Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 21 Шілде, 2022

Әдебиет хақында әңгімелесейік

Әдебиет – әлеми дүниелердің тұмасы, бастау ағызар тұсы  – адам. Ол сана сарайына бұлбұл боп еніп, әуез әуенімен ет жүрегіңді елжіретіп, тұла бойыңды балқытып, сай-сүйегіңді сырқыратып, болмысыңа адами өрнектерді кестелейді. Кітап жүрілген жол, сүрілген өмір, көресін көрер пенде басының бақ пен сор арасында допша домалап, бір үміт, бір тілектің соңынан еруін ақ қағаз бетіне түсірер нұсқасы емес пе? Әсілі, ол «біз» жөнінде толғаса, сырт пен ішті шарласа, жан құдығының саф суынан іштірсе бәрі-бәрі шырамытуға жарар сүлде болса оқып қайтпекпіз? Әдебиеттің таңғажайып қыры мұнда. Күндегі қыбыр-қыбыр тіршілікте тістескен ағайын, айтысқан жұрт дамыл тауып, саябырситын кез роман не повесті қолына алар, оқу арқылы көкірекке сәуле құяр, тоқып ойға түйер уақ. Руханилықты мансұқ қылып, көпті ақыл өлшеміне салмай, көр соқыр ғұмыр кешкенде «міне, бұл олай еді ғой» дер серігің – кітап. Оның ар жағында – автор. Автордың ысылуына сеп тигізген – өмір. Өмірдің біз аңғарған, десе де, аса мән бере қоймаған көп-көп шындығы. 
Осының төңірегінде кеткен әм келер күннің әдебиеті турасында сыр сұхбат құрғанымыз бар. Аға буын мен жас буынның бұған қатысты білдірер соны пікірлері, ойлары жетерлік.

Римма Жақсылықбаева, 
филология ғылымының кандидаты, доцент:

«ТУРА БИДІҢ ТРИБУНАСЫ» КЕРЕК

– Болмысы жалқы болғанымен, тынымсыз тірлігімізге тамырлас келер әлегі мол әдебиет әлемінің табалдырығынан тұңғыш аттаған кезіңіз есіңізде ме?

– Әдебиет пен журналистика – егіз ұғым. Журналистикаға қадам басатын әрбір адам міндетті түрде әдебиеттің табалдырығын ­аттамай өтпейді. Өйткені шығармашылық қайнауы қатар қабысқан қос әлемнің талабы да, жазу машығы да – бір арна. Мәселен, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеев т.б. қаламгерлер журналистика мен жазушылықты қатар алып жүргенін жақсы білеміз.

Шығармашылық – жаңалық ашатын адамның әрекеті, өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешім қабылдай білуі тиіс. Ол үшін өз болмысына өзі көмектесіп, қабілетін дамыта отырып, маңызды мақсатқа білімінің, рухани күшінің арқасында жетуіне атсалысу керек. Өз бетінше әдеби шығармашылық бағыттағы жұмысты саралап, өлең құрастырып, белгілі тақырыпқа әңгіме, мақала жазуы қажет.

Әдебиеттің шығармашылық бастауына мен төртінші сыныпта поэзия бұлағы арқылы келдім. Ол кезде жазған өлеңдерім өзіме керемет болғанымен, басқалар үшін түкке тұрмағанын жақсы білемін. Алайда өзімді қамшылау арқылы поэзия әлемінің қиыншылығы мен қызығын жан дүниеммен сезінгенім рас. Поэзияда жорғалаған қаламым кейіннен он жылдықты бітірген жылы шығарма түрінде «Қайран елім, қазағым, қайран, жұртым» тақырыбында жазылған 80-90 шумақ поэмамен аяқталды. Өйткені Журналистика факультетінің 1-курс студенті атанғанымда, курстастардың ішінде «Сен тұр, мен атайын» деген мықты ақындарды көріп, меселім қайтып, поэзиямен қош айтысуға тура келді.

– Қаламгер Шерхан Мұртаза бір сұхбатында тәуелсіздіктен кейінгі баспасөзді «Ұзын арқан, кең тұсауға» балайды. Ал сіз бүгінгі әдебиетті қалай әспеттейсіз?

– Әдебиет – өнер, шығармашылық әлемі, оған кім көрінген, қалай болса солай аяқ басуға болмайды. Қай кезеңде де белгілі бір ұлттың, халықтың тағдыры, басынан өткен тарихи кезеңдері, ең алдымен, сол ұлттың әдебиетінде, өнерінде із қалдырады десек, ұлттың рухы, еңсесі әдебиеті арқылы көтеріледі.

Қазіргі әдебиет маған өкпесі қысылып тұрған адамдай, шығармашылық еркіндікке бой алдыра алмай отырғандай көрінеді. Кезінде қазақ әдебиетінің қилы кезеңінде рухани дамуымызға өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлер тиісті бағасын ала алды деп ойлаймыз. Қазақ әдебиетінің өнімді, жемісті тұстарының бірі 1960–1980 жылдар аралығындағы кезең болды десек, қателеспейміз. Әсіресе тарихи кезеңдер шындығын, айтулы өнер адамдарының өмір тағдырын, еңбеккер замандастың тыныс-тіршілігін арқау еткен шығармалар оқырман назарына көбірек ілікті. Осы жылдары адамгершілік, адамның рухани дүниесін танытуға толғайтын көркем шығармалар көптеп дүниеге келді. Оны бүгінгі оқырман да мойындап отыр.

– Жас буын көркем әдебиетті әлеужелідегі жылтыраққа айырбастап кетті ме, жоқ әлде сөз астарын ұғар, ой орамын орар оқырман қауым азайып бара ма?

– Әдебиет қай заманда да өз биігін жоғалтқан емес. Жазушы мен оқырман арасындағы көпірді мықты шығарма ғана байланыстырады. Қайсысы босаңдық танытса, көпірде солқылдақтық пайда болады. Қазір екі тарапта да кемшілік басым. Кейінгі кездері жас буынның шығармашылық салғырттығы мен ізденіс иірімінің аздығы әдебиеттің алға жылжуына кедергі болып отыр. Жас қаламгерлер тарапынан тарихи романның жазылмауы, жас ақындардың тұщынып оқитын поэмасының аздығы қынжылтады.

Шығарма қандай тақырыпқа жазылса да, алдымен, оқырманның түсінуіне қиындық келтірмей жеңіл оқылуы тиіс. Ал бізде оқылмайтын шығармалар жеткілікті. Оқырман сұранысына ие шығарманың аз жазылуы әдебиеттен де алшақтата түсетіні рас. ­Сосын барып оқырманды ештеңе оқымайды деп кінәлаймыз.

Жастар қаламынан туындаған шығарманың кем-кетігін саралап отыратын бүгінде әдеби басылымдарда әдеби сын төмендеп барады. Белгілі сыншы Сағат Әшімбаев Шерхан Мұртаза бас редакторлық еткен «Жалын» журналындағы әдеби сын туралы: «Кезінде тура айтамын деп кейбір туғандарына жақпай қалып, су түбі құрдымға кеткен, бүгінде бәріміз жамырай еске алатын «Тура бидің трибунасы» да әдеби жұртшылықтың ықыласына ие болған еді» деп жазғанындай, бүгінгі қазақ баспасөзіне дәл сондай өзекті бір сын айдары қажет болып тұр. Шындығында «Тура бидің трибунасы» әдебиетіміздегі дүмбілездіктер мен шалағайлықтарға, саяси жамылғының астарымен күлдікөмеш жазбаларды жарыққа шығаруға қарсы аяусыз күрес жүргізді. Сондықтан да, оқырман қолына таза сүзгіден өткен шығармалар жетіп, көңілінен шығып отырғаны әдебиеттегі тазалықтың бір нышанын аңғартады.

Кез келген қаламгердің шығармашылық жолға келуіне, алғашқы жетістікке жетуіне өз күш-жігерімен қоса, қандай да бір тұлғаның әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан қандай да бір дарындылық пен жаңашылдық көктен түсе қалмайды. Оның бәрі өзінен бұрынғы үлгіге сүйеніп, тың ізденіс пен талпыныстан туады. Ол үшін бүгінгі жас ақын, жазушылар бойын­да, ең алдымен, дарындылық, қабілеттілік, көркем әдебиетке сүйіспеншілік қасиеті басым болу керек.

– Балдырған һәм шәкірт тәрбиелеуде, оған тәлім беруде кітапқа деген көңілін суытпастан сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру мүмкін бе?

– «Кітап – рухани азық» десек, баланы жастайынан кітапқа жақындату ата-ананың қолында. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, ата-анасы өмірі кітап бетін ашып, оқымаса, баласы қайдан кітапқұмар болады? Бүгінгі буынға кітап оқуды насихаттау отбасынан басталады. Сол тәрбиемен құнарланған буын мектепте де, жоғары оқу орнында да қалыптасқан әдеті бойынша кітапқа ынтызар болып тұрады. Кітапқа махаббаты басым ­баланы ешқашан да одан алыстата алмайсың. Керісінше, өз бетінше оқу, ізденуде өзгелерден оқ бойы озық тұрады.

Ал жас буынның өз тарапынан кітапқа қызығушылығы басым болмаса, оны жетекке алып жүру қиындық тудырады. Көзінде ұшқыны бар, көңілі әдебиетке бір табан жақын жасты қалай бағыттасаң да алып кетеді.

– Күндердің күні, я ертеңдері көркем туынды жазу ойыңызда бар ма?

– Мен жазушы емеспін, дегенмен алдағы уақытты болжау қиын. Білетінім, қалың оқырман сұранысын қанағаттандыру – қиынның-қиыны. Көптің қырағы көзі мен сергек зердесі ешнәрсені қалтарыста қалдырмайды. Қарабайыр, жаттанды емес, тың әрі өзекті, оқырманның көкейінде жүрген тақырыпты дөп басып, қызығушылығын тудыратын туынды жазу – ойымда бар дүние. Оған аса шеберлік қажет! Өйткені шеберлік – шығармашылыққа жатқан жерінен жинап әкеліп, қолма-қол арнаулы қалыпқа құйып, қорытып ала қоятын қорғасын тәрізді нәрсе емес, ой-сана жетпес, қиын асулардан өтетін, шексіз өнер.

Шұғыла Бейбітқызы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің 2-курс студенті:

КІТАП ОҚЫМАЙТЫН АДАМ – РУХАНИ МҮГЕДЕК

– Құндылықтар алмасқан ауыспалы шақта кітап жекелей сіз үшін өмір сөресіндегі өз орнын өзгертті ме?

– Кітап оқымайтын адам – рухани мүгедек!

Бүгінгі өркениетті заманда, кітап пен жастарға ортақ байланысы бар мәдени орта ол – кітапхана. Көне жазбалар мен сонау бағзы заманнан бері бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан кітаптар сықылды кітапхананың да, тарихы мен тағылымы сол заманның шындығын аша түскендей. Осы тұста Әбіш Кекілбаев атамыздың сөзі есіме орала түсті: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деп бекер айтпаса керек. Рухани білімнің, құндылықтың, мәдениеттің ордасы – кітапхана ешқашан да мәні мен маңыздылығын жойған емес. Кітап оқу рухани жағынан жетілуге ғана емес, шығармашылық тұрғыдан болсын және тән саулығына да үлкен септігін тигізері хақ. Осыдан бірер жыл алдын, кітап ордасында жүріп, бір дүние көзіме таңсық көрініп, жанарыма еріксіз жас тығылып еді.

Сол заматта, кіре берістен-ақ менің сезгенім кең, жарық әрі таза атмосфера. Күнделікті күйбеңдіктен әбден шаршағандықтан ба білмедім, әйтеуір осы бір атмосфера менің ­жаныма ерекше жайлылық пен жылулық ­сыйлады.

Осындай сезіммен жоғары көтерілдім. Кітапхана шынымен атына заты сай кітап қорының үлкен қазынасы ғой. Сөре толған кітаптар кітапхананың басты ажары тәріздес. Айналам толған – адам дейін десем, кітапқа құмар бірде-бір жанның қарасы көрінбеді. Мен үшін бұл көрініс біртүрлі таңсық еді. Бойымдағы құлшынысым мені еркімнен тыс жетелеп кітап сөрелерінен кітап алуға итермеледі.

Осынау бір кітапхана, осынау бір айналамды қоршаған кітаптар ерекше үлкен жігер бергендей. Ендігі кезекте маған сөрелердегі кітаптар менің арманымның алтын кілті іспеттес көрінді. Және осы бір күннен менің түйгенім кітапхана бұл – білім жолындағы аса ізденімпаздылық пен ыждаһаттылықтың ұлы ұясы.

Маған бөлек бір өмір керек, себебі мен оқып үлгермеген кітаптар қаншама...

Сондықтан журналистік жолда жүріп, кітап атаулы асыл мұра, өмір сөремдегі өз орнын өзгертуіне еш мүмкіндік жоқ!

– Бұрынырақ бір ұрпақ көркем шығармаларды сусындап, сүмбілдей бойына рух һәм өнеге дарытып өнетін, өсетін. Бүгін де өрімдей өрендерді қас жүйрік қаламгерлер емен, әлеужелі тәрбиелеп жатқан жоқ па?

– Иә, қазіргі заман, білекке сенетін емес, білімге сенетін өркениетті уақ. XXI ғасыр – көшбасшылар ғасыры. Озық технологиялар, тың идеялар, техника мен жаңаша ақпараттың шарықтау кезеңі. «Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман» деп М.Дулатов атамыз айтқандай, егеменді еліміздің тірегі, жарқын болашағы – білімді ұрпақ.

Ертеде «От ауызды, орақ тілді» би-шешен, ақын-жырау, төрелеріміз тілдің құнын түсірмеген еді. Дүл-дүл ақындардың халықтың қамы үшін жырлаған жалынды жырлары осы уақытқа дейін ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра болып тарап келе жатқандығын мектеп қабырғасынан бастап оқымаған, білмейтін адам кемде-кем. Сөзді қысқартып айту, қысқарта жазу, қазіргі таңда нағыз сорақы күйге түсіріп, жастардың көбін сауатсыздыққа алып келе жатыр. Ана тіліміздің қаймағы бұзылды. Неліктен? Себеп біреу – жастар әдеби кітаптар оқымайды. Аталмыш желіде сан түрлі ақпарат бар, оның өтірік-шынын ажыратып жатқан тірі пенде жоқ. Жастарды виртуалды әлем тәрбиелеп отырғаны рас. Оның несін жасырамыз? Көз үйреніп, құлақ естіп жүр. Алайда ойы жұтаң, өресі төмен ұрпақ қалыптаспасын десек, жіті қадағалау керек. Тіл, әдебиет, тарих сахнасына келгенде қатаңдық танытып отырсақ та еш әбестік болмас, сірә.

Әлеуметтік желінің әуресімен жүріп адам өз тіршілігіндегі құндылықтардан біртіндеп алшақтай бастайды. Яғни тәні мен қоса жаны да рухани жағынан төмендей түседі. Қазір тіпті дүниеге келген нәрестені жасыл желіге телміртіп отырғызып қоямыз. Ал көзін аша көргені көгілдір желі болған ұрпақ қандай болмақ?

Желдей ескен жүйрік желіні бір мезгіл тізгіндейтін уақыт келді!

– Кей туындылар уақыт ағынына төтеп бере алмай, өмір өзеніне жұтылып қояды, кей көсем дүниелер, керісінше, бізбен бірге мәңгі жасайды. Мұның сыры неде?

 Бұл сауалдың басты сыры – шығарма тілінің көркемдігінде. Хемингуэйдің ­айтуынша, жазушы өзі жазып жатқан дүниені өте жақсы білетін болса, білетін дүниесінің бәрін түгел жазбай-ақ қойғаны абзал. Егер ол шығармасын шынайы етіп жазса, көп дүние айтылмай қалса да, оқырман оны ішкі түйсікпен сезетін б­олады. Айсберг қозғалысының ғаламаттығы, оның сегізден бір бөлігі ғана судың үстінен көрініп тұрады. Сол сияқты әдебиетте де көп дүние шығарманың бетіне қалқып шықпай, тереңінде бұғып жатуы тиіс. Дұрысы – шығарма мейлі, көлемді болса да, әр сөз, әр сөйлем шығарманың мәнін айқындауға, тереңдігін түйсінуге қызмет етіп, кейіпкердің характерін, психологиясын ашуға, қақтығыстар мен ситуацияны дәл беруге көмектесу керек. Төгіліп тұрған тілді осы бағытта жұмсай алсақ, ұтарымыз да көп. Бұл сұрағыңызбен оқырман назарын басқа арнаға бұра көрмеңіз. Әдебиет суалып қалған жоқ. Қазір де жанына қаламын серік еткен талантты ақындар мен жазушылар бар. Жалпы қазақ әдебиеті – өз потенциалын сарқымаған әдебиет. Әлі де ашылмаған аралдар, қозғалмаған тақырыптар бізде өте көп.

– Қазіргі қазақ әдебиеті өкілдерінің бәсі биік һәм төмен тұстарын атап өтесіз бе?

– Бұл сұрақ мен үшін қате. Өйткені қазіргі қазақ әдебиет өкілдеріне тағар айып, айтар сын, түрткілеп тартар мін жоқ. Әдебиет атты ұлы кемені түпкілікті түрде қолға алған адамның еш уақытта төмен тұсы болмасы хақ. Бұл, әрине, өз пікірім. Ал осы тұста мендегі айтар ой, мектеп қабырғасындағы әдебиет оқулықтары. Орыс әдебиетінен оқытылатын материалдарды қазақ әдебиетіне де қосақтаудың қаншалықты қажеттілігі бар. Мектеп оқушысы қазақ әдебиетінде қандай кейіпкерлермен қауышады, кімдерге еліктейді. Бүгінгі оқырманның талап-сұранысын қанағаттандыратын шығармалар қайсы, мұның бәрін сараптай алдық па. Жаңартылған мазмұндағы бағдарламада неліктен әдеби материалдар шектен тыс қысқарып отыр? Міне, санада сайрап шешімін таба алмай жүрген сұрақтар. Қазіргі әдебиет саласына бас сұққан мамандар, осы сауалдар төңірегіне де көз қырын сала жүрсе деген ой.

– Әдебиеттің түпкі мұраты, сіз үшін мәні, ұлт үшін маңызы қандай?

 – «Әдебиет дамып, өркендеп жатыр» деп өз-өзімізді алдап жүргенімізге он шақты жылдың жүзі болды. Себебі әдебиет атаулы сандықтың ар жағында жауапсыз қалып, қордаланған өзекті мәселелер жетерлік. Әдебиет – адамзаттың ішкі рухани қажеттілігінен туындаған, соған қызмет ететін ерекше сала. Әдебиет – бізге өмір сүруді үйрететін оқулық. Дұрысымызды асырмай, бұрысымызды жасырмай көрсетіп, алдағы күнге айдын жол ашады. Жастар шығармаларының да негізгі идеясы – тәрбие. Болашақтың алтын нұрларын себелейді. Біреу болса да білікті дүние беру – жас авторларымыздың жарқын межесі. Ол үшін шығарманың идеясы құнды, тәрбиелік мәні өткір келуге тиіс.

Әдебиетсіз адамзаттың өркендеуі мүмкін емес.

Әзірлеген: Аружан АҒЫБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Журналистика факультетінің

1-курс студенті

 

Көркем туынды әркімді өз әлеміне, өз жұмбақты хәліне үңілдіреді. Расымен, қаламгермен тілдескендей, үнсіз ұғысқандай алабөтен күй кешесің. Ал, бұл, зынданға қамаған іңкәр сезімің, қорғансыз «менің» екен. Сен соны түсінесің. Оқырман күн сайын екі түрлі айнаға қарайды. Бір әйнектен бет-пішінін, кітап әйнегінен жадау жанын көреді. Сөйтеді де қараңғыға малынған маң далаға шуақ төгеді. Сол шуақ – әдебиет. Ол (автор) өткеннен алған тағылымын оқушыға табыстап, «сен-ақ жаза баспашы» дегендей мұның тақуалығын арттырады. «Сақтан, сақ бол, адамдығың бәйшешектей, мұз тоңды жарар, әйтсе де, аяғыңмен бір таптасаң қап-қара із жүректе қалар» дейді. 
Әдебиет – арлы, ардақты, асыл. Адасқан өмірдің кейіпкерлеріне оң жол нұсқайтын, түнерген түнді де жарыққа бөлейтін сүмбіле жұлдыз!

 

1604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз