Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 17 Маусым, 2022

Ажар Ғиният медицина мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін "Дені сау ұлт" ұлттық медициналық саммитінің ашылуында еліміздің медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, олардың қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті.

Саммитке ҚР Үкіметінің мүшелері, еліміздің медициналық қоғамдастығының өкілдері, бизнесмендер, Денсаулық сақтау саласының отандық және шетелдік сарапшылары қатысуда.

"Медицина қызметкерлері күні - сіздердің қызметтеріңіз үшін үлкен алғыс білдіруге мүмкіндік беретін күн. Медицина қызметкерлерінің жұмысы өте күрделі және жауапты, олар демалыссыз, мереке күндері де жұмыс істейді. Бүгін біз ең күрделі және маңызды міндеттердің бірі – қолжетімді, сапалы және тиімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету бойынша бірлесіп жұмыс істейміз", - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Форумға қатысушыларға арнаған сөзінде министр Денсаулық сақтау жүйесінің жетістіктері мен міндеттері, сондай-ақ "Дені сау ұлт" ұлттық жобасын іске асыру туралы хабардар етті.

"Медицинада жұмыс істеудің басты шарттарының бірі - адамдарға деген сүйіспеншілік!  Сондықтан медицинада кездейсоқ адамдар жоқ. Өмірдің қиын және күрделі сәттерінде адамға көмекке келе отырып, біз үлкен жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Бұл әсіресе соңғы, төтенше 2 жылда айқын көрінді. Бұл уақыт бүкіл планета үшін қиын болды. Қазақстан да бұдан тыс қалған жоқ. Біздің бүкіл еліміз күш сынақтарына төтеп берді, ал жауапкершіліктің негізгі бөлігі алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерінің мойнына жүктелді. Олар бірінші болып тәуекелдерді қабылдап, қауіптерге төтеп берді. Пандемия кезінде ауруханаларда короновирустық инфекциясы бар 500 мың науқас, реанимацияда 50 мыңға жуық ауыр науқас емделді және оларды 30 мыңнан астам медицина қызметкері емдеді", - деп атап өтті ҚР ДСМ басшысы.

А.Ғиният бір жыл ішінде Қазақстанның медицина қызметкерлері стационарларда 3 млн - нан астам адамды, оның ішінде 640 мыңнан астам баланы емдегенін атап өтті.  630 мың операция, оның ішінде 20 мыңға жуық жоғары технологиялық араласу жүргізілді.

Ауруханаларда оңалту бойынша, оның ішінде ауру балаларға 160 мыңнан астам қызмет көрсетілді, амбулаторлық деңгейде 110 млн-дай жүгіну болды.  Жедел медициналық жәрдем бригадалары 8 миллионнан астам шақыруға қызмет көрсетті, бұл тәулігіне 22 мыңға жуық шұғыл жағдай.

"Акушерлердің қамқор қолдары 450 мыңға жуық босануды қабылдады – бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.  Бұл нағыз нәресте бумы болды! Ең бастысы, барлық қиындықтарға қарамастан, біз медицина саласын жақсарту үшін барлық күш - жігерімізді салуымыз керек", - деді министр.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Үкімет бекіткен саланың негізгі бағдарламасы төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылатын "Дені сау ұлт" жаңа жобасы екенін еске салды. 

"Дені сау ұлт" жобасының төрт негізгі бағыты бар екенін сіздер жақсы білесіздер. Жоба 5 жылға есептелген, ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде біз қазақстандықтардың денсаулығының жақсаруын күтеміз", - деп Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы саммит аясында "Дені сау ұлт" ұлттық жобасының логотипі бекітілетінін еске сала отырып, атап өтті.

Сөз соңында А.Ғиният қазақстандық медицина қызметкерлері, дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, санитарлар өздерінің күнделікті қажырлы еңбектерімен ұлт денсаулығын жақсартуға, әрбір пациентті тиімді қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

"Құрметті әріптестер, сіздерге алғысымды білдіремін! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Денсаулық, бақыт және жақсы көңіл-күй тілеймін!", - деп министр әріптестерін еліміздің медицина қызметкерлерінің салтанатты форумының ашылуында құттықтады.

Еліміздің денсаулық сақтау саласында 78 мыңнан астам дәрігер, 180 мыңнан астам орта медициналық персонал мамандары және 10 мыңнан астам басқа да көмекші, бірақ сала үшін маңызды медициналық ұйымдардың қызметкерлері жұмыс істейді.

Саммит аясында Денсаулық сақтау саласының ең үздік өкілдерін марапаттау рәсімі өтті, олардың арасында дәрігерлер, медбикелер, сала менеджерлері бар. 

Өздерінің кәсіби мерекесінде денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі және саланың дамуына қосқан үлесі үшін дәрігерлер келесі наградалармен марапатталды:

- "Еңбек ардагері" медалімен - 253;
- "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгісімен - 565;
- "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен - 569 медицина қызметкері марапатталды.

Сонымен қатар, азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі және мінсіз адал еңбегі үшін:
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен 574 медицина қызметкері;
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің алғысымен 428 медицина қызметкері марапатталды.

"Дені сау ұлт" ұлттық медициналық саммиті аясында медициналық ұйымдар арасында "ALTYN SHIPAGER" ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

"Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің үздік медициналық ұйымы" номинациясында Көкшетау қаласының емханасы жеңіске жетті, ол 33 жыл бойы Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының 91 мыңнан астам тұрғыны тіркелген ең ірі емхана.

Еліміздің және қала тұрғындарына 24/7 тәулік бойы шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсететін, елорданың ірі көп бейінді емдеу-диагностикалық мекемелерінің бірі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің № 2 қалалық көп бейінді ауруханасы қаланың үздік стационары болып танылды.

"Үздік көпбейінді облыстық аурухана" атағының иегері Түркістан облысының облыстық клиникалық ауруханасы болды. Бұл өңірдің жетекші клиникасы, оның 27 - клиникалық бөлімшесі, 2 – анестезиология және реаниматология бөлімшесі, 5 - емхана, оның ішінде онкологиялық орталық және параклиникалық бөлімшелері бар.

"ALTYN SHIPAGER" сыйлығының нұсқасы бойынша ең үздік аудандық аурухана болып Қарағанды облысы Абай ауданының Орталық аудандық ауруханасы жарияланды, ол үш рет "Сала көшбасшысы" ұлттық сертификатын алған. 2019 жылы ОАА бірінші санатты тағайындаумен аккредиттеуден өтті.

Медициналық кәсіпорындар арасында басқа да номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталып, олар еліміздің үздік клиникалары ретінде байқаудың Алтын мүсініне ие болды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі "ALTYN SHIPAGER" Ұлттық медициналық сыйлығының ұйымдастыру комитетімен бірлесіп, медицина қызметкерлері күнін мерекелеу аясында және Президенттің "Жаңа Қазақстан" идеясы аясында іске асырылатын іс-шараны ұйымдастырушы болып табылады.

1208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз