Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 27 Маусым, 2022

Смартфон-қауашағыңда не бар?

Заманына қарай, адамның күнделікті қолданатын жеке заттарына тағы бір дүние қосылды. Ол – бәріміздің қолымыздағы телефон. Одан сірә ажырай алмаспыз. Ешкімнің сенің телефоныңды рұқсатсыз алуына, ішін ақтаруға құқы жоқ. Біреудің телефонын рұқсатсыз пайдалану – адамның құқына қол сұғу боп есептелетіні өзінен-өзі заңға айналды. Біздің балаларымыздың телефонының ішінде не бар? Әлбетте, біз де әлдекімнің телефонына – жеке мүлкіне көз сүзуден аулақпыз. Тек онымен уақытын қалай өткізетіні, қандай мобиль қосымшаларды пайдаланатыны әке-шеше үшін маңызды.

Балаңыздың телефонында қандай мобиль қосымшалар жүктелсе, ол – оның өмірінің бір бөлігі деген сөз. Ендеше, біз де ата-анаға азырақ көмек бергіміз келеді. Алдымен мобиль қосымшалар жөнінде арнайы маманмен болған әңгімемізді ұсыналық. Educenter.kz директоры Мақсат Батырқұл тақырыпты кеңірек түсіндірді.

– Мақсат мырза, оқушыларға арналған мобиль қосымшалардың қайсысы көбірек қолданыста екенін білу мүмкін бе? Инстаграм, Тик-Ток секілді әлеуметтік желі қосымшаларын есептемегенде...

– Өкінішке қарай, App Store мен Play Market мобиль қосымшаларды ұсынғанда қолданушылар жасы жөнінде ақпарат бермейді. Сол себепті біз ондағы жаңалықты Top Chats-тан ғана біле аламыз. Байқауымызша, қазақстандық оқушылар ойынға арналған мобиль қосымшаларды көп жүктейді. Яғни балалар смартфон арқылы білім алудан гөрі көбірек ойнағанды ұнатады. Ойындардан соң білім алу платформалары біршама жүктелген. Оның ішінде Daryn.online мен Kundelik.kz алдыңғы қатарда. Әлбетте, әлеуметтік желі қосымшаларын өте белсенді пайдаланады. Әдеттегідей, Тик-Ток, YouTube, Instagram...

– Оқушылар қосымша білім алуына көмектесетін қандай мобиль қосымшаларды білмей жүр? Қандай пайдалы қосымшаларды ұсынасыз?

– Әзірге Daryn.online қосымшасынан артығы жоқ секілді. Онда 1-11 сынып аралығындағы оқушыларға арналған мектеп бағдарламасы бар. Қосымша ақылы. 2000 теңге төлеп, видеосабақтардың бәрін бірдей көре алады. Жуырда joo.kz қосымшасы іске қосылды. Ол ҰБТ-ға дайындалуға көмектеседі. Одан бөлек әлемдік деңгейдегі Khan Academy қосымшасы өз қызықтарымен математика, геометрия, физика сияқты пәндерді оқуға шақырады. Google Translate қосымшасын да ұсынар едім. Онда аударма жасауға болады. Duolingo қосымшасы да ағылшын тілін үйрену үшін өте пайдалы. Оның да құрылымы ерекше, ойнап отырып, тіл үйрене аласыз.

– Әдетте мобиль қосымшаларды жүктемей-ақ, сайтты көбірек пайдаланамыз. Қосымшаны жүктеп алудың артықшылықтары бар ма?

– Екеуінің айырмашылығы жоқ деуге болады. Бірақ мобиль қосымша қолданушыға барынша ыңғайлы етіп жасалады. Сайт компьютерге ыңғайланып жасалса, мобиль қосымша шағын экранға арналып жасалғандықтан да ыңғайлы. Пернелердің орналасуы да қолайлы. Мобиль қосымшаны қолдану уақыт жағынан тиімді. Сайтқа бір күнде бірнеше рет кірер болсаңыз, әжептәуір уақытыңызды алады. Мобиль қосымшалардың бір артықшылығы – push хабарлама. Мәселен, kaspi.kz-тен ұшақ немесе пойыз билетін алсаңыз, ол сізге жолға шығардан 2-3 сағат бұрын ескерту хабарламасын жібереді. Басқа қосымшалар да сондай жаңалықтар жолдайды. Ал сайттан телефоныңызға ондай хабарламалар келе алмайды. 

– App Store мен Play Market-тің біз білмейтін қандай артықшылықтары, пайдалы тұстары бар?

– Екеуі де интернет-дүкен секілді, одан өзіңізге қажетті мобиль қосымшаларды таба аласыз. Оның артықшылықтары – ішіндегі мобиль қосымшаларда. Top Chats көпшіліктің пайдасына жарап жүрген қосымшаларды ұсынады. Олар қандай? Мәселен, әртүрлі банк қосымшалары. Қазір онлайн сауданың бәрі банктың мобиль қосымшалары арқылы жүзеге асады. Onay қосымшасы да кең таралған. Алматылық оқушылардың бәрі сол арқылы автобус жолақысын төлейді. Ұялы байланыстардың қосымшасы да сізге қажетті біраз мәлімет береді. Мәселен, тарифіңіз қандай, мобиль интернетті пайдалану мерзімі қандай – соның бәрін call-орталыққа хабарласпай-ақ білуге болады. 2Gis те айтарлықтай көп жүктелген. Пайдасы зор. Ол арқылы кез келген жерге баруға болады. Қай автобуспен, жаяу қалай баруға болатынын көрсететінін бәрі біледі деп ойлаймын. eGov-тің мобиль қосымшасы да Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, жұмыстарыңызды үйде отырып жасауға мүмкіндік береді.

– ІТ саласына қызығатын мектеп оқушылары өз бетімен мобиль қосымшалар жасауға мүмкіндігі бар ма? Осы бағытта қандай да бір жетістікке жетіп жүрген балаларды білесіз бе?

– Мобиль қосымша жасау үшін бағдарламалар тілін білу қажет. Оларды мектеп қабырғасында үйрете қоймайды. Ал егер бұл салаға балалар қызығатын болса, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы ІТ компаниялардан іс-тәжірибеден өтуіне мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін математика пәнін жетік білуі маңызды. Телефон немесе ноутбук болса, ары қарайғы жұмыс ретімен жүре береді. Назарбаев зияткерлік мектептерінде жоғары сыныпта мобиль қосымша мен сайт жасауды үйретеді. Онда айтарлықтай жетістікке жетіп жүрген балалар баршылық. Тіпті олардың ішінде түрлі байқауларға қатысып, қаржылай сыйақыға ие болып жүргендерін де білемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

МОБИЛОГРАФ – ЖАҢА ЗАМАН МАМАНЫ

«Ақ желкеннің» Инстаграм парақшасында (@akjelken_magazine) оқушыларға сауалнама жүргіздік. «Смартфоныңда қандай мобиль қосымшалар бар?» деген сауалымызға әртүрлі жауаптар келді. Әрине, басым бөлігі Тик-ток, Инстаграм сияқты әлеуметтік желінің қосымшаларын атады. Одан кейінгісі – монтажға арналған мобиль қосымшалар. Біздің түюімізше, оған әсер еткені – мобилография. Мұны да жаңа мамандықтың бірі деуге болады. Оны ешбір оқу орны оқытпайды. Бірақ мобилографияны үйренушілердің саны соңғы кезде күрт артты. Мобилография – қысқаша айтқанда, смартфон арқылы сапалы видео-контент түсіріп, оны өзің монтаждап, көпшілікке ұсыну. Яғни ол телефонды қалай ұстағаннан бастап монтаждың соңғы нүктесіне дейін үйретеді. Осының бәрі жалғыз телефонмен ғана атқаратындықтан, оған бірнеше мобиль қосымшаның көмегі керек. Оқушылардың таңдағанындай, олар төмендегідей: 

Snapseed – тек фотосурет өңдеуге арналған қосымша. Мұнда бұлыңғыр суреттің өзін жарқыратып алуға мүмкіндік бар. Суреттің түсін басқа түстерге ауыстыруға, өң, реңк беруге оңтайлы. Оған қоса мәтін араластырып жұмыс істеуге болады.

Inshot – видео монтаждауға арналған, кең қолданыстағы қосымша. Бұл арқылы түсірген видеоңызды қалағаныңызша ұзартып-қысқартуға, бірнеше видеоны жалғап, фильм жасауға да мүмкіндік бар. Түсірген видеоңызға дыбыс жазуға, яғни дубляж жасауыңызға болады. Оған талантыңыз болса жеткілікті.

Videoleap – телеарна жаңалықтары секілді видеолар жасауыңызға болатын қосымша. 

Canva – мүмкіндігі мен қолданушыға пайдасы өте көп қосымшалардың бірі. Қаласаңыз, әлеуметтік желіге салатын кез келген суретіңіз бен видеоңызды дайындап бере алады. Қандай тақырыпты қалайтыныңызды айтсаңыз жеткілікті. Қосымша дайын нұсқаларды ұсынады, сіз оны қалауыңызша өзгертіп аласыз.

IMovie, Capcut, VideoShow, VivaCut, Splice, Quik… Бұлардың қатары көп. Ең танымалы, қарапайым адамдарға оңтайлысы осылар. Демек, бұл қосымшалармен жұмыс істеу баланы мәтінмен жұмыс істеуіне, фото және кино өнеріне қызықтыруға септеседі. Осы қосымшалар тудырған жаңа заман маманы – мобилограф.

Телефон – өз басың, миың секілді. Ішін қалай толтырамын десең де ерік өзіңде. Демек, бастағы білім өмір сүруге қалай ықпал етсе, телефоныңдағы қосымшалар да өміріңе әсер етпей қоймайды. Әлбетте, пайдалы қосымшалар өмір сүруді біршама жеңілдетеді. Жоғарыда айтқан мысалдар секілді. Ендеше, смартфон-қауашағыңда не боп жатқанын тексеріп жүрген абзал.

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

1860 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз