірілетіндей механизмдер енгізілуі керек.

Сөз бостандығы – ойға келгенді жасап, ауызға келгенді айту емес.

Әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі болуы керек.

– Осы орайда «фильмде де идеология болу керек» деген сіздің сөзіңіз есіме түсіп отыр...

– Қоғамға ұсынылатын кез келген өнім ел мүддесі үшін қызмет етуі керек. Мысалы, кейбір режиссерлеріміз фильмдерінде ауылды түсірсе, қисайып, азып-тозған үй, жұпыны киінген адам, аңғал-саңғал аула, сұрықсыз көшелерді көрсетіп, қазақты бейшара етіп бейнелейді. Кейінгі кезде осындай тенденция қалыптасқан. Әлемдік деңгейдегі киноны қарасақ, өз елдеріндегі бағзы замандағы тарихын әсерлі бейнелеп, ғимараттарын керемет сәулетті, адамдарын да келбетті, ақылды, киген киімдерін де соншалықты сәнді қылып көрсетіп, ақ пен қараны ажыратып көрсетіп жатады. Яғни там-тұмдап, сол мәдениетке, сол елге деген бір құштарлықты оятып, басқа әлемдегі жастардың бәрін өзіне тарта біледі. Бұл – идеологиялық жұмыс. Ал біз өз еліміздегінің бәрін жаман, сұрықсыз қылып көрсете бересек, ертең біз осы ұлттың өкілі болғанына ұялатын ­жастарды тәрбиелеп шығарамыз.

– Жаһандану заманында ұлттық мәдениетімізді қалай сақтап қаламыз, жалпы бұл тек мәдениет саласы қызметкерлерінің міндетіне жата ма? Әлде қоғамға ортақ дүние ме?

– Мәдениет – қоғамға ортақ дүние. Әлемде тоғызыншы орынды алатын ұлан-ғайыр даламыз бар. Сол даламызды ең бірінші жанға толтыруымыз керек, одан кейін малға толтыруымыз керек. Ал жан мен мал болған жерде міндетті түрде оның рухани діңгегі болу керек. Өзінің рухани діңгегі – мемлекеттік тілі, төл мәдениеті болмаса, онда мемлекет болып шығынданып қажеті не?

Біздің өз ұлттық дәстүріміз, өне­ріміз, мінезіміз бар. Соның бар­лығын сақтай білуіміз қажет. Ол үшін өнер адамдары, білім сала­сындағы, идеология саласындағы азаматтар барынша «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы» керек. Біздің ұлттық киіміміз де трендке айналып, ұлттық өнеріміз де халыққа барынша танылып, кеңінен насихатталғаны дұрыс. Мемлекеттік концерттер көп өтеді, соның ең негізгі бөлігі ұлттық оркестрлерімізге, ұлттық өнерімізді насихаттайтын өнерпаздарға берілуі керек.

Осы елдің өркендеуі үшін өне­рінің, рухани құндылығының, әдеби әлемінің, көше мәдениетінің бәрі де басқалардан ерекшеленіп, айқын­далып, айшықталып тұруына барынша күш салуға тиіспіз.

Ұлт болып қаламыз, мемлекет болып, іргемізді бекітеміз десек, ең бірінші өз ұлттық тұғырымызды нығайтуымыз керек.

– Еуропа мен Батыс елдері мәде­ниетінің өзіндік ерекшелігі бары рас. Дегенмен кей тұстары біздің ұлттық бол­мысымызға сай келмей жатады. Әйтсе де, әлемдік өркениетке ілесеміз десек, мұны айналып та өте алмаймыз. Бұған көзқарасыңыз, ойыңыз қандай?

–       Жаһандану жағдайында өмір сүріп жүрміз. Батыс мәдениеті бар, Шығыс мәдениеті бар. Әрқайсының өзіне тән өрнектері жеткілікті, бір-біріне менталитеттері ұқсамайды, әрқайсының өзіндік бағыт-бағдары, өрнектері, айшықтары бар. Адамзаттың дамып, өркендеуі үшін ұжымдаса еңбек етіп, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуы – заңды құбылыс. Бойымызға әлемдік мәдениеттің тек жақсысын сіңіріп, ұтымды тұстарын ғана алып, өзіміздің де ең керемет тұстарымызбен бөліскеніміз жөн. Бірақ өзіндік өрнегімізді, бет-бедерімізді жоғалтып алмауымыз керек.

– Қоғамдағы тәрбие жөнінде не ­айтасыз?

– Жаһандану үрдісі қарқынды күш алып келе жатқан заманда өмір сүріп келеміз. Әлем деңгейінде түрлі мәдени алмасу, толассыз ақпараттар ағыны жүріп жатқан кезеңде ұлттық бет-бедерімізді сақтап қала аламыз ба? «Өз орнымызды ойып тұрып, бекітіп, шегендей аламыз ба?» деген сұрақ көкірегімізде сайрап тұр.

Әлемде жеті мыңнан аса тіл, яғни ірілі-ұсақты соншама ұлт бар.

Осынша ұлттың ішінде жеке мемлекет болу бақытына ие болғандар саны екі жүзге жетер-жетпес қана. Соның бірі – біздің еліміз. Біз сол бақытты бағалай алып жүрміз бе? «Отан – ­отбасынан басталады». Балаларымызға қандай тәрбие бердік? Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құнды­лықтарымызды, ана тілімізді ұрпағымыздың бойына сіңіре алып жүрміз бе?

Ұлттың ең басты айқындауышы – тіл, дәстүр, өнер.

Ұлт болып ұйысу, мемлекеттікті нығайтудың ең басты негізі – білім және мәдениет. Қоғам тәрбиесінде, ұрпақ тәрбиесінде екеуі қатар жүреді.

 Ата-бабамыз бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, инабат пен әдептілікті, батырлықты, даналықты толғау-жырларымен, күмбірлі күйлерімен, ұла­ғатты сөздерімен, қазақы өнеге­сімен ұрпағының бойына сіңіре білді.

Ар мен ұят деген ұғымдарды жоғары қойып, бала тәрбиесіне қоғам болып атсалысты.

Қазақ қашаннан сөзге тоқтай білген, сөз құдіретін сезініп, бағалай білген халық еді.

Ғылым мен техника қарыштап алға басып, біздің қоғамымыз да әлемдік интеграциядан тыс қалмай, дүние­жүзілік білім нәрінен сусындап, жастарымыз танымдық көкжиегін кеңейтті.

Сонымен қатар өзгенің қаңсығына таңсық болып жүрген, өкіндірер тұстарымыз да аз емес.

Кейбір баспасөз, радио, телеар­­налар тәрбиелік мәні бар, тағы­лымды, танымдық дүниелерді, рухани құндылығы жоғары ән мен күйді насихаттаудың орнына, «атың шықпаса жер өртенің» кебімен өске­лең ұрпақты аздырып, сана-сезімін улайтын ақпарат таратып, арзан рейтингтің құлы болып жүр.

Қазақта: «Мал құлағы саңырау» дейтін ежелден келе жатқан бір қанатты сөз бар. Жан түршігерлік сорақылықты, жердің тесігі болса кіріп кетердей ұятты істі көріп, естігенде шарасыздықтан, азғындық істі жек көру мен жиіркеніштен айтылған сөз.

Қазіргі қоғамда осындай, адам құлағына аса ауыр естілер, түрпідей тиер, тіпті төбе шашыңызды тік тұрғызып тіксіндірер келеңсіздіктердің көбірек орын алып тұрғаны өкіндіреді.

Кеудемізді күрсініске толтырған сол бір жексұрын келеңсіздіктің аты – ұятсыздық пен қатыгездік. Адам өрескел, анайы, жаман нәрсені алғаш естігенде шошып кетеді, екінші естігенде құлағы үйрене бастайды, онан соң бойы үйренеді, телеарналар мен әлеуметтік желіден күнде көріп, ести берсе ұятты нәрсе, қатыгездік іс-әрекет қалыпты жағдайға айналып кетеді. Қоғам үшін ең үлкен қасірет осы.

– Жалпы қазіргі ата-аналар бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөледі? Баланың тәрбиесінде әкенің рөлі, ананың рөлі деп бөліп қарастырып ­жатамыз. Бала тәрбиесіндегі негізгі ­проблема деп нені айтар едіңіз?

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп қазақ бекер айтпаған. Сондықтан баланы тәрбиелеуден бұрын адам өзін тәрбиелеу керек. Қазақ «әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген. Бұл жастарды сөйлетпе деген сөз емес. Әдепке, ізеттілікке, үлкеннің сөзін бөлмей тыңдауға үйреніп, содан кейін үлкендердің салған жолымен жақсылықтың ауылына бағытталуына тәрбиелеу. Қазір «ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды» деген қағиданы ұстанатын аналар пайда болды. Көшеде баласы басқалармен ренжісіп қалса, еріп барып сол баладан қарымтасын қайтаратын әкелер бар. Ол, меніңше, дұрыс емес. Баланы мейірімге, ізет­тілікке өнегелі жолмен үйрету керек.

Біз ұстазды қашан да қадірлеген елміз. Ұстазды да құрметтеуді бала ­жастан сіңірсек деймін.

Дегенмен еліміздің жастары болашағына сенетін, болашағынан үміт күттіретін, потенциалы өте жоғары жандар. Халықаралық деңгей­дегі көптеген сайыстарға, білім олимпиа­даларына, спорт, өнер, тағы басқа салалар бойынша қатысып, Көк байрағымызды желбіретіп жүр. Жастарымызды отансүйгіштікке, ата-ананы қадірлеуге, бір-бірін құрметтеуге, мектебін, туған жерін, туған өлкесін, өзінің көшесін қадірлеуге үйретуді қазірден қолға алсақ, көп нәрсеге үлгеретініміз анық.

– Жастар идеологиясы деп қал­дыңыз... Қазір жастар неге қызығады? Идеологияны неден насихаттауымыз керек?

– Идеология – ұрандатып, айғайлап, даңғаза шаруаны реттей салу ғана емес, әрқайсысы жүйелі түрде кезең-кезеңімен атқарылатын ауқымды іс қой. Жоғарыда айтқанымдай, кино түсірсек те жастарға өнеге болатындай, жұрт еліктейтіндей, мақтанатындай, халық рухани ләззат алатындай әрбір сөзі ұтымды, әуені халыққа жағымды болуы керек. Сондықтан арзан дүние емес, халықтың санасын оятуға әрекет ететін дүние қажет. Қай нәрсені істесек те, мысалы, көшедегі асфальт төселсе де соған халқымыз қуанатындай, құрылыс салса да біздің әрбір тұрғынымыз оған сүйсінетіндей, мақтанатындай деңгейде жасалса, шіркін! Сонда әрбір жасалған іс сапалылығымен жастардың мақтанышын тудырса, патриотизм содан басталады. Жастарымыз көшесіне, ауласына, футбол командасына, одан әрі қаласына, мемлекетіне, тұлғаларының әрбір ісіне мақтанып, «осындай елдің тұрғынымын», «осындай елдің азаматымын» деген нәрсеге қуанып, шаттануы керек. Сондай жағдайда ғана шынайы патриотизмді, тәрбиені қалыптастыра аламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

2162 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз