Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 12 Тамыз, 2022

Ұлтты танығың келсе, Мәшһүр Жүсіпті оқы!

Қай қызметте жүрсем де Арқа мен Сырдың, Атырау мен Алтайдың арасындағы қазағымыздың кемел келешегі үшін өзара бауырластық  қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндігінше атсалысуды жөн көремін. Осы мақсатта өткен жылы Павлодар облысының Успен ауданы мен Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы рухани-әлеуметтік тұрғыда ынтымақтастық жөніндегі екіжақты меморандумға отырып, бірлескен шаралар өткізуді бастап кетті. Сондай кезекті делегация алмасу сәтінде Бұхар жырау елінен келген қонақтар құнды кітап-кәде әкелді.

Құнды дейтінім, қазақтың сан ғасырлық тағылымы мен танымын танып, тарихи жадыны кеңейтетін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларының 20 томдығы. Бұл кітаптар қолыма тиген сәтте группалас досым Нартай Қуандықұлы ойға оралды. Ол Мүшһүр Жүсіптің тікелей ұрпағы – шөбересі. Біз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде бір топта оқыған едік (төменде біздің топтың 3 курстағы фотосында Нартай 3-ші қатарда солдан оңға қарай 1-ші тұрған жігіт). Махаббат есімді курстамызбен көңіл қосып, шаңырақ көтерді. Көп балалы, берекесі артқан отбасы.

Білуімше, Нартай С.Торайғыров атындағы Павлодар университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор.

Ол студент кезінен алғыр, ұстаздардың лекциядағы дәрісінде айтылған тақырып аясын өзіндік іздесімен кеңейтіп, еңбекқорлығымен ерекшеленіп жүретін. Нартайдың әкесі Қуандық Пазылұлы болса қазақ ғылымында өзіндік орны бар әдебиетші-ғалым.

Нартай студент кезінен бабасы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерін зерделеп, жадына тоқып жүретінін байқайтынбыз. Жоғары курста әкесінің қазақ поэзиясын зерттеу кітабын баспаға дайындауға атсалысты. Кітап баспадан шыққан сәтте алғашқы оқырмандары да біздің курстың студенттері болды.

Студент кезіндегі танымдық ізденімпаздылығы мен белсенділігі оны бабасы Мәшһүр Жүсіптің рухани мұрасын көпшілікке таныстырып, ғылыми айналымға енгізіп, Мәшһүртану ілімін дамыту жолына түсірді, яғни белгілі ғалымға айналдырды.

Енді 20 томдық кітапты зерделесем, ойшыл, этнограф, тарихшы, философ, фольклор танушы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшүр Жүсіп Көпеевтің мұрасын баспаға дайындау алқасында Нартайдың өзіндік орны бар. Ол – жауапты редактор жүгін көтеріпті. Мұның өзі біздің курстастың баба мұрасын жинап, араб, парсы, шағатай тіліндегі нұсқасын аударып, оларға түсніктеме беріп, кітап етіп дайындаудағы ерен еңбегін көрсетеді деп ойлаймын. Тіпті бір адамның саналы ғұмыры кететін ауқымды еңбек, маңызды жұмыс.

Хош! Кітаптың құндылығы неде, мазмұны несімен бай? Соған кезек берейік.

Меніңше, қазақ ұлтының арғы-бергі тарихының энциклопедиялық жинағы дерсіз. Әрі сол кезде жазылған бірегей ғылыми еңбек деуге болады. Олай дейтінім, тарихи тұлға өз еңбектеріндегі дәйекті деректерге сілтеме беріп, әрі түсініктеме беріп отырған.

Қазақ ұлтының Нұх пайғамбардан негіз алатын шежірелі дәйекке және ұлт тарихындағы кесек тұлғалар және тарихи оқиғалар жайлы мол мәліметке қанығасыз. Сондай-ақ, жағрафия, медицина, дінтану, ономастика, өлкетану, тұлғатану бағытындағы тың ақпараттарды біле аласыз.

Мәшһүр Жүсіп туралы өмірбаяндық дерек 13-ші томның 28-ші бетінде берілген. Онда 1858 жылда, қой жылы Қызылтауда ...ережеп айында жұмада дүниеге келгені жазылады.

Бес жасында мектепке беріп, парсы тілінде Шар кітапты (иман-жүйесін түсіндіретін кітап) оқыған. Алты жаста да сол Шар кітап оқыған. Сегіз жасында Баянаулада Қамардин хазіреттің алдынан оқудан өткен. Жиырма тоғыз жасында Бұхарай – Шәріп барып, "Салт ат қамшылы" жүріп, тоғыз ай тұрып қайтқан. Отыз жеті жасында Ташкент барып, Бесағашта Әбілқасым хан иман медресесінде – немересі Әкімхан төренің алдында көп оқыған.

Мәшһүр Жүсіп бабамызды өз заманының вундеркинді деуге толық негіз бар. Өйткені, 5 жасында парсы тілінде хат танып, ислам негіздері жөнінде білім алып, ғылым, білім жолында өз-өзін жетілдіріп отырады. Әрі оның еңбектері арқылы телегей теңіздей білім иесі болғанын білеміз. Ақынға қара сөзден өлең оңай дегендей жыр-насихаттарын қара өлеңмен кестелеп, дастан жазғандай төгіп-төгіп тастайды. Иә, өлеңдері бір-екі жолмен бітпейді, көлемді дастандар. Бірақ өлеңіндегі күллі ырғақ буынмен үндесіп жатқандықтан оқуға оңай, әрі санаға сіңімді. Сосын қазақтың нағыз тілін тану үшін Мәшһүрді оқу керек секілді. Себебі, сол кездегі қазақтың төл сөздері, дыбыстары, үндестік заңын оқып білуге болады.

Данагөй өзінің шығармаларының 1 томы 205 бетінде:

– Сырдария облысында бес жыл жүрдім,

Үш жүзге өнер шашып, үлгі бердім, – деп ел-жерді аралап, үгіт-насихат айтқанын жазады. Павлодар облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Медет Тауасқанның сөзінше әлі Мәшһүр Жүсіптің ел аузынан жинаған мұрасы 30 томдық кітапқа арқау болады екен дегені санаға салмақ салады. Егер данагөй біздің аймақта бес жыл тұрған болса, онда біздің елдің тұлғалары мен жыр-дастандары жайлы мол ақпарат бере алады ғой!

Мәшһүр Жүсіптің ағартушылық қызметі ерек. Оны еңбектерінен оқып, білуге болады. Мәселен, 16 томының 209 бетінде "Ғылым туралы он сұраққа жауап" атты еңбегінде:

"Хауарыждың он ғалымы хазірет Ғалыға он сұрақ қойған.

1. (Бірінші сұрағы) – Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себеб ғылым – пайғамбардың мұрасы, мал – қарынның мұрасы, – деді.

2. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі – ғылым ұстасаң, көбейеді; мал ұстасаң, азаяды.

3. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі – ғылым иесін күзетеді, малды иесі күзетеді.

4. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі ғылым иесінің досы көп болады, мал иесінің дұшпаны көп болады.

5. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі ғылым иесі зор дәрежелі адам атанады. Мал иесі сараң, надан атанады.

6. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі ғылымды ешкім ұрламайды. Малды әркім ұрлай береді.

7. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі ғылым иесі қияметте әркімге шапағат қылады, мал иесі қияметте қасапта (қисапта) болады.

8. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі ғылым көп тұрса, өзгермейді, мал көп тұра алмайды.

9. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі ғылым иесінің жүрегін нұрландыра береді, мал кірлендіре береді.

10. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі ғылым иесінің тағат, ғибабаты көп болады, мал иесінің күнә, сұмдығы көп болады.

Сонда Хауарыждың он ғалымы айтты:

– Біз бір-ақ түрлі сұрақ қойдық. Сен әр түрлі жауап бердің. Мұның себебі не? – депті.

Сонда Ғалы айтыпты:

– Сендер бірыңғай жалғанды сұрағандарың үшін мен екі дүниеге бірдей жауап айттым, – депті. "Қай ұнағанын өздері таңдап алсын!" – деп ойладым, – депті".

Ғалымның бұл насихаты тұнып тұрған тағылымды ғибрат. Біздің озық елдер көшінде өз орнымызды табу үшін адами капиталды дамыту керек деген қағидамызды жан-жақты әрі салыстырмалы түрде түсіндіріп береді. Жай емес, екі дүниенің жемісі мен жеңісін ұтымды келтірген.

Бір таңғалғаным, Мәшһүр Жүсіптің тарихи жадысы адамзаттың қайнар бастауымен ұштасып жатыр. Мына дерекке қараңызшы, өзі өмір сүрген уақытпен санағанда Адам ғалайссалам өткеніне 6163 жыл болғанын жазады.

Хауа ананы Адам атаның 20 жасында сол қабырғасынан жаратты. Адамға Хауаны Жебірейіл қосып, некахлап. Неке содан қалды. Атамыз Адам мың жыл жасапты. Қарпат тауына қойылды. Жеті жылдан соң анамыз Хауа опат болды, Житдаға қойылды. Ыдырыс нәби 400 жыл тұрды, қазір ұжмақта. Ыдырыс ұлы – Мұтшалық, оның ұлы – Ламақ, оның ұлы – Нұр пайғамбар. Нұхтан: Хам, Сам, Жаппас еді. Топан судан аман қалғаны Нұхтың бір баласы – Жаппас, мұның балалары: 1. Түркі, 2. Хазар, 3. Аруш, 4. Шамдат, 5. Иран, 6. Тайран еді. Түркіден – Түтік, мұнан – Бақухан, мұнан Кішікхан, мұнан – Кінісхан, мұнан – Алшын хан... Карахан, мұнан – Өзіхан. Өзіхан заманында кітап, не пайғамбар жоқ екен. Іштей туа Әлхам болып, "Алла!" деп туды. Өзіханның алты баласынан 24 немересі болды. Содан бері кім өтіп, кім қалғаны белгісіз. ...Қазақтан туған: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Ақарыстан – Ұлы жүзді, Жанарыстын – Орта жүз, Бекарыстан – Кіші жүзді тарқатады (16 том. 317-320 бет). Әрі қазақ руларының шежіресін тарқатады.

Бұдан бөлек, Ұлы Дала елінде салтанат құрған хан-сұлтандар, батырлар, би-шешендер туралы және олардың қатысуымен болған аңыз әңгімелер жөнінде оқуға болады. Жер-су, өзен-көлдер, тау-төбелердің ландшафтысы, мезгілдер мен көктем-жаз айының күз-қыс айларына әсері турасында да мағлұматтар мол.

Әрине, Мәшһүр Жүсіптен әркім өзіне қажетін алады. Сондай деректер адам анатомиясы жөнінде. Оқып қызғығасыз, таңғаласыз.

14 томның 172-173 бетінде мынандай қызықты деректер кездеседі:

– Ауыздан ішіліп, тамақтан жұтылған ас салған бойымен құрсаққа барады. Құрсақта да машиналар бар қайнатып қорытып, тортасын шек бойында жіберіп, төмен жақтан жүрек азлық нәрсе қылып шығарып, қаймағын сүзіп алып қалады. Мұның тазалап алып қалғанын бауыр өзіне қарай тартып алып, бояу жасаған да қан түсіне айналдырады. Мұның бұлғанышты қаралтымын талақ өзіне қарай тартып алып, қара құрым жасайды, сарғылтымын өт өзіне қарай тартып алып, зерде жасайды, ақшылын өкпе өзіне қарай тартып алып қақырық жасайды.

Енді қанда судан басқа нәрсе қалған жоқ, ол суды бүйрек өзіне қарай тартып алып, жарамсыз сідік қылып қуыққа жібереді. Қанның арамы кетті де бауырда адалы тазасы қалады. Бұл таза қандарды бауыр әр мүшеге үлестіріп етке ет, майға май, сүйекке сүйек қосады. Тамыр тамырларға тарап кеткендердің дәнін маңызды іске жарайтұғынын тамырларда болған машиналар қорытып сүзіп алып, еркекте асыл қазына екі жұмалық, олар өзіне қарай тартып алып, бала болатұғын суды жасайды, әйелдің екі емшегі өзіне қарай тартып алып, бала болатұғын суды, оған қорек болатұғын сүтті жасайды.

Бір денеде екі жан болмақшы емес, бір-ақ жан. Миға барғаны ақыл атанды, бауырға барғаны қан аталды, жүректің өзінде тұрып қалғаны көңіл аталды. Ақыл, сезім, қайрат, жігер көңілдің жұмысы...

Бірі еркек, бірі ұрғашы сүйіскендігінен екі су бірігіп, қырық күн жас төлдің ұйып қалған сорпасындай болып тұрды. Қырық күннен кейін қан түсіне айналып, қан болып қырық күн тұрды. Қырық күннен кейін былқылдаған кесек ет болып, қырық күн тұрды. Жүз жиырма күннен соң сүйек, сіңір, тамыр, ет, май бірте-бірте біліне бастады. Төрт айдың жүзі түгел болғанда, мүше пішін тамам болып жанды болуға айнала бастады.

Адамның денесінде төрт түрлі тамыр бар: қызыл тамыр, қара тамыр, ақ тамыр, өңі, түсі жоқ сезім тамыр. Қызыл тамыр таза қызыл қанның жолы. Қара тамыр бұзылған қанның жолы. Ақ тамыр мидан басталып жолын тұта қол аяқтарға шейін аралайды. Жүрек миға бұйрық түсіріп, ми өзге денеге бұйрық түсіріп ақ тамыр хабар қатынастырып тұратұғын жол...

13 томның 3 бетінде "Адам тәні туралы" тарқатып, адамның тәні: ет, сүйек, қан кебелерден кебегіне жиналмақ көрінсе де, оның тәнінде: темір, көмір, тұз, фосфор, май бар дүр. Орташа ғана бір кісінің тәнінде – қара тақта, яки үш жүз алпыс қарандаш жасарлық көмір бар еді. Қағаға жетерлік қадақ жасарлық темір бар, екі жүз мың шырпы жасарлық фосфор бар, 600 дана шам қоярлық жиырма қасық тұз бар. Осы томның 16 бетінде: "Жерде өзендер болса, денеңде үш жүз алпыс қан тамыры бар. Жерде ащы, тұщы бұлақтар болған болса, денеңде: құлақта – құлық ащы, көзде – жас тұзлы, мұрында – сіңбірліклер батпақ. Ауызда тілдің түбінен шығатұғын су тәтті. Құлақта – құлық ащы болғаны: "Ұйықтап жатқанда, қыбырыған, жыбырлаған бір нәрсе құлаққа кірмекші болса, ашылығынан жиреніп, қайтып шығып кетсін!" – дегені. Көздің суы тұзды болғаны – көздің айналасы май. Тұз – майдың қатығы. Мұрын суы жарамсыз шіркін болғаны – "Жақсы иістің ләззатын білсін! – деп. Тіл суының тәтті болғаны – әр жеген тамақты сүйкімді, ләзатлы қылу үшін".

Міне, Мәшекеңнің тереңдігі осында. Қазақ даласында әлі медицина дамымаған заманда адамның ішкі жан-дүниесі мен оның қызметін білген.

Тереңдік пе, тереңдік. Данагөйлік пе, данагөйлік. Білімдарлық па, білімдарлық. Бұдан басқа не айта аламыз?

Айтқандай, 6 томда Сыр бойындағы Досбол датқа туралы,

Ұлбике ақынның Жангелмен, Күдерімен айтыстары жөнінде мағлұматты көзім шалды. Павлодар өңірінің Баянауыл даласында ақын-жазушылар мен ғалымдар көптеп шыққаны белгілі. Осындай алып тұлғаларға тілеулес болып, батасын беріп, қамқорлық көрсетіп, білгенін айтып, өзінің жиған-терген мұрасынан мол мағлұмат берсе керек-ті.

Оны Ленинградта Мұхтар Әуезовпен бірге аспирантура оқып жүрген Әлкей Марғұланның хаттары арқылы білуге болады. Мәшһүр Жүсіптен Кенесары хан және сол заманда өмір сүрген, бірақ есімі ұмытыла бастаған тұлғалар жайлы сұрайды. Кім біледі, тарихшы Ермұхан Бекмаханов Кенесары туралы еңбек жазғанында Мәшһүр Жүсіптің еңбектері бағыт-бағдар берген болар. Шымкент қаласында педучилище қызмет ететін жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен біренеше хат алмасып, елдің-жердің амандығы жайлы арқау етеді.

13 томның 24 бетінде: "Өз көзім көргенде, өз тұсында Шорман баласы Мұсадан жорға озған жоқ. Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев – адамның жорғасы. Тірі болса, тірі жүрсе, бақты, талайлы болатұғын жігіт" деп Қаныш Сәтбаевтың келешегінен үлкен үміт күтеді.

Расында, Бұқар жырау, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп басқан топырақтан түлеген Қаныш Имантайұлы қазақтың атын әлемге әйгіледі, қазақ ғылымының дамуына, қазақ ғылымдарының шоғыры қалыптасуына, елдің еңсе тіктеуіне зор үлес қосты.

Жалпы, ойшыл, этнограф, тарихшы, философ, фольклор танушы Мәшһүр Жүсіп еңбектеріндегі аңыз-әпсаналар мен мақал-мәтелдердің мәнін, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың мағынасын зерделеу арқылы зерде мен пайым-парасатты кеңейтіп, білім толыстыра түсесіз.

Бұл – Мәшһүрді талмай, ерінбей оқи беру, оқи беру керек деген сөз.

Ал, Мәшһүр Жүсіптей терең, тағылымды тұлғаны насихаттап жүрген барша ғалымдарға алғыс айтамын!

Өйткені оны тану арқылы қазақты, қазақтың тарихын тануға болады.

Руслан Рүстемұлы, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы

 

 

166 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *