Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Маусым, 2022

Өмірге құштарлық

Джек Лондон – америкалық жазушы. Тағдыры жазуына айналған адам. Оның шығармаларында суреттеген оқиғаларын оқып отырып, адамның шыдамы мен төзіміне таңғалмасқа шараң қалмайды. Жазушының ұраны сондай: «Адамды өлтіруге болады. Бірақ оны жеңу мүмкін емес». Жазушы осылай адам рухының асқақтығын жырлап өтті. Назарларыңызға жазушының «Өмірге құштарлық» атты әңгімесінің аудармасын ұсынамыз. Аударма авторы – жазушы Бекен Ыбырайым.

Өзенге ақсаңдап келе жатқандардың алдыңғысы ұсақ тастар арасында сүрініп кетіп, тәлтіректеп құлай жаздады. Әбден титықтаған екеуінің де осынау мүшкіл халіне көнген шарасыздық аңғарылады. Ұзақ уақыт бойы көрген қиындықтың салдары. Арқаларында белдікпен шандып алған ауыр жүк. Екеуі де мылтықты. Екеуі де бүкшиіп, бастары салбыраған күйі көздерін жерден алмай келе жатты.

– Әлгі тыққан жердегі патрондарымыздың тым құрыса екеуі болар ма еді, – деді бірі.

Дауысы селқос шықты. Оның бей-жай сөзіне тасқа соғылып, көпіршіп жатқан сүт түсті лай суға аяғын салып үлгірген серігі жауап қайырмады. Екіншісі серігінің соңынан ілесіп, өзенге түсті. Су мұздай суық болса да, аяқ киімдерін шешкен жоқ. Судың суықтығы сонша, башайларынан жан кетті. Кей тұстарда ағын тізеден қаққанда, екеуі де тәлтіректеп кетеді. Дәу, жылтыр тасқа екінші жолаушының аяғы тайып, құлауға шақ қалды. Соғып алған аяғын ауырсынып, айғайлап жiбердi. Басы айналды ма, шайқалақтап, бос қолы тiрек iздегендей ербең етiп, ауа қармап қалды. Түзеліп алға аттады, бiрақ тағы да тайғанақтап, құлай жаздады. Тоқтады да, серiгiне қарады: анау соңына көз қырын да салатын емес, iлгерiлеп барады. Ойына бiрдеңе түскендей қалшиып сәл-кем тұрды да:

– Билл, аяғымды шығарып алдым! – деп дауыстады.

Билл су кешкен бойы ақсаңдай басып, алыстап бара жатты. Артына бiр бұрылмады. Соңында қалғанның түрі бұрынғысынша түйсiксiз болса да, көзiнен жаралы бұғының жалынышындай мұң сезiлдi. Билл арғы жаққа шығып, шойнаңдап ұзай бердi. Өзеннiң ортасында қалған бұл одан көз айырмады. Ерiндерi дiрiлдегенi сонша, жирен мұрты да жан бiткендей жыбырлады. Құрғап кеткен ерiндерiн тiлiнiң ұшымен жалады. Сосын:

– Билл! – деп айқайлады.

Бұл – бәлеге ұшыраған адамның жалынышы едi, бiрақ Билл мойын бұрған жоқ. Бiресе ақсаңдап, бiресе сүрiнiп, қолапайсыз қыбырымен жатаған беткейге тырмысып, жал-жал төбелерден тiзбеленген көкжиектiң толқынды шегiне қалай беттеп бара жатқанын бағып тұрды. Содан асып, көзден тасалағанша Биллге қарады да тұрды. Содан соң терiс айналды. Билл кеткен соң жападан-жалғыз қалған өзін шыр айнала қармаған әлемдi қарап өттi.

Тұмшалаған түнек пен ұшы-қиыры жоқ шымылдықтай тұтасып алған қою тұманнан әзер көрінген көкжиектегi күннiң жарығы көмескі. Салмағын бір аяғына салып, сағатын алды. Төрт болыпты. Соңғы екі аптада есептен жаңылды: өйткенi шілденің аяғы, әрi тамыздың басы едi, ендеше, күн солтүстік-батыста тұратынын бiлетiн. Оңтүстікке көз салды, ано-оу түнерген төбелердің арғы жағында үлкен Аюлы көлi барын және сол бағыттағы Канада жазығы бойымен Поляр шеңберiнiң қорқынышты жолы өтетiнiн ойлады. Кешiп тұрған шағын өзен – Коппермайн өзенiнiң бiр саласы, ал Коппермайн да солтүстікке ағады да, Тажкиген шығанағына, Солтүстік Мұзды мұхитқа құяды. Ол жаққа аяғы жеткен емес, бiрақ Гудзон шығанағы компаниясының картасынан сол жерлердi көрген. Жападан-жалғыз қалған өзін айнала қоршаған дөңгелек дүниенi тағы бiр шолып өтті. Көңiл құлазытатын көрiнiс. Жатаған төбелер біркелкi толқындана тiзбеленiп, көкжиектi тұйықтаған. Ағаш та, бұта да, шөп те жоқ, айнала шексiз де үрейлi иесiз телегей. Ерiксiз секем алып, жүрегi суылдады.

– Билл! – деп сыбырлады. – Билл! – дедi тағы да.

Шексiз телегей сұрапыл қуатымен зіл боп басқандай, үрей шақыратын тыныштығымен ұнжырғаны түсiргендей, лай судың ортасында тiзе бүктi. Безгек ұстағандай дiрiлдедi. Мылтығы шолп етiп, суға құлады. Есiн жиюға мәжбүр болды. Қорқынышын жеңіп, буынын бекітті. Қолымен суды шарлап, мылтығын тауып алған соң, жүгiн сол иығына икемдеп жылжытты – ауырған аяғына салмақ азырақ түссін дегенi. Сөйттi де, жанға батқан аурудан қабағын шытына абайлап, ақырын басып, жағаға беттедi.

Тоқтамай жүре бердi. Ауруын елеместен кiжiнiп, жаңа ғана Билл асып кеткен жотаға асыға шықты. Оның ұсқыны ақсаңдап, әрең шойнаңдаған Биллден әрмен күлкiлi де репетсiз едi. Төбеге шығып қараса, сәл төмендегі саяз өзекте ешкiм жоқ! Тағы да өн бойын қорқыныш биледі, тағы да одан арылуға күш салып, буынын бекітті. Жүгін сол жағына икемдей түсiп, ақсаңдап төмен жылжыды.

Өзектiң түбі саз батпақты екен, су қалың мүкке сiңiп жатыр. Аяқ басқан сайын су шашырап, табанға жабысқан дымқыл мүк қорқ-қорқ етедi. Биллдың iзiмен жүрмек болған жолаушы бiр көлшiктен келесi көлшiкке қалың мүк арасында кiшкене арал секiлденген тастан-тасқа аттап отырды. Жалғыз қалғанымен жолдан адасқан жоқ. Тағы біраз жүрген соң, жергiлiктi тiлде «Кiшкене таяқтар елi» деп аталатын шағын Тичинничили көлiн қоршаған қортық та құрғақ шыршалар өсетін жерге жететiнiн бiлетiн. Көлге құятын бұлақтың суы лай емес. Жағасы қамысты, бірақ ағаш жоқ, сондықтан жоғары көтеріліп, суайрыққа дейін барады. Суайрықтан батысқа ағатын бұлақ бар, соны бойлап жүріп отырып, Диз өзеніне дейін түседі де, таспен көмілген астаудың астындағы көмбесін тауып алады. Онда оқ-дәрі, шағын ау-жабдықтары және қысқасы, тамақ табуға қажеттінің бәрі бар. Оған қоса аз да болса ұн, бір кесе төстік, бұршақ бар.

Билл оны сол жерде күтеді, сосын екеуі Диз өзенінің бойымен Үлкен Аюлы көліне дейін барады да, көлден өтіп, Маккензи өзеніне жеткенше оңтүстікке беттейді. Бұлар басқа жаққа мойын бұрмай, оңтүстікке тарта береді, соның арасында қыс қуып жетеді, өзенге мұз қатып үлгереді, күн суыта түседі. Оңтүстіктегі аспанмен таласқан алып ағаштары самсаған, тойғанша жейтін тамағы мол Гудзон шығанағындағы бекеттердің біріне жетеді.

Мықшыңдап ілгерілеген жолаушы осыны ойлады. Жүру қаншама қиын болғанымен, Билл мұны тастап кеткен жоқ, көмбенің қасында күтіп тұр дегенге өзін сендіру одан да қиын еді. Осылай ойлауға тиіс, әйтпесе бұдан әрі азаптанудың еш қажеті жоқ, жерге жату керек те, өлімге шарасыз көну керек. Бұлыңғыр дөңгелек күн солтүстік-батысқа жайлап жасырынып бара жатқанда, Билл екеуі келе жатқан қыстан ұзап баратын оңтүстікке қарай жүретін жолының әр адымына дейін бір емес, бірнеше рет ойлады. Өзінің көмбесіндегі азық қоры мен Гудзон шығанағы компаниясының коймасындағы қорын қайта-қайта ойша тексерді. Нәр татпағалы екі күн, ал тойып тамақ жемегелі қашан... Бар тындырғаны – қайта-қайта еңкейіп, саздауыттың өңсіз жидектерін жұла берді, жұлғанын аузына салып шайнады, жұтты. Су татыған жидектер аузына салғанда лезде еріп кетеді де, тек ащы да қатты дәнегі қалады. Бұған тоймайтынын білсе де сабырмен шайнай берді, өйткені адамның көрген-түйгені қаншама көп болып шошытса да, үміт ең соңынан өледі.

Сағат тоғызда үлкен башайын тасқа соғып алып, шайқалақтап кетті де, шаршап, дымы құрып құлады. Бір жамбастап ұзақ жатты, ақыры шандыған белдіктен босанып, ебедейсіздеу көтерілді де, отырды. Әлі қараңғы түскен жоқ, күңгірт жарықта тастардың арасын шарлап, құрғақ мүк жинады. Құшағын толтыра жинап, от жақты. Дым сіңген мүктің түтіні бықсығанда, котелокке су құйып, отқа қойды. Жүгін шешті де, ең алдымен сіріңкелерін санады. Алпыс жеті болды. Жаңылыспас үшін үш рет санады. Осыны үшке бөліп, әрқайсысын бөлек қағазға орады; бірін – бос темекі қалтаға, екіншісін – киілген тымақтың астарының ішіне, үшіншісін қойнына тықты. Сосын бойын қорқыныш жайлады; үш орамды түгел жазып, қайта санады. Сіріңкенің саны бұрынғысынша – алпыс жеті.

Су болған аяқ киімін отқа қақтап кептірді. Мокасиннің тамтығы ғана қалды, жұқа көрпеден тігілген шұлығы шұрқ тесілгендіктен аяғы қажалып, қанталап кеткен. Шыдатпай ауырған тобығы ісініп, жуандығы тізедей болыпты. Бір көрпешеден құлаштап жыртып алып, шұлық пен мокасиннің орнына байлады. Содан кейін қайнаған суды ішіп, сағатын бұрады да, көрпені жамылып жатты. Тұяқ серіппей ұйықтады. Түн ортасында қараңғыланғанмен, ұзаққа созылған жоқ. Солүстік-батыстан сұр бұлттар жасырған күннің жарығы біліне бастады.

Сағат алтыда оянғанда, шалқасынан жатыр еді. Сұрғылт аспанға қарап жатып, қарны ашқанын сезінді. Үйіріне аунай шынтақтағанда, құлаққа қатты естілген «пырр-пыррға» мойын бұрғанда, өзіне сақтана, таңсық көріп қараған дәу бұғыға көзі түсті. Бұғы ары дегенде елу қадамдай жерде. Табақта шыжғырылған бұғы етінің иісі мен дәмін сезінгендей болды. Еріксізден оқталмаған мылтығын қолына алып, көздеді де, шүріппені басты. Бұғы үркіп, тарсылдата қашып берді. 

Бұл өзіне-өзі ұрсып, мылтығын лақтырып жіберді де, ыңырсып тұруға әрекеттенді. Қиналып, әзер тұрды. Буындарын тот басып қалғандай, иіліп-созылуы күшке түсті. Аяғынан тік тұрғаннан кейін де адам сияқты тіктеліп бойын жазып тұруға тұтас бір минут уақыт кетті. Шағын төбеге шығып, айналаға қарады. Ағаш та, бұта да жоқ, айнала – мүктен жаралған сұрғылт телегей, тек аракідік дәу сұр тастар, сұрғылт көлшіктер мен сұрғылт бұлақтар көрінеді. Аспан да сұп-сұр. Күннің нұры да, жылт етіп адасқан сәулесі де жоқ. Солтүстіктің қайда екенін айыра алмады, кеше кешкісін қай жақтан келгенін де ұмытып қалды. Бірақ жолдан адаспағанын білді. Көп ұзамай Кішкене таяқтар еліне жетеді. Ол алыс емес, шамамен сол жақта, бәлкім, келесі түйетайлы төбенің ар жағында болуы да мүмкін. Жүгін жолға лайықтап буып-түю үшін қайта оралды, ораған сіріңкелері аман ба, соны тексерді, бірақ санаған жоқ.

Оны-мұны сықап алған қапшығына ойлана қарады. Бұғы терісінен жасалған қапшық өте үлкен емес, бірақ салмағы он бес фунт, барлық басқа жүктің салмағымен бірдей. Қобалжытқан – осы салмағы. Ақыры, қапшықты бір шетке ысырып қойып, жүгін буып-түйе бастады. Сосын қапшығына қарады да, жалма-жан ұстай алып, жан-жағына көз тастады, сұр телегей алтынын тартып алатындай күй кешті. Ақыры оны арқасына салып, мандымайтын жүрісін жалғастырды. 

Бағытын сол жаққа түзеп, анда-санда саздақтың жидегін теріп, жүре берді. Аяғы қақайып қалды, енді бұрынғыдан әрмен  ақсаңдай бастады. Бiрақ асқазанының ауырғанымен салыстырғанда, аяғының ауырғаны ештеңе емес еді. Әсіресе жан төзгiсiз қинағаны – аштық. Ауру iшiн кемiре бердi. Кішкене таяқтар елiне бару үшiн қалай қарай жүру керектiгiн түсiнуден қалды. Жидек iшiн кемiрген ауруды баса алмады, тек тiлi мен таңдайын күйдiрiп ашытты. Шағын өзекке жеткенде, алдынан құр-құрлап құрлар ұшты. Тас лақтырып едi, мүлт кеттi. Жүгiн жерге қойып, торғай аңдып, жымып басқан мысықтай етпеттеп жатып алып, ұрлана жақындауға тырысты. Үшкiр тастар шалбарын жыртты, тiзесi қанталады, бiрақ мұның бiрi де бiлiнген жок, аштық ештеңе байқатпады. Дымқыл мүктiң үстiмен жер бауырлап жылжи бердi, киiмiнiң бәрі су болып, денесі тітіркеніп, аштықтың азаптағаны соншалық, жаурай бастады, бiрақ өзі ештеңе сезбедi. Ал алысқа ұзамай айнала ұшқан құрлар «құр-құрлап» тәлкектеген тәрiздi, оларды сыпыра боқтап, солардың даусына салып бұл да «келекелей» бастады

Бiр рет, тіпті, сірә, ұйықтап жатқан болуы керек, құрды басып кете жаздады. Көрмей қалыпты, тас арасында тығылып жатқан құс қанатының лебi бетiн желпіп өтті. Құр қаншама үркiп тез ұшқанмен, шалт қимылмен ұстап үлгiрдi, қолында құйрығының үш қауырсыны қалды. Құрдың қалай ұшып бара жатқанын көргенде, ол бұған әлдебiр қастандық жасағандай ит жыны келдi. Жүгiне оралып келіп, арқалап алды. Түске таман құсы көбiрек сазға жеттi. Мазақ еткендей, тым жақыннан бұғы табыны өтті. Ұзын саны жиырмадай. Жақындығы сонша, мылтықпен атып алуға болатын еді. Соңынан тура қуғысы келдi, қуса жететiндей көрiндi. Бiр уақытта аузына құр тiстеген қарақоңыр түлкi ұшырасты. Айқайлап жiбердi. Тосын, қорқынышты айқайдан шошынған түлкi жалтарып кеткенмен, жемтiгiн тастамады.

Кешкiсiн жағасына қамысы сирек өскен, әктен лайланған бұлақты бойлап келе жатты. Қамыстың түбiнен ұстап, шегедей ғана басы бар түйiндi жұлқып алды. Түйiнi жұп-жұмсақ екен, құшырлана шайнады. Әйтсе де тарамдары қатқыл. Жидек секiлдi бұл да тойдырмады. Жүгiн тастап, төрт тағандап, қамыстың iшiне кiрiп, тандайын қағатын жануар секiлдi еңбектеп жүрді. Әбден шаршады, әлсін-әлсiн жатып ұйықтағысы келе бердi. Бiрақ Кішкене таяқтар еліне жетсем деген тілек, одан да гөрi аштық маза бермеді. Көлдерден бақа iздедi, қолымен жер қазып құрт iздедi. Осынау Қиыр солтүстікте құрт та, бақа да болмайтынын бiлсе де, сөйттi.

Сөйтiп, әр шалшықты тексерiп отырды, іңiр түсе бере ақыры бiр шалшықтан құйттай бiр шабақты көрді. Оң қолын иығына дейін бойлата суға салды, бірақ балық бұлт етiп, құтылып кетті. Екi қолымен ұстаймын деп шалшықтың түбін шарлап, мүлде лайлап жiбердi. Тағат таппай дызыққандықтан сүрiнiп, шалшыққа құлап, белуарына дейiн су болды. Суды тiптен лайлап жiбергендіктен балық көрiнбей кетті, сондықтан лайы түбіне тұнғанша күтуге тура келдi.

Сосын қайта ұстауға кірісті. Көп ұзамай су қайта лайланды. Бұдан әрі күте алмады. Жез бақыршасын алып, шалшықтың суын көсiп алып, сыртына төге бастады. Қызулана iстегендіктен үсті-басы малмандай су болды, жақын құйылған су шалшыққа қайта құйылып жатты. Ендi байқап қимылдауға кiрiстi, жүрегі дүрсілдеп, қолдары дiрiлдесе де сабыр сақтауға тырысты. Жарты сағаттан кейiн шалшықта су қалған жоқ. Түбiнде ештеңе қалмады. Бiрақ балық ғайып болған. Тастардың ортасында елеусiз ғана сызат секiлдi саңылау бар екен, содан балық келесi үлкен шалшыққа өтіп кеткен. Бұл шалшықтың суын тынбай тәулік бойы төксе де таусылатын емес. Мұны бiлгенде, алдымен сол тесiктi жабар едi, сосын балық мұнікi болар еді. Шарасы таусылып, дымқыл жерге шөкті де, жылап жiбердi. Алғаш ақырын жылаған, айнала қоршаған қатігез телегейді оятқысы келгендей бірте-бiрте қатты өкси бастады. Дір-дір етiп, көз жасы шықпай ұзақ жылады.

Бiр уақытта от жағып жылынды, қайнаған суды көп iштi. Өткен түндегідей тағы да тас мүйiске түнеуге жайғасты. Ұйықтар алдында сiрiңкесiн тексерді су ма, кебу ме деп. Сағатын бұрады. Сыз иiсi сiңген көрпелерi дымқыл, қолға суық тиеді. Ауру аяғын оттай күйдiредi. Бiрақ жанын қинаған – аштық қана. Алуан түрлі тағамдар самсаған үстелдер, iшiп-жемi сықасқан салтанатты отырыстар түсiне кiрдi. Тоңып, ауырып оянды. Күн көрінбейді. Жер мен көктiң сұр бояуы қоюланып, түнере түстi. Өкпек жел соғып, алғашқы кар төбелердi ағартты. Ауа да қоюланып ағарғандай. Жапалақтап дымқыл қар жауды. Жерге тиген бойда ерiп кеткенмен, үстi-үстiне дүмеп жауған соң тұтаса бердi. Ақыры жинаған мүктiң бәрi су тартып, оты өшiп қалды. Мұның өзі жүкті қайта арқалап, бағыты белгiсiз болса да алға жүру керектігін аңғартқан белгі секілді. Ендi Кiшкене таяқтар елiн де, Биллдi де, Диз өзенінің жағасындағы көмбені де ойлаудан қалды. Өн бойын билеп, есiн алған жалғыз тiлек: бiрдеңе жеу! Аштық салдарынан ақылынан адасты. Тегіс жермен жүрсе болғаны, қайда барса да бәрiбiр ылғалды қар астынан түртiнектеп су жидек iздедi, қамысты түбiмен жұлды. Бiрақ мұның бәрi тұщы, еш тойдырар емес. Әлдебiр қышқыл шөп тауып жедi, бiрақ қанағаттана алмады, өйткенi қар басып қалған ондай шөптi табу оңайға түспеді.

Бұл түнi жағатын оты да, ішетiн ыстық суы да болмады. Көрпесiн жамылып, аштық берекесін қашырған ұйқыға жатты. Қардың соңы суық жаңбырға айналды. Жаңбыр бетiне себелеп, оята береді. Шуақсыз, нұрсыз сұрғылт күн басталды. Жауын тоқтады. Шыдатпаған аштық сезiмi мұқалғандай. Асқазанын сыздатқан доғал ауру ғана қалды, бiрақ бұл онша азаптамады. Санасы айқындалып, тағы да Кішкене таяқтар елi мен Диз өзеніндегі көмбесi туралы ойлады. Көрпенiң қалғанын жолақтап жыртып, қаны шыққанша қажалған аяқтарын орады, сосын ауру аяғын таңды да, күндiзгi шеруіне әзiрлендi. Жүкті реттеуге кiрiскенде, бұғы терiсiнен жасалған қапшығына ұзақ қарап тұрды, ақыры оны да қалдырмады.

Жаңбыр қарды ерiтiп, жоталардың төбесi ғана ағараңдап қалды. Күн көзi көрiнген соң оң-солын ажыратуға мүмкiндiк туды. Бiрақ адасқанын бiлiп үлгiрген. Соңғы күнi адасып жүрiп, солға қарай көп бұрылып кеткен сықылды. Ендi дұрыс жолға түсу үшiн оңға бұрылды. Аштық сезiмi бұрынғыдай қинауды қойды. Әйтсе де әлсірегенiн түйсiндi. Жиі-жиi кiдiрiп, саздақтың жидегi мен қамыстың борығын жинап, демалуға тура келді. Тiлi iсiнiп, түк басқандай құрғады, аузына ащы дәм араласты. Бәрiнен бұрын мысын құртқан – жүрегi. Бiрнеше минут жүрген соң дүрсiлдеп қоя бередi, көкiрегiнен тыпырлап шығатындай, үрей шақыра безек қағады. Демі жетпей, басы айналып, есiнен тана жаздайды.

Кешке таман үлкен шалшықтан екi шабақ көрдi. Суын былай сарқып төгу мүмкiн емес. Сондықтан амал табуға тура келдi, абайлап бақыршамен ұстап алды. Екеуi де шынашақтай ғана. Балықтарды асықпай, мұқият шайнап жедi. Солай ету керектігін санасымен сезiндi. Жегiсi келмесе де, тiрi қалу үшiн солай ету керектiгiн білгендіктен сөйтті.

Кешкiсiн тағы да үш шабақ ұстап, екеуiн жедi де, үшiншiсiн ертеңгi тамаққа қалдырды. Әр жерге жұлым-жұлым шыққан мүк күн қызуынан кеуiптi, соны жинап, от жағып, су қайнатып жылынды. Бұл күнi он мильден артық жүрген жоқ. Ал келесі күнi жүрегi ауырмаған кезде ғана жүрiп, бес мильден аспады. Бiрақ асқазанының ауырған елесi басылды, асқазан қалың ұйқыға кеткендей. Айнала төңiрек бейтаныс, бұғылар да, қасқырлар да көбiрек көрiне бастады. Телегей қиырдан қасқырлардың ұлығаны жиiледi. Бiр әредiкте жолын ұрлана кесiп өткен үш қасқырды көзі шалды. 

Тағы бiр түн өтiп, ертесіне ақылға келгендей болып, былғары қапшығын шешті. Ішіндегі алтын құм қиыршықтары мен кесектерi суылдап төгiлдi. Алтынды екiге бөлiп, бiрiн көрпенiң бiр пұштағына орап, шыңның көзге бірден түсетiн бiр тұмсығына тықты да, екiншiсiн қайтадан қапшыққа төкті. Сосын көрпесiмен аяғын орады. Бiрақ әлi де мылтығын тастамады, өйткені Диз өзенiндегi тығулы көмбеде оқ-дәрi бар. 

Бүгiн тұманды. Аштық сезiмi қайта оянды. Жолаушы әбден әлсiредi, басы қатты айналып, кейде ештеңе көрмей қалатындай халге жеттi. Қайта-қайта сүрiнiп құлай берді. Сөйтіп келе жатып, тура құрдың ұясына жығылды. Ұяда жұмыртқаны жарып шыққанына бір күннен аспаған қызыл шақа төрт балапан бар екен, әрқайсысы бiр жұтуға жарарлық. Бұларды ашқарақтана, аузына тiрiдей салып жiбердi. Балапандар аузында жұмыртқаның қабығындай сытырлады. Ана құр айнала безек қағып, аттандап жүрдi. Мылтықтың дүмiмен ұрып едi, құр жалтарып кеттi. Тас лақтыруға кiрiсiп, ақыры бiр қанатын жарақаттады. Құр сынық қанатын сүйрете қашты, жолаушы соңына түстi. 

Балапандар одан әрмен қарын ашырды. Ауру аяғын сүйрете ебедейсiз секеңдеп, құрға тас лақтыра жүрiп, бiресе қарлығыңқы дауыспен айғайлап, біресе үндемей келе жатты. Әр құлаған сайын шыдамын шақырып, естен тандырардай айналған басын сергіткiсi келiп, көзiн сүртеді. Құрдың соңынан қуып жүрiп, саздақ сайға тап болды. Мұнда ылғалды мүктен адам iзiн байқады. Мұның iзi емес. Биллдiң iзi болуы керек. Тоқтап қарап жатуға мұршасы болмады, әйтпесе ұзап бара жатқан құрдан айырылып қалуы мүмкiн. Алдымен құрды ұстайды, сосын қайтып келеді де, iздi жақсылап қарайды.

Ақыры құрды тығырыққа тiредi, бiрақ өзi де титықтады. Құр бiр бүйiрлеп, ентіге ауыр дем алып жатты, одан он қадамдай жерде жақынырақ жылжып жетуге шамасы қалмаған жолаушы да ауыр тыныстап жатты. Жолаушы тынығып болғанда, құр да тыңайып алып, созылған қолға ұстатпай лып етiп, құтылып кеттi. Қуғын қайта басталды. Сол екi арада қас қарайып, құстан көз жазып қалды. Шаршаған жолаушы жүгiмен құлап, бетiн жарақаттап алды. Қозғалмай ұзақ жатты, сосын бiр жамбастап жатып, сағатын бұрады да, сол қалпы таңды атырды. 

Тағы да тұман. Көрпенiң жартысы аяғын орауға кетті. Биллдiң iзiн таба алмады, бiрақ ендi бәрiбiр еді.  Аштық алға қуалады. Алайда Билл де адасып жүрсе ше? Түске таман әбден қалжырап бiттi. Қалған алтынды тағы да бөлдi, жартысын жерге төге салды. Кешкiсiн екiншi жартысын да тастап, тек көрпенiң бір пұшпағын, бақыршасын және мылтығын ғана алып қалды. Қасақана ойлар айналсоқтап кетпей қойды. Мылтығы оқталған, бір оғы бар, оны бұл әшейiн байқамаған ғой. Сөйте тұра ұясында оқ жоқ екенін де iшi бiлдi. Бiрақ әлгi ойдан арыла алмай-ақ қойды. Сағаттар бойы арпалысса да түк шықпаған соң ашып қарап, ешқандай оқтың жоқтығына көзi жетті. Мылтықта шынымен оқ болуы тиiс секiлдi, бiрақ сол орнында болмай шыққандай-ақ қатты қынжылды. 

Жарты сағат өткен соң сол ой қайта келдi. Қуып құтыла алмай, мылтығын тағы да тексерді. Кейде санасы тұманданып, өз ырқынан тыс лағып жүре берді, ақылға қонбайтын ойлар мен кеңкелес елестер миын жегідей жедi. Бiрақ өзiне-өзi тез келiп отырды, аштық азабы нақты өмiрге тықсырып отырды. Бiрде көрген көрiнiстен есiнен танып, құлап қала жаздады. Мас адамдай тәлтiректеп құлауға шақ қалды. Алдында ат тұр едi. Ат! Өз көзіне өзі сенбеді. Бұларды алыстан жеткен өткір сәулемен көктелген тұман тұмшалаған. Жандәрмен көзiн сүрткiштеп алып, анықтап қарағанда, алдында ат емес, дәу қоңыр аю тұрды. Аң жақтырмай, таңсық көрiп қарады. 

Жалма-жан атуға оқталды да, тез есін жиып алды. Мылтығын төмен түсiрiп, моншақталған қыннан аңшының дәу пышағын суырып алды. Алдында екi таңдау бар: бiрi – ет, екіншісі – өмір. Саусағымен пышақтың жүзiн басып көрдi, лыпып тұр, ұшы да өткір. Қазiр аюға тура ұмтылады да, өлтiредi. Бiрақ жүрегi сақтандырғандай дүкiлдеп кеттi, атқақтай соғып аузына тығылды, басын құрсаулап қысқандай көз алды қарауытты. 

Ер тәуекелiн қорқыныш толқыны шайып әкетті. Әлi бiтiп келе жатқанда, мына аю бас салса, не болады? Айбындана тiктелiп тұрды да, пышағын қолына алып, аюдың көзiне тура қарады. Аң алға аттады, артқы екі аяғымен тiк тұрды да ақырды. Егер адам қашса, аю қуар едi. Бiрақ қорқыныштан қалшиған адам тапжылмады. Бұл да жаңағы аң сияқты ақырып, сол арқылы өзi үшiн ең қастерлi өмiрiне қатер төнген қорқынышын бiлдiрдi. Өзiнен қорықпай тiк тұрған жұмбақ тіршілік иесiнен секем алған аю қаһарлана ырылдап, шетке ығысты. Бiрақ адам әлi де тырп етпедi. Қауiп алыстағанша, қаққан қазықтай қалшиып тұрды да қойды. Сосын безгек ұстағандай қалшылдап, ылғалды мүкке құлады. 

Әлден уақытта әлiн жиып, жүрегі суылдаса да ары кетті. Енді аштан өлуден емес, аштыққа қарсы тұяқ серпуге үлгiртпейтiн зорлық өлімнен қорықты. Айнала толған қасқыр. Телегейдiң тұс-тұсынан андыздап жеткен қасқырдың ұлығаны ауаға да таралып, жан-жағынан қамалап қауiп төндiргендей. Соны ығыстырғысы келгендей көтерген қолы жел шайқаған шатырдың бiр шалғайы, жолағы секілді. Қасқырлар екiден, үштен алдын кесiп өте берді. Саны онша көп емес, әрі олар өздерiмен қарсыласпайтын бұғы аулап әдеттенген, ал мына жұмбақ хайуан екi аяқпен жүредi, соған қарағанда тырнауы, қабуы мүмкiн.

Кешке қарай қасқырдан қалған жемтіктің үстінен шықты. Бiр сағат бұрын мөңіреп, асыр салып жүрген қозықа ендi, мiне, жемтікке айналған. Шашылып жатқан құр сүйектерi әлi қызғылт, жаңа ғана тiршiлiк иесiнiң кәдесіне жарағанын аңғартқандай жылтырайды. Көп ұзамай өзі де осындай халге жететiн шығар? Қарбаласып жүргенде, өмiрiң өте шықпай ма?! Тек өмiр ғана азап шектiредi. Өлу қинамайды. Өлу – ұйықтау. Өлім деген – бiту, тыныш табу. Олай болса, неге өлгiсi келмейдi?

Бiрақ ұзақ ойланып жатпады. Біраздан кейiн тiзе бүгiп, қызғылт сүйектердi кемiрiп, талмап, ақтық нәрiн сорып отырды. Алыста қалған естеліктей елестеген ет дәмi жындандырып жiбере жаздайды. Тістенiп, одан әрмен кемiре түсті. Кейде сүйек сынса, кейде тiсi сынып жатты. Сосын сүйекті таспен ұрып, мылжалап, ұнтауға кiрiстi де, обырлана жұта бастады. Сабырсызданып, саусақтарын да соғып алды. Сөйтiп, тағат таппай дегбiрсiзденiп отырып, саусақтарының ауырмайтынына таңданып қойды.

Жаңбыр мен қар араласқан үрейлi күндер басталды. Ендi қайда түнеп, қашан жолға шыққанын білуден қалды. Күндi де, түндi де ажырата алмай жүре бердi. Құлаған жерiнде дем алды, кеудесiнде өмiр оты тұтанғанда қайта жүрдi. Кәдімгі адам сияқты арпалысудан қалды. Оны алға жүргiзген – кеудесінде өшпеген, өшкiсi келмеген тіршілік оты болатын. Жұлын-жүйкесі шеміршекке айналып, қатып қалғандай, санасына сан түрлi шым-шытырық елестер бұлдырлап, тәтті түстер айналсоқтады. Тыным таппай мылжаланған сүйектерді сорып-кемiрiп, қалғанын бiр түйiрiне дейiн қалдырмай, өзiмен бiрге алып кеттi. Ендi жотаға шығуды қойды, суайырықтан өтуден де тыйылды, кең шатқалда ағып жатқан үлкен өзендi қиялап, лаға бердi. Көзi елестен басқа ештеңе көрмеді. Жаны мен тәнi қатар келе жатқандай, бiрақ бұл екеуiн сабақтастырған арқаудың жiңiшкергенi сонша, бөлектенiп келе жаткандай.

Бiрде ертемен жайпақ таста жатып, есiн жиды. Шақырайған күн қыздырып тұрды. Алыстан қозықалардың мөңiрегенi естiледi. Жаңбыр, желмен қар араласқан лайсаң күндер еміс-емiс есiнде, бiрақ қанша күн жүргенiн бiле алмады. Қозғалмай ұзақ жатты, күннiң ағыл-тегіл құйылған сәулесi қалжыраған байғұс денесiне жылу дарытты. «Бүгiнгi күн жақсы екен» деп ойлады. Күнге қарап, бағытын түзеп алудың сәті түсер. Қинала күшенiп, бір бүйіріне аударылды. Төменде арнасы кең, ағысы баяу өзен ағып жатыр. Оның бейтаныс болуы тандандырды. Жалаңаш, сұсты жоталардан бұралып шығып жатқан ағысты жайлап бақылады, бұл жоталар бұған дейін көргендерінен де сұсты әрі аласа. Бейтаныс өзеннiң ағысын асықпай, бей-жай бақылап отырып, сонау көкжиекке жеткенде, жарқырап жатқан шалқар айдын теңiзге құятынын көрдi. Бiрақ селт етпедi. «Таңғаларлық, – деп ойлады. 

– Бұл – не сағым, не қалжыраған қиялы тудырған елес». Теңiздiң ортасында зәкiрiн тастап, тоқтап тұрған кеменi көргенде, осы ойын бекіте түстi. Бiр мезет көзiн жұмып, қайта ашты. Қызық, елес кететiн емес. Бірақ қызық ештеңесi жоқ. Осынау бедеу аймақта мылтығында оқ жоқтығы сияқты, теңiз де, кеме де жоқ.

Арт жағынан бөгде дыбыс естiлдi – не ентiгiп дем алғанға ұқсамайды, не жөтел емес. Әлсiздiк пен аштықтан ұйып қалған денесiн әзер игерiп, келесi бүйiрiне аударылды. Жақыннан ештеңе көре алмады, сабырмен күтті. Тағы да ентiккен дыбыс пен жөтел естiлiп, жиырма адымдай жердегi екi үшкір тастың ортасынан қасқырдың көксұр басы көрiндi. Бұрын көрген қасқырдай мұның құлағы тiктелiп тұрған жоқ. мұнартқан көздерiне қан толған, басы салбыраңқы. Қасқыр, сiрә, ауру, түшкiрiп, жөтеле бередi.

«Бұл елеске ұқсамайды» деп ойлап, елес мұнарына малынбаған кәдiмгi, шын дүниенi көргiсi келiп, келесi бүйiрiне әрең аунады. Алайда теңiз бәрiбiр жарқырап жатты, кеме де анық көрiндi. Бәлкiм, шынымен-ақ осылай шығар? Көзiн жұмып, ойға батты, ақыры мән-жайды түсiндi. Диз өзенiнен алыстап, солтүстiк-шығысқа жүре берген екен, сөйтiп, Коппермайн аңғарына тап болған. Арнасы кең, ағысы жай бұл өзен – Коппермайн. Анау жарқыраған – Солтүстік мұзды мұхит. Анау – Маккензи өзенiнiң құйылысынан шығысқа шырқап ұзап, Тәжкиген шығанағында зәкiр тастап тұрған кит аулайтын кеме. Баяғыда бiр көрген Гудзон шығанағы компаниясының картасын есiне алып, бәрiн айқын түсiндi.

Отырып, шұғыл шаруалары туралы ойлады. Жамылғыдан жасаған орауыштарының түте-түтесi шығып, аяғы қызыл етiне дейiн сыдырылған. Ең соңғы жамылғы көрпесі де құрыған. Мылтығы мен пышағының қайда қалғанын бiлмейдi. Астарына cipiңке тыққан тұмағы жоғалған, темекi қалтаға салып, қойнына қағазға орап тыққан сiрiңкелер аман, құп-құрғақ. Сағаты тоқтамапты, тiлi он бiрдi көрсетіп тұр. Сірә, бұрауды ұмытпаған.

Есi бүтiн, әбден сiлесi қатып шаршағанына қарамастан сабырлы. Ешқандай ауруды сезінбейдi. Тамақ туралы ойлауға тыжырынады. Ештеңеге зауқы соқпаса да, ақылының дегенiне көндi. Шалбарын тiзесiне дейiн жыртып алып, аяғын орап байлады. Неге екені белгiсiз, бақыршасын тастамапты, келе баратын жол ауыр, сондықтан әл жинау үшiн су қайнатып iшiп алу керек.

Қозғалысы тым баяу. Сал аурудай селкілдеді. Құрғақ мүк жинағысы келiп едi, тұра алмады. Бiрнеше рет әрекеттеніп, түк өнбеген соң, төрт тағандап еңбектеуге тура келдi. Бiр ретiнде ауру қасқырға тым жақын келдi. Аң ықылассыз шеттеп, тiлiн зорлана шығарып, тұмсығын жалады. Тiлi қызыл сау тiл емес, жартылай кебiңкi, коймалжың сілекей жапқан, құлақоңыр түсті екен.

Қайнаған су ішкен соң тұра алатынын, әлі бітсе де жүре алатынын сездi. Минут сайын дем алуға мәжбүр болды. Буыны құрып, апыл-тапыл басып келе жатты. Соңынан тура сондай халде дымы құрыған қасқыр ілбіп ілесті. Жарқыраған теңiздi түн көрпесi жасырғанда, төрт мильден аса жақындай қоймағанын бiлдi. Қасқырдың жөтелi түні бойы естiлiп жатты, аракiдiк қозықалардың мөңiрегенi құлаққа шалынды. Айнала қыбырлаған қуатты, ширақ тiршiлiкке толы. Адам алдымен өлетін шығар деп дәмеленген ауру қасқыр iзiнен қалмай келе жатқанын сездi. Ертемен көзін ашқанда, қасқырдың ындыны құрып, телміріп тұрғанын көрдi. Сiлесi қатқан итке ұқсаған аң құйрығын бұтына қысып, басын салбыратып тұрды. Суық желден қалтыраса да, қырылдаған сыбырмен сөйлеген адамға сес көрсетіп, тiсiн ақситты.

Жарқырап күн шықты, жарқыраған теңiздегi кемеге беттеген жолаушы бiр сүрiнiп, бiр құлап жүре бердi. Күн райы тамаша. Солтүстiктегi өте шығар қатын күздiң басталғаны осы. Бір аптаға созылуы да мүмкiн немесе ертең иә бүрсiгүнi бiтуi де мүмкiн. Түстен кейiн бiр iзге түсті. Жүре алмай, төрт тағандап сүйретілген адамның iзi. Бейжай, ықылассыз күйде «сiрә, Биллдiң iзi» деп ойлады. Оған бәрiбiр еді. Шынтуайтқа келгенде, бiрдеңенi сезiнуден, әсерленуден қалған. Ауру дегеннің не екенiн сезiнер емес. Асқазаны, жұлын-жүйкесi ұйықтап қалғандай. Бiрақ кеудесінен әлi шықпаған шыбын жан кiдiртпей алға жетелей берді. Жолаушы әбден қалжырады, бiрақ бақиға барғысы келмеген шыбын жаны кеудесінен ұшып кеткiсi келмедi. Жолаушы әлде де болса сары жидек пен шабақ жеп, қайнаған су iштi, ауру қасқырды көзден таса етпей аңдыды. Еңбектеген адамның iзiмен келе жатып, бір  уақытта дәм-тұзы таусылған жердi көрдi: дымқыл мүкте оның қырым етi қалмаған сүйектері шашылып жатты, қасқырдың iзi де сайрап жатыр. Бұғы терiсiнен жасалған, тырсиған қапшықты көрдi. Дәл мұнікi секiлдi. Өткiр тiс жұлмалап тастаған екен. Қапшықты қолға алса да, әлсiз саусақтары ұстап тұра алмады. Билл осы жерге дейін тастамай әкептi-ау! Ха-ха! Биллдi мазақ қылатын болды. Бұл тiрi қалады. Анау жарқыраған теңiзде тұрған кемеге қапшықты өзiмен бiрге ала кетедi. Қарғаның қарқылы секiлдi қарлығыңқы, қорқынышты күлкiсiн естiген қасқыр ұнжырғасы түсiп ұлыды. Адам дереу тыйылды. Биллдi қалай мазақ етедi, егер мынау қызыл сөңке сүйектер сонікi болса?! Бұрылып кетті. Иә, Билл мұны тастап кеттi, бiрақ бұл алтынды алмайды, Биллдің сүйегiн сормайды да. Ал Билл мұның орнында болса өйтпес едi, деп ойлады ол iлбiп бара жатып. 

Қаңғалақтап келе жатып, шағын көлге жеттi. Шабақ ұстағалы еңкейгенде, судан өз бейнесін көрiп, шошып кетті. Кескіні соншалық кеспiрсiз, жан шошырлық едi. Көлшiкте үш шабақ жүзіп жүргенмен, суын сарқып төгу мүмкін емес-ті, бақыршамен ұстамақ болып, ақыры ол ойынан да айныды. Қалжырағандықтан суға құлап, батып кетуден қауіптендi. Құмдақ қайраңда қаптап жатқан бөренелерге мiнiп, өзендi бойлап жүзуге жүрегi дауаламағаны да сол себептен.

Бұл күнi тағы үш миль жүрдi. Келесі күні екi-ақ мильге шамасы жетті. Ендi бұл да Билл сияқты еңбектеуге көштi. Бесiншi күнi кемеге жетi мильдей қалды. Бiрақ әлi бiтiп, күнiге бiр миль жылжуға да жарамады. Қатын күз әзiр кете қойған жоқ. Бiресе еңбектедi, бiресе ес-түссiз құлап жатты, соңынан пысқырып-түшкiрiп қасқыр iлесiп келе жатты. Тізесi мен табаны қызыл етiне дейiн сыдырылды. Жейдесiнен жыртып алып, екi аяғын орағансығанмен, мүк пен тастарда қызыл iз қалып жатты. Бiр қарағанда, қанды iзiн қасқырдың құныға жалап жатқанын көрiп, қасқырды өлтiрмесе күнi не боларын бiлдi. Осыдан кейiн өмiрдегi ең қорқынышты айқас басталды, төрт тағандап жылжыған ауру адам мен оның соңынан ілбіген ауру қасқыр – екi тiрi өлiк бiрiн-бiрi аңдып, телегейден өткелі сүйретiлiп келе жатты.

Егер сау қасқыр болса, адам бұлайша қарсыласпас та едi, бiрақ оған мынау өлексе дерлiк жиіркенiштi аңның құрсағындағы құсыққа айналу жиіркенiштi едi. Жүрегі айныды. Қайтадан сандырақтай бастады, сәулелi сәттер қысқарып, әрi сиреп, санасын бұлдыр елестер жайлады. Құлақ түбiнен әлдебір дәмдi сезiп, есін жинады. Қасқыр секем алып, керi секірем деп, әлсіз болғандықтан құлап қалды. Кiсi күлерлiк-ақ, бiрақ адам күлмедi. Қорықпады да. Бұған үрейдің әмірі жүруден қалған. Бір сәтке санасы айқындалып ойланып жатты. Кемеге төрт мильдей жер қалды, одан көп емес. Тұманытқан көзiн сүртiп, оны анық көрді, жарқыраған теңiзде жалтылдаған ақ желкендi қайықты да көрдi. Бiрақ ендiгi төрт мильді жүрiп өтуге халі жоқ екенiн бiлдi, бiрақ оған алаң болмады. Жарты миль жылжи алмайтынын да бiлдi. Сөйтсе де өмір сүргiсi келдi. Осынша өткелектен өткен соң өлу – ақымақтық. Тағдырдың бұдан талап еткенi көп. Бұл өліп бара жатып та ажалға бағынбады ғой. Бәлкім, онысы таза түлейлік те шығар, шеңгелiне алған ажалмен аянбай арпалысты.

Көзiн жұмып, мұқият абайлап, бар күшiн жинады. Тұла бойын тұмшалап тұншықтырғысы келген ессіз ағысқа бой бергiсi келмей, ширауға тырысты. Бiрақ әлгi ағыс толқындап келiп, санасын лайлап жiбередi. Кейде батып бара жатқандай есiнен танады, қалқып шығуға жан салады, қалған қуаты жүзiп шығуына жәрдем етедi.

Шалқасынан жатқан күйi қасқырдың дем алған сырылын жақыннан естiдi. Сырыл бiртiндеп жақындай бердi, жақындай бердi, уақыт шiркiн өтпей созалаңдап тұрып алғандай, бiрақ жатқан адам қыбыр етпедi. Мiнеки, демi дәл құлақтың түбiнде. Қабарған, құрғақ тілі қырнайтын қағаздай бетiн тырнап өттi. Адамның қолы шалт көтерiлдi – солай еткiсi келген едi – саусақтары шеңгелденiп, ауа қармады. Дәл де шалт қимылдау үшiн күш керек, ал адамда ол жоқ. Қасқыр шыдамды, бiрақ адамның төзiмi одан аз емес-тi. Жарты күн бойы қозғалмай санасындағы тұманмен арпалысып, әрi мұны жегiсi келген қасқырды бағып жатты. Шамасы келсе, қасқырды өзi жер едi. Ара-тұра есiнен танғандай күй кешедi, әлдебір толқын шайып әкетеді, сосын ұзақ-ұзақ түстер көредi. Осылайша өң мен түстiң арасындағы алмағайып халде жатып, қасқырдың сырылдаған демi тағы қашан құлағына жететiнiн, түрпідей тiлi бетiн қашан жалайтынын күтiп жатады.

Сырылдаған демдi естiмесе де, түрпідей тiл қолына тигенде, оянып кеттi. Күтiп жатты. Азу тiс қолына батты, сосын одан әрі бата түсті. Қасқыр ақтық күшін жиып, осынша ұзақ күткен олжасына тiс батыруға тырысты. Бiрақ адам да қамсыз емес, ол да осы сәтті ұзақ күткен, тiстелген қолы қасқырдың жағын қысты. Қасқырдың қарсылығы әлсiз, адамның қолы да әлсіз. Екінші қол созылып келiп, қасқырды алқымдады. Тағы бес минут өтті. Адам бар салмағымен қасқырды жаншыды. Қасқырды алқымдап өлтiруге қолының қуаты жетпедi. Бiрақ адамның бетi қасқырдың мойнына тидi, аузы қылға толды. Арада жарты сағат өткен соң адам көмейiне жылы дәм сыздықтап құйыла бастағанын сезді. Асқазанына балқыған қорғасын құйып жатқандай қиналса да шыдауға тырысты. Сәлден соң шалқалап ұйықтап кетті.

Кит аулайтын «Бедфорд» кемесiнде ғылыми экспеди-циясының бiрнеше адамы келе жатты. Палубада тұрған олар жағалаудағы жұмбақ тiрлiк иесiн байқады. Ол теңiздi бетке алып, құмның үстiмен әзер қыбырлайды. Оның не нәрсе екенiн бiле алмаған ғалымдар жаратылыстанушыларға тән бiлуге құмарлық сезiмiне ерiп, жеңiл қайыққа отырып, жағаға қарай жүздi. Келiп тiрлiк иесiн көрдi, бiрақ оны адам деп айту қиын едi. Ештеңе естімейдi, ештеңе түсінбейдi, алып құрт секiлдi жиырылып, жазыла береді. Алға жүргiсi келгенмен, онысынан түк шығар емес. Сонда да тырмысып әуре, сағатына жиырма қадамдай ғана жылжиды.

Үш аптадан кейiн кит аулайтын «Бедфорд» кемесінің төсегінде жатқан адам көзінен жасы мөлтілдеп, өзінің кім екенiн, басынан кешкендерiн айтып берді. Өзiнiң шешесі, Оңтүстік Калифорния туралы, гүлдер мен апельсин ағаштары ортасындағы шағын үйi жайында бiрдеңелердi мiңгiрледi. Арада бірнеше күн өткен соң ғалымдармен және кеме капитанымен бірге кеменiң каюта компаниясындағы үстел басында отырды. Тамақтың молдығына мәз болып, бiреудiң бiрдеңе жегенiн көргенде iшi удай ашып, түрi бұзылып отырды. Есін жиып, өзіне-өзi келгенiмен, үстел басында отырғандардың бәрiн де жек көрдi. Оны қинаған – азық жетпей қалды-ау деген қауiп. Аспаздан, бала матростан, тiптi кеме капитанынан азық-түлiктiң қоры қанша екенiн қайталап сұраумен болды. Олар мұны қорқатын ештеңе жоқтығын сан рет айтып тыныштандырса да, ешкiмге сенбей, өз көзімен көру үшiн қоймаға жасырынып барып, қарап жүрдi.

Оның тола бастағаны байқал-ды. Күннен-күнге семiрiп келе жатты. Ғалымдар бастарын шайқап, әртүрлі теорияларға жүгiндi. Тамағын шектеп берсе де, жалпая бастады. Әсіресе бел жағы жуандай берді. Матростар күлiп жүрдi. Өйткені олар iстiң мәнiсi неде екенiн бiлетiн. Сөйтсе, ертеңгi тамақтан кейiн баққа ұрланып барады, матростардың бiрiне қайыршыға ұқсап қол созады екен. Анау мырс етiп, бiр кесек кепкен нан бередi. Бұл бас салып алады да, сараңның алтын ұстағанындай көзiмен ішіп-жеп қарайды, сосын қойнына тығады. Басқа матростар да езу тартып, қайыр береді екен.

Fалымдар үндемей, оны жайына қалдырды. Бiрақ оған көрінбей төсегін тексерiп қарады. Кепкен нанға толы екен. Төсеніш көрпе кепкен нанға лық толы. Бұрыш-бұрыштың бәрi – кепкен нан. Бiрақ оның есi дұрыс едi. Аштық болып қалса деп жасаған амалы ғой. Сол ғана. Ғалымдардың айтуынша, бұл – өтпелі. Расында да солай болды. «Белфорд» Сан-Францискодағы айлаққа барып зәкір тастағанша онысынан арылды.

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

1427 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз