Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 01 Шілде, 2022

Ақтөбеде өңірдегі жетіспейтін мамандықтар бойынша мамандар даярлауға гранттар бөлінеді

1 шілде күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өңірдегі жетіспейтін мамандықтар бойынша мамандар даярлауға жергілікті бюджеттен бөлінетін білім гранттарын бөлу жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Отырыс барысында комиссия мүшелері облыстық басқармалардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бойынша өтініштерін негізге ала отырып, өңірде кадр тапшылығын анықтады. Соған сәйкес грант берілетін мамандықтар да айқындалды.

Биыл жергілікті бюджеттен барлығы 87 білім гранты бөлінеді. Бүгінгі таңда облыста педагогикалық кадрларға қажеттілік өте жоғары, яғни 210 мұғалім жетіспейді. Осыған орай, математика, физика, химия, ағылшын және орыс тілдері мұғалімдерін даярлауға 35 грант бөлу туралы шешім қабылданды. Тағы 20 грант тар шеңберлі медициналық мамандықтарын оқытуға бөлінеді. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және т.б сала мамандары оқытылады. Бір күннің ішінде бекітілген мамандықтар тізімі білім басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланатын болады. Байқауға қатысу үшін құжаттарды қабылдау 15 тамызға дейін жалғасады

Өздеріңіз білетіндей, облыстық бюджет есебінен білім гранттарын тағайындау байқауы алғаш рет 2018 жылы өткен болатын. Қазіргі таңда аталған гранттар бойынша 15 жоғары оқу орнында 251 студент білім алып жатыр, 2021 жылы 17 адам резидентураны аяқтаса, 2022 жылы 25 бакалавр және 21 резидентураны бітіреді.

Облыс әкімі барлық түлектердің грант беру кезінде өздеріне қойылатын негізгі талаптарды сақтауларын тапсырды.

«Жоғары оқу орнын бітірген әрбір маман облыстағы кадр тапшылығы бар кез келген елді мекенге барып, кемінде 5 жыл келісім-шартпен жұмыс істеуге міндетті. Сол себепті ақша бөліп, сұранысқа ие мамандықтарға оқытып жатырмыз», - деді Оңдасын Оразалин.

Айта кету керек, білім басқармасының ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта биылғы 46 түлектің барлығының жұмыс орындары анықталған.

768 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз