Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 05 Тамыз, 2022

Бизнесті кредиттеу минимум мәнге төмендеген

Елімізде бизнесті кредиттеуге банктердің дайын болуы тарихи минимум мәніне жетуге жақындаған. Қаржылық емес онлайн-сервистердің жедел дамуы өткен жылдың негізгі трендіне айналғанын қаржы нарығындағы қазіргі жағдай айқын көрсетіп отыр.

Ұлттық банктің 2022 жылдың бірінші тоқсанында бизнесті кредиттеу бойынша екінші деңгейдегі банктер арасында жүргізген сұрау салуы шағын және орта бизнес тарапынан кредиттерге сұраныстың қысқарғанын да, банктердің мұндай клиенттерді қорландыруға дайындығы төмен­дегенін де көрсетеді. Шағын бизнес тарапынан кредит жөнінде өтініш жасаулардың саны 3 пайызға (тоқсаннан тоқсанға) төмендеп, 2020 жылдың екінші жарты­жылдығынан бері бірінші рет азайып кеткен. Бұл ретте тап­сырыстардың орташа көлемі 4 есе өскен. Сондай-ақ орта бизнес тарапынан да кредиттерге сұраныс төмендеген. Бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша келіп түскен кредиттік өтінімдердің саны 32 пайызға қысқарған, ал өтінім­дердің орташа көлемі 11%-ға (тоқсаннан тоқсанға) азайып, 517 миллион теңгені құраған. Кредиттік өтінімдер санының не­гізгі төмендеуі ресейлік еншілес банктерге тиесілі екен.

Кредиттік сұраныстардың төмендеуін банктер төтенше жағдай режимі орын алған кезең­дегі қаңтардағы шектеулермен, наурыздағы кредиттік ресурстар құнының қымбаттауымен, сондай-ақ мемлекеттік бағдарла­ма­лар бойынша уақытша қаржы­ландыру жоқтығымен байланыстырады.

Екінші деңгейдегі банктердің бизнесті кредиттеуге дайындығы шағын және орта бизнес үшін тиісінше 33% және 50% құрап, тарихи минимум мәнге жақындаған. Банктердің көпшілігінде бизнес­ке несиелер берудің шарттары қатаңдаған. Бизнесті несиелеу бойынша сыйақы мөлшерлемелері айтарлықтай артқан, бәрінен де көбірек орта кәсіпкерлік субъектілері үшін өскен. Биылғы жылдың екінші тоқсанында екінші деңгейдегі банктердің біразы шағын бизнес тарапынан несиеге сұраныс біршама артатынын күтуде. Орта бизнес бойынша, мамандар болжауынша, сұраныс индексі орта есеппен алғанда бірінші тоқсан деңгейінде сақталады екен. Сондай-ақ бизнеске кредит беру бойынша да сыйақы мөлшерлемелерінің одан әрі біршама артуы күтілуде.

Бұл сұрау салудың нәтижелері, әсіресе, орташа қуатты банктердің басым көпшілігінің шағын және орта бизнесті нысаналы бағыт деп санауымен де құнды. Календарьлік үш жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,3 миллионнан 1,5 миллионға дейін артқан, оның үстіне күрт өсім нақ осы соңғы жылда байқалып отыр. Шағын және орта бизнес өсуі әлеуетін ескере отырып айтар болсақ, банктердің оларға кредит беруге дайындығының төмендеуі уақытша және субъектілердің тым артық кредит алуына байланыс­ты, сонымен бірге, осыған орай кредиттік тәуекел жағдайларының ар­туы­на да байланысты болып отыр.

Өткен жылдан бастап банктер­дің біршама белсенді бола түсуі шағын және орта бизнестің тағы бір микросаласы – жеке кәсіпорындарда көрініс тапқан. Кейбір сарапшылар жеке кәсіп­орын­дар шағын және орта биз­нестің «кредиттік күшіне» айналуы мүмкін деп есептейді. Алайда, әзірге банктер жеке кәсіп­орындарды несиелеуге онша ынталы да емес: микробизнеске кредит беру екінші деңгейдегі банктердің көпшілігінде тіпті жоқ инфрақұрылымның болуын талап етеді. Тіпті жеке кәсіпорындарды кредиттеудің тәртібі де енді ғана жасалуда.

Жеке кәсіпорындарға барлық құжаттар мен бухгалтерлік есепте­мелерін талап ететін корпо­ра­тивтік клиенттер ретінде несие беру мүмкін емес, өйткені, орта бизнестен айырмашылығы микро­бизнеске ақша «кеше-ақ керек» болған еді. Мына жайтты да білген маңызды, көптеген микрокәсіпкерлер құжат айналымын жүргізбейді, табыстарын рәсімдемейді және кредиттік сапасын растай да алмайды. Қазір жеке кәсіпорындардың көпшілігі микроқаржылық ұйымдардан немесе екінші деңгейдегі банк­терден жеке тұлға ретінде несие алады. Қазақстандық бірде-бір банк микробизнесті қорландыру үшін қалыпты үдеріс түзей алмай келеді. Көптеген банктер, міне, нақ осы мемлекеттер ашып беретін дерекқорларды пайдаланып, жеке кәсіпорындарды кредиттеу үшін дұрыс скоринг құру міндетін шешу үстінде.

Жеке кәсіпорындарды ше­шімін күткен мәселелер айма­ғынан оңтайлы алып шығудың тиімді тәсілі және мұндай кәсіп­кер­лердің кредиттік тәуекел­дерін бағалауды түсінікті етудің төте жолы – қаржылық емес қыз­меттерді (ШОБ бойынша ірі банк­тер мұндай өнімдерді бірнеше жылдардан бері ілгерілетуде) дамыту. Интеграция және жіксіз клиенттік жол 2021 жылдан бері жеке кәсіпорындармен жұмыс істеп жатқан банктердің негізгі терминдеріне айналды.

Қаржылық емес қызметтер – бұл «бір терезе» арқылы, клиентке классикалық банкингпен қатар оның бизнесін қолдауды ұсынатын топтама өнімдер.

Мәселен, банктер кәсіп­кер­лердің жеке кәсіпорын ашу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе Салық коми­тетіне баруға дағдыланған­дарын анықтаған, оны іздеу сайтта­рындағы сұраныстарды талдау да растап отыр. Көптеген екінші деңгейдегі банктер тіркелу рәсімін клиенттік шот ашумен бір мезгілде цифрландырған. Банктің сыртқы сайтында жеке кәсіпорынды тіркеуден өткізіп, бірден шот ашуға да болады. Болашақ кәсіпкер банктік деректемелерді алғаннан кейін, оның телефонына мобильдік қосымшаны жүктеп алу үшін SMS келіп түседі. Авторландыру қуатталған сәттен бастап банк платформасында кәсіпкерге банктік қызметтер қолжетімді болады. Клиентті қарамағына алысымен, банк оның қаржылық тарихын көре алады және одан әрі қарай бұларды жеке қосымшалар дайындау мақсатында, соның ішінде кредиттік ұсыныстарды несие­леудің төменірек мөлшерле­месімен пайдалануына жағдай жасайды.

Банктік емес өнімдер банктің бизнес-клиентпен табысты жұмы­сының міндетті шартына айналуда. Екінші деңгейдегі банктер түрліше клиенттік қажеттіліктерді жаба алатын, өзінің көпфункциялы моноқызметтерін белсенді түрде қайта құруда (инфографика).

Қазіргі уақытта банктер бірегей жіксіз клиенттік жолдар аясында тіркеу және шотты онлайн-ашу түрінде бизнес-клиенттеріне базалық қызметтер көрсетуде. Одан әрі аздаған ерекшеліктер жалғасын табады.

Мәселен, клиенттер үшін карточкалық процессинг бойынша ұсыныс бар, бұл өнім сауда саласындағы жеке кәсіпорын­дарға бағытталған. Тіркеуден өтіп, банктік шот ашқаннан кейін кәсіпкер ақшаларын қабылдайтын және касса үшін өзінің транзакцияларын Мемлекеттік кірістер комитеті көре алатындай, терминалды қажетсінеді. Бұрын мұндай жағдайда кәсіпкер банкке өтініш жазатын да, төлем терминалын қондыруды күтетін. Қазір төлем үдерісі толықтай телефонда жүзеге асырылады. Банк карталары мобильді қосымшаны «қабылдай береді». Ежелгі темір касса да онлайнға көшкен. Касса мен терминалды бір қосымшаға біріктіріп, банк төлемдерді жеделдеткен: қаржыларды картамен немесе QR-кодпен аударуға болады және ол транзакциясын өзі көре де алады.

Бұдан өзге, банктердің корпо­ративтік бизнесінде классика­лық банк өнімдерін сату үшін, бәрінен бұрын несиелеуді жүзеге асыруда қаржылық емес қызметтер қосымша мүмкіндіктер ретінде қолданылмақ. Осы қосымшада кәсіпкер қажет болғанда банк­тен тауарды бөліп төлеу қызметі негізінде сатып ала алады. Тұр­мыс­тық техникаларды сатумен айналысатын ірі сауда үйлерінің залдарында кезінде банктердің өкілдері отыратын және солар сатып алушыларға тауарларды бөліп төлеуді рәсімдейтін. Қазір бөліп төлеп сатып алуды сатып алушының өзі тікелей рәсімдейді. Кәсіпкер – банктің клиенті «бөліп төлеу» банктік қызметіне онлайн қосылады да, банктен бірегей QR алады және онысын «сөреге» шығарып қояды. Сатып алушы, соның ішінде банк клиенті емес адам да, кодты сканерлеп тапсырыс береді, осыдан соң көп уақыт өтпей-ақ банк оның бөліп төлеуге деген тапсырысын қарастырады. Бөліп төлеуді өз бетінше онлайн рәсімдеуді бірнеше банк ұсына алады, оның үстіне бұлардың бір бөлігі жабық экожүйеде жұмыс істесе, басқа бөлігі – банктің кли­­ент­тері еместер де қатыса алатын ашық жағдайда қызмет көрсетеді.

Одан әрі – бұдан да жақсырақ. Қосымшалар жеке кәсіпорынға саудаларын басқару мақсатында жеке кабинет құруға мүмкіндік береді. Бұл кабинетте сауда тарихы ашылған, тауарды қайтару мүмкін­дігі де бар, маркетингтік акциялар үшін құралдар да қарас­тырылған.

Қаржылық емес қызметтерді дамыту екінші деңгейдегі банктерге микроқаржылық ұйымдармен бәсекелестік үшін мықты база жасап отыр. Эквайринг (қолма-қол емес ақшалар) бөліп төлеу, касса, контрагентті бағалау қызметі бар мобильді қосымша кәсіпкерлердің қажеттіктеріне жауап береді және олардың банкпен ниеттестігін одан әрі нығайта түседі, дейді сарапшылар.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1052 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз