Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 25 Шілде, 2022

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАЗАҚСТАННАН ӨЗГЕ БАРАР ЖЕРІ ЖОҚ

Қазақ елі бейбітшілікті сүйеді. Тыныштықты ту етеді. Патриоттық сезімге бай. Екінші дүниежүзілік соғысты ұмытпайды. Ардагерлерін ардақтайды.  Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ жиыны өтті. Онда еліміздегі татулық пен бірлік жайы айтылды. Осыған орай қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Парасат» орденінің иегері Асылы ОСМАН апамызды сұхбатқа тартқан едік. 

ПАТРИОТТЫҚ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

– Сіздіңше патриот дегеніміз кім?

– Е-е, қарағым. Әуелі, елім аман болсын. Халқыма Құдай Тағала өмір берсін. Жас-тар бірлікте   болыңдар. Отаншыл  жұртты  жау  алмайды. Бабаларымыз VII ғасырда алып арабқа, ХІІІ ғасырда тегеурінді моңғол шапқыншылығына, ХХ ғасырда патша өкіметіне де төтеп берген.  Бәрі ұғынушылықтың арқасы. Ең негізгісі ішкі ынтымағымыз бекем болғаны абзал.

Қазір «Жаңа Қазақстан» дейтін тың идея көтерілді. Бұның мағынасы жақсы. Жаңарған жөн. Осының ауқымын кеңейтіп, «Жаңа Қазақ Елі» деген болар едім. Байқасаңыз, сырттан келіп, ақ майды ешкім аузымызға тамызбайды. Сол себепті де, патриотттар көбейсін десек, оған жағдай жасайық. Ауылдың балаларының жақсы оқу оқып, сапалы маманға айналуын қадағалайық. Біз бен сіз болып ұлттық құндылықтарды насихаттайық. Шежірені білсін. Халқым деп күйінсін. Сонда барып, отаншыл азамат қалыптасады. Мінберге шықса, елдің қамын ойлайтын болады. 

Ойшыл Сократ: «Дүниедегі ең сұлу – сөз, ең қымбатты нәрсе – адамгершілік, ең жаманы – сұрқиялық, қызғаншақтық» дейді. Тәуелсіз, Ұлы дала төсінде мамыражай күн кешіп жатқанымыз сырттағы алакөздерге ұнамауы мүмкін. Аузына келгенді айтып, алауыздық тудыруды қалайтындар да жоқ емес. Қазақ біреуге тиіспейді, тиіскенге бас имейді. Ол – атам заманнан келе жатқан қағида. Ең әуелі баршамыз қазақи рухта болуымыз шарт. Ел мен жердің қадірін бір атаның баласындай сезінейік.

Баяғыда грек пен түрік арасында шиеленіс болған. Сол шақта Түркияның премьер-министрі Тансу Чиллер бір төбенің басына шығып тұрып: «Мен өзгелерге Отанымның жері тұрмақ, бір түйір қиыршық тасын бермеймін» деген болатын. Міне, патриоттық!

Осыншама ұлан ғайыр даланы айбынды хандарымыз, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлар білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғады. Абай ұлтымызды ояту үшін күйінді. Алаш арыстарының ерлігі ерен. Қарақтарым, намысымызды өзіміз жанып, қамшылап отырмасақ іс өнбейді. Әлемдік өркениет пен мәдениетте бабаларымыз көштің соңында емес, басында жүрген. Жаһанды ат тұяғымен дүбірлеткен. Дүниені түлеткен. Енді неге біз өз жерімізде жүріп, кедей күн кешіп, жарлы-жақыбайлы болып өмір сүруіміз керек екен?! Мемлекет құраушы қазақ ұлты өзгелерден кем ғұмыр сүрмеуі қажет. Осының бәріне от басынан тәрбиелесек, бала бойына уыз тәрбие сіңдірсек, озамыз.  

 

СТАЛИН ЖЫЛАТҚАН ХАЛЫҚТЫ –ЖҰБАТҚАН ҚАЗАҚ

 

– Апа, «бірлік» сөзінің мағынасын тарқатып айтып беріңізші? 

– Қарақтарым, менің жасым 80-ді алқымдады. Азшылықты да, тоқшылықты да көрдім. 10 жасымда Қазақстанға қоныс аударды. Бәрімізді бір түнде вагонға тиеді. Көңілімізде мұсылман еліне бара жатырмыз деген демеу болды. Оралдан бастап, пойызды вагоннан ағытып отырды. Шеттей бала-шаға, үлкен кісілер тағы бар. Ол уақытта бала болсам да, сол көріністер көз алдымнан кетер емес. Айналайын, қазақ халқыма мың рахмет! Қазағым Сталин жылатқан қаншама халықты бауырларына басып жұбатты. Өзекке теппеді. Көкіректен итермеді. Міне, соның нәтижесінде, бүгінде тату өмір сүріп келеміз. Қаншама шешен, әзірбайжан, татар, балғар, орыс, украин, кәріс, неміс т.б ұлтар мамыражай күнде ғұмыр кешіп келеді. Осының бәрі бірліктің арқасы. Алаламай, бөлмей, шеттетпей жүрген қазағыма мың рахмет!

 

БІЛІМ – ӘЛЕМДІК, ТӘРБИЕ – ҰЛТТЫҚ БОЛУЫ КЕРЕК

 

– Ұлттық тәрбиені жастардың бойына қалай сіңіруге болады?

– Біздер қоғам тіршілігіне көбірек араласамыз. Кейде айтыңқырап жібереміз. Бәрі қазағымның санасы оянсын деген мақсатта ғой. Қазақта «Өрге шықсаң – өрді көресің, елге шықсаң – өмірді көресің» деген жақсы мақал бар. Меніңше, білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек. Осыдан артық қағида жоқ.

Жастарға ұлттық тәрбие бере білу қажет. Оларды өзіміздің ұлттық құндылықтарға сусындату керек. Ассамбляның ішінен жастар ұйымын құрып жатыр. Үй ішінен үй тігудің қаншалықты керегі бар. Баршасы бір Қазақстанның жастары. Сондықтан олай бөлінбегенін  қалаймын. Сондай-ақ, қыздарымыз өзінің ұлттың анасы екенін сезінбей, алға жылжу қиын. Шылым шегіп, нашар әрекет жасаса, сонда қандай бала таппақ. Бізге дені сау, отаншыл ұрпақ керек. Олар біздің болашағымыздың кепіліне айналсын. Менің тілерім осы. Осыны біздер айтпағанда, кім айтпақ?!

Қазақи рухта тәрбиемен сусындаған бала, сөзссіз елге қызмет қылады. Өйткені обал-сау-апты біледі. Халықтың жиған тергеніне қол сұқпайды. Сумаңдамайды.

Әсіресе, егемендік кезеңінде туған жастарды қазақи тәрбиеге баулыған жөн. Жарайды, үлкен кісілер бұрынғы тарихты білеміз. Қамқорлықты сезіндік. Жүрегімізбен ұғынамыз. Кім екендігіне қарамай, барша жас-тарды ұлттық құндылықтарға үйреткен абзал. Сонда ұтамыз, ілгері басамыз. Отанымыздың «наны тәтті де, тілі ащы болып па?!» Әрине, олай емес. Наны да, жаны да, тілі де ортақ бол-уы қажет. Турасы – осы!

– Мемлекеттік тілдің жайын жиі айтасыз, өзгеріс байқайсыз ба?

– Байқаймын. Бұрынғыға қарағанда алға жылжу бар. Оны жоққа шығармаймыз. Өзге ұлттар мен этностар өзінің тілін, дәстүр-салтын дамытып жатыр. Оларға біреу бірдеңе деп жатқан жоқ. Дегенмен, қазақ тілінің жайы не болмақ?! Осы мен тілге жаным ашып айтудай-ақ айтып келем. Кейбіреулер бізде екі тіл бар дейді. Маған конституцияны мысалға келтіреді. Ата-заңның 7 бабы, 1 тармағында, қазақ тілі мемлекеттік тіл, орысша ресми және өзге тілдердің дамытудың жайлы жазылған. 2-3 тармақтарды орындаймыз. Ал неге 1 тармаққа селсоқ қараймыз. Намысың келеді. Осыдан 15-16 жыл бұрынғы Ассамблеяның жиындарында Қазақстанда мемлекеттік тіл салтанат құру қажет деп шегелеп айтқан болатынмын. Оны жыл сайын айтып та келеміз. Содан бері қаншама уақыт өтті. Енді қолға алатын уақыт жетті ғой.

Кезінде лингвист-түрколог ғалым Смет Кеңесбаев ағай «аспиранттар жетім қозы сияқты түрткіншек болуы керек» дейтін. Онысы ізденімпаз, сұраушы болуы қажет дегенді білдіреді. Жетім қозы ананы ды, мынаны да түртіп еме береді ғой. Біздің тіліміздің жайына келгенде, осындай түрткіншектік ауадай керек болып тұр.

Әр мекеме қазақша іс-қағаздарды жүргізсе, мемлекеттік қызметке қабылданарда мемлекеттік тілден сынақ тапсырсын. Өйткені, Қазақ елінің тағдырын шешетін лауазымға отыруда бір нәрсені түсінуі керек. Кеңестік Қазақстанды ширек ғасырдан артық басқарған Дінмұхмаммед  Қонаев «мен қанша биіктесем де, халқымнан төмен екенімді ұмытқан жоқпын» деген екен. Олар нағыз ұлы тұлғалар еді.

1989 жылы кандидаттық қорғадым. Москва мен Ленинградтан үлкен түрколог ғалымдар келіп қатысты. Сол кезде менің қазақшама күмәнмен қарады. Дегенмен кеңестік дәуірде қазақша диссертация қорғағаныма риза болды. Кейін  Едіге Тұрсынов дейтін фольклортанушыға орысшаға тәржімалаттым. Кейбіреулер қазақша сөйлегеніме таңғалады. Мұның бәріне өсіп-өнген орта әсер етті. Сондықтан мемлекеттік тілге қажеттілікті тудыру қажет.

Егер мына түрімізбен тілге селсоқ қарасақ мәңгүртке айналамыз. Түбінде өзімізге зияны тиеді. Басқа-басқа, тіл мен дәстүрден ажырамайық. Қазақ тілінің Қазақстаннан өзге барар жері жоқ. Кеңес өкіметінің тұсында Америка Құрама Штаттарынан бір қыз қазақ филологиясынан кандидаттық жазуға келді. Сонда «айналайын», «қарағым» т.б. сөздердің құдіретін, нәрін зерттемек болды. Ол уақта тыңшылық жасайды деп, сырттан келгендерден күдіктенетін. Көрдіңіз бе, тілімізге шетел тамсанады. Кейде күйіп кетемін. Небір ақын-жазушыларымз бар. Бірақ, өзінің баласы әкесінің шығармасын, өлеңін оқи алмайды. Сөйтіп отырып, халыққа ақыл айтуға бола ма екен?! Әрине, болмайды. Тілге құрмет, елге құрмет. Осыны ұмытпайық.

Тобықтай сөзді түйгенде, еліміздің алар асуы алда болсын. Қазақ мемлекеті мәңгі жасасын. Халқым жадырап күн кешсін деген тілегімді, лебізімді білдіремін!

– Апа, шынайы сұхбатыңызға, тілегіңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан 

Олжас ЖОЛДЫБАЙ
"Urker" журналы

1395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз