Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 13 Тамыз, 2022

Шың басындағы жұлдыз...

Алматының биік таулы шыңдарында еңлікгүл өседі. Бұл гүлді альпинизмнің, асқақ махаббаттың символы десек те болады. Аспаннан құлап түскен жұлдыздай көрінетін гүлді- түкті мамықтары суық пен ызғардан, жауын мен қардан қорғайды. Өйткені, ол тек теңіз деңгейінен 3400 метр биіктен жоғары аймақта ғана гүлдейді. Дәл қазір шың басына шықсаңыз - еңлікгүлін көруіңізге болады.

Асқарынан шың-құздың,

Арасынан жұлдыздың

Жанып тұрған –Еңлікгүл,

Жанарындай бір қыздың, - деп ақындар да еңлікгүлін әнге қосқан.

Еңлікгүл күрделігүлділер, Asteracaea  тұқымдасының астралар тұқымдас тармағының, андыз трибасының өкілі, шөптесін көпжылдық, таудың теңіз деңгейінен 3000-3500м. биіктікте өсетін өсімдік. Еліміздің өсімдіктер қауымдастығында оның екі: солғын сарғыш, немесе сұр еңлікгүл және Федченко еңлікгүлі түрлері таралған. Еңлікгүлдің өсу ортасының көктеу кезеңінің мерзімі айтарлықтай қысқа (1-1,5 ай ғана), оның өзінде бұл аймақта маусым-шілде айларының өзінде ауа, топырақ жылулығы барынша төмен (10-15 С), тұрақты суық желді, жаңбыры көп жағдайда бұршақ-қарлы, радиация мөлшрі жоғары болады. Мұндай өсу ортасының қолайсыз жағдайы ондағы өсімдіктердің еңсесінің мыртық,топырақтың беткі жылы қабатына жақын, төселмелі болып қалыптасуын  мәжбүрлейді. Өсімдіктердің биіктігі 10-15 см.аспайды, оның басты себебі суық желдің теріс мәнінің олардың ұшын үсікке шалдыруы. 

Қазақ Ұлттық жаратылыстану Академиясының Корреспондент мүшесі, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері Әлмахан Бегентегінің еңбектерінде: "Халқымызда өзара ғашық жігіт пен  қыз арасындағы шынайы махаббатты уағыздайтын әдеби шығармалар баршылық. Солардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» дастаны. Осы дастанның оқиға желісі өз уақтысындағы даулескер балгер болған Нысан абызға батыр Кебек бал аштырады. Сондда балгер «Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан, Батырым ондай жанға көңіл берме» - деген болжам айтылады,ол ақиқатқа айналып, батырдың болашақта ажал құшатындығы еліміз театрларындағы «Еңлік-Кебек» қойылымынан баршаға мәлім. Шынайы, адал махаббатты айғақтайтын немесе оның  нышан-бейнесі биік тау белдеуінде өсетін еңлікгүлінің атауы осы дастандағы қыз сымбатынан  алынғанба деген ой  туындайды. Өйткені қыз биік қабақ-биік тауда, сұрлау қыз-өсімдктің өн-бойы сұр түсті.

Еңлікгүл өсімдігінің түсі әлсіз ақшыл-сарғыштан сұр түске жақындау,гүл жапырақшалары қалың, матасқан киіз түкті,гүлшоғыры майда гүлдері тығыз орналасқан жартылай себет. Ал оның махаббат гүлі ретінде бағалануы оның оңайлықпен қол жетпейтін биіктікте өсетіндігі мен  жігіттің оған оңайлықпен қол жеткізе алмайтындығынан болар. Олар нағыз махаббат гүлі. Махаббат бар жерде шаттық, қуаныш, мол бақыт та ере келеді. Еңлікгүлді көрген, я болмаса сыйлық ретінде алған адам да бақытты болады деген халық арасында талғамды ой бар. Иә, көптің қолы жете бермейтін бұл гүл шын мәнісінде бақытты бейнелейді. Бақытты болу оңай емес, оған күреспен жетесіз.Бұл гүлге бару да аса төзімділік пен биік мақсатты, шынайы көңілді талап етеді",-деп жазады.

Еңлікгүл ерекше қорғалатын табиғи парктер мен қорықтар аумағындағы биік шыңдарда өседі. Сондықтан, бұл аймақтарда гүлдерді жұлуға, жинауға тыйым салынғаның ескертеміз. 

Дайындаған және суретті түсірген - Досжан Балабекұлы

1620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз