Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 12 Тамыз, 2022

Домбыра-көпір

Сонау Тынық мұхитындағы домбыра-көпірдің құрылысын жобалаған қазақ архитекторы екенін білесіз бе? Заманауи сәулет өндірісіне ұлттық нақыш берген озық ойлы жігіттің есімі – Өрлеухан Қисаұлы.

Тынық мұхитының кіреберіс ауызындағы Інжу шығанағына орналасқан Гонконг, Макао, Чжухай сынды 3 ірі қаланы тұтастырып тұрған домбыра бейнелі көпір әлем жұртшылығының көзайымына айналғанына көп уақыт өткен жоқ. «Гонконг-Макао-Чжухай» көпір жобасы 2009 жылдың соңында басталған. Алып монументальды кешенді салу тура 9 жылға созылды. Көпір 2018 жылы қолданысқа берілді. Әлемдегі ең ұзын көпір – жол, туннель және 3 жасанды аралдан тұрады. Айта кетейік, жол 6 қозғалыс жолағынан тұрады. Жолдың жалпы ұзындығы 55 шақырым болса, оның 38 шақырымы – көпір. Негізгі бөлімі 29,6 шақырымды құрайды. Ең ғажабы, домбыра-көпірдің 6,7 шақырымдық бөлігі мұхит астынан өтетін туннельдерден тұрады, яғни су астында жасырынып жатыр. 

Ауқымды транпорттық кешен пайдалануға берілген соң Гонконг пен Чжухай  қалалары арасындағы үш сағаттық сапар уақыты жарты сағатқа қысқарған. Туннельдер су астында 48 метр тереңдікте орналасқан. Көпірді салуға 20 млрд АҚШ доллары жұмсалған. Құрылысқа жауапты Лондон қаласындағы «Arup Group» компаниясы. Жоба инженерін де осы компания таңдаған.  Бұл жобаның сұлбасын сызған сәулетші Өрлеухан Қисаұлы.

Әйгілі архитектор Алтай аймағында туған. Гуанчжоу университетінің бакалавры, Италия техникалық университетінің магистрі. Жапониядағы Шығыс университетінде архитектор мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Құрылыс жұмыстары біткен кезде ол: «Бұл домбыра шанақты, домбыра мойынды алып көпірдің біз есептеген ғұмыры 120 жыл. Айрықша күш-жігермен, техникалық бақылау жұмыстарын жақсарту арқылы 55 шақырымдық көпірдің шыдамдылығын 150 жылға дейін ұзартуға болады» деп сеніммен айтыпты.

Жағымды жаңалықты әлеуметтік желіде алғаш жария етіп, сүйіншілеген Мүбарак Қизатұлы Facebook парақшасында: «Қазақтың рухын кез келген тәсілмен көтеруге болады. Ол үшін әрбір қазақ өз саласын сүйіп, асқақ түрде еңбектенуі тиіс. Өз саласында табысқа жеткен адам ұлттық иісті, өрнекті, ұлттық затты, ұлттық танымды өзінің кәсібінің бір тұсына қыстырып, жарқыратып көрсете алса болды, оның өз ұлтына деген перзенттік парызы өтелгені. Домбыра, қобыз, таға немесе тымақ бейнесінде алып құрылыстар әлемде салына берсе, қазақтың да рухы асқақтай бермек» деп түйеді ойын.

Қазақтың құндылығын төрткүл әлемге паш етуді Өрлеухан Қисаұлынан үйренуіміз керек-ау!

 

 

Д.Айболатұлы

"Сыр бойы" газеті

Фото: дереккөз

178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *