Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 29 Маусым, 2022

Көппәтерлі үйлерді басқарудың жаңа формасына өту мерзімі ұзартылды

Қазақстанда меншік иелері бірлестігі (МИБ) мен жай серіктестіктерді (ЖС) басқарудың жаңа нысандарына көшу мерзімі 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды, деп хабарлайды kazgazeta.kz ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол хабарлады.

«2020 жылғы қаңтар айынан бастап реформаны тиімді жүзеге асыруға әсер ететін бірқатар мәселелер анықталды. Осыған байланысты министрлік қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына түзетулер пакетін дайындады. Заң жобасы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсартуға бағытталған және тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылайды. Заңнама талаптарын сапалы орындау мақсатында басқарудың жаңа нысандарына көшу мерзімін 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту жоспарланғанын атап өткім келеді», – деді ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол. 

Сонымен қатар басқосу барысында спикер бүгінгі таңда республика бойынша 42 037 (90,4 пайыз) көппәтерлі тұрғын үй басқарудың жаңа форматына көшірілгенін айтты. Оның ішінде 4 135 көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың (КПТҮ) жаңа үлгісін МИБ, ал 37 902-ні ЖС құрғанын атап өткен жөн.

Комитет төрағасының орынбасары сондай-ақ МИБ төрағаларын, ЖС сенімді тұлғаларын, КПТҮ басқарушыларын және ТКШ саласындағы басқа да мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағытында қолға алынған шаралар туралы баяндады. Бүгінде аталған мамандар Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, «INVEST» оқу орталығы мен «ТКШ-Инфо» ЖШС-да біліктілігін жетілдіруде.

Басқарудың жаңа нысандарына көшу реформасын іске асыру кезеңінде аталған оқу орталықтарында 780 тыңдаушы білім алып, КПТҮ-нің 350-ден астам басқарушысы өз біліктілігін растады. Сондай-ақ, бүгінде барлық өңірлерде осы тақілеттес оқу орталықтарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар кездесу барысында ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары жаңа тұрғын үй саясатындағы өзгерістердің орын алуына түрткі болған себептерді атады.

«Кондоминиум объектілерін басқару нысандарының жаңа формасы «бір үй – бір бірлестік – бір түбіртек» принципі бойынша жұмыс істейді. Өз кезегінде бұл бастама әрбір меншік иелері бірлестігінің немесе өзге де қатардағы серіктестіктің ағымдағы немесе жинақ шотын ашуына мүмкіндік береді. Бұған дейін пәтер иелері кооперативтері көптеген нысандарды басқарып, олардың барлығына бір ғана шот ашып жұмыс істеген болатын. Бұдан бөлек, аталған бірлестіктер ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін жеке жинақ шоттарын ашпаған болатын. Өз кезегінде бұл пәтер иелері қаржысының қандай мақсатта жұмсалғанын анықтауға мүмкіндік бермейтін», – деді ИИДМ өкілі. 

Дөңгелек үстел барысын Орталық коммуникациялар қызметінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы берілді. Сондай-ақ басқосуға ҚР ИИДМ қызметкерлері, еліміздің ірі қалаларының атқарушы орган өкілдері, меншік иелері бірлестігі төрағалары, «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ, «ҚР кооперативтері мен басқа да экономикалық қауымдастық формаларының Ұлттық Ассоциациясы» ЗТБ, Кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымы мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты.

 

 

226 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз