Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 23 Маусым, 2022

Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы бекітілді

Бүгін Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы қаралып, бекітілді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Тұжырымдамада көзделген негізгі нысаналы индикаторлар туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтып берді. Құжатта 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 25,1%-ына дейін жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $25,5 млрд-қа дейін ұлғайту көзделген.

Т. Жақсылықовтың сөзінше, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Тұжырымдама инвестициялар құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіруді бәсекеге қабілетті болатындай етіп өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешенін көздейді.

«Инвестициялық дамудың негізгі пайымы әрбір саланың экономиканы дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, инвестициялар тартуға теңдестірілген тәсілден тұрады. Өңдеу өнеркәсібі бәсекеге қабілеттілікті арттырудың басты драйвері болып табылады», — деді ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Мұнда еңбек өнімділігінің өсуіне, экспорт көлемін ұлғайтуға және күрделілігін арттыруға, неғұрлым жоғары қайта бөлу өнімінің жаңа өндірісін игеруге және өндірісті кезең-кезеңімен оқшаулауға баса назар аударылады.

Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров баяндады. Өңірлердегі инвестициялық жағдай туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтып берді.

ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Құжат ел экономикасына тартылатын инвестициялардың өсуіне айтарлықтай ықпал ететін болады.

Жалпы Қазақстан инвестициялар өсімінің пандемияға дейінгі деңгейіне жетті. Мәселен, биылғы 5 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5%-ға өсіп, 4,1 трлн теңгені құрады.

Ақмола облысы, Шымкент және Алматы қалалары негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімінің жоғары қарқынын көрсетіп отыр. Түркістан және Қарағанды облыстарында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеп кеткен.

Әлихан Смайылов Қазақстанның тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды ел екенін және бұл жағынан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұрғанын атап айтып өтті.

«Қазіргі жағдайда біз осы позицияны нықтай түсіп, шетелдік инвестициялар үшін күресте белсенді қимылдауымыз керек және инвесторларға барынша оңтайлы жағдай жасауымыз қажет. Сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек. Бүгін ұсынылып отырған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің бастауы болуы тиіс», — деді Үкімет басшысы.

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет елдің инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын бекітті. 

ҚР Премьер-Министрі орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Инвестициялық саясат тұжырымдамасындағы іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

74 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *