Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 10 Тамыз, 2022

Қазақтың Абайы мен алмасын іздеген жапон қыз

Жапонияның Шикоку деген аралында Кочи деген кішкентай қала бар. 
Сол қалада Мива Окамото есімді әдебиет пен мәдениетті жақсы көретін бір әдемі қыз тұрады. 

Жапон әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне жаны құмар Миваға бір күні өзі жұмыс істейтін қалалық әдебиет орталығында қала тұрғындары тамашалай алатын әдеби шығармалар мен мәдени туындылардың көрмесін өткізсем деген ой келеді. 

Содан, ондай шараның атауын қалай десем екен, не айтып, не көрсетсем екен деп ойланып, толғанып, ақырында күн жылынып, гүл гүлдейтін көктем мезгілінде әлем елдерінің әдебиеті мен сол елден әлемге тараған гүл болса, сол гүлден тараған жеміс-жидек жайлы айтсам дегенге тоқтайды. 

Сондай ойдан жобасына атақты ағылшын жазушысы Френсис Елиза Бернеттің “Құпия бақ” атты әлемге әйгілі кітабының атын қойып, “The Secret Garden” (秘密の花園) деп атауды ұйғарады. 

Жобасын жоспарлау барысында әлемнің барлық елінде өсетін алма жайлы, алманың тарихы мен төркіні жайлы айтып, көктемде гүлдейтін алманың гүлін көрсетпесем болмас деген ойға келеді. 

Сөйтіп жүргенде Мива адам баласы бұдан төрт мың жыл бұрын алма егіп, көктемде гүлін тамашалап, жазда жемісін жеп, шырынын ішкені жайлы, ал сол алманың отаны қазіргі қазақ елі екенін біледі. 

Олай болса, өзі ежелден алма жеп жүрген ел болса, өзі алманың отаны болса, қазақ деген жұрт алма жайлы жазып, алманың суретін салмауы мүмкін емес деген ойдан интернеттің түгін қалдырмай түбіне дейін алма жайлы қазақ жазған ақпарат іздейді. 

Жапон қыз ғой, қазақша білмейді, ақпаратты өз тілінде іздейді. 
Алайда алма жайлы жазып, оның үстіне оны жапон тіліне кім аударып қойыпты! Гүлдеп тұрған алманың суретін салып, оны кім Жапонияға әкеп қойыпты! 

Бірақ оңай беріле салса жапон жапон болсын ба, берілмейді, қайтсем де алма жайлы қазақты жапонша сөйлетем дейді Мива қыз. 

Сөйтіп жүріп Мива жақында Абай есімді қазақ ақынының өлеңдері жапон тіліне аударылып, жинақ болып шыққаны жайлы естіп, сол кітаптың шығуына аянбай атсалысқан Микия Нишимура есімді қазаққа дос жапонды твиттер арқылы тауып алып, Абайдың жаңағы жапон тіліндегі жинағын сұрап алады. 

Сөйтіп, алма жайлы бірдеңе бар ма екен деп, бар шығар деген үмітпен, бар болу керек деген сеніммен Абай өлеңдерін жапон тілінде басынан аяғына дейін бір әрпін қалдырмай бәрін оқып шығады жұмысына жан-тәнімен берілген жапон қыз. 

Абай атамыз өлеңін өліп-талып оқыған жапон қыздың үмітін ақтап, "алма" сөзін Миваға сыйға тартады. 

Ол Самал Боранқұлова досымыз аударып, жаңағы Микия Нишимура тексерген Абайдың "Білектей арқасында өрген бұрым" өлеңіндегі "Піскен алма секілді тәтті қызы" еді. 

"Осы еді ғой іздегенім! Осыны пайдалансам қалай?" деп менен сұрайды. 

Мен не дейін. "Жарайсың, Мива!" дедім...

Тоқтай тұрыңыз, әлі бар, әрі қарай тыңдаңыз. 

Абайдан жігер алған Мива енді қазақ суретшісі салған алма, я болмаса алманың гүлі бар қандай да бір картина болса ғой деп, интернет пен дүкендердің түгін қалдырмай сондай сурет іздеуге кіріседі. 

"Қазақ суретшілерінің туындылары Жапонияға қайдан келсін!"

Деп қалмаңыз, асықпаңыз. 

Табамыз! Мива табады! 

Ойпырмай, сөйтсек, мына елде не жоқ, Орта Азия елдерінің тарихи, мәдени бұйымдарын сатумен айналысатын арнайы интернет-дүкен бар екен. 

Дүкенді қойшы, сол дүкенде өнер әлемінде өзіндік орны бар жас суретші, Әйгерім Кәрібаева есімді қазақ қызының "Махаббат бағында" атты картинасы сатылып жатыр екен. 

Ұлттық нақышта салынған әдемі картинадағы ағаштар арасында алма да бар сияқты, алманың гүлі де бар сияқты, арқасында өрген бұрымы бар піскен алма секілді әдемі қыз да бар.  

"Дәл осы ғой іздегенім!" 

"Жарайсың, Мива, жарайсың!"

Жапонияның Шикоку аралында өтіп жатқан "Құпия бақ" әдеби-мәдени шарасы дәл осы Абайдың "піскен алмасы" мен Әйгерімнің "Махаббат бағына" арналғандай. 

Рахмет саған, Мива! 

Достығымыз ұзағынан болсын! 
Қазақ-Жапон достығы жасай бергей!

Батырхан Құрмансейіттің Facebook парақшасынан

Фото: Дереккөз

1015 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз