Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 09 Тамыз, 2022

"Сосын" деген жол "Ешқашан" деген елге апарады

Бір жәшік тегін алмұртқа ие болып қалған кемпір туралы әңгіме естеріңде ме? Ол күн сайын шіріп бастаған алмұрттың бірін жеп, ең жақсысын ертеңе қалдырып отырушы еді ғой?! Ертең келесі бірі шіритін. Сосын амалсыз соны жейтін. Осылай алмұрт біткенше жалғасады. Ақырында ол бірде бір сау алмұрт жей алмай қалады. 

Өмірлік мәні бар хикая. Мұңлы хикая. Мағыналы дер едім. Бүгін соны анық сезінген күн болды. Сәл шыдасақ, тағы сәл ақша жинасақ, үнемдесек, тізгінді тарта жүрсек... Содан күндердің бір күні...
Сол бір күн келмейтінін ескермейміз. Дәл қазір және осы сәт қана бар!  

Бақытқа лайық болу керек деген ұғым қайдан шыққан? Бақытты сатып алуға болады деген? Бақытты күту керек деген ше? 

Қанша уақыт күтесің? Қартайғанша? Күш-қуатың сарқылғанша? Өмірге деген құлшынысың өшкенше? Ажал тап бергенше? 

Кеше саяжайдағы көршіммен әңгімелесіп қалдым. 
- Неге көңілсіз жүрсің? - десем: 
- Алды-артыма қарап үлгергенше, өмір зыр етіп өте шыққанын қарашы, - деді күрсініп. 

Мен, әрине, оны, жұбатуға тырыстым. Бірақ оның жауабын естігенде ойланып қалдым. Сосын бұл әңгімені хатқа түсірейін деп шештім. 

- Жас күнімде ойлаушы ем, осыдан ақша жинап саяжай тұрғызамын, балалар өсіп, өзім үшін өмір сүремін деп. Шашымды сәнді қылып кесіп, тек әдемі көйлек киемін деп. Былайғы кезде ылғи шалбармен жүремін ғой, - деп семіріп кеткен сандарын сартылдатып алақанымен шапалақтап қойды. - Өмір-бақи көйлек киюді армандадым. Бірақ шалбармен жүрген ыңғайлы... 

Ол үнсіз қалды. Мен оны асықтырмадым.

- Балалар өсті. Саяжай салынды. Ақша да жеткілікті. Ал, мен сол күйі джинсымды тастамадым. Шашым да сол баяғыдай. Ешкінің құйрығындай қып буып қоям. 

Оған қолдау боларлық жылы сөз айтқым келді. 
- Ендеше не кедергі? Тезірек шаштаразға бар. Сәнді көйлек сатып ал! 

Ол миығынан күлді. 
- Қажеті болмай тұрғаны. Мен әбден шаршаппын. Бұл өмір жылдар бойы күткен үмітімнің шырағын жақпады. Өмірдің күйбеңі мені қартайтыпты. Тышқан тірлік мені жеңді, тұралатты.

Оның сөздері түн жарымына дейін  ойымнан шықпады. Тышқан тірлік тұралатты... Бұл әйелдің "сосыны" қалмапты. Ол таусылыпты, түгесілген екен. Ең бір өкініштісі, мұндайлар көп. Миллиондар...Баяғыда бір жерден оқып ем: "Сосын" деген жол "Ешқашан" деген елге апарады. 

Қазір және осы сәтте өмір сүр. Бұл шешімді дұрыс түсіну абзал. Әрекет қыл! Қалтаңа сап қойған екінші өмірің жоқ! 

 Әдемі ыдыстан тамақтанып, сусын іш. Өзім қатты ұнататын үш зат бар: кітап, мойынорағыш, ыдыс. Сондықтан, маған әбден сенсең болады, әдемі ыдыстан тамақтанудың өзі бір ғанибет. 
Бүгін сатып алған қаздың етін тоңазытқышқа тықпаламай, бірден әзірле. Алма шіріп кеткенше күтпе, дәл қазір ауыз ти. Көздің жауын алатын көйлегің мен туфлиіңді ки. Саған бұрылып қараған көздерді байқай жүріп, дүкен арала. 
Жақсы көретін кофеңді іш. Дәм сезу мүшелерің бір рақаттансын. Кітап оқы, саяхатта. Кейін даярлармын деп шегере берген тортты пісіріп, шай іш.

Ең бастысы - сүйіспеншілігіңді, мейіріміңді, қамқорлығыңды үнемдеп, кейінге қалдыра берме. 
Шын ниетіңмен жақсы көр! Құшақта, сүй, қуант! Айналаңды мақтап жүр! Жылы сөзге жомарт бол! Бұның бәрі адамды бақытты қылатын әрекеттер! Ал, бақытты адамның алмайтын қамалы жоқ! Рас айтам. Одан да зорын жасай алады. Өзіңе сен! Мен саған сенемін! Сенің мықтылығыңа сенем! Сенің қолыңнан бәрі келеді! 

Анжела Бантовская
Аударған Шынар Әбілда

Фото: көрнекі, ғаламтордан

1101 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз