Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 02 Шілде, 2022

Кірпігіңде ілулі тұр жүрегім...

Бір тілек

Бүгінгі күн, таң қандай,

Көктем келіп қалғандай.

Қызғалдақтай құлпырып,

Қарай алман таңғалмай.

 

Бақыт тілеп, бақ тілеп,

Жауатын күн ақ тілек.

Жақсы күннің жақсысы,

Көңілде бүршік атты деп.

 

Жүрекке із салғансың,

Қол жетпейтін армансың.

Бәрін қойшы,

Өзіңе

Бар жақсылық арналсын!

 

Бір сезім

Шарапты ап қоялық тілек үшін,

Бір өзің қанша жанның жүрегісің.

Тағы да талай жанның арманысың,

Қаншасы іштен тынған, білемісің?

 

Кеудеде бұла сезім бұлқынады,

Ұмытпай жүргендер бар мүмкін әлі.

Жақыннан жүрегіңді жарқ еткізген,

Не дейді

Флюорография бұл туралы?!

 

Күлкіңе арналған ескерткіш

Күндізден кейін бір белгі,

Жетелеп Айын түн келді.

Қайтара да алмайсың,

Қайталанбас күндерді.

 

Шіркін-ау, шіркін, шіркін де,

Түнім де күндіз бұл күнде.

Күзім де көктем,

Не дерсің,

Бір сыр бар сенің күлкіңде.

 

Болғанда шіркін мүсінші,

Арман да шексіз, түсінші.

Ескерткіш соғып берер ем,

Күлкіңе арнап жүзінші.

 

Кірпігіңде – жүрегім

Тауға барып атыңды айтсам, заңдылық,

Табиғат та қайталайды жаңғырып.

Дауасыз дерт булықтырған кеудемді

Бара жатыр күйдіріп те жандырып.

 

Тек жанарың – құтқарушы, білемін,

Тауып берер бірер минут бір емін.

Сол минуттар үзілмесе екен деп,

Кірпігіңде ілулі тұр жүрегім.

 

Көргім келіп барады

Сияқтысың таудағы торғын елік,

Көргім келіп барады көргім келіп.

Үркек сезім кернеген күннен бері

Өзіңе арнап жазамын жыр-күнделік.

 

Не болмайды шіркін-ай бұ ғаламда,

Сені көрмей бір күн де тұра алам ба?!

Көргім келіп барады көргім келіп,

Соның сырын сірә да ұға алам ба?!

 

Жұбату

Жүрегім менің жүрегім,

Неге де шаншып жүдедің?

Еселеніп сағыныш

Өртеніп лаулап жүр едің.

 

Есіңді жи, жөнді ұқ,

Тағдырыңа көндігіп.

Іштегі өртті сырттағы

Көз жасыңмен сөндіріп.

 

Сонда бәлкім сыйлысың,

Келсе де қанша күй, қысым.

Тағдыр саған қарамас

Бөледі деп ұйқысын.

 

Шаншиды жүрек шаншиды,

Шаншып қана қалса игі.

Түніменен толқыған

Айдың бетін таң сүйді.

 

Атырарсың қанша таң,

Жасырарсың баршадан.

Түндер қалар тынымсыз,

Күндер келер шаршаған.

 

Күнің күңгірт, таң жарық,

Қойған солай болжанып.

Қамалдағы аруға

Апаратын жол жабық…

 

Шындық қамалы

Қызғалдағым дей алмай,

Арман жансың қиялдай.

Көрсем болды өзіңді

Кете алмаймын қия алмай.

 

Тоқтап өтсем аялдай,

Күн де жақын, таяуда Ай.

Тап-таза бір әлемсің,

Тәңір құйған аянбай.

 

Ақиқатсың, адалсың,

Сенбей қоймас адам шын.

Биік тұрған бәрінен

Шындық деген қамалсың!

 

Күнде көктем сыйлайсың

Жүрекке еккен дәнегін

Неткен жақсы жан едің!?

Кірпігіңді қаққанда

Табатұғын жара емін.

 

Жауып жатыр қар-жауын

Тәңірдің жуып әр таңын.

Айтып бастап сөзіңді

Кейде дейсің «қорқамын».

 

Ұнасаң да қорқасың,

Ал ұнатсаң, бұл да сын.

Күн көрінбей көк жүзін

Торлап алды қорғасын.

 

Ауыр ой мен жеңіл мұң,

Таразысы сенімнің.

Қияметін қарашы,

Өз-өзімді жеңудің.

 

Сірә, бұл да болды сын,

Көңілдегі гүлмісің.

Айтпай кейде ұғатын

Болу керек бір кісің!

 

Көзіңнен сыр көрем мен

Қарайсың-ау тереңнен.

Күнде көктем сыйлайсың,

Күн мен түні  теңелген.

 

Мың мереке

Күтіп сені тұрғанда,

Төгіледі нұр маңға.

Сұрап көрсем, бәлкім сол

Сөйлеп кетер сырғаң да.

 

Ауадан да сені іздеп,

Шын ғашықпын дегізбек.

Жұдырықтай жүректе

Толқып жатыр теңіз тек.

 

Көп күттірмей келдің сен,

Көктем – әлем, сен күлсең.

Дауысыңды  есту де

Мың мереке, мен білсем.

 

Таңғы мынау бақ қандай,

Тәңір іздеп тапқандай.

Сыңғырлаған күлкіңнен

Айналайын, ақ маңдай!

 

Қол жетпейтін армансың

Әлемдегі еркеліктің белгісі,

Тартылыстың заңындай бір тең күші.

Тәтті қылық тұнып тұрған тал бойың,

Әдемінің ішіндегі меңдісі.

 

Қабағынан шуақ шашып ұдайы,

Көктеміңнің  таусылмасын бұл айы.

Неткен жансың лүпілдеген жеп-жеңіл -

Табынатын жүрегімнің құдайы.

 

Тұла бойың ғашық сезім жаралған

Күтіп қандай тұрса-дағы жол алдан.

Көтеріп ап сүйер едім ерніңнен -

Оған жетпей жанарыңда жоғалғам...

 

Күтер небір тағдыр-толқын алдан шын,

Биік болып тау шыңындай қалғансың.

Үлбіреген гүл-дидарың қимаймын,

Неткен жақын...  қол жетпейтін армансың?!.

 

Сен аман бол!

Азапқа салған сүйгенді

Жүрегім мастық күйге енді.

Сапарлап кетсем, кейде енді

Гүлдерден көрем бейнеңді.

 

Ұзарып өскен гүлсің, Сен,

Жауыннан жұпар, күн сіңген.

Көзіңе көзім түскенде

Тілдесіп қалам тылсыммен.

 

Гүл дағы - көздің қарасы,

Әдемі неткен, қарашы?!

Сөйлеп тұрған табиғат,

Тау менен тас, даласы.

 

Терезесін тәңірдің,

Именіп кеп сан ұрдым.

Сыйымысың тағдырдың,

Сен, аман бол, қадірлім!

 

 

Сенің көшең

Сені көрсе құс сайрар құсекеш те,

Мейлі таңда көрсе де, көрсе кешке.

Ыршып түсті көзден жас тілдескен соң,

Сені көру бақыты осы емес пе?!.

 

Тұрғынына қызығам сол көшенің,

Келгеніңді көретін күнде сенің.

Сол көшеде болсам мен сыпырушы,

Табаныңа қып-қызыл гүл төседім.

 

Қызғану мен қызығу

Даусың сенің бөлек үн,

Қоңырауға бөледің.

Көзім ашсам, ойлаймын,

Көзім жұмсам, көремін.

 

Минуттарды жектіріп,

Бәрі жақсы деп тұрып.

Көздің жасын аламын,

Кірпігіңе кептіріп…

 

Еліктің, Сен, лағысың,

Торғыны, әлде ағысың?

Құсы ғып Сені қондырған

Бақытты жан бағысың.

 

Не жетеді осыған,

Көңіліңнің мұзы да ән?!

Оттай маздап қызғанам —

Шоқтай қоздап қызығам...

 

Адасқан ғасыр

Көріп жүріп күнбе күн,

Итіңнің естіп үргенін.

Қызығып оған қаламын,

Басқа бір амал, білмедім.

 

Табиғаттың тауы бар,

Дәл қасыңнан табылар.

Сырласатын құрбыңның

Маңдайының бағы бар.

 

Баратындай жаяу-ақ,

Тиіп тұрған таяу-ақ.

Бірақ сонша неге алыс,

Сен жақтағы саябақ?..

 

Ой келеді оғаштан,

Мәңгі ғой бұл ақ аспан.

Заманымыз тура кеп,

Ғасырымыз адасқан…

Көшпенді ҚОНЫС

1288 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз