Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 29 Маусым, 2022

Күн сайын кітап оқитын элиталық мектеп

«Көкіл» мектебі – 1995 жылы негізі қаланған Қазақстандағы тұңғыш жекеменшік мектеп. Мұнда оқитын балалар музыкалық аспаптарда ойнауды үйренеді және өнер студиясында жұмыс істейді. Элиталық қазақ мектебі білім беру үдерісінде ойын технологиясын қолдану арқылы балалардың жаңа білімді меңгеруіне қолдау көрсетеді. Бізді таңғалдырғаны – мұнда оқитын барлық оқушы таңғы 08:30-дан 09:00-ге дейін күн сайын кітап оқиды екен. Бұл бұлжымас заң іспетті. Аптаның бес күнінде үзбестен кітап оқытылатын жақсы үрдіс жайлы білу үшін сол мектепке арнайы барып қайттық.

– Бәріміздің балаларымыз бар. Күнде оны бақылап, кітап оқытуға қазір көп ата-ананың уақыты жоқ. Баланың уақытының көп бөлігі мектепте өтеді. Оларды кітап оқуға баулымасақ болмайды. Бұрын интернет, теледидар болмаған кезде бір-бірімізден сұрап алып, кейде ұрлап алып оқушы едік. Қазіргі балалар ұрламақ түгіл, кітапханада отырып кітап оқымайды, өкінішке қарай. Телефоннан оқу деген бөлек, ал қолыңа кітаптың өзін ұстап отырып оқу деген бір бөлек дүние. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, адамның миы кітап оқығанда ғана дамиды, – дейді мектеп директоры Абдулхамит Райымбергенов.

– Әпкем кітапханашы болып істейді. Оның айтуынша, кітапханаға келген баланың бәрі ксероксқа кезекке тұрады немесе өзіне керек жерін суретке түсіріп алады. Тіпті оқырман билеті дегенді бастамайтын болдық. Мүлде кітап алмайды дейді, – деп бастады сөзін осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Әуезова. – Біз балаларға таңғы 08:30-дан 09:00-ге дейін кітап оқып дағдылануды үйретіп жатырмыз. Тоқшылық заманда өмір сүріп жатқан балалар үшін ашаршылық, соғыс уақытын көз алдына елестету қиын. Қазақтың ұлттық киімдері жайлы оқытқан кезде де оны елестете алмай қиналады. Мысалы, мәсі дегенді ғана біледі, кебіс дегенді білмейді. Сосын халқымыздың кейбір салт-дәстүрін түсіне бермейді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытқа байланысты әңгімелер болса нұр үстіне нұр болар еді. Балалар өз заманына сай дүниелерді оқығысы келеді. Қазіргі балалар тарихи шығармалардан гөрі фантастикаға жақынырақ. Қазақша сөздерді түсінбейтін балалар бар. Көп уақытымыз сол сөздердің суретін көрсетіп, түсіндірумен өтеді. Оны тәптіштеп түсіндірмейінше, сол сөздерді пайдаланып өз ойын жеткізе алмай қиналады. Көбіне әдеби кітаптарды оқытамыз. Б.Момышұлының, С.Мұратбековтің, Ш.Айтматовтың шығармаларын оқытып жатырмыз. Бастауыштың балаларына ертегілер, аңыз-әңгімелерді оқытамыз. Бәріміз отырып ақылдасып, керек кітапты таңдаймыз. Әр шығарманы оқып бітіргеннен кейін міндетті түрде әдеби талдау ашық сабағы болады, – дейді Д.Әуезова.

Осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тамара Хамиеваның айтуынша, бұл дәстүр пандемиядан кейін басталған. 

– Өкінішке қарай, қазір балаларда автоматты түрде оқу ғана бар. Оқыған нәрсесін сіңіре алмайды. Менің ойымша, үйдегі жағдай да оған әсер ететін сияқты. Біз мүмкіндігінше оқыған шығарманы талдап, түсіндіріп, қажет болса интернеттен көрсетіп те отырамыз. Балалардың уақыты мен бар назарын телефон ұрлап жатқаны жасырын емес. Оның да әсері бар. Қазір оқыған нәрсесін қазір айтып бергенмен, ертесіне ұмытып қалып жатады, – дейді ол.
Тамара Хамиева мұның қалада оқитындарға ғана емес, барлық балаға тән нәрсе екенін алға тартады. Сонымен қатар ол қазіргі балаларға арналған жаңа шығармалар жазылса екен деген тілегін айтты.

– Соғыс пен ашаршылық туралы ғажап туындылар бар ғой бізде. Бірақ оны қазіргі балалар қабылдай бермейді. Бұлардың заманы, қызығушылығы басқа. Сондықтан ақын-жазушыларға айтар бір назымыз, бүгінгі заманға лайықтап көркем шығарма жазса екен дейміз. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» оқытқанда балаларға қазіргі заманда да Қожалар арамызда жүр, оның басындағы жағдай сендерде де бар деп айтамын. Бұл жерде айырмашылық уақытта ғана. Ақын-жазушылар жасөспірімдерге арнап тәлім-тәрбиеге негізделген көркем шығарманы көбірек жазса деген тілегіміз бар. Заманға сай жазушы да бала тәрбиесіне өз үлесін қосуы керек деп ойлаймын, – дейді Т.Хамиева.

– Тағы бір қиналатын проблемамыз – біз кейде кітап таба алмаймыз, – деп әңгімеге араласты Абдулхамит Ысқақұлы. – Дүкенге барсақ, сөрелерде бірді-екілі кітаптар ғана тұрады. Ал біз алғаннан кейін бүкіл сыныпқа бір-ақ аламыз. Бір сыныпта 20-25 бала бар. Бәрі қатар оқып, талқылауы керек қой. Сондай кезде авторлардың өзіне хабарласып, жеке сатып аламыз. Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік саясат болуы керек деп ойлаймын. Мемлекет балалардың жас ерекшелігіне байланысты түрлі кітаптарды шығаруға мұрындық болып, арнайы таратуы қажет. Кейде кітап дүкендеріне барғанда керек кітаптарымызды таппай қиналамыз, – дейді ол.

Мектеп басшылығының айтуынша, осы үрдіс басталғалы бері әжептәуір алға жылжу байқалады.

– Күніне 4 бет оқыса, он күнде – 40 бет, бір айда 120 беттік кітапты бітіруге болады. Ал бұлай үйде оқыту қиын. Тұрақтылық бар жерде береке бар. Аз-аздан болса да, үздіксіз жүрген процесте нәтиже міндетті түрде болады, – дейді мектеп директоры.

P.S. Cөз соңында мектеп директоры Абдулхамит Ысқақұлы кітап оқымайынша баланың миы дамымайтынын қайталап айтты. «Қазір интернет ашық, бәрі бар деп жатырмыз. Бірақ ол балаға азық болмайды. Ақпарат білім емес. Білім – кітапта. Ең әуелі тәрбие болуы керек. Адам тек жеңілге жүгіреді. Сондықтан таңертең жарты сағат кітап оқытатынымыз сол. Бірінші орында руханият болмаса, ешқандай қоғам алға жылжымайды» деп сөзін түйіндеді ол.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *